...1960-70-ші жылдар болатын. «Бірлестік» атты ауылымыз кезінде ақ бас толқындары жағаны ұрғылап жататын Арал теңізі жағалауына қоныс тепкен. Ауылымызға газет-журнал, хат-хабарды «Попов» атты темір кеме таситын. Күн сайын түс ауа жаңғырық салатын «Поповқа» газет-журналды алу үшін хат тасушы Кішкене есімді ағамен барушы едім. Өйткені, кезіндегі «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Балдырған» газет-журналдарына мақалалар жіберетінмін. Газетке мақалам шықса, қуанышым қойныма сыймайтын.
Ұмытпасам, 5-ші сыныпта оқитын болармын, «Социалистік Қазақстан» газетіне парталас досым Айжарық Әбішев жайлы жазған «Балықшы бала» деген тырнақалды туындым жарияланды. Содан кеудеме үміт отының ұшқыны тұтанып, жата-жастана жазуға бетбұрыс жасадым. Бертін келе қаламым ұшталып, кезіндегі «Социалистік Қазақстан» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») газеті үлкен тәжірибе мектебіне айналды.
Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы, ел журналистикасының іргетасын қалаушы, ұлтымыздың қарымды қаламгерлер ұстаханасы, Елбасы «Отанымыздың бас газеті» деп бағалаған, ғұмырнамасы ғибратты шежіреге толы «Егемен Қазақстан» газеті ғасырлық торқалы тойының төріне шықты. Осы жылдар ішінде үздіксіз шығып, еліміздің жаршысы болып келе жатқан бірден-бір ұлттық басылым – «Егемен Қазақстан». Алғаш рет 1919 жылдың 17 желтоқсанында сол кездегі астана – Орынборда «Ұшқын» деген атаумен шаңырақ көтерген газет қазақ халқының жылнамасына айналды. Еліміздің басынан өткен жылдар мен күндерді, бүгінгі сарғайған тарих парақтарына түскен кезеңдерді «Ұшқын», «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» деп өзгеріп отырған басылым атаулары да байқатады. Тәуелсіздік алған соң аз уақыт қана «Егеменді Қазақстан» атында жарық көрсе, 1993 жылдан бері «Егемен Қазақстан» атын еншілеген.
Газеттің ғасырлық тарихын парақтап отырып, аты өзгерсе де заты өзгермегеніне тәнті боласың. Қалай аталса да, бұл басылым заманына сай елдіктің биік мінбері міндетін абыроймен атқарды. Еліміздің астанасы ауысқан сайын ұлтымыздың бас басылымының шығатын орны да Орынбор, Қызылорда, Алматы, Астана болып ауысқан.
«Ұшқын» мен «Егемен Қазақстан» аралығындағы бас басылымның сарғайған тігінділерін парақтап отырсақ, сонау жиырмасыншы, отызыншы, қырқыншы жылдарға барып қайтасың. Одан берідегі жетпіс шақты жылдың жылнамасы көз алдымызға келеді. «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының кезіндегі президенті, бүгінгі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахмановтың «Отанымыздың бас газеті» жазбасындағы «Еңбекші қазақтың» газет сатушысы болып жұмыс істейтін арық қара бала Әбділда Тәжібаев Қызылорданың тас төселмеген көшесін шаңдата жүгіріп: «Бүгінгі газет тамаша, Оқысаң ойдан кетпейді, Таусылып қалды, жетпейді» деп айқайлап бара жатады» деген жолдарды оқығанда тамсанасың, таңданасың.
«Егемен Қазақстанның» («Ұшқын») алғашқы редакторының атын анықтап табуда белгілі журналист Тілеуқабыл Боранғалиұлы көп ізденген екен. Ол Орал өңірінде өмірге келген Халел Есенбаев туралы тың деректер тауып, оның «Ұшқын» газетінің алғашқы редакторы болғанын нақтылайды. Сондай-ақ, «Ұшқын» газетіне Сафиев Тәмимдар есімді азамат та басшылық жасаған деген дерек көзі бар. Ал, аты әлемге әйгілі жазушы Мұхтар Әуезов «Еңбекші қазақ» газетіне жиырмасыншы жылдары басшылық жасаса, сол жылдары солтүстік қазақстандық қаламгер Әбдірахман Байділдин де осы газеттің редакторы болған. Жоғарыда айтқандай, осы уақыт аралығында Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Молдағали Жолдыбаев, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ораз Исаев, Ғаббас Тоғжанов, Айтмұхамед Мусин, Ғабит Мүсірепов, Жанайдар Сәдуақасов, Сақтаған Бәйішев, Әмір Қанапин, Балтабек Асанов, Қабыл Бекмұратов, Ғұмыр Аққұлов, Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Көрік Дүйсеев, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы, Нұрлан Оразалин, Уалихан Қалижан, Ержұман Смайыл, Сауытбек Абдрахмановтар қазақ басылымының басшысы қызметінде болды.
Сөз орайы келгенде Отанымыздың бас газетінің басшылығында Сыр бойы тумаларының болғанын айта кетуді жөн көрдік. Жүсіпбек Арыстанов 1904 жылы Қызылорда облысына қарасты Тереңөзек ауданының бірінші ауылында өмірге келген екен. Ол бар-жоғы он бес жасында комсомол қатарына өтіп, оның жұмысына белсене араласады. Педагогтік, партиялық басшылық жұмыстарда болған оның қаламгерлік қызметінің өзі бір төбе. Шымкент, Жетісу губерниялық газеттері мен «Ауыл коммунисі» журналы редакторының орынбасары болған Ж.Арыстанов 1937-1938 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы болып қызмет істейді. «Жалынды жүрек», «Тау жұлдызы», «Сұңқар да жерді мекендейді», «Естен кетпес есімдер» атты кітаптарын оқырман олжасына айналдырған Жүсекең 1992 жылы қайтыс болған.
Тереңөзек ауданының тағы бір тумасы Қасым Шәріпов жастайынан еңбекке араласып, оқу орындарынан дәріс алған. 1929 жылы «Лениншіл жаста» («Жас Алаш») әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет істеген. Кейіннен партиялық басылымдарда еңбек еткен Қасым соғысқа қатысып, майдан газетінің редакторы болған. Айта кету керек, ол В.Ленин шығармаларының 35 томын қазақ тіліне аудару ісін басқарған. Қ.Шәріпов Қазақстан КП Орталық Комитетінің ғылым және мәдениет бөлімі меңгерушісінің орынбасары, «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы, ҚазТАГ директоры сияқты лауазымды қызметтерді атқарған.
Тағы бір айтарымыз, Қасым Шәріпұлы «Социалистік Қазақстан» газетін екі рет басқарған. Мұндай оқиға өте сирек болатын. Белгілі қаламгер Балғабек Қыдырбекұлы «Жетпіс бестің отыз жетісі» деген еңбегінде былай деп жазған: «Елу бірінші жылдың қыркүйегінде Қасым Шәріпов орнынан босады. Оған негізгі себеп деп тапқаны: «Қазақ тарихына жазған сынында Кенесары Қасымовты мақтады» деген айып тағылады. Қ.Шәріповты орнынан босатты. Бірақ, ол қаулының жүзеге асуы тура үш жарым айға созылған. Өйткені, редактордың жалғыз кінәлі еместігіне Мәскеу көңіл аударды. Осыларды айта келіп, Қ.Шәріповтың Қазақстан басшылығына П.Пономаренко мен Л.Брежнев келген соң, яғни 1955 жылдың жазына таман қайтадан «Социалистік Қазақстанды» басқаруға жібергенін жазады. Қазақ баспасөзінің қара шаңырағының төрінде талай тарландар отырды ғой. Жерлесіміз Қ.Шәріпов сондай мықты редакторлардың бірі ғана емес, бірегейі болған.
Ал, Қызылорда облысының Жалағаш ауданына қарасты Мәдениет ауылында 1914 жылы дүниеге келген Кеңесбай Үсебаев қаламгерлік еңбек жолын сол кездегі Қармақшы аудандық «Қызыл ту» газетінде қызмет етуден бастаған. Бертін келе Қарағанды облыстық «Советтік Қарағанды» газеті редакторының орынбасары, Ақмола облыстық газетінің редакторы, Радиохабарлар жөніндегі комитет төрағасы, «Социалистік Қазақстан» газеті редакторының орынбасары қызметтерін атқарған ол 1960 жылы республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы болып тағайындалып, осы бір аса жауапты қызметті 1969 жылға дейін атқарады.
Сыр еліне етене танымал тұлға Ұзақ Бағаев туралы да айтпасқа болмас. 1962-1969 жылдары Қызылорда облыстық «Ленин жолы», Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газеттерінің редакторы болып істеген ол 1969 жылы «Социалистік Қазақстан» газетін басқаруға келді. Осы басылымда өмірінің соңына дейін бас редактор болған. Айта кетуіміз керек, Ұзақ аға Сыр бойы қаламгерлерін даярлауға сүбелі үлес қосқан.
Ғасырлық тарихында ел газеті – «Егемен Қазақстан» қашанда елмен бірге тыныстады, елмен бірге қиналып, елмен бірге қуанды. Газеттің сарғайған парақтарында халқымыздың шежіресі сайрап жатыр. Айтар ойымыз орнықты, сөзіміз салмақты болу үшін осы газетте қайсыбір жылдары қызмет еткен белгілі қаламгерлердің естеліктеріне сөз кезегін берелік.
Бастау (1919-1939) жылдары
Сәбит Мұқанов: Мен газетке «Түсімде» деп аталатын әңгімемді бердім, ол әңгімем осы газетте жарияланды. Содан кейін бұл газеттен қол үзгенім жоқ, үздіксіз жазып тұрдым. Бұл газет – менің журналистік тәжірибе алған мектебім. Қазақ совет жазушыларының әдебиет бетін осы газеттен ашпағаны кемде-кем. Газет олардың маңдайынан сипаумен ғана тәрбиелеген жоқ, ол қажетті кезеңдерде қате-кемшіліктерімізді көрсетіп, қатты жәрдемдесті.
Асқар Тоқмағамбетов: Тұңғыш өлеңім «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Социалистік Қазақстан») газетінің бірінші бетіне шықты. Сол күннен бастап газет менің үлкен мектебіме айналды. Көп ұзамай осы газетте «Құлшық» атты ұзақ өлеңім де басылып шықты. Өзіне тарта бастады, тәрбие берді, бағыт сілтеді...
1927 жылдың орта шенінен бастап мен де осы газетте корректорлықпен айналысып, кейінірек осы газеттің белсенді тілшісінің бірі болдым...
Иә, олай тартса, өгіз өліп, былай тартсаң, арба сынатын қиын кезеңде редакцияның асханасында сұлы ботқадан басқа ештеңе болмайды екен. Сонда Асекең:
Қыр соңымнан қалмады
осы ботқа,
Бұл да әулие болыпты
тамақ жоқта.
Сұрағанмен бесбармақ
кім береді,
Жеп алып, басайын да
біраз ходқа, – деген екен.
Даму (1939-1959) жылдары
Балғабек Қыдырбекұлы: Мен «Социалистік Қазақстанда» отыз жеті жыл қызмет істегенмін. Өзім көрген жеті-сегіз редакторлардың ішінде мен үшін Қасым Шәріпов орны өзгеше. Ол мақаласын екі тілде жазатын...
«Социалистік Қазақстанға» екі рет редактор болған белгілі журналист Қасым Шәріпов екі жолы да әділетсіздіктің құрбаны болып кете барған...
Қалмұқан Исабай: Қазіргі «Егемен Қазақстан» болып өзгерген кешегі «Социалистік Қазақстан» бетін бір шолып өтпесем, ол күні уызға жарымаған баладай көңілсіз жүремін.
Бұл газет менің университетіме, айдай әлеміме және ойымды мұқым жұртқа жария ететін жаршыма айналды. Сол себепті де мен аға газеттен айрылмаймын. Бұл газетте бар қазақтың көзі мен сөзі бар, айбыны мен үні бар.
Өсу (1959-1989) жылдары
Әзілхан Нұршайықов: «Егемен Қазақстанды» (бұрынғы «Социалистік Қазақстан») ертеден білемін. Ауылдағы орталау мектепте оқып жүрген бала күнімде онда І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы басылған. Оны ауыл адамдарына бірнеше күн оқып бергенім әлі күнге дейін есімде...
Менің «С.Қ.»-ның («Е.Қ.») авторы болғаныма 66 жыл екен. Ал, бұл газетті қолыма алып оқи бастағаныма 73 жыл болыпты. Неге мен бұл газетті сүйіп оқимын? Оның себебі әр айдың соңғы сәрсенбісінде «Егеменнің» «етжеңді» нөмірі шығады. Осы нөмірін оқырмандар асыға күтеді. Өз басым ерекше ынта қоямын.
Кемелдену (1989-2014) жылдары
Шерхан Мұртаза: 1989 жылдың күзі болар. «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор қызметінде арпалысып жүргенімде сол кездегі Орталық Комитет бір күннің ішінде мені бұл орыннан жұлып алды да «Социалистік Қазақстаннан» бір-ақ шығарды...
Ойда талай мақсат, мұраттар бар еді. Енді-енді қызып келе жатқанда жоғарыдан пәрмен келді ме, мен басқа жұмысқа ауысып, лапылдаған оттың ортасына күмп ете түстім. Күйіп кетпей тірі шыққаныма шүкіршілік.
«Егемен Қазақстанда» бас редактор болған үш жыл үш күнгідей зуылдап өте шықты. Сонда мен осы газеттің тұғыр тасын қалап, шаңырағын көтерген, көгерткен Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Ғабит Мүсірепов сынды бұрынғы бас редактор ағаларымның аруағына сыйынып-ақ бақтым...
Әбіш Кекілбаев: Мен бұл газетке 1993 жылдың 1-қазанында бас редактор болып келдім. Алғашында толқыдым. Тебірендім. Жариялылық заманындағы жариялымның әлеуметтік бейпілдікке біржақты ұрынып кетпей, әрі-сәрі қоғамды тезірек сауықтыруға шарапаты тиер жолдарды іздей бастадым.
Газетте бас редактор болған кездегі ұстанған қағидам: «Шарапатыңды тигізе алмасаң да, кесапатыңды тигізе көрме» болды.
«Егемен Қазақстан» газетінің 1919-2019 жылдар аралығында жұмыс істеген қызметкерлердің тізімдеріндегі тұнған сырға көз жіберсек, аға басылымда Сыр бойының талай-талай талантты қаламгерлері төгілте жазған. Солардың арасында кезінде қазақ баспасөзінің қара шаңырағының Қызылорда облысындағы меншікті тілшілері болған Байжігіт Әбдіразақов, Шәкізат Дәрмағанбетов, Өтеген Жаппарханов, Серік Пірназар, Ержан Байтілес, Бақтияр Тайжан атты азаматтар есімі елімізге танымал қаламгерлер қатарынан орнықты орын алды. Шәкізат ағамыз «Социалистік Қазақстан» газетіне 1960 жылдың тамыз айында қызметке барса, Өтеген ағамыз аға басылымның Жезқазған облысындағы меншікті тілшілігінен еліміз тәуелсіздік алысымен «Егемен Қазақстан» газетінің Сыр өңіріндегі тілшісі болып ауысады.
– Аға газетте еңбек еткен кезде талай қызықты да, қиындықты да бастан өткердік. Түйіп айтқанда, өнегелі өмір мектебінен сусындадық. Ондағы басшылар мен әріптестердің жылы сөздерін естіп, шыңдалдық. Қарашаңырақтан рухани азық алдық, – дейді Өтеген аға ағынан жарыла.
Сөз соңында айтпағым, 2008 жылдың мамыр айында «Егеменнің» Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі қызметіне барып, азын-аулақ қызмет жасадым. «Егемен» жайлы жүрегімде жазылып қалғандарды ақ қағазға түсірдім. Мен «Егеменнің» кезіндегі қызметкері ғана емес, сонау 60-шы жылдардан бергі оқырманы ретінде еліміз тәуелсіздігін алып, еңсесін тіктегелі бұл басылымның аты да, заты да түбегейлі өзгергенінің куәсі болып келемін. Турасын айтсам, Қазақстанның ХХІ ғасырдағы тіршілік-тынысын, аяқалысы мен даму жолын осы басылымсыз көз алдымызға елестету әсте мүмкін емес. Оқырмандар «Егеменді» асыға күтіп отырады. Саясаттың салиқалы сөзі, ел шежіресі, өнер мен әдебиет әлеміне саяхат, таным мен тағылым «Егеменде» тұнып тұрады.
Тәуелсіздікпен бірге түлеген «Егемен Қазақстан» елдің рухы мен даналық дүниетанымын діңгек етіп, мемлекеттің халықаралық қауымдастық алдындағы беделін көтерумен келеді. Өйткені бас басылым Қазақстанның қалыптасу кезеңіндегі қиындық пен қызыққа толы әр күннің куәгері, осы майданның белсенді жауынгері.
Еркін ӘБІЛ,
«Егемен Қазақстан» газетінің
2008-2011 жылдардағы Қызылорда
облысындағы меншікті тілшісі.