Қазақ баспасөзі тарихында орны бар, аймақтағы аға басылым саналатын облыстық «Сыр бойы» мен «Кызылординские вести» газетіне биыл 90 жыл толып отыр. Осыған орай қос басылымның бас редакторы мен жауапты қызметкерлері сырдариялық оқырманмен кездесті.
Алдымен «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы Қазбек Ботаев, «Сыр бойы» газетінің жауапты хатшысы Дәуіржан Елубаев және газеттің арнаулы аға тілшісі Ғазиза Әбілданы аудан әкімі Руслан Рүстемов қабылдап, мерейтоймен құттықтады. Қабылдауда аудан басшысы аймақ тынысын үздіксіз ақпараттандырып келе жатқан қос басылымның торқалы тойы баршаға ортақ екенін айтып, бірлесе жұмыс жасайтынын жеткізді.Қабылдаудан кейін аудандық орталықтандырылған кітапханада оқырманмен кездесу ұйымдастырылды. Оған құрметті меймандармен бірге «Сыр бойы» газетінің ардагері Мейрамбек Шілдебаев, «Тіршілік тынысы» газетінің жауапты хатшысы Шаһарбек Нұрсейітов, спорт саласының ардагері Мектепхан Елеусінов және кітапханашылар мен оқырман қатысты.
Кездесуде Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газеті бас редакторының міндетін атқарушы Ақтөре Ибрагимұлы бүгінде аға басылымдардың мазмұны байып, оқырман көңілінен шығып келе жатқанын атады. Ал «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы Қазбек Ботаев облыста орыс тілінде шығатын «Кызылординские вести» газетінің тарихына тоқталды. Аталмыш басылымның алғашқы саны 1930 жылы 1 қаңтарда жарық көрген. Содан бері өңірдің тынысын ақпараттандып, сан саланың жетістігі газет бетінде жарық көруде. Бас редактор басылымның бүгінгі белесіне тоқталып, халықтың мұң-мұқтажын жеткізудегі айшықты жұмыстарды айтты.
«Сыр бойы» газетінің жауапты хатшысы Дәуіржан Елубаев аға басылым уақыт талабына сай түрленіп, баспасөз бетінде орнықты ойлар қозғалып, арнайы беттер ұйымдастырылатынын тілге тиек етті. Атап айтқанда, "Алтын тін", "Айна, "Цифрлы Қазақстан", "Біз және бизнес" деген айдарлармен аймақтың даму динамикасы, руханият үздіксіз жарияланып келеді. Сонымен бірге "Газет поштасынан" деген айдармен оқырман хаты тұрақты ақпараттандырылуда. Қазіргі таңда облыстық газет ұжымы Ержан Қожас, Мөлдір Қалымбет, Айдана Жұмадинова, Гүлмира Ділдәбекова секілді жастармен толығып, оқырманның талап-тілегін орындау үшін жаңаша бағытта жұмыстар жүргізілуде.
Жауапты хатшы биылғы жылдың 28 қарашасы күні облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің 90 жылдық мерейлі мерекесі кең көлемде аталып өтілетінін жеткізді. Соның аясында фотокөрме, «Атыңнан айналайын, Атамекен!» атты облыстық ақындар мүшәйрасы өткізілмек. Сондай-ақ кездесуде басылымның арнаулы аға тілшісі Ғазиза Әбілда дәуір толқынымен тыныстаған газеттің тарихына тоқталып, өлең оқыды.Кездесуде еркін пікір алмасу болып, оқырман ұсыныс-тілектерін айтты. Оның ішінде елімізге, өңірге танымал аңыз адамдар туралы арнайы айдарлар ашу жөнінде ұсыныс-пікірлер жеткізілді. Кітапханағы кездесуде ардагерлер мен оқырман қос басылымның мерейтойына тілектестіктерін білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.
Е.БЕРКІНБАЕВ,
Сырдария аудандық