« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |
Сырдария ауданының экономикалық дамуында оң өзгерістер бар. Осы уақытқа дейін аудан экономикасына 54 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, көрсеткіш 72,4 процентке артқан. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Руслан Рүстемов хабарлады.
Оның айтуынша, өндіріс орындары 1 млрд 349 млн теңгенің өнімін өндірген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,7 процентке өскен.
– Өздеріңізге белгілі, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа белестерге көтерілді. Биыл 21050 гектар жерге күріш дақылы егілді. Орташа есеппен гектарынан 63,5 центнерден өнім алдық. Айта кету керек, биыл облыстың индустриалды картасына «Шаған» шаруа қожалығының қуаттылығы 630 тонна күріш ақтау цехының құрылысын салу» жобасын енгізіп отырмыз. 150 млн теңгені құрайтын жоба жүзеге асса, айына 70 тонна ақталып, 25 адам жұмыспен қамтылатын болады, – деді ол.
Ауданда кәсіпкерлік саласы да кең өріс алуда. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында арнайы «Жол картасы» белгіленген. Қазіргі күні өңірде 2313 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Оның ішінде 2095-і жұмыс жасайды. Жыл басынан бері кәсіпкерлікті қолдаудың барлық бағдарламасы бойынша 763,6 млн теңгенің 285 жобасы қаржыландырылып, 269 жұмыс орны құрылған. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 93 адамға 284 млн 186 мың теңге шағын несие берілген. Ал «Жаңа бизнес идеяларды іске асыру» тетігі негізінде 130 адам конкурс нәтижесімен жеңімпаз атанып, 54540 теңгеден алған.
– Жуырда ХІ Халықаралық «Baikonyr Invest» инвестициялық форумы өтті. Форум аясында «Ақжарма-2» шаруа қожалығының 370 млн теңгені құрайтын күріш ақтап, тазалайтын және кіші пастерленген сүт зауыттарын іске қосу, жылыжай және бау-бақша өнімдерін сақтайтын қойма салу жобасына ынтымақтастық меморандумын жасадық. Бұл жоба жүзеге асса, халықты жұмыспен қамтып қана қоймай, аудан экономикасының дамуына өз септігін тигізетін болады, – деді аудан әкімі.
Ауданда газдандыру жұмыстары да басталған. Бүгінде жалпы құны 2 млрд 400 млн теңгені құрайтын Тереңөзек кентін газдандыру жұмыстары 2 жылға жоспарлануда. Газ құбырлары желісінің құрылысын «Әлия-Сервис» серіктестігі жүргізеді. Биыл кенттің бірқатар көшелері мен 9 әлеуметтік нысаны газға қосылса, алдағы жылы 11 әлеуметтік нысанның қазандықтары қайта жаңғыртудан өтеді.
Сырдарияда жастар мәселесі де назардан тыс қалған емес. Мұндағы жаңа бастаманың бірі – «Тереңөзек жастары» қоғамдық қорының құрылуы. Бұл қор арқылы биыл өз кәсібін бастаймын деген 22 адамға мемлекеттік грантқа қатысу үшін 3,6 млн теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Сонымен қатар, Айдарлы, Шіркейлі, А.Тоқмағанбетов, Ақжарма ауылдық округтерінде Жастар бригадалары құрылып, 47 адам жұмыспен қамтылған. Ал, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» жаңа ғимаратқа көшкен. Жалпы, қай саланы алсақ та, ауданда тың серпін бар екені көрініп тұр.
– Алдағы жылы да ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, тұрақты жұмыс орындарын ашу, салық түсімін молайту, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандарды көгілдір отынға қосу, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, жастарға қолдау көрсету жұмыстары жалғасын табатын болады, – деді Руслан Рүстемұлы.
Жиын соңында БАҚ өкілдері тарапынан сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар алынды.
« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |