Елордада өткен брифингте Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов спорт саласына да тоқталды.
Биыл Қызылорда облысының спорт саласындағы басты жаңалығы – «Қайсар» футбол командасының Қазақстан Кубогы ойындарында жеңімпаз атануы болды. Осылайша қайсарлықтар 20 жыл уақыттан кейін екінші рет финалға жолдама алды. «Қасқырлардың» ендігі міндеті – Европа Лигасында лайықты ойнау.
Спорт саласы бойынша Сыр өңірі чемпиондарға кенде емес. Сонымен қатар үздік үштіктер қатарынан көрініп келе жатқан спортшылар да аймақ мақтанышы.
«Екатеринбург қаласында өткен бокстан Әлем чемпионатында спортшыларымыз Қамшыбек Қоңқабаев күміс, Тұрсынбай Құлахметов қола алды. Ал, Нұр-Сұлтан қаласында өткен еркін күрестен Әлем чемионатында Дәулет Ниязбеков күміс жүлде алып, Токио қаласында өтетін ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарының лицензиясын иеленді. Біздің сүйікті Элизабет Тұрсынбаевамыз Шанхай қаласында мәнерлеп сырғанаудан өткен халықаралық турнирде күміс жүлде алды», – дейді аймақ басшысы.