Азаматтардың несиесін кешіру: Мемлекет акцияны қайталай ма, әлде жалғастыра ма?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биыл 507 363 азаматтың 105 млрд 174 млн теңгелік несиесі жабылды. Десе де, әлеуметтің мұқтаж санаттарын қамтыған бір реттік акция бойынша тізімге тағы 57 мың адамның ілінбей қалғаны белгілі болып отыр, - деп жазады Қазақпарат.

Маусымдағы маңызды мәлімдеме

Осы жылдың 26 маусымында Қазақстан Президентінің сыйлықтары мен гранттарын табыстау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «мемлекет 100 мың азаматтың несиесін өтеп беретінін» жариялады. Әлеуметтік тұрғыда барынша аз қамтылған азаматтар түрлі қиын жағдайларға байланысты өзіне алған кредиттік міндеттемесін орындай алмай отырғанын айтқан Президент көп азаматтың қарызы өсіп, табысы азайып бара жатқанына алаңдаушылық білдірген еді.

«Адамдар кредиттері бойынша қарыздарын қалай өтерін білмей отыр. Бұл проблема шамамен 100 мың азаматымыздың өмірлік мүддесіне қатысты. Мұның барлығы сарапталған және есептелген. Қазақстанның басшысы ретінде адамдардың белшеден батқан қарыздан шығуға қауқарсыз екендігін көре отырып, бұған араласпай тұра алмаймын. Сондықтан Үкіметке бір реттік акция ретінде келесі шараларды қабылдауды тапсырдым: жоғарыда атап өткен санаттағы әрбір заемші үшін нақты және атаулы қаржылай көмек ретінде мемлекет екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарынан алынған жалпы мөлшері 300 мың теңгеге дейін негізгі несиені және оған есептелген сыйақыны өтейді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының қарызы төленетін санаттағы адамдардың биылғы 1 маусымға дейінгі қарыздарының жалпы көлемі 3 млн теңгеден аспауы керектігі ескертілді.

Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды.

Жеңілдікке кімдер ілінді?

Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарап, жеңілдікке үміттенген жұрттың қанша сомадағы несиесі қалғанын есептей бастағаны да осы кез. Тілшілер қауымының бұл кезде «нысанаға алған» екі адамы бар-тын. Оның бірі – Қаржы министрі Әлихан Смайылов болса, екіншісі – Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев еді. Басты сұрақ: Мемлекет қай санаттағы азаматтардың несиесін жабады? Құжатты қашан өткізу керек? Көп күтпей оған да жауап берілді.

«Еліміздегі әлеуметтік осал топтағы азаматтар - көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айырылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар және жетім балалар түрлі себептермен қиын жағдайға тап болып, өз аттарына алған несиелік міндеттемелерін орындай алмай отыр. Бұл мәселе 500 мыңға жуық несие алушының тұрмысына тікелей әсер етуде. Сондықтан, Президент бұрын-соңды болмаған теңдессіз әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Тиісті Жарлыққа қол қойылды», - деді Әлихан Смайылов 27 маусымда өткен Үкіметтің баспасөз мәслихатында.

Аталған санаттағы азаматтардың несие бойынша борышын өтеу үшін 105 млрд теңге қажет екені де айтылды. Әлихан Смайылов оның 88 млрд теңгесін республикалық бюджеттен, ал 17 млрд теңгені Проблемалық кредиттер қорынан арнайы облигацияларды шығару арқылы тартылатынын атап өтті.

«Парламенттен өткеннен кейін айқындау, пысықтау жұмыстарын 10 шілдеде аяқтап, бірден несиені жабу бойынша жұмысты бастап кетеміз. Жалпы, жұмысты алдағы 2 айда бітіреміз», - деді Әлихан Смайылов.

Президент Жарлығынан кейін арада бір ай өткеннен соң Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайтуға қатысты ҚР Үкіметінің қаулысы жарияланды.

«Қазақстан Республикасының азаматтарын әлеуметтік қолдау шеңберінде екінші деңгейдегі банктердегі және микроқаржы ұйымдарындағы кепілсіз тұтынушылық қарыздар мына талаптардың бәріне сәйкес келген кезде: 2019 жылғы 26 маусымдағы жағдай бойынша аталған қарыздар бойынша борышкерлер көп балалы отбасылар, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектер бар отбасылар, атаулы мемлекеттік əлеуметтік көмек алатындар; жетім балалар, ата-анасынан кəмелеттік жасқа дейін айырылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар болып табылса, өтелуге жатады», - делінді Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған құжатта.

507 мың адамның несиесі кешірілді

Президент тапсырмасына сай, алғашқы зерттеу-талдау жұмыстары бойынша 443 мың адамның несиесінің кешірілетінін Премьер-Министрдің сол тұстағы орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова айтқан болатын.

Десе де, тамыз айының соңына қарай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жиыны 105 млрд теңгелік қарызы өтелетін 500 мыңнан астам адам айқындалғанын жария етті.

Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков 5 қыркүйекке дейін банктер қарыз алушылардың шоттарына бұл қаражаттарды тарату жұмыстарын жүргізуі керектігін жеткізді. «Ал 9 қыркүйекте Үкіметке және осы бағдарламаның операторларына қаражаттың шоттарға аударылғаны туралы ақпаратты беруі тиіс», - деді ол.

Көптің көкейінде «Несиесі кешірілгендер «қара тізімге» ене ме?» деген сұрақ та жүр еді. Бұған қатысты күдік те сейілнгендей болды.

«Кепілсіз тұтынушылық несиесінің бір бөлігі кешірілгендерге қатысты «қара тізім» жоқ. Бұл – мемлекеттік тұрғыда қабылданған бір реттік акция. Оның ешқандай негативті факторы жоқ. Сәйкесінше, несиесі кешірілген адамға да негативті әсері болмайды. Бүгін оның қарызының кешірілуі келешекте басқа несие алуына ешқандай кедергі келтірмейді», - деді Олег Смоляков.

Тізімге енбей қалғандардың саны - 57 мың адам

Мемлекет 507 мыңнан астам адамның несиесін жапқанымен, тізімге енбей қалғандар да бар екен. Бұл туралы күні кеше Үкіметтегі баспасөз орталығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтып өтті. Министр туысқандық қатынасты дәлелдейтін құжаттардың ресми деректер қорында болмауы кедергі келтіргенін жеткізді.

«Ол кісілерге бұл мәселені реттеуге көмектестік. Екі ай бойы осы жұмыс істедік. 1 қарашаға дейін соның бәрін жасап, қосымша 57 мыңға жуық азаматты осы несиелік жеңілдікке құқығы бар адам ретінде белгіледік. Шарадан тыс көмекке ұсыныс жасап, тиісті қаражатты бөлу әрекетін жасадық. 9,4 миллиард теңге. 1 қарашаға дейін құжаттарын реттеген 57 мың адамның жылдың аяғына дейін қаржылық мәселе шешілсе, несиесі өтелетін болады», - деді Біржан Нұрымбетов.

Мәселенің мәнісін тереңірек білу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы Александр Кононецке хабарласып көрдік. Оның айтуынша, кейбір БАҚ жазып жатқандай, 57 мың адамның несиесін жабу – жаңадан басталған акция емес. Бұл шаруа тек бір реттік акцияға енбей қалған, бірақ несиесі жабылуы тиіс санатқа жататын азаматтарды қамтиды.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым, Әділет министрліктерінің мәліметтері бойынша, 105 млрд 174 млн теңгеге 507 363 азаматтың несиесі жабылды. Десе де, АХАТ-тың ақпараттық жүйесінде неке туралы құжаттың, баланың туғаны туралы құжаттардың болмауынан, сонымен бірге БҒМ мәліметтер базасында жетім балалар бойынша цифрлық ақпараттардың болмауы салдарынан жоғарыда аталған санаттағы азаматтардың бір бөлігі тізімге кірмей қалған. Азаматтардың бұған дейін түскен өтініштерін ескере келе Үкімет олардың несиесін жабу үшін резервтен қосымша 9,8 млрд теңге бөлді. Бұл жыл соңына дейін екінші деңгейлі банктер мен микроқаржылық ұйымдардағы 60 мыңға тарта адамның кепілсіз тұтынушылық несиесін жабуға көмектеседі», - деді Александр Кононец.

Оның айтуынша, аталған санаттағы азаматтарды тізімдеу жұмысы аяқталып қойған. Ары қарай өтініштер қаралмайды.

«Яғни, 5 қыркүйектен кейін тізімге енбей қалған азаматтар бойынша жұмыс жүргізілген. Мәліметтердің барлығы Ұлттық банкке тапсырылды. Тиісті Үкімет қаулысы шықты. Яғни, бір реттік акция тізімге енбей қалғандарға көмектесу үшін уақытша ұзартылған», - деді ол.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 қараша 2019 г. 339 0