Палуандар бәсекесі: жамбылдықтар жеңіс тұғырынан көрінді

«Евразия» спорт кешеніндегі дүбірлі доданың соңғы күнінде әйелдер арасындағы белдесу өтті. Ел чемпионатына Қазақстанның барлық өңірінен 500-ге жуық палуан қатысқанын айтқан едік. Әйелдер бәсекесінде 84 палуан бағын сынады. Бұрымдылардың жекпе-жегі де ерлердікінен бір мысқал кем емес. Мұнда да қарсыластың қолын «байлап», алып жыққан мықтылар көп болды.

Жарыс бастала сала төрешілердің алдындағы үш кілемге үш салмақ бойынша палуандар шыға бастады. Қыз демесең, талай қақпақ жауырынды жерге тигізетін қауқары бар. Күні бұрын түйе палуандардың күресін тамашалаған соң ба, олардың асықпай байыппен қолданатын тәсілдерінен кейін қыздардың қимылы ширақ көрінді. Бір-бірінен көз алмай қарап тұрған қос қарлығаштың біреуі екіншісін алып жыққанын қас-қағым сәтте байқамай да қалып жаттық. Өзі құлап бара жатып, қарсыласты бірінші сұлатқандар да болды. Хабарлаушының аузынан «Қызылорда» деген сөз шықса, құлағымыз елең етіп, боз кілемнен Диана Ғайбулла, Сымбат Төрен, Аида Ермашова, Нұрғаным Тұршабекова тәрізді палуан қыздардың жекпе-жегін тамашаладық. Ә дегеннен Сыр сұлулары өзгеден басым түсіп, қарсыласты шақ келтірмей жатқан. Ерекше айта кету керек, Ғайбуллина мен Ермашова­дан көрермен көз алмады. Әдіс-тәсілге бай, олар күресіп болғанша жанкүйерлер тыным таппады.

Соңғы жылдары күрес­ке қамқорлық ерекше сезіле бастады. Федерация 1981 жылы құрылса, содан бері рес­публика бойынша бұл спорт түрінен 14 клуб пайда болды. Республикада 2 мыңға жуық жаттықтырушы еңбек етіп жүр. Елде 116 мыңнан астам шұғылданушысы бар қазақ күресінен жарыстар әлемдік деңгейде өткізіледі. Халықаралық күрес федерациясының күрестер тізіміне енген.

– Ол тізімге ену үшін өзіне тән формасы да болу керек. Біздің қазақ күресіне қатысушылардың кеудешесінің жеңі қысқа, етегінде жырығы бар. Шалбарында да солай. Жең қолдың еркін қимылдауы үшін қысқа, жырық та қол-аяқ­тың қозғалысына кедергі болмас үшін қойылған. Ою-өрнек – ұлттық символымыз. Ал кеудешенің сипаты сауытқа ұқсас. Батырларымыз сауыт киіп, жаумен айқасса, олардың ұрысын қазір өнерге айналдыр­дық. Бұл – батыр бабалардың бізге қалдыр­ған аманаты, – деді облыстық казақ күресі федерациясының президенті Рзақұл Нұртаев.

Боз кілемге шыққан алғаш­қы спортшылардың бірі ретінде 52 келіде сынға түскен Нұр-Сұлтан қаласының палуаны Ботакөз Дүйсенбаева мен жерлесіміз Аида Ермашова белдескенде кілемнен көз алмадық. Соңына дейін күресті. Екеуінің күші тең тәрізді еді, бір-бірін ала алмаған. Ойымызда кешегі Нұрым Сәлімгерей мен солтүстікқазақстандық Мұхит Тұрсыновтың кездесуіндегі жағдай. Қайталанбаса деп тұрғанбыз. Спорт заңдылығына сәйкес егер екі спортшы тең деңгейде күрессе, қайсысының салмағы жеңіл болса, сол алатын. Алғашқы күндердегі әттеген-айымыз осы болды. Қос қарлығаштың да күші басым болып, өрнекті ойын көрсетті. Санаулы секундтар қалғанда елордалық палуан қыз жерлесімізді жерге алып ұрды. Көзімізді тарс жұмдық.

Ғайбулла Диана да алғашқы сәтте мықтылығын көрсетті. Павлодарлық Жанар Билялова­мен күресте қарсыласын шыдатпады. Көп уақыт жібермей, жеңіп шыққан. Онысына қуанып, бөркімізді аспанға аттық. Мұнан соң түркістандық Айжан Жылқыбаевамен кілемге шыққан оны қарсыласы сәл ғана басымдықпен тізе бүктірді. Бұл – ақтық сынға шығу үшін жекпе-жек болатын. Өкі­нішке қарай, оған жетпедік. Осы­лайша, 52 келіде сайысқа түскендер арасынан Айжан Жылқыбаева Дианадан соң бірнеше қарсыласын жығып, финалда батысқазақстандық Әйгерім Телемгеновамен шыққан. Нәтижесінде бірінші орынға тұрақтады. Ал Ә.Телемгенова екінші орынды еншіледі. Үшінші орын павлодарлық Жанар Билялова мен елордалық Ботакөз Дүйсенбаеваға бұйырды.

Күрестің 48 келілік бәсекесіне 7 палуан қыз қатысты. Тартысты бәсекенің төрінде бірінші орынға шымкенттік Ұлдана Сайыл тұрақтаса, түркістандық Жадыра Пайыз екінші орынды еншіледі. Ал алматылық Сымбат Нағашыбаева мен қарағандылық Маргарита Бажаеваға үшінші орын бұйырды. 57 келіде сынға түскен жерлесіміз Зульфия Баянова алғашқы айналымда-ақ жығылды. Қарсыластарынан айласын асырып, тәжірибе мен күштің басымдығын танытқан жамбылдық Ақмарал Ерназарға көпшілік тәнті болды. Тығыршықтай денелі ол финалда алматылық Сымбат Дулатовамен белдесті. Нәтижесінде алматылық ару екінші орынға ие болды. Үшінші орынды Қарағанды палуаны Қымбат Бақыт пен атыраулық Ақжол Қайыпхан алды.

Күрестің 63 келілік сайысында сырбойылықтар Сымбат Төренге көп үміт артты. Ә дегеннен қарсыластарын алып ұрып, жығып келе жатты. Пай дестік. Шымкенттік палуанды жеңіп, алматылықпен шыққанда да дүйім жұрттың делебесі қозып, кілемнің шаңы көтерілгендей болған. Ойын соңында ол да жеңіс жолынан тайды. Боз кілемде қарағандылық Ажар Салықова өзгеге дес бермей, жеңіс тұғырынан көрінсе, алматылық Камила Ысқақова екінші орынға тұрақтады. Ал Сымбат Төрен мен Нұр-Сұлтан қаласынан келген Ұлжан Дүйсембаева үшінші орынды қорғап қалды.

Жетпіс келідегі палуандар арасынан да жерлестеріміз жеңіс жолына шыға алмады. Гүлдерайым Алмағамбет алғашқы қарсыласын жеңгенмен, одан кейін жолы болмады. Алиса Нұртас алғашқысынан да осалдық танытты. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» деген осы да. Бұл салмақта сынға түскендер арасынан батыс өңірдің бағы жанды. Атыраулық Назгүл Кубашова бірінші орын алса, ақтөбелік Аруна Жангелдина екінші орын иегері атанды. Шымкенттік Әйгерім Тасболат пен жамбылдық Аружан Жолдас үшінші орынды қанағат тұтты. Жетпіс сегіз келіде Әсел Бисембай мен Мереке Құдайбергенова облыстың намысын қорғамақ болды. Десе де, Әсел Бисембай алғашқы жекпе-жектен әрі аса алмады. Мереке Құдайбергенова үшінші орынға табан тіреді. Шымкенттік Ғалия­бану ­Аманханова да осы деңгейге тұрақтады. Екінші орынды ақтөбелік Аяла Мереке алса, бірінші орынның биігін атыраулық Эльмира Самиғоллақызы бағындырды.

Жарыстың соңғы күнінде төрешілер команда бойынша жүлделі орындарды үлестірді. Чемпионатта Жамбыл облысы топ жарып, бірінші орынды алса, екінші орынды Алматы қаласы қанжығасына байлады. Үшінші орын Атырау облысының командасына бұйырды.

Бұл чемпионаттың өзіне тән ерекшелігі бар. Осы тартысты додаға қатысқандар болашақта әлемдік, халықаралық ірі са­йыстарда ел намысын қорғайды. Ал жүлделі 1, 2 және 3-орын алған палуандар ұлттық құрама сапына енді. Қарсылас­ты тізе бүктіріп, айласын асырған апайтөстердің байрақты бәсекесі Алаштың айбынын асыр­ғаны анық. Сыр спортшылары бұл жолы қонақтарға жол берді деп өзімізді жұбатқандай болдық.

«Евразия» спорт кешеніндегі дүбірлі доданың соңғы күнінде әйелдер арасындағы белдесу өтті. Ел чемпионатына Қазақстанның барлық өңірінен 500-ге жуық палуан қатысқанын айтқан едік. Әйелдер бәсекесінде 84 палуан бағын сынады. Бұрымдылардың жекпе-жегі де ерлердікінен бір мысқал кем емес. Мұнда да қарсыластың қолын «байлап», алып жыққан мықтылар көп болды.
Жарыс бастала сала төрешілердің алдындағы үш кілемге үш салмақ бойынша палуандар шыға бастады. Қыз демесең, талай қақпақ жауырынды жерге тигізетін қауқары бар. Күні бұрын түйе палуандардың күресін тамашалаған соң ба, олардың асықпай байыппен қолданатын тәсілдерінен кейін қыздардың қимылы ширақ көрінді. Бір-бірінен көз алмай қарап тұрған қос қарлығаштың біреуі екіншісін алып жыққанын қас-қағым сәтте байқамай да қалып жаттық. Өзі құлап бара жатып, қарсыласты бірінші сұлатқандар да болды. Хабарлаушының аузынан «Қызылорда» деген сөз шықса, құлағымыз елең етіп, боз кілемнен Диана Ғайбулла, Сымбат Төрен, Аида Ермашова, Нұрғаным Тұршабекова тәрізді палуан қыздардың жекпе-жегін тамашаладық. Ә дегеннен Сыр сұлулары өзгеден басым түсіп, қарсыласты шақ келтірмей жатқан. Ерекше айта кету керек, Ғайбуллина мен Ермашова­дан көрермен көз алмады. Әдіс-тәсілге бай, олар күресіп болғанша жанкүйерлер тыным таппады.

Дәулет ҚЫРДАН
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 қараша 2019 г. 461 0