« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Кеше облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Онда аймақ басшысы ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру шеңберіндегі басты жетістіктер, сондай-ақ, өңірдің 2019 жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы баяндады.
– Бұл – менің облыс әкімі болып тағайындалғалы бері сіздермен алғашқы кездесуім. Өздеріңіз білетіндей, оған дейін үш жарым жыл облыс әкімінің экономика және қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Осы орайда өңірдің соңғы жылдардағы қомақты табысы – аймақты 6 жылдан астам уақыт абыройлы басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың бастамасымен атқарылған жұмыстардың игі жемісі екенін атап өтуге тиіспіз, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы атап өткендей, жыл басында бекітілген облыс дамуының жоспары түбегейлі өзгере қойған жоқ. Дегенмен, Мемлекет басшысы қойған міндеттер мен ағымдағы экономикалық жағдайға байланысты іс-қимыл жоспарына түзету енгізілді.
Сонымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне кеңірек тоқталсақ.
Жыл басынан бері негізгі капиталға 288 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 42 процентке артық. Оның ішінде бюджеттік емес кәсіпорындар есебінен тартылған инвестиция көлемі 1,5 есе көбейіп отыр. Құрылысқа тартылған инвестицияның екі есе өсуі нәтижесінде 556 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2018 жылдың 10 айымен салыстырғанда 17 процентке жоғары.
Ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі 4,1 процентке, саладағы өнім өндіру көлемі 3,5 процентке артты. Осы кезеңде жұмыс істеп тұрған шағын бизнес субъектілерінің саны 9 процентке көбейді.
Өкінішке қарай, өнеркәсіп өнімі көлемінің төмендеу тенденциясы сол күйі сақталып отыр. 2019 жылы ол 9,8 процентті құрады.
– Бұған мұнай өндіру көлемінің кемуі себеп. Соңғы алты жыл ішінде кеніштердегі өнімнің сарқылуына байланысты аталған көрсеткіш 4,3 млн тоннаға төмендеді. Биыл тағы 1-1,2 млн тоннаға дейін азаяды деп күтілуде. Осылайша жеті жыл ішіндегі мұнай көлемінің кему деңгейі 5,3-5,5 млн тонна болды. 2019 жылдың 10 айында 4,7 млн тонна мұнай өндірілді. 2018 жылмен салыстырғанда бұл 12,3 процентке немесе 700 мың тоннаға кем, – деді аймақ басшысы.
Бұл экономиканың барлық саласына, оның ішінде мұнайшылар тапсырысын орындайтын мұнай-сервистік кәсіпорындар мен мұнай-газ секторына қызмет көрсететін шағын бизнес субъектілерінің қызметіне әсер етпей қоймайды.
Облыс әкімі кен көздерінің ролі ұзақ уақытқа дейін маңыздылығын жоймайтынын жеткізді. Сол себепті бүгінгі күні жаңа мұнай кен орындарын іздестіру, салаға жаңа технология тарту, газ өндіру мен өңдеу мәселелері өте өзекті және оны шешу бағытында ауқымды шаралар атқарылуда. Оның үстіне, облыста мұнай-газ саласын дамытуға қажетті резерв бар.
Биыл ақпан айында Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Қызылорда облысының даму жайы қаралды. Онда саланы дамыту, атап айтқанда, көмірсутек шикізатының жаңа кен орындарын барлау, газ өндіру және өңдеу мәселелері қозғалды. Мұның барлығы Үкімет қаулысымен бекітілген 2019-2022 жылдарға арналған облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына енгізілді.
– Осы ретте келесі жылы «Шу-Сарысу» шөгінді бассейніндегі перспективалық мұнай-газ құрылымдарын анықтау мақсатында жер қойнауын зерттеуді бастаймыз. Сонымен қатар, аз зерттелген «Арал», «Сырдария» бассейндерін барлау жоспарланған. Бұл мұнай-газ саласын дамытуда айтарлықтай алға жылжу бар екенін көрсетеді, – деді аймақ басшысы.
2019-2022 жылдарға арналған облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары 12 бағыт, 119 тармақтан тұрады. Олар – өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, кәсіпкерлік, көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, денсаулық сақтау, спорт, экология және табиғат пайдалану, халықты әлеуметтік қорғау, су тасқынының алдын алу, тұрғын үй құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту салалары.
Кешенді жоспарды жүзеге асыру мақсатында 220 млрд теңгеден астам қаржы қаралды. Оның 156,7 млрд-ы – республикалық, 50,6 млрд-ы – жергілікті бюджет, 12,4 млрд теңгесі – инвесторлар есебінен. Кешенді жоспарды жүзеге асыру аймақтың қарқынды дамуына, 10 мыңдай жаңа жұмыс орнын құруға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, 2023 жылға қарай жалпы ішкі өнім көлемін 2 трлн теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі атап өткендей, ішкі аймақтық өнімнің – 35, өнеркәсіп өндірісінің 70 проценті мұнай-газ саласына байланысты. Мұнай өндіру көлемі, жоғарыда аталғандай, соңғы жылдары төмендеп кетті. Осыған байланысты индустрияландыру арқылы экономиканы әртараптандыру міндеті жүктеліп отыр. Өте ауқымды болмағанымен соңғы 5-6 жылда бұл бағытта біршама динамикалық өсу көрсеткіші қамтамасыз етілді. Өнеркәсіптің шикізаттық емес секторындағы өнім өсімі биыл 5,4 процентті құрады. Осылайша 10 ай қорытындысымен Қызылорда облысы бұл бағытта республика бойынша даму қарқыны жоғары аймақтар қатарына қосылды.
Баспасөз мәслихатында мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасының жүзеге асырылу жайы сөз болды. Облыс әкімі атап өткендей, бағдарламаны сәтті жүзеге асырудың арқасында оң нәтижелерге қол жеткізілді. Қазіргі күні бағдарлама шеңберінде 24 жобаның 18-ін игерудің жобалық қуаты – 90-100 процент аралығында. Жыл соңына дейін бағдарламаның екінші бесжылдығы аясында тағы 2 жоба жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде 200 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Алға қойылған міндеттер индустриалды дамудан бөлек, экспортқа бағытталған жобаларды жүзеге асыруды қамтиды. Облыс әкімі осы ретте «Аралтұз» компаниясы бағдарлама аясында 2 испан цехын іске қосқанын атап өтті. Бұл өндіріс көлемін арттырып, тұз өндіруді 3 еседен астам көлемге ұлғайтты. Табысты кәсіпорын қазір өз өнімінің 79 процентін Украина, Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан мемлекеттеріне және Ресей Федерациясының 82 қаласына жөнелтуде. Соңғы бірнеше жылда кәсіпорын өнімі Ресей нарығының – 18, Қазақстан нарығының 60-65 процентін игерді.
– Қазір кәсіпорын басшылығы үшінші испан цехының құрылысын талқылап жатыр. Оның өнімі де экспортқа, оның ішінде Қытайға бағытталған. Шет елдерде сұраныстың жоғарылауына байланысты біз тұз өндіру көлемін 25 процентке – 400-ден 500 мың тоннаға дейін, ал 2022 жылы 75 процентке дейін – 700 мың тоннаға өсіруді жоспарлап отырмыз. – деді Қуанышбек Досмайылұлы.
«Аралтұзбен» бірге өңірде қазір калцийлендірілген сода шығаратын зауыт құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның өнімі де экспортқа бағдарланған. 2018 жылдың желтоқсанында мерзімінен бұрын пайдалануға берілген тампонажды цемент өндіру зауыты қазір цементтің 6 түрін шығаруда. Биыл шілде айында оның алғашқы 17 мың тонна өнімі сыртқа жөнелтілді. Индустрияландыру картасы шеңберінде іске қосылған өндіріс өнімі соңғы жылы ғана – 21, ал экспорт көлемі 49 процентке өсті.
Елбасы мен Мемлекет басшысының саясатын жүйелі іске асыру нәтижесінде соңғы жылдың өзінде өңдеуші өнеркәсіпте өндіру көлемі – 5,4 процентке, жұмыспен қамтылғандар саны – 71 процентке дерлік, ал шикізаттық емес экспорт көлемі 49 проценттен астам деңгейге өсті.
Өндіріс пен ауыл шаруашылығы саласының дамуын сипаттайтын басқа да көрсеткіштер атап өтуге тұрарлық. 2019 жылдың 10 айында асыраушы саладағы жалпы өнім көлемі 3,5 процентке артты. Аймақ басшысы бұл бірінші кезекте салаға тартылған инвестиция көлемінің көбеюі, техникалық қайта жарақтандыру және жаңа технологияларды қолданысқа енгізумен байланысты екенін айтты.
Егер 2015 жылы агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталына шамамен 9 млн АҚШ доллары тартылса, былтыр бұл көрсеткіш 15 млн АҚШ долларынан асып түсті. Бұл диқандардың қаржылық мүмкіндігінің артқанын, олардың дамуын көрсетеді.
Осы ретте кез келген бизнестегі жоғары нәтиже – өнімді экспорттау екені даусыз.
– Біз ауыл шаруашылығында бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнім өндіруді жолға қоя бастадық. Мәселен, өткен жыл қорытындысымен сала өнімінің экспорт көлемі 28 процентке артты. Биыл да осыдан кем болмайды деп сенеміз, – деп толықтырды аймақ басшысы.
Елбасы және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында аталған саланы дамытуға баса мән беру және агроөнеркәсіп өнімін экспорттауға байланысты жұмысты күшейту туралы тапсырма берді. Соған орай 2016 жылы бірнеше жылдан кейін алғаш рет бақшалық дақылдар экспорты қайта жанданды. 2017 жылы Біріккен Араб Әмірлігі, Иран, Моңғолия және Өзбекстан мемлекеттеріне көкөніс пен мал экспорттала бастады. Былтыр Қытайға алғаш рет мақсары майы жіберілсе, биыл түйе жүні экспортталады.
Саланың экспорттық әлеуеті жоғары. Бұл ретте шикізат өңдеуді қамтамасыз ету және сыртқы нарыққа жоғары сапалы дайын өніммен шығу міндетін орындаудың маңызы зор. Мысалы, шет елдерге тірілей мал жіберуге немесе оны басқа облыстардың ет комбинаттары арқылы экспорттауға тура келеді. Өйткені өңірде халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ет комбинаты жоқ. Бұл күн тәртібіндегі маңызды міндет болатын. Сондықтан биыл Қызылордада халықаралық стандарттарға сай келетін, өнімі экспортқа бағытталған ет комбинатының құрылысы басталды. Комбинат жылына 5 мың тонна етті терең өңдейтін аймақтағы ірі кәсіпорындардың бірі болмақ.
Сонымен бірге, құс шаруашылығы, сүтті және етті мал шаруашылығы, жылыжай, жеміс-жидек, майлы дақылдар өндірісі сияқты салаларды дамыту жоспарда бар. Қазіргі күні бұл бағыттағы жұмыс іске асырыла бастады.
Күріш егіншіліктің негізі әрі экологиялық дақыл болып қала береді. Аймақ басшысы күріш егуді оның алқабын өсіру емес, өндіру тиімділігін арттыру есебінен дамыту маңызды екенін тілге тиек етті. Басты дақыл тұқымын сауықтыру және вегетациясы қысқа, бәсекеге қабілетті отандық сорттардың үлесін арттыру бойынша бірқатар жоба іске асырылуда. Биыл Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары «Сыр сұлуы», «Ай-Керім» сорттарын ойлап тапты. Ресейлік сорттардан еш кем түспейтін олар жергілікті шаруашылықтарда егілді.
– Биыл жергілікті еңбеккерлер күріштің әр гектарынан 60,3 центнерден өнім жинап, 530,5 мың тонна Сыр салысын қамбаға құйды. Осылайша рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Оның ішінде әр гектардан 108 центнерден өнім алған диқандар да бар. Бұл – аймақ тарихындағы үздік нәтиже. Басты дақылымызбен біз таяу шет елдерден басқа, Моңғолия, Түркия, Ауғанстан нарықтарын игеріп жатырмыз, – деді аймақ басшысы.
Аграрлық салада дақылдарды әртараптандырудың маңызы ерекше. Биыл еңбеккерлер 50 гектар жерге соя егіп, жақсы нәтиже көрсетті. Келесі жылы оның көлемін 500 гектарға ұлғайтпақ.
Мал шаруашылығында мал басының ең жоғары деңгейі 1991 жылы тіркелді. Сол кезеңмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 45,2 процентке, жылқы 91,4 процентке, түйе басы 76 процентке артты.
Мұнан кейін аймақ басшысы агроөнеркәсіптік сектордың дамуына байланысты азық-түлік тауарлары бойынша бағаның негізсіз өсуіне жол берілмегенін атап өтті.
– Осыған байланысты тұтыну бағаларының, оның ішінде азық-түлік тауарларының индексі орташа республикалық көрсеткіштен төмен. Сонымен бірге, бөлшек сауда айналымында оң динамика қалыптасып отыр, бұл халықтың сатып алу қабілетінің артқанын көрсетеді. Соңғы статистикаға сәйкес нақты жалақы, облыс халқының нақты ақшалай кіріс индекстерінің өсуі байқалады.
Кәсіпорындардағы жұмысшылардың жаппай қысқаруының алдын алып, жұмыссыздық деңгейін бірнеше жыл қатарынан 4,8% деңгейінде ұстап отырмыз.
Бұл республикалық орташа деңгейден жоғары емес. Мұнай өндіру көлемі төмендеген кезде бұл оңайға соқпайды. Өйткені жұмысшылардың негізгі бөлігі мұнай өндіруші компаниялар мен осы секторға қызмет көрсететін кәсіпорындарда жұмыс істейді, – деді облыс әкімі.
Бүгінде ірі кәсіпорындардағы экономикалық іркіліс халықты жұмыспен қамту және тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту үшін шағын және орта бизнесті дамытуға жол ашқаны белгілі. Сондықтан, облыстық әкімдік, мәслихат, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы, қоғамдық кеңес және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының бірлескен шешімімен 2018-2020 жылдар облыста жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылдары деп жарияланды. Аймақта атқарылған жүйелі шаралардың нәтижесінде, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны тек соңғы жылда 9%-ке дерлік артқан.
Ал, өмір сүру сапасы ең алдымен тұрғын үй жағдайын жақсартуды талап етеді. Айта кетейік, соңғы үш жарым жылда облыс аумағында 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Биылдың өзінде 48 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы жүруде. Бұл – 2000 пәтер. Қазір қарқынды құрылыс жүріп жатқан Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан «жаңа қаладағы» 1738 пәтерлік 40 тұрғын үйі жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі.
– Осы арада айта кетсем деймін. Бұған дейін облысты абыроймен басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Елеуұлы Көшербаев Елбасы тапсырмаларын, Мемлекеттік бағдарламаларды, оның ішінде «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларын оңтайлы, сапалы әрі уақытылы орындау мақсатында сол жағалауда жаңа қала салу туралы бастама көтерген болатын.
Сол жағалауды игерудің бастамасы ретінде Сырдария өзенінің екі жағалауын ұштастыратын жаңа автомобиль көпірі іске қосылды.
2018 жылы сол жағалауда 1925 жылы халқымыздың «қазақ» атауын қайтару туралы тарихи шешім қабылданған Қазақ Орталық Атқару Комитетінің бұрынғы ғимаратының сызбасы негізінде Рухани жаңғыру орталығы бой көтерді. Биыл Жастар ресурстық орталығын пайдалануға бердік. 1064 пәтерлік 22 көпқабатты тұрғын үй бой көтерді, оның 14-ін жеке инвесторлар салған. Одан бөлек, 1190 пәтерлік 28 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Жаңа қаланың жас отбасыларына арнап 320 орындық балабақша салынды. «Болашақ» университеті кампусының құрылысы да аяқталуға жақын, – деді Қ.Ысқақов.
Аймақ басшысы алдағы жылдар ішінде осы қарқын жалғасатын болса, бұл жерде Неке сарайы, дарынды балаларға арналған физика-математикаға бейімделген мектеп-интернат пен жатақхана, жабық көпсалалы футбол манежі, музыкалық драма театр, көпсалалы аурухана, сауда-жәрмеңке кешені және тағы басқа нысандар бой көтеретінін атап айтты.
Осылайша, жеке инвесторлардың күшімен мемлекет үшін де, бизнес үшін де тиімді жұмыстар жүзеге асуда. Ал мемлекет тарапынан берілетін қаржылардың басым бөлігі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға жұмсалуда.
Елді сумен қамтамасыз ету, газбен жабдықтау мәселесі аса маңызды екені белгілі. Бүгінгі күні облыс халқының 97%-і орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген, ал, халықтың 63%-і табиғи газды тұтынуға мүмкіндік алған. Қызылорда қаласы және 7 аудан орталығының 4-і «көгілдір отынмен» қамтылған.
2017 жылы Байқоңыр қаласына газ берілсе, 2018 жылы қалған 3 аудан орталығы – Жосалы, Тереңөзек және Жалағашқа жеткізіліп, биылғы жылы кентішілік газ желісінің құрылысы басталған. 2020 жылы осы кенттердің тұрғындары «көгілдір отынды» тұтыну мүмкіндігіне ие болады. Осылайша облыс және аудан орталықтары газбен толық қамтылып, әрі қарай елді мекендерге газ тарту жұмыстары жүргізілмек.
Өңірде әлеуметтік салаға да баса көңіл бөлінуде. Биылдың өзінде 19 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілген. Оның 9-ы білім беру, 4-і денсаулық сақтау, 3-і мәдениет, 2-і спорт саласында. Аталған нысандардың 6-ы пайдалануға берілген. Тағы 4-ін осы жылдың соңына дейін, қалғандарын 2020 жылы ел игілігіне беру көзделіп отыр.
Қуанышты жаңалық, осы жылы денсаулық сақтау саласындағы апаттық жағдайдағы нысандар мәселесі толығымен шешілмек. Алдағы уақытта бұл салада типтік емес, бейімделген ғимараттарда орналасқан медициналық мекемелердің мәселесін шешу міндеті тұр. Бұл мәселеге орай тиісті жұмыстарды атқару басталып кеткен. 22 жаңа медициналық нысан құрылысын сала отырып, бұл мәселені 2025 жылға қарай толығымен шешу жоспарда бар.
Аймақта мамандар тапшылығы мәселесін шешу мақсатында 2016 жылдан бастап облыс әкімінің гранты енгізілгені мәлім.
– Бүгінде медицина саласының 53 резиденті Қазақстанның 5 жетекші жоғары оқу орындарында дәріс алуда. Биыл, алғашқы жемісін көрудеміз – 15 білікті дәрігер аймаққа қажетті мамандықтар бойынша жұмыс істеуде. Ал, өткен жылдан бастап жалпы практикадағы дәрігерлерді оқыту үшін облыс әкімінің арнайы грантын бөліп келеміз, бүгінде бұл гранттарды 60-тан астам маман иеленді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде осы жылы қан айналымы жүйесі ауруынан өлім-жітім 11,3 процентке, жарақат, улану және жазатайым оқиғалардан өлім-жітім 0,6 процентке, қатерлі ісіктен өлім-жітім 21,4 процентке азайды, ал, онкология ауруларын бастапқы сатыда анықтау көрсеткіші 15 процентке артты, – деді аймақ басшысы.
Білім беру саласына келсек, бұл салада да айтарлықтай даму бар. Айталық, облыста 2015 жылы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 100 процентке жетті. Облыс әкімі сондай-ақ, апаттық жағдайдағы мектептер және үш ауысымдық мектептер мәселесі бүгінгі күні толық шешілгенін, мектептердегі білім беру деңгейі біршама артқанын атап өтті.
– Соңғы үш жыл ішінде мектеп түлектерінің 98 проценті жоғары оқу орындарына және колледждерге түсуде. 500-ден аса мектеп түлектері Ресейдің, оның ішінде Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларының, Ресей Федерациясы Үкіметінің гранты есебінен Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында білім алуда. Қазір, біз білім беру жүйесіне жеке секторды жаппай тарту міндетін қойып отырмыз. Енді жеке мектептерді дамыту, жатақханалар мәселелерін инвесторлар қаражаты арқылы шешпекпіз. Колледждер сенімді басқаруға беріледі, – деді облыс басшысы.
Айта кету керек, жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатында білім беру саласындағы барлық мемлекеттік қызметтер кезең-кезеңімен электрондық форматқа көшірілмек.
Ал, аймақ халқы үшін спорт әлеміндегі биылғы ең басты жарқын жаңалық – «Қайсар» футбол командасының Қазақстан Кубогы ойындарында жеңімпаз атануы болды. 20 жыл уақыттан кейін «Қайсар» екінші рет финалға жолдама алып, қызылордалық жанкүйерлерге үлкен қуаныш сыйлады. Команданың алдағы міндеті – Еуропа Лигасында лайықты ойнау.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Екатеринбург қаласында өткен бокстан Әлем чемпионатында спортшыларымыз Қамшыбек Қоңқабаев күміс, Тұрсынбай Құлахметов қола алғанын да атап айтты. Ал, Нұр-Сұлтан қаласында өткен еркін күрестен Әлем чемионатында Дәулет Ниязбеков күміс жүлде алып, Токио қаласында өтетін ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарының лицензиясын иеленді. Мұз үстінде ғажайып өнер көрсетіп жүрген, Сыр елінің сүйікті спортшысы Элизабет Тұрсынбаева Шанхай қаласында мәнерлеп сырғанаудан өткен халықаралық турнирде күміс жүлде алды.
Облыс әкімі сонымен қатар рухани және қоғамдық құндылықтарды қалыптастыруда мәдениеттің ықпалы зор екенін де баса айтты.
– Былтыр 28 қарашада Маврикий Республикасында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында Қорқыт ата рухани мұралары ғаламдық материалдық емес мұралар тізіміне енді. Біз бұл жұмысты төрт жыл бойы түркиялық, әзербайжандық әріптестерімізбен бірге атқардық. Ұлы Қорқыт ата мұраларын жаһандық мәдени мұра тізіміне енгізу бастамасы, негізінен бізге тиесілі.
Сондай-ақ, ежелгі және ортағасырлық Сығанақ, Жанкент, Сортөбе, Шірік-Рабат, Жент, Бәбіш-молла, Қышқала қалашықтарына археологиялық қазба жұмыстары жалғасуда. Биыл Сығанақ қалашығындағы қазба жұмыстары кезінде «ежелгі қорымнан» ХІІІ-ХІV ғасырлардағы алтын бұйымдар табылып, ғылыми зерттеуге жіберілді, – деді аймақ басшысы.
Қазір өңірдегі әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуде мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту үлкен демеу болғаны белгілі. Бүгінде денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, қоғамдық тәртіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тағы басқа салаларда 142 жоба бар. Олардың 42-сін инвесторлармен жүзеге асыру туралы келісім- шартқа қол қойылған.
– Басқаша айтқанда, мемлекеттік-жекешелік әріптестік принципін пайдалана отырып, жеке инвесторларды ынталандыра және тарта отырып, біз өңір үшін маңызды мәселелерді шешудеміз, осылайша, бюджет қаражатын босата отырып, оларды басқа да әлеуметтік-маңызды мәселелерді шешуге бағыттаймыз, – деді бұл ретте облыс әкімі.
Сондай-ақ, Қуанышбек Досмайылұлы Байқоңыр қаласының дамуына арнайы тоқталды.
– Үкіметаралық комиссия аясында біз ресейлік әріптестермен «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен қаласын дамыту бағытында жұмыс атқарудамыз. Бүгінде Үкіметпен бірлесіп Байқоңыр қаласын, сондай-ақ, оған іргелес жатқан Төретам және Ақай елді мекендерін дамытуға республикалық бюджеттен қаржыландыруға байланысты жұмыс жүргізудеміз.
Биыл Байқоңыр қаласында Байқоңыр қаласының азаматтары үшін және іргелес жатқан Төретам мен Ақай азаматтарын қамту үшін «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында біз 5 көпқабатты 50 пәтерлік үйді салдық. Қазір Қазақстан Республикасы азаматтарына беру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл мәселені Үкімет басшысының алдына ұсыныс есебінде қойып, рұқсат берілді. Келесі жылы да біз 5 көпқабатты 50 пәтерлік үй салатын боламыз, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, қайта жаңғыртуға жататын қаланың су құбыры және кәріздік жүйелері жалға беруден шығарылып, 7 жылғы мерзімге Қызылорда облысының коммуналдық меншігіне өткізілген. Осы уақыт ішінде желілер жаңғыртылып, қайтадан жалға берілмек.
2018 жылғы 9 қарашада Петропавлда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен XV Қазақстан-Ресей аймақаралық ынтымақтастығы форумының қорытындысы бойынша Қазақстан Үкіметіне ресейлік тараппен «Байқоңыр» еркін экономикалық аймағын құру мәселесін пысықтау тапсырылғаны белгілі. ЕЭА құру 2019-2022 жылдарға арналған облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарының бірінші тармағына енгізілген.
«Байқоңыр» еркін экономикалық аймағын құрудағы негізгі мақсаттың бірі – «Байқоңыр» халықаралық ғарыш портын құру. Сондай-ақ, машина жасау, ғарыш индустриясы, электроника, химия және жеңіл өнеркәсіп тағы басқаларын қоса алғанда, инновацияға сай, жоғары технологиялы, бәсекеге қабілетті өнімдердің өнеркәсіптік өндірісін ұйымдастыру, «Байқоңыр» кешеніндегі халықаралық туризмді дамыту жоспарланған. Айта кетейік, «Байқоңыр» ЕЭА-ны іске асыру мерзімі 25 жылға есептелген. Қазір бұл мәселе төңірегінде Үкіметпен және ресейлік әріптестермен белсенді жұмыс жүргізілуде.
Ақпарат құралдарының өкілдерімен жүздесуде облыс әкімі Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық ахуалы жайында мағлұмат бере келе сөзін шығыс ғұламасы Конфуцийдің «Егер мақсатыңа жету қиын көрінсе, еңсең түспесін, жоспарды қайта құр!» ұстанымымен түйіндеді. Сондай-ақ, алдағы уақытта Елбасы мен Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық жағдайды арттыру бойынша қойған міндеттерін орындау бағытындағы жұмыстар жалғаса беретінін тағы бір шегелей түсті.
Одан әрі баспасөз мәслихатында облыс әкімі Қ.Ысқақов БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
Ақерке Биятова, «Qazaqstan» ұлттық арнасының қызметкері: – Қызылорда облысында «САРАТС» жобасының бірінші кезеңі сәтті жүзеге асырылды. Теңіз қалаға жақындады, балық шаруашылығы жанданды. Енді жобаның екінші кезеңін халық, әсіресе Арал тұрғындары асыға күтуде. Жобаның екінші кезеңі қашан жүзеге асырылады?
Жауап: – Жалпы «САРАТС І», «САРАТС ІІ» жобасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы деп айтуымызға болады. Қазір жобаның екінші кезеңін қолға алдық. Ол алты үлкен компоненттен тұрады. Жалпы Сырдария өзенінің арнасын жөндеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу деген үлкен жоба. Ол бойынша Арал теңізін кезінде екіге бөлгенбіз. Ортасынан үлкен 14 шақырымды құрайтын Көкарал бөгеті салынды. Бүгінде Солтүстік Арал қалыпқа келіп, тұрғындар ата кәсібімен айналысып, балық шаруашылығы жақсы дамуда. Бағдарламаның екінші кезеңінде алты жоба болса, соның төртеуі іске асырылуда. Оның үшеуі республикалық бюджеттен, бір компоненті «Өңірлік даму» жобасы бойынша. Балық шаруашылығы туралы айтсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда ауыл шаруашылығына байланысты экспортқа бейімделген өнімдерге мән беруді тапсырған болатын. Осы бағытта Арал ауданында балық шаруашылығымен айналысатын 9 кәсіпорын бар. Соның төртеуінде Еурокод бар. Ол – Еуропаға балық өнімдерін жіберуге мүмкіндік беретін лицензия. Жалпы балық шаруашылығы жақсы дамуда. «САРАТС ІІ» жобасы бойынша да тиісті жұмыстар атқарылуда.
Ерасыл Шәрібек, журналист: – Қазіргі уақытта өңірлерде нан бағасының қымбаттағанын байқап жүрміз. Бұл мәселе Қызылордада қалай?
Жауап: – Биыл бидай егетін Солтүстік өңірлерде қуаңшылық болуына және экспортқа шығаратын өнім көлемінің ұлғаюына байланысты нан бағасы көптеген өңірде қымбаттады. Қызылорда облысында да солай. Бірақ бізде тұрақтандыру қоры бар. Сол арқылы халыққа күнделікті қажетті азық-түлік бағасын көтермеу бағытында тиісті жұмыстар істелуде. Жыл басында 2 мың тонна ұн алынды. Арал қаласында ұн өңдейтін комбинат бар. Сол жерден де 700 тонна ұн алынды. Жақын арада тағы да келеді. Шымкент қаласынан арзандатылған ұн алудамыз. Жалпы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халыққа ең қажетті азық-түлік өнімдерін тұрақтандыру қоры арқылы ұсынып отырмыз.
Айнұр Тұңғышбаева, «Qyzylorda» телеарнасының тілшісі: – Қызылорда – республика бойынша ыстық сусыз отырған жалғыз облыс. Ол осы күнге дейін шешімін таппады. Түйткілді мәселенің түйіні қашан тарқайды? Сонымен қатар қаладағы «Қорқыт ата әуежайы» АҚ-ның дамуына толығырақ тоқталсаңыз.
Жауап: – Қазір қаладағы 800-ге жуық көпқабатты үй тұрғындарының кейбірі ғана ыстық суға қол жеткізіп отыр. Орталықтандырылған ыстық судан күдер үзген тұрғындардың жылытқыш құралын орнатып алған жағдайлар жиі кездеседі. Осыған байланысты арнайы пилоттық жоба қолға алынған болатын. Алайда, оған қолдау жеткіліксіз. Өйткені, ондаған жыл пайдаланылмаған инженерлік желілер әбден тозған. ЖЭО жылу жүйесі жылуды тек элеваторлық торапқа дейін алып барады. Сондықтан да, әр бөлмедегі жылу, жылы сумен қамтамасыз ету халық тарапынан жасалу керек. «Қызылорда облысының 2019-2021 жылдарға арналған кешенді даму жоспарының» негізінде біздегі ЖЭО қайта жөндеуден өтеді. 2022 жылы бұл мәселе толыққанды зерделенетін болады. Ал, «Қорқыт ата әуежайына» келетін болсақ, ҚР Үкіметінің 2014 жылғы қаулысымен «Қорқыт ата әуежайы» АҚ-ға халықаралық ұшуларды қамтамасыз етуге рұқсат берілді. Ол барлық талапқа сай. Соңғы бір апта ішінде 25 тұрақты рейс орындалып, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларына әуе байланысы ұйымдастырылған. Өткен жылдан бастап халықаралық «Мәскеу-Қызылорда-Мәскеу» рейсі ашылды. Алдағы уақытта жаңа әуежай терминалының құрылысы жобасын мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі арқылы іске асыру жоспарлануда. Конкурс жарияланды. Бүгінде аталған конкурсқа «BI - Industrial» ЖШС қызығушылық танытты. Қазір серіктестік жобаның техникалық ұсынысын әзірлеуде. Ол тиісті сараптамадан өткеннен соң мән-жай белгілі болады.
Андрей Деменок, «Хабар 24 kz» телеарнасының тілшісі: – Республикалық телеарналардың бірінде Байқоңыр қаласының тұрғындарына жағдай жасау мәселесі көңіл көншітпейтіні айтылды...
Жауап: – Бұл жайдан кейін қалаға арнайы жұмысшы топ жіберіліп, мәселе толық зерделенді. Жалпы, Байқоңырда ұзақ мерзімді бағдарламаны іске асыру бойынша ауқымды жұмыс жүруде, дегенмен, қала бюджеті барлық мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін жеткіліксіз. Ресей Федерациясына қарасты деген қаланың заңнамалық ерекше мәртебесі әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік бермейді. Дегенмен, мәселенің маңыздылығын ескере отырып, жергілікті бюджеттен айрықша жағдайларда тұрғын үй құрылысын дамытуға, сондай-ақ, қаланың су және кәріз желілерін жаңғырту мен қайта құрудың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге қаржы бөлінді. Мұндағы медицина саласының дамуы, қолжетімділігі мәселесі күн тәртібінен түспейді. Облыс әкімдігі тарапынан салаға деген қамқорлықтың артуы Байқоңыр қаласындағы көпшіліктің көңілін күпті еткен мәселелердің оң шешімін табуына сеп болды. 2010 жылдан бері тұрған перзентхана ғимаратына 2014-2015 жылдары жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне берілді. Ресей-Қазақстан тараптары арасындағы келіссөз барысында Байқоңыр қаласында қазақстандық медициналық ұйым ашу туралы келісімге қол жеткізілді. Осының негізінде тәжірибелік режимде көпсалалы аурухана – облыстық медицина орталығының филиалы ашылды. Ол тұрғындардың толық медициналық тексеруден өтіп, тегін берілетін дәрі-дәрмекке, көрсетілетін ауқымды қызметке қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Мекемеде кардиолог, офтальмолог, балалар тіс дәрігеріне сұраныс бар. Жас мамандарды жұмысқа тартудың тиімді жолы қарастырылып жатыр. Бүгінде қажетті деп танылған 14 маман қалаға жіберілді. Оларды тұрғын үймен қамту мәселесі қарастырылды. Үкіметтің қолдауымен 5 көппәтерлі үйдің құрылысы жүргізілді. Сондай-ақ, жер учаскелерін бизнес-жобаларды іске асыру үшін жалға беру және Төретам мен Ақай елді мекендерін дамыту мәселелері бойынша хаттамаларға қол қойылды. Айта кетейік, қала әкімшілігі «Роскосмос» корпорациясының қолдауымен қала аумағындағы жолдарды жөндеу, тұрғын үйлерді газдандыру жұмысын бастады. Бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту мен жобаларды іске асыруды қолдау жөніндегі шаралар да қарастырылып келеді.
Ақбота Күзекбай, «Қазақпарат» ХАА тілшісі: – Биыл Сыр спортында ерекше серпін болды. 29-шы рет өткізілген Қазақстан кубогының финалында «Қайсар» футбол командасы жеңімпаз атанды. Оның команда бюджетіне қандай да бір әсері бола ма?
Жауап: – Команда бюджеті 2020 жылғы жоспардан аспайды. Өзгеріс болуы мүмкін. Біз қайсарлықтардың Еуропа лигасында жоғары деңгей көрсетуіне барымызды саламыз. Себебі, олар әлемдік аренада тек Сырдың ғана емес, ел абыройын қорғайды.
Зифа Хабирова, «Азаттық рухы» порталының тілшісі: – Жуырда Қызылордада орын алған жол-көлік оқиғасынан 4 адам көз жұмды. Сіздердің тараптан олардың отбасына материалдық көмек қарастырылады ма?
Жауап: – Назарбаев даңғылы бойында жол апаты болып, аялдамадағы жазықсыз жандар жан тапсырды. Кінәлі автокөліктің жүргізушісі оқиға орнында анықталып, уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды. Сараптамалар тағайындалды. Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Мен орынбасарларым мен аппарат басшысына тиісті тапсырма бердім. Адамгершіліктен аттамаған халықпыз. Бұл қайғы ортақ, қажетті көмектің барлығы көрсетіледі.
Әсел Құрманғалиева, «Tengrinews» порталының тілшісі: – «Гежуба-Шиелі Цемент» зауытындағы Қазақстан мен Қытай жұмысшыларының қарым-қатынасы жөнінде не айтасыз? Жұмысшыларға қандай жағдай жасалған?
Жауап: – «Гежуба-Шиелі Цемент» кәсіпорыны былтыр мерзімінен бұрын іске қосылды. Кәсіпорынның қуаттылығы жоғары. Жылына 1 млн тонна цемент шығаруға қауқарлы. Қазіргі таңда онда 250 адам қазақстандық, 45 қытайлық азамат жұмыс істейді. Құрылыс жұмысы аяқталған соң 62 қытайлық еліне қайтты, ал 45-і үш жыл жұмыс істеп барып қайтады. Жұмысшылардың тәртібі бақылауда, алауыздық жоқ. Жұмысшыларға жағдай жасалған. Асханасы, жатын орны, басқа да қажеттіліктер талапқа сай.
Айша Құттыбаева, «Литер» газетінің тілшісі: – «Жаңа жылдан бастап Қызылордада табиғи газ қымбаттауы мүмкін» деген ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады? Егер рас болса, «көгілдір отынның» құнын көтеруге не себеп?
Жауап: – Бұл жөнінде «ҚазТрансГаз Аймақ» өкілдері табиғи монополияларды реттеу комитетіне өтініш жасады. Мәселе жергілікті қоғамдық тыңдауда да талқыланған. Мәліметтерге қарағанда, кәсіпорын «көгілдір отынның» тасымалдау ақысын 22 жарым теңгеге жеткізбек. Бұл тұрғындар үшін газдың 18,6 теңгеден 32 теңгеге дейін қымбаттауына әкеледі. Тасымал тарифтерін өсіру арқылы кәсіпорын аудандарда және облыс орталығында жоғары қысымды газ құбырларын тартуды жоспарлап отыр. Дегенмен, қоғамдық тыңдауға келгендер компанияның ұсынысын құп көрмеді. Баға көтерілмейді деген ойдамын.
Марат Башимов, «Человек и закон» газетінің қызметкері: – Тұтынушылардың құқықтарын қорғауда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Жауап: – Тұтынушылардың құқықтарын қорғауда көптеген жұмыстар бар. Әлеуметтік желілерде арнайы парақшаларымыз бар. Сол арқылы байланыс орнатылған. Азаматтарды қабылдап, ұсыныс-пікірлерін, шағымдарын тыңдау жолға қойылған. Онан бөлек, қоғамдық бірлестік өкілдерімен дөңгелек үстелдер өткізіледі. Журналистермен, блогерлермен кездесіп, пікірлесіп отырамыз. «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында азаматтармен кездесулер ұйымдастырылады. Барлық департаменттер мен басқармалардың есіктері тұрғындарға әрдайым ашық.
Алмас Байдрахман, Қазақ радиосының қызметкері: – Қызылорда қаласындағы қоғамдық көлік мәселесін айтқым келіп отыр. Қаладағы қоғамдық көліктердің дені ескі, қала болса үлкейіп келеді. Қоғамдық көлікті жаңарту мәселесі қаншалықты жолға қойылған, жаңадан көліктер алынады ма?
Жауап: – Қалада 800-ге жуық қоғамдық көлік бар. Олар үлкен, орта және кіші сыйымдылықтағы көліктер. Қоғамдық көлікте ересектер 90 теңге, оқушылар 40 теңге төлейді. Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары секілді электронды билет жүйесіне көшуді жоспарлап отырмыз. Оны келер жылы ақпан айынан бастау көзделіп отыр. Ақпанның басында автобус паркінің автобустарын қосып, қалғанын айдың аяғынан көшіру жоспарлануда. Бұл не береді? Егер электронды жүйеге көшсек, автобустардың жүру интервалын, қанша адам тасымалдағанын біле аламыз. Ол қоғамдық көліктің табысын есептеуге мүмкіндік бермек. Егер электронды билетке көшсек, жүру ақысы ересектерге 80 теңге, балаларға 30 теңге болмақ. Ал қолма-қол төлем жасайтындарға жүру ақысы 150 теңге болады. Автобустарды жаңалау мақсатында облыстық бюджеттен 278 млн теңге бөліп отырмыз. Оған үлкен сыйымдылықтағы автобустар алу көзделуде. Қазір 10 көлік алсақ та несиеге алмай, қолдағы бар қаржыға сатып алу жоспарлануда.
Баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің өзге де сауалдарына нақты жауап берілді.
«Сыр бойының»
тілшілер тобы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |