Қамшыбектің қайраты

Тырс-тырс... Маңдайдан аққан тер жерге тамғанда даусы құдды бір жүректің дүрсілімен қатар шыққандай болды. Санаулы секундтардан соң берілген уақыт та тәмам болар. Бірақ жеңіске деген құлшыныс пен жігер оның бойындағы алапат күшті оятқандай еді. Қарсыластың жойқын соққылары тура бағытталса да, бірде-бірін қабылдамады. Керісінше, оның жуан жұдырығы әр тиген сайын қарсыласты есеңгіретіп барады. Бұл 2014 жыл еді... Алматыда өткен Қарулы күштер арасындағы Әлем чемпионатында Қамшыбек Қоңқабаев топ жарды.

Таяуда тұтас Сырға сүйін­шілеген жаңалық жетті. «Дарын» мемлекеттік сыйлығын Сыр елінен үш бірдей жас еншіледі. Мейірбек Сұлтанхан, Элизабет Тұрсынбаева және Қамшыбек Қоңқабаев. Үшеуінің де сол сыйлыққа лайық екенін әрбір Алаш баласы біледі. Сұлу сөзден маржан тізген Мейірбек те, айдында көгершіндей қа­лық­тап, мұз үстінде емін-еркін өнер көрсетіп, рекорд жа­ңартқан Элизабет те, былғары қолғаппен талайды тәубесіне түсірген Қамшыбек те – сұлу Сырдың төл перзенттері.

– Жасаған еңбегіміз бен жеткен жетістіктерімізді бағалап, осындай сыйлықты табыстап жатқан еліме алғыс білдіремін. Көңіл-күйімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Болашақта әлі де болса әлемдік ареналарда байтақ Қазақстанның, Сыр-Анамның атын танытуда тер төгетінімді айтқым келеді. Елімнің, жерімнің даң­­қын асқақтатуда бар күш-жігерімді, қажыр-қайратымды жұмсаймын, – деді Қамшыбек бізбен әңгімесінде.

Ол 15 жасынан бастап бокс­пен шұғылданды. Өзі құрал­пылас балалардан өзгеше қа­лыптасып, Отанын сүйетінін әркез ісімен дәлелдей бас­тады. Ел чемпионаттары мен ха­­лықаралық турнирлердің бір­неше дүр­кін жеңімпазы болды. ҚР ІV жазғы спартакиадасында топ жарды. 2015 жылы Оңтүстік Кореяда өткен Қарулы күштер арасында бүкіл­әлемдік спорт ойындарында күміс жүлдегер атанды. 2017, 2019 жылдары Азия және Әлем чемпионаттарының күміс жүлдесін иеленді.

«Палуанға оң-солы бірдей» деген бар. Шаршы алаңда шарқ ұрған талайды көрдік. Бірақ өзінің байсал­дылығымен ерекшеленген Қамшы­бек­тің қарқыны елді қуантып жүр. Қазақтың қара домалағы әлемді ба­ғын­дырып жатса, құйқаң шымырлап, тебіреніп кетеді екенсің. Иә, ол күн астында қыраны қа­лық­таған ел байрағын көк аспанда желбіретіп жүрген жігерлі жас. Арманын да Алаш­тың асқақтығымен астас­тырған оның әр қадамына сәт­тілік тілейміз.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 желтоксан 2019 г. 604 0