1, 2, 3 бала үшін де жәрдемақы төлене ме?

  «Алдағы 2020 жылдың қаңтарынан бастап 1,2 және 3 бала үшін де жәрдемақы төленетін болады. Соған байланысты әкімшілікке құжат тапсыру басталды».
Кешелі бері ватсап желісінде осындай жалған ақпараттар тарап, оған сеніп қалған аналар құжат тапсыру үшін әкімшілік жағалай бастаған. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жоғарыдағы ақпараттың негізсіз екенін мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша  келесі жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек берудің ережесі өзгереді. Биыл облыста 30 мыңнан астам отбасы әлеуметтік көмек алған. Оның 60 проценттен астамы көпбалалы отбасылар. Атаулы көмекке байланысты түрлі жағдайлар орын алды. Құжаттарын дұрыс дайындамаған немесе жалған құжат дайындау секілді көптеген заңбұзушылықтар болды. Соған байланысты облыс бойынша 3600 отбасы қайта тексерілді. Тексеру нәтижесімен орай атаулы әлеуметтік көмекке төленіп жатқан 1,7 млрд теңгені тоқтатуға тура келген. Көмек алу үшін істеп жатқан жұмысынан шығу фактілері кездесіп, масылдыққа бейімделгендер болды. Осыған ұқсас жағдайлар барлық аймақта да орын алған. Сол себепті де Президент тапсырмасына сәйкес Үкімет атаулы әлеуметтік көмектің шынайылығын, ашықтығын және әділеттілігін қамтамасыз ету үшін жаңа заң жобасын әзірлеуге кірісті. Қазір заң жобасы талқылануда.
Сонымен жаңа жылдан бастап АӘК көрсетудің жаңа тәсілдері енгізілетін болады. Т.Дүйсебаев көпбалалы аналарға қолдау көрсету республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар енгізу арқылы қамтамасыз етілетінін атап өтті. Мемлекеттік жәрдемақы барлық көпбалалы отбасыларға, яғни 4 және одан да көп кәмелет жасына толмаған, орта арнаулы немесе жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жасы 23-ке толмаған балалары бар отбасыларына табысына қарамастан төленетін болады. Мемлекеттік жәрдемақы мөлшері бала санына қарай сараланады. Әр балаға орта есеппен 10-11 мың теңге және 2018 жылдан бастап тағайындалуы тоқтатылған осыған ұқсас жәрдемақы мөлшерінен 4-7 есеге артады. Мысалы, 4 баласы бар отбасыларға – 42500 теңге төленеді. Ал  5 балаға – 53125 теңге,  6 балаға – 63750 теңге, 7 балаға – 73375 теңге төленетін болады.
АӘК табысы аз мұқтаж отбасыларға төленеді. Бұл ретте, ең төменгі күнкөріс деңгейінің (ЕТКД) 70 процентін тағайындаудың шекті өлшемі өзгеріссіз қалады. АӘК отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы орташа табысы пен ЕТКД-нің 70% арасындағы айырмашылық мөлшерінде төленеді. Сондай-ақ, болуы мүмкін ереже бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында атаулы әлеуметтік көмек алудың кейбір рәсімдері мен шарттары өзгертіледі. АӘК әр тоқсан сайын тағайындалады. Учаскелік комиссиялардың жұмысы күшейтіледі. Басты шарттардың бірі – отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істеп, отбасы үшін жауапкершілікті сезінуі тиіс. Ол үшін бірінші кезекте аз қамтылған отбасындағы еңбекке жарамды жұмыссыз азаматтар тұрақты жұмыспен немесе «Еңбек» жұмыспен қамту бағдарламасына тартылады. Оларға бос жұмыс орындарына, мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына, қоғамдық жұмысқа орналасуға, жастар тәжірибесінен, қайта даярлаудан өтуге мүмкіндік беріледі. Өз бизнесін ашу үшін кәсіптік негіздеріне оқытып, жеңілдікпен микрокредит және қайтарымсыз грант алу ұсынылады. Отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамту шараларынан бас тартатын болса, онда АӘК тек оған ғана емес, бүкіл отбасына тоқтатылатын болады. АӘК көрсетудің жаңа механизмдерінде 2020 жылды 1 қаңтарынан бастап кепілді әлеуметтік пакет ұсынылып, онда аз қамтылған отбасылардың балаларын қолдауға ерекше назар аударылады.
Мәселен, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар азық-түлік жиынтығымен, гигиена заттарымен қамтамасыз етіледі. Ал 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мектепте ыстық тамақпен, оқу құралдары мен мектеп киімдерімен қамтамасыз етіліп, жол жүру шығындары өтеледі. Медициналық көмек, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетіледі.
Жоғарыда аталған әлеуметтік қолдау шараларымен қатар балалары бар аз қамтылған отбасыларға үй бизнесін жүргізу дағдыларын игеруге көмек көрсетіледі. Курстан өткен аналарға қажетті жабдықтар сатып алу үшін қайтарымсыз гранттар беріледі. Сондай-ақ, жаңадан іске қосылатын «Менің кәсібім» жобасы аясында демеушілер есебінен аналарға шағын үй бизнесімен айналысуға ықпал жасалады.
Басқарма басшысы заң қабылданып, қол қойылғаннан кейін барлық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатынын мәлімдеді. Ал жалған ақпарат таратқандар іздестірілуде.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 қараша 2019 г. 3 842 0