Қарашаның үшінші онкүндігінде Сырдарияның солтүстік аудандар бөлігінде мұз қата бастады. Бұл кейбір елді мекен тұрғындарының жүріп-тұруына кедергі келтіргені рас. 20 қараша күні кешкілік өзенде күр (толық қатпаған мұз) жүріп, соның салдарынан Қазалы ауданындағы «Әлсейіт», «Қарлаң» учаскелері мен Абай ауылының тұсындағы қалқымалы көпірлер уақытша істен шықты. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қазіргі кезде жағдай тұрақталды. Өзеннің арғы бетіндегі тұрғындар Басықара ауылы мен «Қарлаң» тұсындағы көпір арқылы қатынауда.
Қазалы жақтан тосыннан келген қалың сел сол күні түнде Арал ауданындағы Қызылжар, Хан елді мекендерінің тұсында орналасқан қалқымалы көпірлердің шынжырын үзіп кетті. Соның кесірінен көпірлер Хан ауылы тұсында – 600, Қызылжар тұсында 1500 метрге дейін жылжыған. Сөйтіп, Аманөткел, Жаңақұрылыс, Қызылжар елді мекендеріне жол қатынасы тоқтады.
– Бүгінде Хан ауылы тұсындағы қалқымалы көпір орнына қойылып, Жаңақұрылыс, Аманөткел елді мекендеріне баратын жол ашылды. Ал Қызылжар тұсындағы қалқымалы көпірді орнына қоюға әзірге мүмкіндік жоқ. Себебі, дария бойында мұз байқалады. Төтенше жағдай кезінде қалқымалы көпірлердің дария бойымен ағып кетпеуін және оларды қайта қалпына келтіру үшін аталған елді мекендердің тұрғындары, ауылдық округ басшылары ұйымшылдықпен атсалысты, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Амантай Тасқынбаев.
Қызылжарма бөлігіндегі мұздың үсті қалыңдатылып, жаяу жүргіншілердің жүруіне қолайлы жағдай жасалып отыр. Сондай-ақ, аудан орталығы мен ауыл арасындағы жолаушылар автобусы, басқа да көліктер қатынасы жолға қойылды.
Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, сең жүру маусымы қалыпты өтеді деген сенім бар. Өзен жағалауы су басуы ықтимал 56 учаскеге бөлініп, оларға жауапты 126 мекеме бекітіліп отыр. Тиісінше материалдық-техникалық қор сақадай сай. Қызылорда қаласы мен аудандарда тасқын су кезінде халықты көшіруге арналған 84 эвакуациялық жинақтау, 101 қабылдау пункті әзірленді.
– Қазіргі уақытта Қармақшы, Жалағаш аудандарында 25-30 процент деңгейінде күр жүруде. Дария ахуалы қатаң бақылауда, – дейді басқарма басшысының орынбасары Ғабит Жаңабаев.
Назерке Саниязова.