Қазалы ауданы аумағында орын тепкен Күйіккескен қалашығын археологиялық зерттеу барысында қоладан құйылған екі асық табылдыү Бұл жөнінде облыстық тарихи мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің қызметкері Еркебұлан Елеуов мәлім етті, деп хабарлайды
ҚазАқпарат тілшісі.
Археологиялық экспедиция халықаралық Орта Азия зерттеулер институтының бастамасымен қолға алынған. Нәтижесінде Қазалы ауданындағы Бозкөл ауылынан 35-40 шақырым қашықтықта орналасқан ортағасырлық Күйіккескен қалашығында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Қалашықтың шахристан бөлігінен ауқымды үй жай мен қойма тектес нысан табылды.
«Мәдени типтегі оғыз заманының үй жайының кей нұсқасы Жанкент шаһарынан табылған тұрғын жайларына ұқсас болып келеді. Қалашық орнында мал сүйектерінің өте көп көлемде кездесуі мұнда мал шаруашылығының едәуір дамығандығын көрсетті. Қыш ыдыстардағы өрнектер де оғыз заманынан сыр шертіп тұр. Сыр бойын мекендеген Қаңлы, Оғыз, Қыпшақ тайпалары осы қалашықта кезең-кезеңімен өмір сүргендігін аңғартады.
Тағы қызығарлық жағдай, бұл қалашықтан мыстан құйылған екі асықтың табылды. Соған қарағанда қазақ халқының асық ойыны сонау замандардан бастау алған деген жорамал жасауға болады. Сонымен қатар табылған мыс теңге Самарқан қаласында соғылған және мерзімі Хижра жыл санауымен 334 жыл екендігі анықталып отыр. Яғни 956 жылы (Х ғасыр) Самарқан қаласында соғылған мыс тиынның осы қалашықтан табылуы сауда қарым қатынастарының дамығандығын көрсетеді», - деді Еркебұлан Елеуов.
Оның айтуынша, біздің заманымыздың бірінші мыңжылдығының аяғында оғыз тайпалары бірігіп мемлекет дәрежесіне көтерілді. X ғасырда оғыз мемлекетінің астанасы – Янгикент немесе Жаңа Гузия деп аталады.
«Осы кезеңде Сырдарияның бойына қала мәдениеті дами түсті. Бұл қалалар өзен жағалауындағы керуен сарай қызметі мен сауда жолындағы маңызды бекет қызметін атқарады. Солардың бірі - Күйіккескен қалашығына алғаш рет 1946 жылы Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргізген. Қалашықтың аумағы Жанкенттен үлкен. Қалашық қорғанмен қоршалып, сыртына ор қазылған. Ұлы Жібек жолындағы халықаралық сауда қарым-қатынасы қала тіршілігіне үлкен ықпал еткен. Себебі, қалашық Жібек жолының тоғысқан жерінде орналасып, оғыз даласын Хорезм, Мәуереннахр және Қорасанмен байланыстыратын дәліз қызметін атқарған», - деді Еркебұлан Елеуов. Оның айтуынша, Күйіккескен қалашығында жүргізілген қазба жұмыстары оның Жібек жолы бойындағы ірі қала екендігін айқындады. Қолөнер кәсібі мен сауда, ауылшаруашылығы дамыған орталық болған.
«Қала тұрғындары аңшылықпен де айналысқаны аңғарылады. Күйіккескен қалашығының керамикасы өндірісі де жолға қойылған. Қала қолөнершілері құстардың (көгершін) суретімен, шырша тәрізді, геометрия пішінімен өрнектелген ыдыстар жасаған. Сонымен бірге, сүйектен, металдан әртүрлі бұйымдар дайындаған.
Археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары қаланың мәдени қабаттарындағы күлдің қалыңдығына байланысты Күйіккескен қалашығының толассыз соғыстардан өртке оранып, қирағаны анықталды», - деді Еркебұлан Елеуов.
Қала орнындағы археологиялық зерттеу жұмыстары жылма-жыл жалғасын тауып келеді. Нәтижесінде археологтар жаңа мәліметтерге қол жеткізіп келеді.