« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Екінші дүниежүзілік соғыстың отты жылдарында майдан шебіндегі жауынгерлердің ерлігін елге жеткізген және сол майданға елдегі жұрт жан аямай қолдау көрсеткенде көкірегіне сенім ұялатып, рухани демеушісі болған да – осы басылымдар. Бір сөзбен айтқанда, кешегі мен бүгінгінің бейнесі қатар өрілетін, өзіндік ой-пікірі бар газеттер ел еркіндігінің, ынтымағының, әрбір жарқын жаңалықтың жаршысына айналды.
Аймақ басшысы аталған газеттердің Елбасы мен Мемлекет басшысы бастамашысы саналатын бағдарламаларды, мемлекеттік тапсырыс аясында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты барлық саладағы іс-шараларды бұқара арасында насихаттауда алған биігінен аласармайтынына сенім білдірді.
Бір өзеннің қос саласындай қатар өрілген басылымдар 2010 жылы «Сыр медиа» серіктестігіне бірікті. Медиабірлестік 2013 жылдың соңында жаңа ғимаратқа көшіп, 2014 жылдың қаңтар айынан бастап қалалық, аудандық ресми басылымдар осы құрылымға қосылды. Содан бері редакциялардың қаржылық, материалдық-техникалық әлеуеті күшейді. Бүгінде «Сыр медиа» – газеттерді жаздыру, басу, тарату қызметін қатар жүргізіп отырған республикадағы бірден-бір іргелі ұжым. Бұл – мемлекеттік-ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру бағытында қолға алынған бастаманың жемісі.
– Олай болса, серіктестік құрамындағы тоқсан жылдық белеске шыққан «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттері әркез жақсылықтың жаршысы, елдік намыс қамшысы болғай! Бүгінге дейінгі жетістіктерімізді сақтап, оны баянды етуде, бірлік пен тыныштығымызды сақтауда сіздердің қызметтеріңіз ерекше маңызды. Облыс басшылығы мен Сыр жұртшылығы атынан отбасыларыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін, – деді аймақ басшысы.
Одан кейін облыс әкімі Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың шығармашылық ұжымға жолдаған құттықтау хатын оқып, сала өкілдерін марапаттады. «Сыр бойы» газетінің бөлім меңгерушісі Жолдасбек Ақсақалов облыстың Құрмет грамотасын, дизайнер Гүлмира Өтешова және тілші Айсәуле Қарапаева облыс әкімінің алғыс хатын иеленді. Сондай-ақ, «Сыр медиа» серіктестігіне қызметтік автокөліктің кілтін тапсырды.
Әріптестер қуанышын бөлісуге келген Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, Қазақстан Президенті баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі Ержан Байтілес, «Ақтөбе Медиа» ЖШС бас директоры, Қазақстан Журналистер одағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин игі тілектерін жеткізді. Белгілі журналист Ержан Байтілес Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев пен Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің құттықтау хаттарын оқып берді. Жиын барысында «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағы сала ардагерлері Қайырбек Мырзахметов пен Тимур Қасымовқа берілді.
Басқосуда ғасырға жуық уақыттың керуен көшінде елдің сөзін сөйлеп, билік пен халық арасында дәнекер болған аға басылымдардың өткені мен бүгіні, болашақ бағдары төңірегінде тың деректер, тұшымды тұжырымдар айтылды.
Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғам алдындағы міндеті де, жауапкершілігі де жоғары. Газеттің әрбір сөзі, сөйлемі оқырман жанына жайлы тиіп, сезіміне әсер ететін, материалдары әсерлі, тұшымды болғанда ғана аудитория ақпаратқа құлақ асады. Облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов «Сыр бойы» мен «Кызылординские вести» газеттері осындай талаптар өресінен шыға білген Сыр өңірінің тынысы һәм үні екенін жеткізді.
– «Сыр бойы» небір соқтықпалы-соқпақты кезеңнен өтті. Бұған тарих куә. Тоталитарлық жүйенің тоқпағынан құтылған, сытылған ақпарат құралы жоқ. Газет атауы 1932 жылдың қаңтарында «Ленин туы» деп өзгертілді. 1938 жылы облыс құрылғаннан кейін басылым облыстық «Ленин жолы» газеті деп аталды. Ал 1991 жылдың қыркүйегінен бастап «Сыр бойы» деген алғашқы атауы қайта оралып, басылым мазмұны кеңейіп, облыс жұртшылығы үлкен қуанышпен қарсы алды, – деді ол.
Сыр өңірінің жасампаз өмір шежіресін жазуда «Кызылординские вести» газетінің де үлесі ұшан-теңіз. Қай кезеңде қызмет етсе де басылым уақыт талабына сай толымды өзгерістерді паш етіп, өлкенің жылнамасын жасауға сүбелі үлес қосып келе жатыр.
Қос редакцияда қызмет атқарған талай майталман журналист баспасөздің беделі мен сапасын арттыруға аянбай атсалысты. Олардың қатарында Қайыпназар Қауымбаев, Ұзақ Бағаев, Нұрділдә Уәлиев, Нұрғали Оспанов, Сақтаған Есмаханов, Ақберген Ержан, Шәкізат Дәрмағанбетов, Адырбек Сопыбеков, Жақсылық Рахматулла, Құттыбай Сыдықов, Асқар Кіребаев, Әділхан Бәйменов, Жолтай Әлмашұлы, Оразбек Мақсұтұлы, Қази Данабаев, Несібелі Рахмет, Сәрсенкүл Бихожа, Мұхамеджан Нұрханов, Жұматәли Әбдіраман, Айғали Қарабалаев, Мәлік Мұхамеджанов, Әбдірашид Сатыбалдиев, Татьяна Иванова, Евгений Дмитриев, Георгий Голубев, Василий Василенко, Евгений Хан, Владимир Ли, Жарылқасын Иманбердиев, Файзоллахан Жолмахановалар бар.
Шығармашылық ұжымының ерен еңбегі еленіп, кеңестік кезеңде де, тәуелсіздік жылдарында да жоғары марапаттарға ие болды. Облыс әкімінің орынбасары осының барлығы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген ұйымшылдықтың арқасы екенін атап өтті.
«Сыр бойы» – өз тарихында облыстық басылым мәртебесінен екі рет айырылып, қайтарып алған газет. Деректерде оның алғашқы редакторы Жиенғали Тілепбергенов екені жазылып жүр. Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, филология ғылымдарының кандидаты Алдажар Әбілов осы тұста көбіміз біле бермейтін мәліметпен бөлісті.
– Бізді ойландыратыны – Тілепбергеновтің «Сыр бойы» газетінің редакторы емес, редактордың орынбасары болғаны. Барлық құжатта солай. Бұл әлі анықтауды, зерттеуді қажет етеді. Дегенмен, газеттің шығуына ол кісінің мол үлес қосқаны анық. Кей жағдайларда газет Тілепбергеновтің қол қоюымен жарыққа шыққан, – деді ол.
«Сыр бойы» небір зобалаңды басынан өткерсе де өз міндетін абыроймен атқарды. 1937-1938 жылдардағы «қызыл террор» да газетті айналып өткен жоқ. Республикалық басылымдардан бастап аудандық газеттердің қызметкерлеріне дейін үрей құрсауында күн кешті.
– Фотоқұжаттар 1937 жылдары журналистердің де көптеп ұсталып, репрессияға ұшырағанын көрсетеді. Бір ғана мысал, газет қызметкері болмаса да, «Ленин туы», «Социалды Қазақстан» газеттеріне мақалалары мен өлеңдері жиі жарияланып тұрған қармақшылық жас Әлімбай Әлиасқаров 1937 жылы «халық жауы» ретінде ұсталып, 25 жылға сотталып, Қиыр Шығысқа, Колымаға айдалған еді. Алтын кенінде айдауда жүріп, бір күні соғыс басталғанын естіп, қайта-қайта арызданып жүріп, соғысқа аттанған. Аман-есен елге оралғасын ауыл тілшісі боламын деп 5 жыл түрме дәмін татқан, – деді ғалым.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев «Сыр бойы» газетінің ақпараттық-танымдық қызметінен бөлек, шығармашылық шеберханасы ретіндегі ролі ерекше екенін сөз етті. Өйткені қазақ сөз өнерінде өзіндік орны бар көптеген ақын-жазушы осы ұстахананың қабырғасынан түлеп ұшты.
– 1968-1985 жылдар аралығында «Ленин жолы» газетінің редакторы Қалқабай Әбенов болды. Газетте соғыс жылдары, одан кейінгі ауыр кезеңдерде тер төккен Ахметжан Нұрекеев, Нұрғали Оспанов, Бөлебай Әлменов, Құрманғали Ажаров, Орман Нұрқабаев, Шора Ерәлиев, Мырқы Исаев және тағы басқа аға буын журналистер, Жақсылық Түменбаев, Әділхан Бәйменов, Нұрпейіс Байғараев, Әбдіхан Айдаров, Асқар Кіребаев, Құттыбай Сыдықов секілді қаламы ұшқыр жас толқын еңбек етті. Оқырмандар саны, басылымның таралымы өсті. Үлкен еңбек жоғары бағаланды, – деді ол.
Осы тұста «Сыр түлегі», «Мектептен – өндіріске», «Әйелдер, сіздер үшін», «Күріш – біздің байлығымыз», «Өлең – сөздің патшасы» сынды жаңа айдарлар мен бұрыштар ашылды. «Қожанасыр құрығы» сын-сықақ бұрышы арқылы авторлар талай кемшілікті сын садағымен түйреді. Қайта құру жылдарындағы реформалық өзгерістер, ел өміріндегі басқа да оқиғалар басылым бетінде көрініс тапты. «Көңілашар беті» ұйымдастырылып, қызық мақалалар берілді. Газеттің таралымы едәуір көбейіп, 40 мыңға жетті. Ауыл-ауылдан хабарлар, мақалалар жіберіп тұратын штаттан тыс тілшілердің саны артты. Редакцияда жаңа толқын қалыптасты.
– Әдебиет алыбы Ғабиден Мұстафин: «Мұралардың ең қымбаты – сөз. Сөз күн шалмас қараңғы көңілді шалады, күн жылытпас көңілді жылытады, жылы адам да, нәрсе де тозады, жоғалады. Ал сөз мәңгі жасайды» деген екен. Сол сияқты жылы сөзімен халықтың жүрегіне жол салған «Сыр бойы» елдің бірлігі мен татулығына, өркениет пен даму үрдісіне сүбелі үлес қоса беретіні сөзсіз, – деді ғалым.
Тоқсан жылдық белесінде «Сыр бойы» мен «Кызылординские вести» газеттері талай қайраткер, қаламгер, ақын-жазушы, фототілші, журналисті тәрбиелеп шығарды. Олардың алды республикалық, облыстық ақпарат кеңістігінде жемісті еңбек етіп, отандық журналистиканың дамуына атсалысып жүр. Өңір өмірін қалтқысыз өрнектеп, жылнамалық, шежірелік, сондай-ақ ағартушылық, өлкетанушылық міндеттерді қоса атқарып келе жатқан басылымдар елдің бірлігі мен ынтымағына қызмет ету жолынан ешқашан жаңылған жоқ. Мемлекеттік-ақпараттық саясаттың салмақты жүгін арқалап, елдің дамуы жолындағы игі бастамаларды сараптап, халыққа жеткізуде де бедел биігінен түспек емес.
Айта кетейік, конференция барысында қонақтар фототілшілер Болат Омарәлиев, Игорь Титенок және Нұрболат Нұржаубайдың еңбектері қойылған фотокөрмені тамашалады.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |