Дүйсекеңнің қаламы

Ол кезде мен мектепте оқимын. «Журналист боламын» деген арманды мақсатқа айналдырып, өзімше мақала жазуды қолға ала бастағам. Сондықтан тырнақалды жұмысымды әуелі ауылымның мәселесінен бастауды жөн көрдім. Үйге облыстық «Сыр бойы» газеті үзбей келіп тұрады. Осы басылымда «Сырымды саған айтам, «Сыр бойы» деген арнайы бет бар. Онда оқырман хаттары жиі жарық көріп, аймақтың мәселелері айтылып жататын.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан соң заман қиындап кетті ғой. Ауылдағы тұрғындарды ауыз сумен қамтитын скважина істен шыққалы қашан... Елдің бәрі қолдан қазылған құдыққа телмірді. Беті ашық-шашық жатқаннан соң болар, су сапасы нашарлап, ауыл балалары жаппай сарыауруға шалдықты. Ұмытпасам, біздің кішкентай елді-мекеннің өзінен 40 балаға кесел жабысты. Осының бәрі жаныма аяздай батса керек, қолыма қалам алып, «Ауызсудың әлегі» деген тақырыпта мақала жаздым да жібердім.
Тура бір апта өткен соң ауылда абыр-сабыр басталды. Ауыл әкімі мектепке келіп, мектеп директоры екеуі мені қыспаққа ала бастады. Сөйтсем, менің шатпағым облыстық басылымда жарық көріпті. Ауыл әкімі мұнымен қоймай, аудандық ішкі істер бөлімінен тергеуші шақырып келіпті. Тергеуші мен бір қылмыс жасағандай сұрақтың астына алсын. «Мақаланы кім жазғызды? Біреу сені қорқытып жаздырды ма? Саған осы үшін ақша берді ме?» деген сияқты сұрақтардан әбден шаршап үйге қайттым. Келсем ауыл әкімі мен директор отыр. Әкеме менің нашар оқушы екенімді дәлелдеп әлек. Содан әкем: «Балам жазса өтірік нәрсе жазған жоқ. Ауылда ауыз судың жоқ екені рас. Мақаласында ешқайсыңның аттарыңды атап, түстеріңді түстемеді. (әкімге қарата) Сіз білесіз, колхоз тарағанда біздің ұжымда 40 отар қой болған. Қазір содан 2-3 отар ғана қой қалды. Балам келесі мақаласын «Қырық отар қой қайда кетті?» деген тақырыппен газетке жазбақшы. Сол кезде ұлым өтірік жазса жазалаймын», – деді. Әкімнің төбе шашы тік тұрды. Директорды алдына салған күйі үйден шыға жөнелді.  
Содан кейін маған тиісу доғарылды. Есесіне, ауылдағы сважина мұнарасы жөндеуден өтіп, бүкіл ауыл бір жерден су алатын болды. Мен келесі мақаламды «Бір ауылға бір шүмек» деген тақырыппен «Сыр бойына» жөнелттім. Осыдан кейін бүкіл ауыл көшелеріндегі құбырлар жөнделіп, әр көшеден су ағатын болды. Мектеп мұғалімдерінің өтінішімен, ауылда телефон жоқтығын мәселе етіп, «Телефонсыз тентіреп жүрміз» тақырыбындағы мақалам ата басылымның «Сырымды саған айтам, «Сыр бойы" арнайы бетінде жарық көрді. Бұл мәселе де дер кезінде шешімін тауып, ауылға таксафон мен сымсыз телефон орнатылды.
Мектеп бітірген соң бір жыл дем алып, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ға оқуға түстім. Әрине, таңдаған мамандығым – журналистика. Бірінші курсты аяқтаған соң, практикаға жолдамамды «Сыр бойы» газетіне алдым. Газеттің сол кездегі бас редакторы Жақсылық Рахматулла ағай жылы қарсы алып, Дүйсенбек Аяшұлының қарамағына жіберді. Көресіні Дүйсекеңнен көрдім. Екінші күні сәл кешігіп келіп ем, айқайға басты.
– Сен бір апта жүрсең де мұнда қызметкерсің. Енді кешігетін болсаң, мүлдем келме! Айнұр Батталованың інісі екеніңе қарамаймын. Екіңді қойып еліңе қайтарамын», – деген соң еркеліктен ештеңе қалмады. Жыларман болып, Айнұр апама айтып ем, «Ол кісі аямайды. Айтқанын істеп, тыныш жүр» деп одан сайын зәремді алды.
Дүйсенбек ағам айқайлап, кітапханаға қуды. «Сенен журналист шықпайды» деп столды талай тоқпақтады. Таяқты жеп жүріп, тағы бір-екі мақала жариялағандай болдық. Осындағы екі аптам екі жылға татығандай болды. Бірақ бұрынғыдай емес, жазуға қолым жүре бастағандай. Соңғы күні күнделігімді алып, Дүйсекеңе қорқа-қорқа келдім. Шынымды айтсам ол кісіден «екіден» басқа баға күткенім жоқ. «Өзің айтшы неше деген бағаға лайықсың?» деп өзімнен сұрады. Мен не дейін, үндемедім. «Жақсы оқып, ізденсең сенен жақсы журналист шығады» деп тәуір бағасын қойып берді. Мен өз құлағыма өзім сенбей, «рахмет-рахмет» деймін. Ол кісі онымен қоймай қолындағы қаламын естелікке сыйлады.
Сол қалам маған бір тәбәріктей көрінді. Беріге дейін қасиетті заттай қастерлеп сақтап келдім. Мүмкін шынымен сол қаламның менің журналист болып қалыптасуыма септігі тиген шығар. Әлде, балалық кездегі риясыз сенім бе...
Биыл аймақтың ата басылымы «Сыр бойы» газеті 90 жасқа толып отыр. Барша сырбойылық әріптестер мен газет авторларын осы мерейлі мерекемен құттықтаймын. Қаламдарыңыз мұқалмай, шабыттарыңыз шалқысын. Әрқашан оқырмандарыңызды қуанта беріңіздер!

Ерқанат Сәрсенбайұлы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 қараша 2019 г. 818 0