Алаштың алыбы – Әбіш

Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлының туғанына 80 жыл толуына орай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Әбіш Кекілбаев және Ұлы дала руханияты» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Алқалы жиында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың сөйлеген  сөзін назарларыңызға ұсынамыз. 


Құрметті зиялы қауым!


Биыл еліміздің руханияты үшін Әбіш Кекілбаев жылы болды десек қателеспейміз.

Бұл халықтың аяулы перзен­тіне деген шексіз құрметі мен биік бағасы.

Баршаңыз білесіздер, ке­мең­гер жазушының 80 жыл­дығы туған жерінде ғана емес, ұлан­ғайыр еліміздің өзге өңірлерінде де кеңінен аталып өтуде.

Осы орайда Әбіш ағаның тарихи тұлғасы мен біртуар болмыс-бітімін айқындай тү­сетін мерейлі іс-шараларға куә болдық.

Ақтау қаласында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт То­қаевтың қатысуымен еңсе­лі ес­керткіш орнатылып, облыс­тық өлкетану музейі Әбіш ағамыз­дың атымен аталды.

Сөз зергерінің туған жерінде халықаралық театр фестивалі өтті.

Өнегелі өмірінің басым бө­лігі өткен Алматы қаласын­дағы көшелердің біріне Әбіш Кекіл­баевтың аты берілді.

Алғашқы «Әбіш оқулары» және «Әбіш әлемі» атты оқу конгресі мәресіне жетті.

Елордадан бастап, алыс-жа­қын өңірлерге дейін алқалы жиындар, ғылыми конференциялар жүйелі ұйымдастырылды.

Әрине, Әбіш Кекілбайұлы­ның қайраткерлік келбеті мен ойшыл бейнесі туралы саналы сөз, пайымды пікір осы 80 жыл­дықпен тоқтамайды.

Егемен елі барда Әбіш фе­номені туралы айтыла бермек.

Өткен ғұмырында Әбіш аға туған жұртын жырласа, ендігі жерде халқымыз әйгілі Әбішін жырлайды деп ойлаймын.

Қадірлі қауым!

Шын суреткердің қолына қалам алғандағы асыл арманы туған халқын әлемге таныту болатыны белгілі. Бұл тұрғыда Әбіш аға – борышы өтелген ба­қытты жазушы.

Еуропадағы бірнеше әдеби ұйым оны тұтас ғасырдың тұ­ғырлы тұлғалары Толстой, Әуе­зов, Достоевский, Чехов, Мар­кес, Хемингуэй, Паустовский, Айтматов, Ғамзатовпен бірге ар­найы портрет-плакатқа шыға­рып, жүзжылдықтың үздік жүз қаламгері санатына қосты.

Осылайша оймақтай Оңды­дан шығып, қазақ әдебиетіне ал­ғашқы қадамынан «Алтын шу­ақ» әкелген Кекілбаев көзі тірісінде әлем әдебиетінің көр­некті өкіліне айналды.

Оның ұлттық интеллектуал­дық қазынамызға айналған та­маша туындылары дүние­жү­зінің алуан тіліне аударылып, хал­қымыздың талайлы тағ­дырын, мұңы мен сырын төрт­күл дү­ниеге танытуда.

Алаштың алауын өшірмеген ғұлама қаламгер Мұхтар Әуе­зовтен бата алған дегдар аға – дархан даладай даңғайыр дарын, теңіздей терең тұлға еді.

Кенді түбектің жомарт та­биғаты оған әулиелі Маңғыс­тау­дың өзгеге ұқсамайтын ға­жа­бындай ғаламат шабыт пен сар­қылмас қуатты аямай берген.

Сонымен қатар, ол мем­ле­кетшіл қайраткер, ақиқаттың ал­даспаны еді. Әбекең ел алдында сөйлесе ағынан жарылып, ада­лынан сөйлейтін, аудитория­ны ұршықтай иіріп, уыздай ұйы­та­тын шешен еді.

Ол баяндағанда анықтың өзі айқынданып, дұрыстың өзі тү­зуленіп кеткендей көрінетін. Дә­лелді әрі дәйекті айтылған әр сөзі тыңдаушыны әсерлендірмей қоймайтын еді.

Өйткені Кекілбаев кеңістігі тыңдаушы көкейіне ізгілік ұя­латып, рухани кемелдендіріп жі­беретін.

Ел Парламентінің Төрағасы, Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік хатшысы болған Әбіш Кекілбаев Отанға қалтқы­сыз қызмет етудің өшпес өнеге­сін көрсетті.

Тәуелсіздіктің елең-алаңы­нан Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктерінің біріне ай­налған ол ұлттық идеоло­гияның қалыптасуында өз қолтаңбасын қалдырды.

Осылайша халқына жасаған қызметі жоғары бағаланып, Қа­зақстанның Еңбек Ері атанды.

Кезінде Парламент Сена­тын­да қызметтес болып, жақын сый­ласқан Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әбіш ме­рейтойының шы­мыл­дығын аш­қан сөзінде сан қырлы суреткер туралы «Әбіш­тану дә­уі­рі енді басталды» деген еді. Ал қаламгердің  ойшыл­ды­ғын арқау еткен Сауытбек Абдрах­мановтың «Абыз Әбіш» атты зерттеу кітабының ал­ғы­сөзінде Мемлекет басшысы: «Әбіш Кекілбаев – біз­дің халқымыздың рухани әлеуе­тін әлем алдында айқара ашуға мүмкіндік беретін алып тұлғала­рымыздың бірі де бірегейі» деп айшықты айтты.

Түптеп келгенде, Әбішті тану – оның терең ой-парасатына сүйсіндіретін, отансүйгіштік рухын түйсіндіретін ғибраты мол шара.

Әбіштанудың терең тағы­лы­мы осында жатыр. Дана да дара суреткер Әбіш Кекілбаев шығармаларын қай­талап оқып тұру бәрімізді рухани шың­далуға, кемелденуге үндейді.

Себебі кемеңгер Кекілбаев кеңістігі – өзінше бөлек әлем.

Бұл кеңістікке кездейсоқ болса да бас сұққан адам абыз жазушының кітаптарында қат­талған, көкейлерде жатталған парасатты пайымдарына еріксіз оралып соғып отырады.

Өйткені ол оқырманын бау­рап алатын тұңғиық дүние. «Әбіш әлемі» дейтін жаңа тер­миннің қалыптаса бастауы – осы­ның дәлелі.

Өзіміз де осы мерейтойға қатыса жүріп, аяулы Әбекеңмен  қайта бір дидарласып, сырлас­қандай әсерде болдық. Біз Әбіш­тей данагөймен таныс-біліс ғана емес, аралас-құралас ғана емес, рухтас бауыр ретінде қарым-қатынас жасау бақытына, сөй­лесу, пікірлесу, ақыл-кеңесін ес­ту бақытына, ал егер әр нәр­сені өз атымен атар болсақ, ұлы адамды көру бақытына ие бол­ғанымызды мына өмірдегі баға жетпес байлығымыз деп білеміз. 

Асау теңіздегі алып кеменің байсалды жүзгені сияқты Әбіш Кекілбаевтың ақыл-ой тебіренісі де ешбір толқын бетінен қайтара алмайтын салмақты құбылысқа ұқсайды.

Бүгілмес берік, бөгелмес байыпты Әбекең – ғажап суреткер, сұңғыла саясаткер, білікті басшы, қай қалыпқа салсаң да қайыспас қара нар болатын.

«Мен әдебиетші болмасам, саясатқа келмес ем. Суреткер болмасам, күрескер де болмас ем» деген сөзі Әбіш Кекілбаевтың өмірлік кредосы, айнымас ақиқаты еді.

Сондықтан ол асқан жауап­кершілік пен ыждағаттылықты талап ететін мемлекет ісінен қол үзбей жүріп, әдебиетімізге шоқтығы биік шоғыр-шоғыр шығармалар берді.

Абыройлы міндеттің салма­ғын санамен, ауырлығын армен, өлшемін өремен көтере білді.

Әйтпесе оның мемлекеттік басқару ісіндегі жетістігі мен белсенділігінің өзі бір адамның ғұмырына жететіндей еді.

Мемлекеттік қызметтегі мін­деті мен суреткерлік мұра­тын бір арнаға тоғыстырған ғұлама жазушы халқына қай салада бол­масын өлшеусіз пайдасын тигізді.

Әбіш-абыз әдебиет пен өнер­дің барлық саласында жасам­паздықпен еңбек етті.

Көптеген қаламгер сияқты Әбіш ағаның да әдебиетке өлең­мен келгені белгілі. Ол жан түкпіріндегі сырларын, көкейін­дегі көркем ойларын өлеңмен өрнектеді.

Кемеңгер Кекілбаев келе-келе көшелі проза мен кесімді көсемсөз саласында кеңінен көсілер шаққа жеткенде өлеңді жанынан тастаған жоқ, қасиетті де киелі өнермен арасын суыт­қан емес.

Әрине, Әбіш аға – ең әуелі қара сөздің қасиетін терген жампоз жазушы. Ол «Күй» хикая­ты арқылы сонау 1966 жылы әлемдік әдебиет кеңістігіне фи­лософиялық-әлеуметтік терең мағынаға ие болған Мәңгүрт образын алғаш рет әкелді.

Ол Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романын, Шекс­пирдің «Король Лир» дра­масын, Ги де Мопассанның «Өмір» романын аударып, бола­шақ қаламгерлік сапардағы ше­берлік нақысын шыңдады.

Кино және театр өнерінде де өшпес із қалдырып, қазақ дра­матургиясының дамуына ай­рық­ша үлес қосты.

Тарихи дарабоздарымыздың есімдерін жаңғыртуда ұшан-те­ңіз еңбек етті. Сөйтіп әдебиет әлеміне рухы мұқалмайтын, ар-намысқа адал кейіпкерлер галереясын сыйлады.

Айтулы тарихи тұлғалардың ішкі әлеміне психологиялық қы­рағылықпен, математикалық дәл­дікпен үңіліп, оқырманына шы­тырман мінезді шынайы образ етіп ұсынды.

Осылайша ол оқырманын зерлі сөзбен тұрғызған жауһар ескерткіштер секілді Шыңғыс хан, Әмір Темір, Әбілқайыр хан, Абылай хан бейнелерімен та­рихтың қайталанбас қатпар-қатпар қойнауларында бетпе-бет кездестіргендей әсерге бөлей алды.

Сөз сардары Әбекең киелі әде­биет табалдырығын өрелі өлеңмен аттап, көсемсөз, сын, сапарнама, күй мен сан алуан көркем өнердің өрісті табиғатын саралаған зерттеулер жазып артына өнегелі мектеп қалдырды.

Дарабоз суреткер рухани кемелдік ретінде ар тазалығын, сезім шынайылығын және биік мұратты таңдады.

Әбіш әлемінің мінсіз құнар­лы құрылысы да, феномендік құбылысы да оның жүрек таза­лығының жұпар шырайында еді. Ол кісі не жазса да, не айтса да, немен шұғылданса да ақиқаттан айналып өтпеуді мұрат ететін.

Әбіш аға осы ұстанымы мен жазудағы адалдық кредосын мем­лекеттік қызметте де қатаң сақ­тады.

Ақиқат жолын таңдаған жазушы мемлекет қызметінде отырып та абыздық саф мінезінен айныған емес.

Оның «Біздің ешқайсымыз­дың заңнан асқан қатал, не заң­нан асқан кеңпейіл болуға ха­қымыз жоқ» деп жазғаны сон­дықтан еді.

Шындық пен шынайылықты, адалдық пен ақиқатты тұғыр еткен турашыл тұлға әрдайым халықтың үдесі мен мемлекеттің мүддесін биік қоятын.

Ардақты ағайын!

Әбіш – бар қазаққа ортақ тұлға.

Сондықтан Қазақстанның бар­­ша аймағы Әбішті өз ұлда­рын­­дай құрметтейді, мақтан тұтады.

Суреткердің өзі де қазақ да­ласын жанындай жақсы көр­ді, әр өңір оған өзінің туған то­пы­рағындай, асыл тұма­рын­дай ыс­тық болды.

Сондықтан болса керек, Әбіш ағамыз тұтас қазақ тарихын, оның өткен өмірін терең бі­ле­тін сұңғыла еді.

Әбіш рухы қазақтың мәңгі жанында һәм жадында.

Қаламға – қанат, ғаламға  – ға­ламат, кемге – тілек, елге – тірек, ұлт­қа жүрек болған болмыс иесі ұрпақты жебеген бабасы Қорқыт, атасы Пір Бекеттей енді өзі де ұлтына ұран болары анық. Сол арқылы жұртының жүрегінде, елінің есінде мәңгі жасай береді.

«Тарихта адамзат алдында­ғы қадір-қасиеті тек бір ғана ғұмырдың ауқымымен өл­шен­­бейтін елден ерек ересен тұл­ғалар болады» деп өзі айт­қандай, Әбіш аға туы жығыл­майтын тау-тұлғаға айналды.

Өйткені «өлмейтұғын артында сөз қалдырған» Әбіш Ке­кілбаевтың мол мұрасы адамзат өміріне әлі де мыңдаған жылдар бойы қызмет ете берері сөзсіз.

Әбіш жазарын жазып, айтарын айтып кетті. Уақыт ал­дын­дағы, тарих алдындағы, халық алдындағы сынақтан абыроймен өтті. Ендігі сынақ біздің өзімізге түседі. Қазақтың ұлттық рухының әлемге Әбіш арқылы қалай жетуі енді бізге байланысты. Әбіш сөзінің тереңін өзі­міздің тереңірек тануымыз, басқаларға танытуымыз, сол сырлы әлемнің жұмбағын ашуы­мыз біздің халықтық өремізге сын болмақ. Бұл сынақтан да сыр бермейміз деп сенгіміз келеді. Тиісті жұмысты жүйелі жүргізе білсек, біз Әбішті әлем алдында маңдайымызға ұстай аламыз. Әбіш Кекілбаевта арғы-бергідегі ұлы жазушыларға, ұлы ойшылдарға тән қасиеттердің бәрі де бар.

Әбіш – тек қазақтың ғана емес, түбі бір түркі жұртының ортақ мақтанышы ретінде де ардақталуға лайықты тұлға.

Абыз – аңызға айналды.

Алаштың алыбы – Әбіш Кекілбаев жұртының жүрегінде, елінің есінде мәңгі жасай береді!

Әдебиет тойы, руханият мерекесі құтты болсын!

Әбіш рухы асқақтай берсін, ағайын!

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 желтоксан 2019 г. 472 0