«Иіркөлдің» жағасы малға жайлы

   Қазір ауылшаруашылық өнімдерін нарыққа шығара бастаған кәсіп иелері ауылда аз емес. Атакәсіпті қайта жандандырған еңбекқор азаматтардың қатарында «Тулеков» шаруа қожалығының иесі Бақытбек Төлеков те бар.

Кейіпкерімізге «кішкен­тайымнан тай мініп, мал қайырған өңірде неге мал өсірмеске?» деген ой осыдан он шақты жыл бұрын келіпті. Бұрын аудандық спортқа басшылық жасаған азамат қанға сіңген атакәсіпті 2012 жылы қолға алады. Әрі аталған салаға мемлекет те қолдау танытуда. Бірақ бұл кәсіпкерлікті өз күшімен бас­тауды жөн санап, отбасы мүшелерімен  «Тулеков» шаруа қожалығын ашты. Алдымен аумағы 160 гектарлық жайылымдық жер телімінің құжатын рәсімдеді. Көлдің басына тұрғын үй салды, 10 бас ірі қара мен асылтұқымды бұқа сатып алды. Соларды қысы-жазы бағып, сүтін сатуды жолға қойды.

«Мал баққанға бітеді» деген бұрынғылардың аталы сөзі рас. Төлге төл қосылып, қазір қарауындағы мүйізді ірі қара басы отыздан асты. Нақты кезеңде табиғи өнімге деген сұраныс жоғары. Сондықтан бұлар сүт пен оның өнімдерін саудаға шығарып, тынымсыз еңбектің арқасында кәсібін өрлетіп отыр.  Жұбайы Жанат пен келіндер сиыр сауып, өнімін базар мен балабақшаға өткізеді. Іскер жан қазір өзін де, ағайындарын да жұмыспен қамтып отыр.

Шаруа қожалығы Жалағаш кентінен жеті шақырым жердегі «Иіркөл» жағасында. Қорасын төрт түлікке толтырған еңбексүйгіш жан­ның малын сулы да нулы жер – «Иіркөлде» ұстауы тегін емес. Бұл көлдің арнасы жаз айларында коллектор арқылы кемеріне келеді. Ал күзге салым Сырдария суы азайған шақта көл де тартылып, табаны көрініп қалады. Бастысы, «Иіркөлдің» шөбі шүйгін, айналасы мал ұстауға өте жайлы. Көлді жағалай өскен жиде, жыңғыл, шеңгел аралас қалың тоғайды қыста мал ықтасын етсе, жазда батысқа қарай жазық далада жайылады.

Балалардың өмірге бейім­деліп, азамат болып қалып­тасуы ошақ қасындағы тәр­биеге байланысты емес пе? Шаруақор ата-ана пер­зенттерін жас кезінен еңбек етуге де, оқуда озық болуға да тәрбиеледі. Сол тәрбие өз жемісін берді. Бүгінде балалары ер жетіп, түрлі салада еңбек етуде. Үлкен ұлдары Бақытжан мен Батыржаны ішкі істер саласында қызмет атқарады. Бағжаны – аудан орталығындағы «Інжу» бөбекжайының меңгерушісі. Ал кенжесі Бауыржан қожалық жұмысын жүргізеді.

Жас кезінен шаруаға ара­ласып өскен Бауыржан Бақыт­бекұлы мемлекеттің бұл салаға  маңыз беріп отыр­ғанына дән риза. Ол «Құлан» бағдарламасы аясында 2,5 млн теңге несие алып, бірнеше бас бие мен айғыр сатып алды. Бүгінде сол биелердің саны оннан асты. «Иіркөлдің» басында жылқы мен сиыр малына арналған жайлы қора бар. Қожалықтың малы қыста құдықтан су ішсе, жазда көл жағасындағы суат басында жатады.

Бақытбек Қаппарұлы келешекте кәсібін кеңейтіп, көлдің басынан демалыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, мұнда сиыр сауылып, сүт өнімдері дайындалады. Бие байлап, қымыз өндіреді. Осылайша демалуға келген қонақтарға барлық жағдай жасалады.

Ол өзі өскен өңірге аз да болса қолынан келген көмегін беріп, игілікті іс жасауды мақсат тұтады. Сондықтан да қайырымдылық акцияларынан тыс қалмауға тырысады. Әсіресе, спорттық шараларды ұйымдастыруға айрықша атсалысып жүр. Мысалы, аудан ардагерлері жыл сайын таза ауада балық аулаудан жарысады. Ол жанға жайлы мекен – «Иіркөлде» өткізіледі. Бұған қоса әр жылы Жеңіс мерекесі қарсаңында Отан соғысынан оралмай, жат жұртта тыныстаған боздақтар – Жалғасбай Мылтықбаев пен Жолдасбай Тулековті еске алу турнирін ұйымдастырып тұрады. Оған жоғары сынып оқушылары қатысып, мылтық атудан бақ сынасады. Жарыс демеушісіне зейнеткерлердің де, оқушылардың айтар алғысы зор.

«Наркескен» спорт клубына басшылық жасайтын Бақытбек Қаппарұлы кенттегі орталық стадионды көркейту-көгалдандыру ісінде де белсенді. Стадион жанына құнарлы топырақ төктіріп, 500 түп тал екті. Аяқ су жоқ деп қол қусырып қарап отырмай, жер­асты суын пайдаланып отыр. Осындай жарқын істерімен көпшіліктің алғысына бөленген іскер азамат бұған қоса, «Наркескен» спорт клубы жанынан ұлттық спорт үйірмесін ашып, бейім жастарды тәрбиелеп жүр.

Кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, өмірлік тәжіри­бесін ауданның спорт саласын дамытуға арнаған азаматтың игі істеріне қалай сүйсінбессің?!




Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,
"Сыр бойы".
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 қараша 2019 г. 951 0