« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қызылорда инвестиция игіліктерін жаңа деңгейге көтеруде
Тұңғыш Президент күні қарсаңында аймақта ХІ Халықаралық «Baikonyr Invest» инвестициялық форумы өтті. Форум «Қызылорда: тұрақты өрлеу, инвестициялық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер» тақырыбын қамтыды. Оған шетелдік және отандық бизнес-қауымдастық өкілдері, инвестициялық компаниялардың басшылары және ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері арнайы келді. Олардың қатарында Кореяның «К2АТ», Францияның «Total Eren», Болгарияның «НЕС» компаниялары бар. Сондай-ақ, форум жұмысына Иран, Франция, Германия, Македония, Нидерланд Корольдігі, Корея, Канада, Словения, Қытай, Ресей сияқты алыс - жақын 10 мемлекеттен инвесторлар қатысты.
Пленарлық отырысты облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов ашып, форум қатысушыларын Тұңғыш Президент күнімен құттықтады.
– Бұл біздің 11 инвестициялық форумымыз. Алғаш рет «Baikonyr Invest» форумын 2013 жылы өткіздік. Алдыңғы 10 форумның нәтижесі бойынша 130-дан астам меморандумға қол қойылды. Облыс экономикасына 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Аймақта биылғы жылдың 10 айында атқарылған жұмыстардың негізгілерін атап өткім келеді. Қызылорда облысының ең маңызды артықшылықтарының бірі – тиімді логистикалық жағдайға ие екендігі. Бүкіл облыс арқылы су артериясы (Сырдария өзені), оның бойымен темір жол және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық магистралінің 800 шақырымнан астам ең үлкен учаскесі, “Бейнеу-Бозой-Шымкент” газ құбыры да өтеді. Сонымен бірге индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аймақ экономикасының дамуына тың серпін беруде. Соның негізінде облыста 24 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде елді мекендерді газдандыруға мүмкіндіктер туды. «Қараөзек» қуатты газ-компрессорлық станциясы салынып, ел ордасы Нұр-Сұлтан қаласына газ жеткізуге жол ашылды, – деді облыс әкімі.
Бүгінде Шиеліде тампонажды цемент зауыты жұмыс істеп тұр. Онда цементтің 6 түрі өндіріледі. Соңғы он айда 300 мың тонна өнім алынып, алды Өзбекстанға экспортталуда. Бұдан бөлек, өңірде жоғары сапалы кварц құмының негізінде жүзеге асатын елдегі алғашқы шыны зауытының құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, алдағы жылы Аралда кальцийлендірілген сода зауытын салу басталады.
– Бүгінгі күні «Байқоңыр» еркін экономикалық аймағын құру үшін мемлекеттік органдармен бірлесіп тұжырымдама мен келісім жобасы жүзеге асуда. Оның басты мақсаты – «Байқоңыр» халықаралық ғарыш айлағын құру, инновациялық, жоғары технологиялық, бәсекеге қабілетті өнеркәсіп өндірісін ұйымдастыру және халықаралық туризмді дамыту. Еркін экономикалық аймақтың құрылуы ғарыш саласының дамуына соны серпін беріп қана қоймай, жоғары технологиялар саласындағы аймақтық хабқа айналады деген сенім бар, – деді аймақ басшысы.
Жиын барысында ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар бойынша елшісі Болат Сәрсенбаев министрліктің халықаралық экономикалық ынтымақтастық пен инвестициялық дамуындағы рөлін сөз етті. Оның айтуынша, министрлікте инвестициялар тартумен айналысатын арнайы инвестициялық комитет және “HK Kazakh Invest” АҚ жұмыс істейді. Сонымен бірге ҚР Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесі мен проблемалық мәселелерді жедел шешудің тиімді қаржы құралдарының бірі – Инвестициялық омбудсмен институты өз жұмысын жоғары деңгейде атқарып келеді.
Ал, Иран Ислам республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Сабер Маджид Самадзаде Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап екі мемлекет достыққа, өзара түсіністікке және бір-біріне деген құрметке негізделген дипломатиялық қатынастарды сақтап келгенін атап өтті. Нәтижелі дипломатиялық қатынастар тақырыбын Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Андре Карстенс жалғастырды. Ол сауда-экономикалық ынтымақтастық екіжақты қатынастардың өзегі екенін баса айтты.
Нидерланд – негізінен мұнай-газ саласындағы ірі компаниялардың арқасында Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвестордың бірі. Мәселен, 2018 жылы бұл елдің Қазақстанға салған инвестициясы 7,3 млрд долларды құрады. Елші алдағы уақытта Қызылордада жылыжай кешені салынатынын жеткізді. Инвестиция көлемі шамамен 34 млн еуроны құрайды. Сонымен бірге нидерландықтар Қазақстанға ғарыштық мониторинг жүргізу үшін «NEVASKO» компаниялар тобымен жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесіне қатысты ұсынысын ортаға салды. Бұл ретте Андре Карстенс жобаны жүзеге асыру үшін өңірден серіктес табатынына сенім білдірді.
Корея Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ким Дэ Сик болса, форумға шақырту алғанына ризашылығын білдіріп, бүгінгі әріптестік екі ел арасындағы байланысты нығайта түсетінін жеткізді.
Сондай-ақ, шарада ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов, “HK Kazakh Invest” АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Марат Есенов, «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Матаев, “Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы” АҚ басшысы Рамазан Жанпейісов те өз ойларын ортаға салды.
форум аясында жалпы құны 100 млрд теңгеге жуық жобаларды жүзеге асыру үшін 25 меморандум, 1 келісім-шартқа қол қойылды. Олардың қатарында өнеркәсіп саласында 14, агроөнеркәсіптік секторда 9, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағыты бойынша 3 жобаны жүзеге асыру туралы меморандум бар.
Мұнан әрі басқосу «Ауыл шаруашылығында фермерлікті және мал шаруашылығы кластерін дамыту мүмкіндіктері» тақырыбындағы секциялық жиынға ұласты. Ауылшаруашылық саласын дамытудың мүмкіндіктерін жан-жақты талқылаған шараны Қазақстан инвестициялық ынтымақтастық агенттігінің бас директоры Айдын Байеділов жүргізді.
Қазір елімізде өсірілетін күріштің 90 процентін Қызылорда облысы өндіреді. Биылдың өзінде әр гектардан орта есеппен 60,3 центнерден өнім алынды. Бұл – күріш сорттарының өнімділігін арттыру арқылы қол жеткен жетістік. Соңғы жылдары мемлекеттік қолдаулардың арқасында мал шаруашылығында да оң даму тенденциясы қалыптасып, агроөнеркәсіп кешені инвесторлар үшін тартымды салаға айналып келеді.
Өткен жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 6,8%-ке, қой мен ешкінің басы 9,7%-ке, жылқы 13%-ке, түйе 6,9%-ке көбейіп отыр.
– Жыл басынан бері облыс бойынша барлығы 29,2 мың тонна ет (тірі салмақта), 71,3 мың тонна сүт және 7,2 мың дана жұмыртқа өндіріліп, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ет – 3,3%-ке, сүт – 1,8%-ке, жұмыртқа 5%-ке артты.
Осы жылдың мамыр айында Қызылорда қаласында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, жылына 5 мың тонна етті терең өңдеп вакуумдық қаптамамен өткізетін ет комбинаты құрылысының іргетасы қаланды. Келешекте бұл базадан ет-сүйек ұнын, балық жемін шығару және тері өңдейтін цехтар ашу жоспарлануда. Ал қолданысқа берілгенше, облыс қой, бұқашық және түйе малын тірілей түрде шет мемлекеттерге экспорттауда. Биылдың өзінде Өзбекстан мемлекетіне 118 бас түйе, 250 бас мүйізді ірі қара малын, Иран Республикасына 56 бас бордақыланған бұқашық және 789 бас қозы экспортқа жөнелтілді, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбараков.
Жиында Ы.Жақаев атындағы күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім басшысы Серік Кенжебаев аймақтағы сиыр етін өндіру технологиялары туралы баяндады. «Kazakh Export» АҚ бас менеджері Арыстанбек Ысқақов акционерлік қоғам тарапынан көрсетілетін қолдау жайын сөз етсе, Қытай халықаралық сауда палатасының Қазақстандағы өкілі Гао Ци «Қазақстан-Қытай» агроөнеркәсіптік кешенінің әлеуетін әрі қарай дамытуы турасында ойын білдірді. Сондай-ақ, форумда «QazIndustry» АҚ-ның бас сарапшысы Рауан Мыңбаев мемлекеттік ынталандыру шараларын, Орта Азиялық инновациялық бюроның тұрақты дамуы бойынша өкілі Лиебельт Петер «CLIENT ІІ бағдарламасы: Тұрақты инновациялық мүддедегі халықаралық әріптестік» тақырыбында ой өрбітті. Мұнан бөлек, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан Аграрлық-Технологиялық университетінің зоотехникалық лаборатория меңгерушісі Еркінғали Батырғалиев мал шаруашылығының инновациялық технологиясын, Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы институтының ғылыми хатшысы Бақытжан Әжібеков жайылымдарды ұтымды пайдалану жолдары турасында баяндады.
Жиын соңында баяндамашылар қатысушылар тарапынан болған сұрақтарға жауап берді.
Айта кету керек, жыл сайын 300-ден астам шетелдік және отандық бизнес-көшбасшыларының, инвестициялық компания басшыларының, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері мен экономиканың түрлі салаларындағы сарапшылардың басын қосатын «Baikonyr Invest» форумы бүгінде мазмұнды пікірталас алаңына айналып үлгерді.
МЖӘ – мүмкіндік көзі
ХІ «Baikonyr Invest» халықаралық инвестициялық форумының бір секциясының жұмысы жаңа жағдайлардағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту мәселелеріне арналды. Сол жағалаудағы Жастарға қызмет көрсету орталығында өткен шарада «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Матаев модератор болды.
Облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов өз сөзінде инфрақұрылымды тек қана мемлекет қаржысымен дамыту мүмкін емес екенін атап өтті. Сондықтан бүгінгі таңда инфрақұрылымды дамыту үшін бюджеттен тыс қаржыны тартудың ең тиімді механизмі – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік. бұл механизмді жетілдіре түсу аса маңызға ие.
– Қазақстандық және өңірлік мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту орталықтарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізу нәтижесінде бүгінгі күні 142 жобаны жүзеге асыра бастауға мүмкіндік туып отыр. Жобалар негізінен білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, ТКШ, энергетика салаларын қамтиды, – деді бұл жөнінде Б.Жаханов. – Облыста аталған жобалар аясында тартылған инвестиция көлемі 59 млрд теңгені құрады. Бұл жобаларды тек қана мемлекеттік бюджет қаржысымен іске асыру мүмкін емес еді. МЖӘ-нің тиімді тәсілдері бір мезгілде бюджеттен тыс қаржыны тартып қана қоймай, сонымен бірге тұрғындарға қатысты мәселелерді де шешеді.
Осы орайда Т.Матаев мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары жыл өткен сайын қарқын ала түсіп, жеке сектор ынтымақтастықтың мұндай механизмін жақсы түсіне бастағанын атап өтті. МЖӘ жобалары 2015 жылы тиісті заңнамалар қабылданғаннан кейін бастау алды. Одан кейінгі екі жылда белсенділік байқалды деуге болады. Сондай-ақ жыл сайын заң жетілдіріліп, өзгертулер енгізіліп келеді. Қазіргі күні әріптестіктің жаңа механизмдерін енгізу мақсатында заң жобалары бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Мұндай жобаларды жүзеге асыру бойынша Қызылорда облысы көшбасшылар қатарынан орын алған. Салаларды қамту жағы да жоғары деңгейде.
Секция жұмысында аймақтағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту жөнінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Жақыпбаева айтып өтті. Оның пікірінше, бұл механизмді басқа құқықтық алаңда қарастырған жөн, яғни жобалар ESG қағидаттарына – экологиялық, әлеуметтік және басқару талаптарына сай келуі тиіс.
Қазірдің өзінде МЖӘ мемлекет жауапкершілігіндегі салалардағы мәселелерді шешудегі тиімді құралдың біріне айналғанын сеніммен айтуға болады. Ол барынша сапалы қызмет көрсетуге ықпал етеді. Өңірдегі МЖӘ жобаларының 39-ы денсаулық сақтау, 36-сы білім беру, 26-сы спорт, 19-ы энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, 8-і мәдениет салалары бойынша жүзеге асырылуда.
Мәселен, спорттық жобалар денешынықтыру-сауықтыру кешендерін құруға бағытталған. Олар аудандарды да қамтиды. Біріншіден, бұл өсіп келе жатқан жас ұрпақ үшін өте маңызды. Ауыл жастары спортта үлкен жетістіктерге жетуде.
– Жобалар, сондай-ақ, инновациялық сипатқа ие болуы тиіс, яғни цифрландырылған және модернизацияланған деңгейде жүзеге асқаны дұрыс. Мысалы, энергетика және ТКШ салаларында жақсы жобалар жүзеге асырылуда. «Жасыл экономика» аясында қатты тұрмыстық қалдықтар зауыты жобасы бар. Әлеуметтік қамсыздандыру саласында мүгедектерге және белгілі бір науқасы бар балаларға күтім жасау жөніндегі жобалар қарастырылған, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Алдағы уақытта сол жағалауда 300 төсек-орны және 100 келушіге арналған емханасы бар аурухана құрылысын жүргізу, аудандарда көшелерді модернизациялау және жарықтандыру бойынша жобалар іске асырылады. Қазалы ауданында жазғы балалар лагерін салу жоспарлануда. Сонымен бірге Қызылорда әуежайы терминалын салу жоспарда бар. Мұндай жобалар тыңғылықты зерттеліп, мемлекетке салмақ салмайтындай етіп әзірленуі тиіс. Жаңа терминалдың өткізу мүмкіндігі сағатына 300 жолаушыны құрайды, ұшу-қону алаңының ұзындығы – 2,7 мың метр, ені 45 метр болады деп жоспарлануда.
Спикер сонымен қатар, облыс орталығында қосымша бюджет қаржысын талап етпейтін студенттік жатақхана құрылысын жүргізу бойынша екі жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Тағы төрт ауданда жатақханаға сұраныс бар.
Секция жұмысы барысында МЖӘ жобаларын жүзеге асырудың жаңа жағдайлары туралы «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдос Көбетов айтып берді. Мемлекеттік бюджет қарызы салмағын азайту үшін өткен жылы республика бойынша жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған барлық жоба сараптаудан өткізілген. Олар шығынды жабу жолдары бойынша үш категорияға бөлінеді. Біріншісі – жекеменшік әріптестің жұмсалған шығыны мен салынған қаржысын мемлекеттік бюджеттен толық қайтару. Екіншісі – жұмсалған шығынның белгілі бір бөлігін ғана бюджет есебінен қайтару. Соңғысында мемлекет қаржысы берілмейді, шығыны нарық қатынастары есебінен жабылады.
Білім саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы сөз қозғаған спикер мектептерде ыстық тамақпен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыс барлық аймақтарды қамтып отырмағанын атап өтті. Орталық 2016 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, бұл бағытта зерттеу жүргізген. Нәтижесінде сол уақытта мектептердің 85 проценті ыстық тамақпен қамтамасыз етуге қажетті қондырғылармен қамтылмағаны немесе жартылай қамтылғаны анықталды. Қондырғылардың қымбат болуы және МЖӘ келісімдерінің қысқа мерзімге жасалуы салынған инвестицияны қайтаруға мүмкіндік бермеген. Соған байланысты келісімдерге өзгерту енгізіп, орташа ұзақтықта немесе ұзақ мерзімге жасау жөнінде ұсыныс берілді. Соның нәтижесінде Ақмола (17 мектеп) және Шығыс Қазақстан облысында (30 мектеп) жобалар сәтті жүзеге асырылған. Атырау (30 мектепте жобаны жүзеге асыру жоспарланған) және Қызылорда облыстарында (бірінші кезекте 28 мектепте жобаны жүзеге асыру қажет) бұл бағытта белсенді түрде жұмыс жүргізілуде.
Білім саласында жобалар топтамасын іске асыру туралы да ұсыныс болған. Мәселен, Jas PPP бағытында жеке және мемлекеттік мектептер салу арқылы үш ауысымды оқу мәселесін шешуге болады. Сондай-ақ, тек қалада емес, елді мекендерде де балаларды мектепке тасымалдаудың қажеттілігі байқалады. Үшінші бағыт – арнаулы мамандандырылған лицейлерді, колледждерді қажетті техникалар және сервистік қызмет көрсетумен қамтамасыз ету. Бұл мәселе Қазақстанның барлық аймақтары үшін өзекті.
Форумда сол секілді «Қазақстан Даму Банкі» АҚ-ның басқарушы директоры Бақытжан Омаров, ресейлік «Газпромбанк» АҚ-ның Қазақстандағы өкілдігі басшысы Асқар Аспандияров МЖӘ жобаларын қаржыландыру жайын сөз етті.
Б.Омаров «Қазақстан Даму Банкі» АҚ-ның несиелендірумен барлық облыста жұмыс жүргізетінін жеткізді. Мәселен, 2019 жылдың үшінші тоқсанында қаржыландыруға жалпы несиенің көлемі жылына 350 млрд теңгені құрайтын 9 өтініш түскен.
– Банктің жалпы несие портфелі бүгінде шамамен 1,5 триллион теңгені құрайды. Қызылорда облысының үлесі 2 процент төңірегінде. Бұл жақта үш жоба жүзеге асырылуда. «Ақшабұлақ» кенішіндегі газтурбиналық станция, бес елді мекенді газдандыру және шыны зауыты, – деп спикер анықтама беріп өтті. – Бұдан басқа банк екі жоба бойынша жұмыс жүргізуде. Олар – «Шалқия» кен орнында полиметалл рудаларын өндіру мен кен байыту зауытын салу, сондай-ақ «Байқоңыр» ғарыш айлағында ұшу алаңын қалпына келтіру және пайдалану жобалары.
Мемлекеттік-жекеменшік жобаларын жүзеге асыру «Қазақстан Даму Банкі» АҚ-ның негізгі қаржыландыру бағытына айналғанына көп бола қойған жоқ. Оларды несиелендірудің ең төменгі мөлшері 3 млрд теңге көлемінде бекітілген. Банктің сараптау жұмыстарына 72 жұмыс күні беріледі және олар несие бойынша сыйақы ставкасын анықтайды.
А.Аспандияровтың айтуынша, «Газпромбанк» АҚ ірі МЖӘ жобалары бойынша жұмыс істейді. Құны 2-3 млрд рубльден басталып, 120 млрд рубльдік жобаларға дейін қаржыландырылады.
«Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның аймақтық филиал директоры Ерлан Түктібаев МЖӘ механизмдерін пайдалану негізінде несиелердің проценттік үстемелерін субсидиялап, кәсіпкерлікке қолдау жасалып отырғанын жеткізсе, «LED solution» ЖШС басқарушы директоры Ербол Шаймаханов «Жарықтандыруда энергетикалық тиімді технологияны пайдалану арқылы МЖӘ-ні дамыту перспективалары» жайлы сөз қозғады.
Форум жұмысында Қызылорда қаласында 400 орындық студенттік жатақхана құрылысы және пайдалану бойынша келісім-шартқа, Қызылорда қаласы «Сәулет» шағын ауданында спорт кешенін жалға алу, Жаңақорған ауданында керамзиттен құрылыс материалдары – кірпіш пен блоктар өндірісі бойынша ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Бұл ауданда әк зауытына теміржол тұйығы салынатын болады. Сонымен қатар, Шиелі ауданында әк өндіретін зауыт құрылысын жүзеге асыру бойынша да меморандум жасалды.
Байқоңырдың болашағы
Инвестициялық форум аясында «Байқоңыр» ЕЭА – жобаларды іске асырудың перспективалық алаңы» атты секция жұмысы өтіп, «Байқоңыр» еркін экономикалық аймағын құру бағытындағы жұмыстар таныстырылды.
Жиын модераторы, «Талап» қолданбалы зерттеу орталығының директоры Рақым Ошақбаев өткен жылы Петропавлда Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен өткен XV Қазақстан-Ресей аймақаралық ынтымақтастығы форумында «Байқоңыр» еркін экономикалық аймағын құру мәселесі талқыланғанын атап өтті.
Секцияда облыс әкімінің орынбасары Мұрат Имандосов әлемдік бренд ретінде танымал «Байқоңыр» ғарыш айлағы қазақстандық, ресейлік, халықаралық ғарыштық бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз ететінін жеткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа сапары барысында Байқоңыр қаласын дамыту және «Байқоңыр» ЕЭА-ны құрудың тиімді тетіктерін анықтау қажеттігін атап өткен болатын. Сондай-ақ, бірегей әрі ауқымды ғарыш айлағы әлемдік компаниялармен, перспективалы технологиялық стартаптармен жұмыс істеуге үлкен мүмкіндік беретінін айтқан еді. Бүгінде шетелдік және отандық инвесторларды тарту мақсатында «Байқоңыр» ЕЭА-ны құру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.
– «Байқоңыр» еркін экономикалық аймағын құрудағы негізгі мақсаттың бірі – «Байқоңыр» халықаралық ғарыш портын қалыптастыру. Сондай-ақ, машина жасау, ғарыш индустриясы, электроника, химия және жеңіл өнеркәсіп, тағы басқаларын қоса алғанда, инновацияға сай, жоғары технологиялы, бәсекеге қабілетті өнімдердің өнеркәсіптік өндірісін ұйымдастыру, «Байқоңыр» кешеніндегі халықаралық туризмді дамыту жоспарланған, – деді Мұрат Самұратұлы.
Жиында «Байқоңыр» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ирина Ким «Байқоңыр» ЕЭА-ны іске асыру мерзімі 25 жылға есептелгенін, оған үш мың гектардан астам аумақ қарастырылатынын жеткізді. Алғашқы бағыт бойынша «Байқоңыр» халықаралық ғарыш портын құру және Қазақстан, Ресей тарапымен бірлескен жобалар жүзеге аспақ. Айталық, екі ел бірлесіп «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құру жобасын, ал Қазақстан, Ресей және Біріккен Араб Әмірліктері «Гагариндік старт» №1 модернизациялық алаңын іске асырады. Сондай-ақ, биылдан бастап 2030 жылға дейін «Байқоңыр» халықаралық ғарыш портының экожүйесін қалыптастыру қолға алынған.
Ал, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айберген Русланұлы ғарыш айлағын дамыту перспективалары, «Бәйтерек» БК» АҚ жобалық кеңсесінің директоры Сырым Ынтымақов «Назарбаев старты» ғарыштық зымыран кешенін құру жобасы туралы сөз қозғады. «Назарбаев старты» ғарыштық зымыран кешенінде коммерциялық бағыттағы ғарыштық бағдарламалар мен жобалар жүзеге асып, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының ұлттық ғарыштық бағдарламалары орындалмақ.
Мұнан өзге секция барысында «Жоба» ЖШС директоры Станислав Пягай «Байқоңыр» ЕЭА аумағында «Байқоңыр» туристік ойын-сауық аймағын қалыптастыру, дамыту бағытында жасалатын жұмыстар туралы хабарлама жасады. Айта кету керек, «Байқоңыр» ЕЭА құру тұжырымдамасы аясында туристік ойын-сауық аймағын құру жоспарланған. Онда әлемдік стандартқа сай қонақ үйлер, 8 залдан тұратын кинотеатр, аттракцион, ауқымды шаралар өткізуге арналған концерт залы, зымырандардың ұшу сәтін тамашалауға арналған алаң, аквапарк, этноауыл, шығыс моншасы, ұлттық асхана орналаспақ.
Туризм
түлей түспек
Бұған дейін «Baikonur invest» инвестициялық форумы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, жарқын жобалардың жүзеге асуына негіз болды. Кезекті форумда да әлемнің түкпір-түкпірінен келген бизнес қауымдастықтары мен қаржы институттарының өкілдері аймақ тарихымен танысты.
Делегаттар алдымен түркі дүниесі тәу етер «Қорқыт ата» мемориалын тамашалады. Туристік кешенде біз Қазақстандағы Нидерланд Корольдігінің елшісі Андре Карстенспен тілдесіп, әсерімен бөлісуді сұраған едік. Ол Нидерланд мемлекеті – Қазақстанның Еуропадағы негізгі серіктестерінің бірі екенін айта келе, екіжақты қатынастарды дамыту бағытында оң нәтижелерге қол жеткізілгенін, халықаралық мәселелер бойынша ұстаным ортақ екенін айтты. Сонымен қатар ұйымдастырушыларға осындай маңызды форумды қолға алғанына және Сырдың киелі жерлеріне саяхаттауға мүмкіндік сыйлағанына ризашылығын білдірді.
– Қызылордаға келудегі мақсатым – аймақтың экономикалық әлеуетімен танысып, іскерлік әріптестікті күшейту болды. Барлығы көңілімнен шықты. Форум маған және менің әріптестеріме ерекше ұнады. Жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылығы, облыс әкімдігінің аймақ экономикасын дамыту бағытындағы шаралары кәсіпкерліктің кең өрістеуіне жол ашатынын байқатады. Диалогтық алаң құру және өзара тәжірибе алмасу салааралық, мемлекетаралық және халықаралық экономикалық байланысты бекітіп ғана қоймай, қатысушыларға коммерциялық тұрғыда пайда әкеледі. Сіздерге туристік әлеуетті дамытуға, мыңдаған саяхатшының қызығушылығын тудыруға да пайдасы зор, – деді Андре Карстенс.
Меймандар әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы – «Байқоңыр» кешенінде болып, жұлдызды қаланың тынысымен танысты. Мұражайды аралап, атақты конструктор Сергей Королев, Юрий Гагарин бастаған ержүрек ғарышкерлер туралы қызықты мәліметтерге қанықты. Аңызға айналған айлақтан алғаш зымыранның ұшқанына да 60 жылдан асты. Сол уақытта жеті қат көкті еңсерген ең озық технологиялық жетістіктер бүгінде мұражай сөрелеріндегі жәдігерлер қатарын толықтырып тұр. Мәселен, 1992 жылы ең алғаш ғарышта болған Қазақстанның мемлекеттік туы да музейде сақтаулы. Мұның барлығы шеттен келген меймандарды таңғалдырмай қоймады.
– Ресей мен қазақ елі арасындағы тарихи байланыс сонау ерте заманнан бері жалғасып келеді. Екі ел арасындағы ынтымақтастық «Байқоңыр» кешенін дамытуға да серпін берген. Ол туризмді одан әрі дамытуға жол ашады. Себебі, осы мұражайды, ғарыш кемесінің көк төсіне самғаған сәтін миллиондаған адам қызықтағысы келеді. Туристік компания мамандары «Спутник», «Байқоңыр» деген жалғыз ауыз сөздің өзі-ақ әлемдегі туристер ағымының оннан бірін Байқоңырға тарта алатынын айтып жүр. Осыған қарап, Қызылорда – ғарыш саласының символы деуге болады, – деді Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Сабер Маджид Самадзаде.
Осыдан соң біз де «Орайын тауып, шетелдіктердің бұл қызығушылығын олжаға айналдырсақ, ұтылмасымыз анық» деген ойда қалдық. Өйткені, казірдің өзінде халықаралық транзиттік дәліз бойындағы ғарыш айлағына мыңнан астам турист келеді. Мамандардың айтуынша, жыл сайын бұл көрсеткішті 10 процентке өсіруге мүмкіндік бар. Демек, аймақ туризмінің болашағы зор екенін бағамдауға болады.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |