Үздік күрішші

Биыл Қармақшы ауданы Тұрмағамбет ауылындағы «Тұрмағамбет» шаруашылығы 2700 гектар жерге күріш егіп, гектарына 75 центнерден өнім алды. Аудан бойынша бірінші орынға тұрақтаған серіктестік диқандарының еңбегі ерен. Солардың бірі – Аслан Берманов гектарына 99,5 центнерден өнім жинап, үздіктер көшін бастады.

Аслан Оразбекұлы бес жылдан бері шаруашылықта күріш егеді. Өз атасы Берман Бисенбаев – жақаевшы, Ленин орденді күрішші болған. Нағашы атасы Әбен Тоғызбаев та аты аңызға айналған даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың қолынан куәлік алған. Осы кәсіп Асланды да биікке шығарды.

– Әдепкіде көп нәрседен бейхабармыз. Күрішті қалай егеді, оны қалай суарады? Осының барлығын ауылдағы ағаларым үйретті. Бригадиріміз әрі ұстазымыз Өтеген Жәрмедетов көп көмектесті. Қазір ауылдардың болашағы зор. Кіндігімнің қаны тамған жерге маңдайымның тері тамсын деп еңбектеніп жатырмын. Елде мүмкіндік жоғары, еңбектенсең жетіп жатыр, – дейді А.Берманов.

Асланның анасы Алтын Тоғызбаева – шаруашылықтың есепшісі. Ал әкесі Оразбек – темір тұлпарды тізгіндеген механизатор. Отбасының келіні сүт өңдеу цехының жанындағы «Ақтайлақ» дүкенінде сатушы болып жұмыс істейді.

– Елдің негізгі күнкөрісі – шаруашылық. Соңғы жылдары бала­бақша, сүт өңдеу цехын ашып жатыр. Қанша жанға жұмыс болды. Ауыл­да қалып тұрақтағандар көбейеді. Сүт өңдеу цехының өзі талай жанға мүмкіндік беріп отыр.

Аслан үздік күрішші ретінде облыста 3 орын алса, ауданда 1 орынға қол жеткізді. Біздің елдегі осындай жас мамандарымыз туған жерді түлетуге жұмыс істеп жатыр, – деді «Тұрмағамбет» ЖШС экономисі Нөсербек Тұрмағамбетов.

Еңбектің даңқы ауыл айналып қалмайтыны бесенеден белгілі ғой. Ал, сол еңбекке жан-тәнімен иілген ер осылай төрге оза бермек. Қысқасы, Асланның алар шыңы алда. Бұл енді базбір жас­тарға үлгі демеске болмайды.


Дәулет ҚЫРДАН.

Қармақшы ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 қараша 2019 г. 494 0