« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қызылордалықтар енді «Smart Qyzylorda» мобильді қосымшасының игілігін көре алады. Цифрландыру бағытындағы тәжірибе мен идея алмасу алаңына айналған IT форумда облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов біріктірілген ақпараттық жүйені іске қосты.
Мобильді қосымша қала тұрғындары мен қонақтары үшін тиімді болары сөзсіз. Онда ауа райынан бастап ұшақ, пойыз кестесі, коммуналдық төлем, айыппұл және салық бойынша есеп айырысу, мемлекеттік және қалалық деңгейдегі қызмет түрлерін білу, коммерциялық қызметке қол жеткізу тетіктері қарастырылған. Астананы тұрақты дамыту орталығының IT сәулетшісі Виталий Пустовойтенконың айтуынша, бүкіл қаланы смартфонға сыйдырған жүйенің мүмкіндіктері әлі де арта түспек.
– Сол кезде ұялы телефон арқылы автобус, такси ақысын да төлеуге болады. Осылайша қолма-қол ақшаның ролі азаяды. Цифрлық жүйені қолдану жолақы мен уақытты үнемдейді. Халықты мекемелерге барып, ұзақ-сонар кезек күтуден құтқарады. Бір сөзбен айтқанда, күнделікті тұрмысты жеңілдетеді, – деді ол.
Қызылордада өткен «Smart Qyzylorda: аймақтың цифрлық трансформациясы» атты тұңғыш өңірлік IT форумда цифрландыру бағытындағы жұмыс пен жоспар жайы қозғалды. Облыс әкімі айтқандай, ақпараттық-коммуникациялық жаңа технологиялар бүгінде экономиканың барлық саласында тиімділігін дәлелдеп үлгерді. 2018 жылы осы бағытта 20, биыл 28 жоба жүзеге асырылды.
– Білім саласы бойынша аудан орталықтарындағы мектептерде робототехника кабинеттері мен 3 D модельдеу лабораториялары ашылды. Мектепке дейінгі 425 ұйымда автоматтандырылған «Электронды балабақша» жүйесі қолданыста. Бұл әр баланың балабақшаға бару реттілігін қадағалап отыруға, бір баланы бірнеше балабақшаға тіркеу секілді келеңсіздіктердің алдын алуға мүмкіндік береді, – деді аймақ басшысы.
Кәсіби-техникалық білім беру орындарында талапкерлерден оқуға түсу және онлайн тест тапсыру жөнінде өтініш қабылдау, мемлекеттік білім грантын үлестіру ісінде де осындай жаңашылдық бар. Облыстық жастар ресурстық орталығында ашылған IT паркінде талантты жастар стартап бастамаларын дамыта алады. Технопарк базасында биыл алғаш рет IT-эшелон білім жобасы сәтті жүзеге асырыла бастады. Оған 14 пен 35 жас аралығындағы 200-дей адам қатысып, ақысыз негізде білімін жетілдірді.
Медицина саласын цифрландыру тұрғындардың медициналық көмекке жүгіну процесін жеңілдетіп, мемлекеттік бюджетке түсетін ауыртпалықты біршама азайтады. «DamuMed»» медициналық ақпараттық жүйесінің мобильді қосымшасы арқылы дәрігер қабылдауына алдын ала жазылуға, дәрігерді үйге шақыртуға, тағайындалған рецепт, еңбекке уақытша жарамсыздық парағы, зертханалық талдау нәтижесі жөнінде мәлімет алуға болады. Қазіргі күні өңірдегі 15 ұйым телемедицинамен жабдықталған. Барлық санитарлық көлікте GPS мониторингінің пайда болуы жедел жәрдем қызметінің жүру уақытын қысқартты.
Қауіпсіздік саласын цифрландыру мақсатында былтыр 112 нөмірлі бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі іске қосылды. Оған жедел жәрдем, полиция, төтенше жағдайлар және авариялық газ қызметтері біріктірілген. Тұрғындар телефон арқылы мемлекеттік қызмет сапасын бағалап, мәселені жауапты орынға жеткізе алады. Ол үшін смартфоныңызға «Digital Agent» қосымшасын жүктесеңіз жеткілікті. 109 нөмірлі бірыңғай байланыс орталығы арқылы тұрғындар көркейту-көгалдандыру, су, жарық және жылумен қамтамасыз ету, қоғамдық көлік бағыттары бойынша өтініш-тілектерін алға тартып, көмек алса болады.
Соңғы жылдары ақпараттық және коммуникациялық технологиялар бірқатар салада қарқынды дамып келеді. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер, цифрландыру және жобалық басқару сапасын арттыру мемлекеттік басқару жүйесіндегі басты міндетке айналды. Жаңашылдық жетістіктері ауыл шаруашылығы, жолаушы тасымалы, құрылыс сияқты өзге де салаларда көрініс тауып отыр.
– Алайда, жобалардың әкімдік бастамасымен ғана жүзеге асырылып жатқаны, оған жеке компаниялар, жергілікті бизнес өкілдері мен тұрғындардың үлес қоспауы көңіл қынжылтады. Сондықтан экономиканы цифрландыру ісіне ынталы кәсіпкерлер мен инвесторларды бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, – деді аймақ басшысы.
Әрбір ел азаматының тұрмыс деңгейін жеңілдетуді көздейтін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы 5 бағытты қамтиды. Олар – экономика салаларын цифрландыру, цифрлық мемлекетке өту, цифрлық Жібек жолын, инновациялық экожүйе құру және адами капиталды дамыту. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспановтың айтуынша, осы ретте Қазақстанда ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. 195 елді мекен кең жолақты интернетке қосылса, 15,1 млн адам интернетпен қамтылған. 740 мемлекеттік қызметтің 532-сі электронды түрде көрсетіледі. Биыл қазан айында e-Gov порталының жаңа үлгідегі мобильді қосымшасы пайда болды. Одан бөлек, қазіргі күні халық көптеген қызмет түрін танымал мессенджерлердің көмегімен тұтына алады. Вице-министр цифрландыру ісі бойынша Қызылорда облысында ілгерілеушілік барын жеткізді.
Форумда отандық және шетелдік спикерлер, IT компаниялар өкілдері өзара тәжірибе алмасты. Сондай-ақ, елімізде алғаш болып Қызылордада іске қосылған цифрлық күріш ақтау зауыты, «Акмауа Smart Farm» фермасының жұмысы көпшілік назарына ұсынылды.
«Мағжан және К» серіктестігі күріш жармасын өңдеу мен оны сатуды ұйымдастыру аясын кеңейту бағытында өз инвестициясына Оңтүстік Корея технологиясымен жабдықталған зауыт орнатты. Ол күрішті ақтаумен қатар, малдың жем-шөбі ретінде пайдаланылатын күріш қауызын ұнтақтап, қалдықсыз өнім шығарады. Барлық технологиялық процесс толықтай автоматтандырылған жүйе негізінде жүзеге асырылады. Елімізде әзірге баламасы жоқ өндіріс ошағы сағатына 5 тонна күріш өңдеуге қауқарлы.
Ақылды технологияны қолданысқа енгізгендер қатарында Шиелі ауданындағы «Ақмая» шаруа қожалығы да бар. Шаруашылық базасында іске асырылған жобаның мақсаты – ауыл шаруашылығына жеделдетілген инновациялық технологияларды енгізу, фермерлік шаруашылықтардың өндірістік тиімділігі мен тұрақтылығын арттыру, ішкі нарықты сапалы азық-түлік өнімімен толықтыру, азық-түлік экспортын ұлғайту. Заманауи цифрлық технологияларды пайдалану шығындарды қысқартып, өнімділік деңгейін жоғарылатуға жол ашады.
Басқосу барысында IT шешімдер көрмесі ұйымдастырылып, 30 қарашада өткен «Smart Qyzylorda Hackathon» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Сондай-ақ, мемлекеттік сектор мен IT қауымдастығы арасында цифрлық және стартап жобаларды жүзеге асыруға бағытталған бірқатар меморандум қабылданды.
Назерке Саниязова.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |