Қазыналы мекеннің даму қарқыны жоғары

  Биылғы жыл да тәмамдалуға жақын, желтоқсан айына қадам басып отырмыз. Бұл – өткенге талдау жасап, алға жоспар құратын, жан-жағыңа қарайтын уақыт. Әлемдегі түрлі құбылыстар мен қиындықтарға  қарамастан, еліміз ілгерілеп келеді. Сарапшылардың мәліметтеріне қарағанда, жыл басынан бері экономика саласының өсімі орташа әлемдік көрсеткіштен жоғары деңгейде. Бұл жалпы халықтың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігіне оң өзгерістер әкелері сөзсіз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Егер қажетті құрылымдық өзгерістерді жүзеге асыр­сақ, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 процентке және одан да жоғары деңгейге жеткізуге болады. Экономиканың дамуына тың серпін беру үшін Үкімет пен Президент Әкімшілігі отандық және шетелдік сарапшылардың барлық жұмыстарын мұқият саралауы қажет.   Елбасы ұсынған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясына және Ұлт Жоспарына сәйкес бірқатар құрылымдық міндеттерді іске асыруымыз керек. Бірінші. Шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру.    «Білім экономикасы», еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллекті жаһандық дамудың негізгі факторларына айналды. Индустрияландырудың үшінші бесжылдығын жүргізу барысында жіберілген барлық қателіктерді, олқылықтарды ескеруіміз керек. Бұл мәселелер бо­йынша менің барлық тапсырмаларымды, ескертпелерімді Үкімет толық орындауға міндетті. Еңбек өнімділігінің нақты өсімін кем дегенде 1,7 есеге арттыруымыз керек. Елімізді өңірдегі көшбасшы ретінде танытып, Орталық Азиядағы беделімізді арттыру – стратегиялық міндет. Бұл – Елбасы айқындаған саяси бағыт-бағдарымыз», деп атап көрсеткен болатын. Қараша айының соңғы аптасында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Жолдаудан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру бо­йынша облыстың бас­ты жетістіктері, 10 ай қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.
«Осы жылдың 10 айының қорытындысымен бірқатар бағыттарда оң нәтижеге қол жеткіздік. Тұтастай алғанда, жалпы мемлекет саясатын  жүйелі іске асыру нәтижесінде соңғы жылдың өзінде өңдеуші өнеркәсіпте өндіру көлемі 5,4% ұлғайды, жұмыспен қамтылғандар саны 71% дерлік, ал, шикізаттық емес экспорт көлемі 49%  астам өсті» деп атап өтті  аймақ басшысы. Өңір экономикасын әртараптандырудың негізі индустрия­ландыру саласы. Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіптің шикізаттық емес секторындағы өндіріс өсімі 4,4%  құраған. Бүгінгі таңда мемлекеттік бағдарлама аясында іске асырылған 24 жобаның 18-і жоспарлы қуаттың 90%-тен 100%-ке жеткен. Жыл соңына дейін Индус­трияландырудың екінші бесжылдығы аясында тағы да 3 жобаны іске асыру жоспарлануда, бұл 200-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретіні айтылды. Аталған жетістіктерде аудандардың өзіндік үлесі бар. Осы сөзіміздің дәлелі ретінде Шиелі ауданының экономикалық-әлеуметтік даму барысын оқырмандар назарына ұсынуды жөн санап отырмыз. Биылғы жылдың 1 қарашасына ауданның әлеу­меттік-экономикалық дамуы көрсеткіштері жалпы экономикалық тұрғыдан тұрақты жағдай қалыптасқанын көрсетті.
Макроэкономикалық көрсеткіштер толық орындалды. Ауданның жылдық бюджеті 19 млрд теңгеден асты. Игерілуі 1 қарашаға 100,6 процентті құрады. Мамандардың ба­йыптауынша, көрсеткіш тәуір, яғни, ұйымдас­тыру жұмыстары мен қадағалаудың қалыпты болғаны деген сөз. Осы жерде тағы да еске сала кетелік, нақты мерзімде Шиелінің 40 елді мекенінде барлығы 82601 адам тұрады. Оның ішінде кент орталығында 32586 адам, ауылдық елді мекендерде 50015 адам тіршілік жасап келеді. Ал ауданның жалпы жер көлемі 3 239 755 гектар.
Орталық коммуникациялар қызметінің алаңындағы брифингте облыс әкімі: «Күріш – Сыр өңірінің бренді. Биыл күрішшілер әр гектарынан 60,3 центнерден өнім жинап, 530,5 мың тонна күріш салысы қамбаға құ­йылды. Осылайша жаңа рекордқа қол жетті» деді.  Бұл қатарда ауданның бір өзінен 41 Еңбек ері, «дала академигі», екі мәрте Еңбек ері атанған Ыбырай Жақаев ізбасарларының қосқан үлесі мол екенін айтқан орынды болар.
– Үстіміздегі жылы аудан бойынша 29 595 гектар жерге егін егілді. Атап айтсақ, негізгі дақыл күріш 12 475 гектар, күздік бидай 1000 гектар, жаздық бидай 332 гектар, тары 75 гектар, мақсары 1896 гектар, жаңа жоңышқа 3568, ескі жоңышқа 5448 гектар, мал азығындық асқабақ 106 гектар, картоп 1093, көкөніс 1504, бақша өнімдері 2098 гектарды құрайды, – дейді аудан әкімі Әшім Оразбекұлы өз сөзінде. – Елбасы тапсыр­масына сәйкес егіс құрылымдарын әртараптандыру бағытында бірқатар жұмыстар жолға қойылған. Жалпы ауыл шаруашылығы саласында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда егін көлемі де, өндірілген өнім көлемі де артты. "Егінші – мәрт, жер – жомарт" демекші, өз нәсібін жерден алған диқан қауымы айтарлықтай табысқа кенелді. Тынымсыз еңбектің арқасында күріштің әр гектарынан 61,6 центнерден өнім алуға қол жетті.
Жоғарыда баяндалғандай, картоп, көкөніс, бақша дақылдарынан да жақсы көрсеткішке қол жетті. Тиісінше,  картоптан орта өнім гектарына – 250 центнер, көкөністен 300 және бақша дақылдары 300 центнерден жиналды.
Мал азығының қорын жасақтау мақсатында ескі және жаңа жоңышқадан жоспарға сай өнім алынғаны шаруашылықтардың жан-жақты дамуына зор серпін берері анық.
– Ауданда тамшылатып суару әдісімен 50 гектар алма бағы өсірілуде (Ақтоған а/о-15 гектар, Тартоғай а/о-10 гектар, Гигант а/о-10 гектар), оның 15 гектары биыл егілді. Суды үнемдеп пайдалану бойынша Жаңатұрмыс ауылдық округінде «Байсын» шаруа қожалығы ашық топырақта тамшылатып суару әдісімен 13 гектар жерге көкөніс дақылдарын ексе, бұдан бөлек Ақмая, Алмалы, Ақтоған, Талаптан ауылдық округтерде су үнемдеу мақсатында плёнка қолдану әдісімен 155 гектар жерге көкөніс дақылдары өсіріліп, өнімдер сатылымға шығуда, – деді аудан басшысы.
Аудан басшылығы бірінші кезекте агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін майда шаруашылықтар мен жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалана отырып, біріншіден, өндіріс көлемі мен экспортты арттыру, екіншіден, жаппай нәтижелі жұмыспен қамтуды ұйымдастыруды нәтижелі жүргізе білді.  Ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру бағытында жүргізілетін іс-шаралар жоспарына сәйкес Ресей Федерациясының қалаларына 15 тонна балық, 275 тонна қауын, 355 тонна қарбыз, 205 тонна қызанақ экспортталды.
Одан бөлек, шілде айынан бастап еліміздің қалаларына 3300 тонна қауын, 3200 тонна қарбыз, 580 тонна қызанақ және 660 тонна қияр жөнелтілген.
Нарықтық қатынас өмірімізге дендеп енді. Мұнда бәсекелестік бәсін арттыру үшін жаңа технологияларды кеңінен пайдалану тиімді екені белгілі. Бұл қазіргі заман талабы екендігі де түсінікті. Осы орайда өсімдік шаруашылығын цифрландырудың басым элементтерін енгізу жұмыстары Шиеліде бастау алғанын айтар едік. Шиелі ауданының «Ақмая» шаруа қожалығында бұл жоба «Өндірістегі инновациялық даму» бюджеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырыла бастады. Облыстық бюджет есебінен 52,9 млн теңге қаржы қарастырылған. Бұл шаруаға шаруа қожалығының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Дәулет Жұмбеков бастаған мамандар тарапынан қызығушылық туындап, лайықты қолдау білдірілуде. Осы бағытта «Ақмая» шаруа қожалығының 800 гектар егістік жерінің топырағына агрохимиялық зерттеу жүргізілді, қоректік бөлудің картограммалары жасалды. Бұл платформа (3D қоса алғанда) барлық деректерді яғни, өсімдік айналымын, егу мерзімдері, сорттарын және будандардың кезеңдерін, топырақтың агрохимия­лық құрамын, топырақ түріне пестицидтер мен тыңайтқыштарды ұтымды пайдалану, т.б  автоматты бақылау және басқару жұмыстарын көрсететін болады. «Ақмая» шаруа қожалығында қазіргі заманғы сенсорлық технологиямен жабдықталған «John Deere» және «Claas» комбайндары қолданылуда. Жоба барлық ықтимал дерек көздерімен тығыз интеграцияны болжайды. Сондықтан ауылшаруашылық техникасының бірегей мүмкіндіктері толығымен пайдаланылатын болады. Тракторлар мен комбайндар сенсорларының ақпараттары біріктіріліп, «Ақмая» шаруа қожалығын «Ақылды ферма» басқаратын болды.
Ауданның даму барысында өнеркәсіп өнімін өңдеу барысының тигізер ықпалы айтарлықтай екені белгілі. Бұл орайда нақты дәлелдемелер келтіретін болсақ, өнеркәсіп өнімдерін өндіруші мекемелер мен кәсіпорындар 10 айда 25 млрд теңгенің өнімін өндірді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстыр­ғанда 104,3% құрады. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібінде өнім көлемі 9 млрд теңгеден асып 123,3 процентке орындалды.
Негізгі капиталға салынған инвес­тиция көлемі 37 млрд теңгеден астам немесе 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 125,8 процентті құрайды. Жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі 24 млрд теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыс­тырғанда 2,7 есеге өскен. Тұрғын үй құрылысы 10 айда 43810 шаршы метр­ге жетіп, 110,1 процентті құрады.
Жоғарыда айтқанымыздай, Шие­ліде жаңа технологияларды кіріктіруде белсенді жұмыстар жалғасын табуда. Осы орайда Сұлутөбе ауылдық округі аумағындағы күніне 50 мВт электр энергиясын өндіретін күн көзінен қуат алатын станцияның орналастырылуын айтуға болады. «Қазына Капитал менеджмент» АҚ мен «Британский холдинг Юнайтед Грин» компаниясының қаржысымен бой көтерген станцияға  23 млрд теңге жұмсалады деп күтілуде.
– Станция көрші аудандар мен Қызылорда қаласын электр қуатымен қамтамасыз ететін болады, қуаттылығы үлкен, болашағы зор, – дейді Әшім Оразбекұлы сұхбат барысында. Тағы бір сүйсінерлігі – жоба жүзеге асқанда  ауадағы көмірқышқыл газының жылдық шығарылуын 75 мың тоннаға азайтып, шетелдік инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Онда 23 адам жаңа жұмыспен қамтылады, яғни, алдағы жылы пайдалануға берілетін нысан жергілікті халық үшін барынша тиімді болмақ.
Шиелі ауданында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жобалық құны 2 млрд теңгенің 22 жобасы іріктеліп, оның ішінде құны 795 млн теңгені құрайтын 8 жобаның құжаттары қаржы ұйымдарына ұсынылды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы «Жанұзақ» шаруа қожалығы 16,7 млн теңге несие қаражатын алса, Майлытоғай ауылдық округіндегі «Саят» шаруа қожалығы 8,7 млн теңге көлемінде жақын арада қаржыландырылатын болады. Қалған 6 жоба қаржы ұйымдарының қаралуында. Құны 1 млрд 630 млн теңгені құрайтын 14 жоба құжаттары әзірленіп, қаржы ұйымдарына ұсынылуда.
Шиелі кентінің шығыс бөлігінде 2 гектар жерге 20 жылыжай салынып, 600 тонна өнім алу жоспарлануда.Аталған жобаны жүзеге асыру бағытында бекітілген кестеге сәйкес жобаға қатысатындарды біріктіріп, жүзеге асыратын топ құрылды. Осы жобаға қатысатын кәсіпкерлердің бірігуімен жылыжай бағытында көкөніс өндіретін кооператив құрылып, тиісті жер телімдері табысталды. «Наурыз-Дем» несие серіктестігі арқылы әр кәсіпкерге 4 млн 200 мың теңге қаржы алуына мүмкіндіктер қарас­тырылған. 20 кәсіпкердің бірігуімен 20 жылыжай құрылысы іске асырылып, тұрақты 40 жаңа жұмыс орны ашылып, өндірілетін өнімнің көлемін 600 тонна болғанда, жылдық табысты 150 млн теңгеге жеткізу көзделуде. Бұл жобаның құны 86 млн теңгені құрайды.
Жоспардың жүзеге сәтті асуы тек көп өнім алумен ғана шектелмейді. «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша АӨК субъектілері үшін тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің экономикалық қолжетімділігін арттырады. Мамандардың пайымдауынша, бұл жұмыстардың жүзеге асқанда баға тұрақтылығы сақталмақ.  
Мемлекеттік бағдарламалардың өз дәрежесінде орындалуы барысында Шиелі кенті және бірнеше ауылға көгілдір отын келіп, мұндағы халықтың тұрмыс-тіршілігі жеңілдей түсті. Облыс басшылығында болған Қырымбек Көшербаевтың саяси шешімінің игілігін нақты кезеңде облыстың бірнеше аудандары көріп отыр. Оның нақты мысалын оңтүстіктегі Жаңақорған, Шиелі аудандарының тұрғындары көріп отырғандығын қайталап айтсақ, артықтық етпейді деп ойлаймыз. Аудандық тұрғын үй және коммуналдық қызмет бөлімінің берген мәліметіне қарасақ, кент орталығында барлығы 40 бюджеттік нысан болса, оның  27 нысаны газға қосылып үлгерді. Ал 13 нысанды таяу арада газ желісіне қосуға жұмыс жүргізілуде.  
Шиелі кенті бойынша газ кіргізуге тиіс 5600 тұрғын үй иесінің 5362-нің өтініші тіркеліп, оның 5359-на монтаж жүргізіліп, 5357-сі газ пайдаланып отыр. Сонымен қатар Шиелі кентіне жақын елді мекендерге тұрғындардың есебінен газ кіргізу жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылдың қараша айын­да Иіркөл ауылдық округі ­Жақ­аев ауылына газ берілсе, 7 мамыр­да Бидайкөл ауылына газ жеткізілді. Жақаев елді мекеніне 43 шақырым газ желісі тартылып, 145 үйге газ кіргізілді. Бидайкөлге 31 шақырым желі тартылып, 70 үйге газ кіргізілді.
Бұрыннан да ауызбірлігі мен ұйым­шылдығы, ұжымдаса еңбек етудегі өнегесі бар аудан халқының белсенділігі ерен. Халыққа электр қуаты мен газ, ауыз су тұрақты беріліп келеді. Бұл атқарушы орындардың тиянақты жұмыстарының нәтижесі екені анық.
Ауданның мал шаруашылығы өз дәрежесінде дамып келеді. Атакәсіппен айналысушылар қатары көбейген. 1 қарашадағы мәліметтерге қарағанда, ірі қара 106,5 процентке (59407), қой мен ешкі 109,5% (88111), түйе 102,4% (1504), жылқы 113,8%-ке (15451) жетті. Құс 27646 басты құрады. Биыл ауданға «Сыбаға» бағдарламасы аясында 325 бас асылтұқымды ірі қара аналығын сатып алу жоспары бекітілсе, қазіргі таңда Ресей Федерациясынан 120 бас әкелінді. Бағдарлама бойынша ауданға 7800 бас қой сатып алу жоспарланған.
Экономиканың тіні – шағын кәсіпкерлік. Он айдың қорытындысы бо­йынша ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерліктің саны 4 655 су­бъектіге жетіп, тиісті кезеңмен салыс­тырғанда 103,5% артты. Оның ішіндегі жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлердің саны 4270-ті құрап, 91,7%-ке жетті. Тиісті кезеңмен салыстыр­ғанда 106,0% артты. Мемлекеттік кірістер басқармасы арқылы 460 жеке кәсіпкер, 28 шаруа қожалық, 24 заңды тұлға тіркеліп, жалпы 512 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі ашылды.  Нақты кезеңде мемлекеттік кірістер басқармасы арқылы бюджетке 5 млрд 122,7 млн теңгенің түсімі түсті. Оның ішінде шағын және орта кәсіпкерліктен 1 млрд 536 млн теңге түсім түсіп, жалпы кірістің 29,9 процентін құрады. «Өңірлік инвестиция орталығы» арқылы «Микро Бизнес Қызылорда» бағдарламасы бойынша жобалық құны 76 млн теңгені құрайтын 21 жоба қаржыландырылса, 7 жоба 20 млн теңгеге қолдау алып, құжаттарын ұсынуда.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында проценттік мөлшерлемесін субсидиялау бағыты бойынша биыл жобалық құны 320,3 млн теңгені құрайтын 12 жоба қаржыландырылса, ішінара кепілдендіру бағыты бойынша жобалық құны 108,4 млн теңгені құрайтын 8 жоба қолдау алды.  Осы бағдарламаның жаңа бизнес-идеяларды қолдау бағыты бо­йынша қайтарымсыз грант қаражатын алуға ауданнан құны 25,5 млн теңгені құрайтын 31 жоба ұсынылып, құны 2,9 млн теңгені құрайтын 11 жоба қолдау тапты. Бүгінгі күні барлық мемлекеттік бағдарламалар бойынша ауданнан жобалық құны 1 млрд 381 млн теңгені құрайтын 396 жоба қаржыландырылып, 464 адам жұмыспен қамтылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған өз Жолдауында «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңінде Еліміздің бюджеті екі негізгі мақсатқа бағытталуы тиіс – экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу. Әлеуметтік салада мынадай бағыттарға баса мән беру керек.   Бірінші. Білім беру сапасын жақсарту» деп бағыт бергеніндей, Шиелі ауданындағы бұл жұмыстар нәтижелілігімен қуантады.
Иә, өткен жылы ғана құрылғанына 90 жыл толған Шиелі ауданының ажары ашық, белесі биік, келешегі де жарқын екендігіне сенімдіміз.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 желтоксан 2019 г. 872 0