Индустриалды даму – экономиканың күретамыры

 Қызылордадағы «РМЗ-Шапағат» ЖШС-ның үй құрылысы комбинаты биыл қаңтар-ақпан айларында құны 167,8 млн теңге болатын 1,9 мың текше метр темір бетон бұйымын шығарды. Ал наурызда тапсырыстың жоқтығынан жұмысын тоқтатты. Облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қуанышбек Ысқақов индустриалды даму мәселелеріне арналған партиялық тыңдауда комбинаттың тамырына қан жүгірту маңызды екенін айтты.
Міндетті орындамағаны өз алдына, серіктестіктің «ҚДБ-Лизинг» АҚ алдындағы, са­лықтық, коммуналдық және жалақы қарызы қорда­ланып қалған. Өңірде, әсіресе, Сыр­дария­ның сол жа­ға­лауында құ­рылыс қар­қын алғанын ес­кер­сек, комби­нат өнімдерінің қажет­тілігі айқын сезіледі.
– Жергілікті құрылыс компаниялары керек материалды Жамбылдан әкеп жатқан көрінеді. Оның орнына неге өз өнімімізді пайдаланбасқа?! – деді аймақ басшысы.
2015 жылы ұлттық теле­көпір кезінде іске қосылған құрылыс индустриясындағы ерекше жобаны әуелгі және қазіргі бастамашылары да жандандыра алған жоқ.
– 3 үйдің құрылысына қатысты тапсырысты 2 жылда әрең бітірді. Тағы 3-ін аяқсыз қалдырды. Құрылтайшы уәде бергенмен оны орындамай отыр. Осылай жалғаса берсе, басқа инвестор тартуға тура келеді. Алайда, құрылыс компаниялары мен кәсіпкерлер арасында жобаға қызығушылар жоқтың қасы, – деді Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Облыс орталығында ин­дустрияландыру бағдар­ла­ма­­сының бірінші бес­жыл­­­дығында 4 жоба жүзе­­ге асы­рылса, екінші бес­жыл­ды­ғында 10 жоба қол­ға алынды. Жиында осы бағыттағы жұмыс және жоспар туралы айтылды.
Өңдеу өнеркәсібі бүгінде тамақ, машина жасау, мұнай өнімін өңдеу, жеңіл өнеркәсіп есебінен қалыптасып отыр. Облыстық статистика депар­та­ментінің мәліметінше, 2019 жылдың 9 айында салада 31,1 млрд теңгенің (өткен жылдың осы кезеңінен 2 процентке артық) өнімі өндірілді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 91,4 млрд теңге болды.
– Бағдарламаның екінші бесжылдығы аясында индус­трияландыру картасына құны 71,1 млрд теңгені құрайтын 10 жоба енді. Оның 2-еуі жүзеге асырылды, 1-еуі жыл соңында іске қосылады, – деді Н.Нәлібаев.

Картада көрініс тапқан жобалар белгіленген мерзімде орындалуы тиіс. Нәтиже болмаған жағдайда жер телімдері мемлекетке қайтарылады. Аймақ басшысы ел экономикасын еселейді деген бағдарламаға жүрдім-бардым қараудың соңы осыған әкеп соғатынын жеткізді.
Жиында Қармақшы, Шиелі және Жаңақорған аудан­дарының әкімдері де атқарылған жұмыс пен кезегін күткен жобалардың есебін жасады.
Бағдарламаның бірінші бесжылдығында Қармақшыда Қорқыт ата зиярат ету орталығы жобасы жүзеге асты. 2013 жылы пайдалануға берілген кешен жылына 1500 туристі қабылдай алады. Ал жылына 1500 тонна құс етін өндіретін фабрика ашу жобасы екінші бесжылдықтың еншісінде. Соңғы он жылда индустрияландыру картасына небәрі екі жоба енген.
Облыс әкімі туристер үшін тартымды Қорқыт ата мемо­риалды кешенінде келушілерге барлық жағдай жасалуы тиіс екенін, одан бөлек, жұмыс орнын көрсетуде жалған цифр ұсынбауды ескертті.
– Жыл басында «Дорстрой» серіктестігі Қорқыт ата зиярат ету орталығын жеке кәсіпкерге жалға берген. Кәсіпорында жоспарға сәйкес 15 жұмыс орны құрылу керек болса, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне сәйкес қазір онда 3 адам жұмыс істеп жатыр. Екінші жоба бо­й­ынша кәсіпорынның 6 жыл бұрын ашылғанын, жобалық қуаттылықты игергенін ескере отырып, қалған жұмыс орнының ашылуы бақылауда болуы тиіс, – деді аймақ басшысы.
Индустрияландыру бағдар­ла­масы шеңберінде Шиеліде атқарылған шаралармен аудан әкімі Әшім Оразбекұлы таныс­тырды.
– Бірінші бесжылдықта кар­таға 2 жоба енгізілді. Жеке кәсіпкер Палжановтың кірпіш өндірісі 2012 жылы іске қосылды, бүгінде ол тұрақты жұмыс істеп тұр. «Алтын бала-08» серіктестігінің қамыс тақтай өндірісі жобасы құрылтайшылар арасындағы дауға байланысты уақытша тоқтады. Өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен картадан шығарылды. Бағдарламаның екінші бесжылдығы аясында құны 149,2 млрд теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асырылады, – деді Ә.Оразбекұлы.
Бағдарлама бойынша ауданда екі жоба ғана мақұл­данса, онда жеңіл және жиһаз өнеркәсіптері мүлдем қамтылмаған. Соның кесірінен биыл 9 айда жеңіл өнеркәсіп саласында көрсеткіш төмен болды. Облыс әкімі кемшілікті жою үшін тиісті жобалардың қаржыландырылмауын қатаң сынға алды.
Жаңақорғандағы «Тату Агро» шаруа қожалығының томат пастасын шығару жобасы әлі тұралап тұр. Топырақтың құнарлы болмауы себепті биыл 80 гектар жерге қызанақтың орнына жүгері егілді. Еске салсақ, бұл – бірінші бесжылдықта картада көрініс тапқан екі жобаның бірі. Ал «СКЗ-U» компаниясына қарасты күкірт қышқылы зауыты жұмысын жолға қойды.  
Аудан әкімі Сұлтан Мақашовтың айтуынша, екін­ші бесжылдық аясында 4 жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар – «Премиум Класс-Строй» ЖШС-ның әк шығару, «Қызылорда AGROPlus» ЖШС-ның томат пастасын шығару, республикалық индустрияландыру картасы аясында «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ-ның «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында қуаттылығы жылына 4 млн тонналық кен байыту комбинаты, «Казахстанская Евразийская логистическая сервисная компания» ЖШС-ның ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі жобалар.
Аймақ басшысы «Қара­пайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында ауданда ешбір жоба мақұлданбағанын айтып, тиісті жұмысты дер кезінде жүзеге асыруды тапсырды.
– Жылдың аяқталуына аз уақыт қалды. Әлі бірде-бір өтінім мақұлданбаған. Ауданға бекітілген меже – 2 млрд теңгені қалай игересіздер? Биыл 9 ай қорытындысымен жеңіл өнеркәсіп 1,3 процентке, құрылыс бойынша көр­сеткіш 42,1 процентке тө­мендеген. Сондықтан осы салалар аясындағы жобалармен жұмысты күшейту керек, – деді облыс әкімі.
Назерке САНИЯЗОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 қараша 2019 г. 535 0