Қызылорда қаласындағы аялдаманың бірінде болған жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы орнында қаза тапқан 3 адамның және көп жарақаты салдарынан ауруханада көз жұмған баланың отбасына облыстық әкімдік тарапынан көмек көрсетіледі. Бұл туралы елордада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингте Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов мәлімдеді.
Брифинг кезінде Қызылорда облысы әкіміне 21 қараша күні болған жол-көлік оқиғасы туралы БАҚ өкілдері: «Сұмдық апат туралы не айтасыз? Қазір қандай шаралар қолға алынып жатыр? Қандай да бір көмек болады ма?» деген сауалдарын қойды.
«Бұл оқиға туралы облыстық әкімдіктің тиісті басқармалары мен Қызылорда қаласының әкіміне қатаң тапсырма берілді. Олар менің атымнан жол апатынан көз жұмған адамдардың отбасыларына барып көңіл айтты. Бүгінгі таңда аталған оқиғаның мән-жайы зерттеліп жатыр. Қаза тапқан 3 бала мен 1 адамның отбасына облыстық, қалалық әкімдік тарапынан көмек көрсетіледі», – деп жауап қатты облыс әкімі Қ.Ысқақов.