Жылу маусымы: жұмыс жүйелі, отын қоры жеткілікті

Қараша түсісімен күн суытып, алғашқы қар да жауып үлгерді. Қызылорда «кәрі құданы» қарсы алуға қаншалықты дайын? Аязды күндері әуре-сарсаңға салатын көмір қоры биыл жеткілікті ме? Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мамандарының айтуынша, қалаға 15 қазаннан бастап жылу тұрақты берілуде.

Қазір облыс бойынша білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы 1185 әлеуметтік нысан және орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 762 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтылған.

Айта кетейік, жылу маусымында әлеуметтік сала нысандары үшін 37,5 мың тонна қатты отын, 22 мың тонна сұйық отын қоры қажет. Бүгінде отын қорын жеткізуші мекемелермен келісім-шарт жасалып, тұрақты тасымалдануда. Сондай-ақ, 178,4 мың тонна көмір отыны да жеткізілген. Жалпы, жылу беру маусымында Қызылорда жылу-электр орталығында 4,6 мың тонна нормативті отын қоры жасақталған.

Ал, тарифке келсек, баға қым­баттамаған. Тіпті, жылу тарифінің сәл де болса төмен­дегені байқалады. Айталық, «Қызылордажылуэлектрорталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіп­орнының жылу энергиясын беру және бөлу қызметіне уақытша өтемдік тарифтің енгізілуіне байланысты жылу энергиясының орташа тарифы 1,2%-ке, соның ішінде тұрғындар үшін де осынша процентке төмендетілген.

Жылудың қарызын жылдап төлемейтін тұрғындар бары бел­гілі. Сондықтан «Қызылор­да­жылу­электрорталығы» МКК өткен жылу беру маусымынан қордаланып қалған қарызды қайтаруға кіріскен. Бүгінде көпқабатты тұрғын үйлердегі берешегі бар пәтерлер жылудан ажыратылуда. Бұл қатарда «Арай» – 2, 3, «Сырдария», «Астана» шағын аудандары, Жаппасбай батыр, Титов қыстағы, Жетікөл көшесі бойында орналасқан тұрғын үйлер бар.


Айдана ЖҰМАДИНОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 қараша 2019 г. 607 0