Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды

Базардағы табаны жұқа, үстіңгі беті аязды күні әйнектей шытынайтын, сапасыз Қытай аяқ киімінен жерісеңіз Ғалымбекке барыңыз. Аяқтың мөлшерін өлшетіңіз. Қай пішінде, қандай түрін ұнататыныңызды айтыңыз. Болды. Енді оған үш күннен соң соғасыз...

Қала орталығында тұратын етік шебері үйінің ауласынан шеберхана ашқалы көп болды. Өзінің тұрақты сатып алушысы бар Ғалымбек бұл өнермен бозбала күнінен бастап әуестенгенін айтады.

– Біздің қалада бұрындары аяқ киім тігетін «Ательеюг» деп аталатын шағын цех болды. Сонда 1988 жылдан 1993-ке дейін 5 жыл жұмыс істедім. Мұнан кейін түрлі аяқ киім тігетін цехтарда 2015 жылға дейін еңбек еттім. Соңғы үш жылдан бері «Нұрманов» жеке кәсіпкерлігін ашып, өз шеберханамда тір­лікті бастап кеттік. Шүкір, то­лағай табыс болмаса да, кісі қолына қарап тұрғанымыз жоқ. Масылдық деген жаман әдеттен отбасымызбен бірге күресеміз, балаларға да солай тәрбие беріп келеміз, – дейді  Ғалымбек Нұрманов.

Ол түрлі формадағы аяқ қалыптарды пайдаланып, мау­сымдық аяқ киімнің барлы­ғын тігеді. 30 жылдан аса тәжі­рибесінде қолынан шыққан өнім сапасына бірде-бір адам реніш білдірмеген. Әйелдердің қыстық қонышты етіктерінен бөлек, ауылдағы мал баққан ағайынның аяғына шыдас беретін қалың етіктер көбіне-көп сұранысқа ие.

– Шикізатты Алматы, Шымкент қаласынан аламын. Таза теріден, оның ішінде жылқы, қой, сиыр терісінен тігілген етіктерге анау қыркүйек айы басталғалы тапсырыстар тү­сіп жатады. Аңшылыққа ыңғайлы, күн­ұзақ мал соңында жүретін жылқы­шылардың етігіне қы­зығатындар көп. Елдің қолы жететін бағада сатып отырмын.

– Адам денсаулығына зиян келмес үшін аяқ киім таза был­ғарыдан болғаны дұрыс. Біздің базардағы аяқ киімдердің көбісі ит пен шошқа терілерінен да­йын­далады. Екіншіден, қол­же­тімді болған соң қытайдың аяқ киіміне үйір болғанымыз жасырын емес. Бірақ, олар табанына көп жағдайда қағаз салып жібереді. Бұл дұрыс емес. Табанына да тері пайдаланылуы керек. Сонда ғана аяғымыз терлемейді, жағымсыз иіс шықпайды. Үшіншіден, олардың аяқ киімдердің басым бөлігінде супинатор болмайды. Бұл адамды майтабан етеді. Мен міндетті түрде жұмсақ дөңесті пайдаланамын. Кім білсін, бұдан бөлек біз білмейтін қауіпті химикат қоспалары да бар шығар, – дейді ол.

Ғалекең осы өнерімен-ақ бір отбасыны асырап отыр. Бүгінде отандық өнімді жан-жақты дамыту мәселесі жиі айтылады. Осы кәсіп жұмыссыз жүрген көп жігітке оны үлгі етуге жетіп жатыр.

– Ата-бабамыз қолөнер, оның ішінде етік тігумен айналысты. Қазақтан небір шеберлер шыққан. Кейіннен, неге екені белгісіз, етікшілік өнері кенжелеп қалды. Тіпті, аяқ киім тігуді дүниедегі ең бейшара адамның ісі секілді көретіндер бар. Алайда бұл – мамандықтың бір түрі, кәсіптің тиімдісі. Осы өнерді қазақ жастарының үйренгенін қалаймын, – дейді кәсіпкер етікші.

Егер қандай да құзырлы орындар тарапынан қолдау болса, бұл өнерді кейінгі жастарға үйретуден қашпайтынын айтқан Ғалымбек шебер өзінен кейінгі буынның қол қусырып бос жүруіне алаңдаушылық білдірді.

Расымен, ретін тапсаң, қазір өзіңе бар жағдайды жасап алуыңа болады. Бастысы, ерінбеу керек. Ал базардағы кез келген арзан аяқ киімнің зияны қымбатқа түсетінін тағы да баса айтқымыз келеді. Табаннан енген сыздың сырғақсып барып, басқа сарт ететінін ескерсек, денсаулықты күту аяқ киімге мән беруден басталады.


Ержан ҚОЖАСОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 қараша 2019 г. 702 0