Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Қуанышбек Ысқақов ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру шеңберіндегі Қызылорда облысының басты жетістіктері, сондай-ақ 2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.
– Осы жылдың 10 айының қорытындысымен бірқатар бағыттарда оң нәтижеге қол жеткіздік. Тұтастай алғанда, жалпы мемлекет саясатын жүйелі іске асыру нәтижесінде соңғы жылдың өзінде өңдеуші өнеркәсіпте өндіру көлемі 5,4% ұлғайды, жұмыспен қамтылғандар саны 71% дерлік, ал, шикізаттық емес экспорт көлемі - 49% астам өсті, – деп атап өтті Қуанышбек Ысқақов.
Өңір экономикасын әртараптандырудың негізі индустрияландыру саласы. Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіптің шикізаттық емес секторындағы өндіріс өсімі 4,4% құраған. Бүгінгі таңда мемлекеттік бағдарлама аясында іске асырылған 24 жобаның 18-і жоспарлы қуаттың 90% дан 100% жеткен. Жыл соңына дейін Индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясында тағы да 3 жобаны іске асыру жоспарлануда, бұл 200 астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Индустрияландыру бағдарламасы аясында "Арал тұз" АҚ 2 испандық цехты іске қосты. Бүгінгі таңда бұл кәсіпорын өз өнімінің 79% экспортқа (Украина, Әзірбайжан, Грузия, Қырғызстан, сондай-ақ Ресей Федерациясының 82 қаласына) жіберетін табысты кәсіпорынның бірі. Шетелде өнім қажеттілігінің артуына байланысты биыл тұз өндіру көлемін 25%, яғни жылына 400-ден 500 мың тоннаға дейін жеткізген, ал 2022 жылы өндіру көлемін тағы 75% жылына 700 000 тоннаға дейін арттыру жоспарлануда.
Күріш - сыр өңірінің бренді. Биыл күрішшілер әр гектарынан 60,3 центнерден өнім жинап, 530,5 мың тонна күріш салысы қамбаға құйылып, осылайша жаңа рекордқа қол жеткізді (әр гектардан 108 центнерден алған өнім алған күрішшілер де бар). Cонымен қатар, ағымдағы жылдың 10 айында 25,7 мың тонна ет, 63,6 мың тонна сүт, 6,4 млн. дана жұмыртқа өндіріліп, ет өндіру 3,4% сүт өндіру 1,7% жұмыртқа өндіру 7,7 %өсті.
Аймақта сумен қамтамасыз ету және газбен жабдықтау мәселелері қатар шешілуде. Бұл да халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттырудың маңызды факторлары. Бүгінгі күні облыс халқының 97% орталықтандырылған суға қол жеткізіп отыр, ал, халықтың 63% табиғи газды тұтынуға мүмкіндік алды. 2018 жылы 3 аудан орталығына - Жосалы, Тереңөзек және Жалағашқа көгілдір отынды жеткізіп, биылғы жылы кентішілік газ желісінің құрылысы басталды. Ал, Байқоңыр қаласында табиғи газды тұтыну тарифі Қызылорда облысы бойынша бірыңғай тарифпен теңестіріліп, 20,7 тг/м3 құрап отыр. Айта кету керек, "Байқоңыр" қаласында қазақстандық газға қосылғанға дейінгі тариф құны 850 тг/м3 құрайтын.
Білім саласы бойынша бүгінде аймақта апаттық жағдайдағы және үш ауысымдық мектептер мәселесі толық шешілген. Қазіргі таңда облыста 574 мектепке дейінгі тәрбие мекемелері жұмыс істейді. Оның ішінде мемлекеттік балабақша саны - 161 болса, жеке балабақша саны - 413. Қазір денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, қоғамдық тәртіп, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тағы басқа салаларда 116 жоба бар. Олардың 40 бойынша инвесторлармен жобаларды жүзеге асыру туралы келісім шартқа қол қойылған.
Баспасөз конференциясында аймақ басшысы Қ.Ысқақов "Медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін (алғашқы медициналық-санитарлық көмек) дәрігерлік учаскелерді ірілендіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соңғы 3 жылда қосымша 61 дәрігерлік аймақ ашылды ,-деді облыс әкімі.
Биыл облыс спортының әлеміндегі ең басты жарқын жаңалығы «Қайсар» футбол командасынын Қазақстан Кубогы ойындарында жеңімпаз атануы. 20 жылдан кейін «Қайсар» екінші рет финалға жолдама алып, жеңіске жетті. Команданың алдағы міндеті – Европа Лигасында лайықты ойнау. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде облыс спортшылары Әлем және Азия чемпионаттарында 168 (66-алтын, 53- күміс, 49- қола) медальға қол жеткізді.