« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Кейде бір ғана қысқа хабарламаның астарында қаншама дүние жатқанын аңғара бермейміз. Мәселен, ҚР Үкіметінің биылғы жылғы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша өткен кезекті отырысында Қызылорда облысының экономикалық жетістіктері қатарында инвестиция тарту жұмыстары да бар екені аталып өтті.
Ал бұған қол жеткізу үшін өңірімізде қаншама жылдар тынымсыз жұмыстар атқарылды десеңізші! Оған тоқталмас бұрын Қазақстанның инвестиция саясатына, шетел қаржысын тарту тарихына қысқаша шолу жасап кетелік.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев экономиканы дамыту үшін сыртқы қарыздан гөрі тікелей инвестицияға басымдық беруді жөн деп тапты. 1997 жылғы Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында «1997 жылдан бастап біздің жұмысымыздың басты бағыттарының бірі шетелдік инвестицияларды тарту және оларды тиімді пайдалану болады. Оларды, дамушы мемлекеттерді былайша қойғанда, дамыған елдердің өзінің пайдаланатындығы белгілі. Өйткені инвестиция – кез келген экономиканың «күретамыры» деген болатын. Шетел инвестициясы экономикаға серпін беріп, экспорттық әлеуетін арттырады. Cонымен қатар, бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, тәуелсiз дамуға дағдыландырады.
Елімізге шетелдік инвестиция тарту мақсатында әлемнің дамыған мемлекеттеріндегі өндірістік, қаржы, сауда және тағы басқа көптеген бағыттардағы іскер топтар жетекшілерімен экономикалық қарым-қатынасқа арналған көптеген келісімдер жасалды. Елбасы мұнан бөлек танымал шетелдік бизнесмендермен жүздесіп, Қазақстанға ақша салудың тиімді тұстарын айтты. Шетелден капитал жұмсалымына қаржы тарту мақсатымен республикада инвестициялық заңнама жетілдірілді. 1997 жылы ақпанда Парламент Мәжілісі жеңілдіктер мен артықшылықтар жүйесін ынталандыруды айтарлықтай кеңейтуге жәрдемдесу үшін «Қазақстандағы тікелей инвестицияны мемлекеттік қолдау туралы» заңын қабылдады. Атап айтқанда, кіріс, жер салығын 100%-ке дейін қысқарту, мүлік салығын 5 жыл мерзімге дейін келісімшартпен бекіту, сонымен қатар салық мөлшерлемесін 50%-ке төмендету қарастырылды. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қажетті материалдар мен шикізаттарды, шеттен әкелінетін жабдықтарды кедендік баж салығынан толықтай немесе ішінара босату ұсынылды. Мұның барлығы сырттан құйылатын қаржы көздерін жетілдіруге мүмкіндік тудырды. Инвестиция тарту үдерісін жеделдету үшін тиісті экономикалық орта мен кепіл жүйесі қалыптастырылып, Азаматтық, Кеден, Салық кодекстері қабылданды. Оған қоса сыртқы экономикалық іс-әрекет халықаралық талаптарға сәйкестендірілді.
Осындай жұмыстардың арқасында еліміз тәуелсіздікке ие болғаннан бергі кезеңінде әлемнің 120-дан астам елінен 320 миллиард доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция құйылған. Ал, 2009-2019 жылдар аралығында ұлттық экономикаға 250,2 миллиард доллар көлемінде табыс түскен. Қазақстан тек Орталық Азияда ғана емес, бүкіл посткеңестік кеңістікте шетелдік инвестициялар тарту бойынша көшбасшыға айналды. Айта кету керек, Қазақстан әлем экономикасы қиыншылықтарға тап болған жылдары жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Бұл жетістікке Қазақстанның әрбір өңірінде тартылған инвестициялардың да өз үлесін қосқаны анық. Олардың қатарында Сыр өңірі де өз жетістіктерімен ерекшеленеді.
2013 жылы облыс өнеркәсібінің 93%-і көмірсутек шикізатына тәуелді еді. Бұлай кете беруге болмайтынын мұқият бағдарлаған облыс басшылығы ресейлік белгілі ғалым-экономист, академик А.Аганбегян бастаған ғалымдардың көмегімен «Қызылорда облысының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясы» жобасының дайындалуына ұйытқы болды. Аймақ дамуының стратегиялық жобасы бойынша облыс экономикасын әртараптандырудың басым бағыты индустрияландыру, оның ішінде металлургия саласы танылды. Осылайша металлургиялық кластер құру бағытындағы жұмыстар басталып, бүгінде аймақта үлкен үш жоба – «Шалқия Цинк ЛТД» кәсіпорнын қайта жандандыру, ферроқорытпа зауытын салу, «Баласауысқандық» ванадий кен орнын игеру секілді жобалар қолға алынды. Облыстың стратегиялық даму бағдарламасында, сондай-ақ, кәсіпкерлікті, агросекторды, инфрақұрылымды, туризмді және тағы басқа салаларды дамыту көзделді. Аталған салаларға әрине, инвестиция тартылмай, жұмыс алға баспайтын еді.
Осы тұста сол кездегі облыс әкімі Қ.Көшербаев өңір экономикасына қаржы құйылуын қамтамасыз ету мақсатында халықаралық инвестициялық форум өткізуге бастамашы болды. Инвестфорумның мақсаты – облыс экономикасына отандық және шетелдік инвестициялар тартуды ұлғайту, индустриалды, туристік және аграрлық салаларда шетелдік және отандық инвесторлардың аймақтың компанияларымен өзара тиімді әріптестік орнату, инвестициялық ахуалды жақсарту, қаржылық инфрақұрылымды дамыту, бизнес-ахуалды жақсарту, өңір экономикасын әртараптандыру мен жаңғырту үшін бизнес, ғылым және билік өкілдерінің күш-жігерін біріктіру.
Алғашқы «Baikonyr Invest» халықаралық инвестициялық форум 2013 жылдың 1 наурызында ұйымдастырылды. Онда облыс әкімдігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасындағы көлік инфрақұрылымы саласында бірлескен жобалар бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Міне, сол уақыттан бері жыл сайын өткізілетін инвестициялық форум дәстүрлі шараға айналып, инвестициялаудың маңызды мәселелерін талқылау және шешу жолдарын қарастыратын, ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз ететін сындарлы диалог алаңына айналды. Өткізілген инвестициялық форумдар аясында Біріккен ұлттар ұйымының даму бағдарламасы (БҰҰДБ), Еуроодақ, Экономикалық ынтымақтастық және Экономикалық әріптестік және даму ұйымы (ЭӘДҰ), Халықаралық қаржы ұйымы (IFC) секілді ірі халықаралық ұйымдармен тығыз байланыс орнатылды.
– 2013 жылдан бастап өткізіле бастаған «Baikonyr Invest» халықаралық инвестициялық форумдары жұмысының нәтижесінде 100-ге жуық меморандумға қол қойылып, шыны, цемент, ферроқорытпа зауыттары сияқты ірі инвестициялық жобаларға 110 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Ал өткен жылдың желтоқсан айында кезекті, оныншы мәрте өткізілген инвестициялық форум «жасыл экономика» тақырыбына арналды. Форум аясында жаңартылатын энергия көздері, инвестициялық жобаларды дамыту және «жасыл технологияларды» енгізу саласындағы ынтымақтастық туралы 12 меморандумға қол қойылды. Соның нәтижесімен қазіргі таңда Жалағаш және Шиелі аудандарында күн-электр станцияларының құрылысы жүруде. Ал үшіншісі келесі жылы Жаңақорған ауданында жүзеге асырылатын болады, – дейді осы орайда облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев.
Мұнан бөлек тек Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп 63 млрд теңгені құрайтын 8 жоба іске асырылғанын айта кеткен жөн. Оның жетеуі облыс орталығының инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Шетелден тікелей инвестиция тарту жұмыстарын барынша жандандыру қажет. Онсыз алдағы уақытта экономикалық өсім резерві шектеулі болады. Бұл – атқарушы билік басымдық беруі тиіс міндеттердің бірі» дегені белгілі.
Бұл міндетті орындау үшін атқарушы билік жергілікті экономикаға шетелдік инвестиция тартумен шектеліп қалмай, инвесторға қолайлы жағдай жасауы тиіс. Осы жағынан алғанда облыстың жетістіктері аз емес. Жалпы, Сыр өңірі – инвесторлар үшін қолайлы аймақ. Облыста байланыстың күретамырлары – теміржол, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойында аймақ халқының 93%-і тұрады. Тоғыз жолдың торабындағы аймақта инвесторлар үшін бар жағдай жасалған. Өңірде жалпы көлемі 915,7 гектарды құрайтын 6 индустриялық аймақ жұмыс жасауда. Инвесторларға қолайлы болу үшін облыста кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің бірыңғай орталығы жұмыс істейді. Онда барлық қызметтерге бір жерден қол жеткізуге болады. Аймаққа «зәкірлі инвесторларды» тарту мақсатында роуд-шоулар ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ, инвесторларға сүйемелдеу жұмыстарын жүргізетін фронт-офистер қызметінің республика бойынша ережесі бекітіліп, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы базасында фронт-офис құрылды. Оның ерекшелігі – келушілер бір жерге шоғырланған 12 мекеменің қызметін толықтай пайдалануға мүмкіндік алады.
Сондай-ақ, аймаққа инвестиция тарту мақсатында «Байқоңыр» еркін экономикалық аймағын құру бойынша жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күні оның тұжырымдамасы және келісімнің жобалары әзірленіп, орталық атқарушы органдармен келісілуде. Ол жөнінде облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов:
– «Байқоңыр» еркін экономикалық аймағын құрудағы негізгі мақсаттың бірі – «Байқоңыр» халықаралық ғарыш портын құру. Сондай-ақ, машина жасау, ғарыш индустриясы, электроника, химия және жеңіл өнеркәсіп тағы басқаларын қоса алғанда, инновацияға сай, жоғары технологиялы, бәсекеге қабілетті өнімдердің өнеркәсіптік өндірісін ұйымдастыру, «Байқоңыр» кешеніндегі халықаралық туризмді дамыту жоспарланған. Айта кетейік, «Байқоңыр» ЕЭА-ны іске асыру мерзімі 25 жылға есептелген. Қазір бұл мәселе төңірегінде Үкіметпен және ресейлік әріптестермен белсенді жұмыс жүргізілуде, – деген болатын.
Демек, дәстүрлі шараға айналып үлгірген, билік пен бизнес арасындағы диалог алаңы ретінде қалыптасқан «Baikonyr Invest» халықаралық инвестициялық форумының кезекті басқосуларында – «Байқоңыр» еркін экономикалық аймағы да назарға алынатын болады.
Ал «Baikonyr Invest» ХІ халықаралық инвестициялық форумын өткізу алдағы қүндерге жоспарланған. Инвестиция тартудың тиімді тетігі саналатын инвестфорумнан күтеріміз көп.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |