« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
«Жастар жылында» өңірде қандай шаралар атқарылды? Кеше облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың төрағалығымен өткен жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысында осы мәселе қаралды.
Облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов пен жауапты сала басшылары қатысқан жиында спикерлер жастарды қолдау, соның ішінде NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу, оларды жұмысқа орналастыру мәселесіне қатысты баяндама жасады. Бірінші болып облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов сөз алды. Сыр өңірі мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыру бойынша көшбасшылар қатарында, 2021 жылға дейін белгіленген арнайы «Жол картасында» жастардың жұмысқа орналасу, тұрғын үй, білім беру, бос уақытты тиімді пайдалануға қатысты мәселелерінің шешімі қарастырылған.
– Әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы қарқын жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі ұстанымына, ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей байланысты. Ендігі кезекте біз жастардың ақпараттық-саяси мәдениетін көтеруге көңіл аударудамыз. Білім берудің, денсаулық сақтаудың, үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың ауқымды мемлекеттік бағдарламалары жастардың болашағына бағытталып отыр. Биыл облыс бойынша 500-ге жуық жас кәсіпкерлік негіздерін оқыса, 22 мыңы осы бағдарламалардың игілігін көрді. Олардың қатарында «Жұмыспен қамту – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламалары бар. Ауыл жастарына арналған «Дипломмен – ауылға!» жобасы да жемісін беруде. Қолдау бұдан былай да толастамайды. Оны Сырдарияның сол жағалауынан мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында пайдалануға берілген жаңа орталықтан байқауға болады. Бұл «Жастар жылына» үлкен сый болды, – деді Қ.Жанұзақов.
Сонымен қатар басқарма басшысы аймақта NEET санатындағы жастар саны төмендегенін алға тартты. Оған еңбек ресурстары балансының жыл сайын жаңаруы, «Облыс бойынша NEET санатындағы жастармен жұмыс жасау жөніндегі іс-шаралар жоспарының», жоғарыда аталған «Облыс бойынша мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021 жылға дейінгі Жол картасының» іске асырылуы ықпал еткен.
– Жаңа жоба көп. Қазір жеті жұрттың тілін білуді әуелден мақсат еткендерге болашақтың есігі ашық. Бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетіндер өз елінде де, шетте де бәсекеге қабілетті маманға айналады. «Жастар ресурстық орталығы» КММ осыны ескере келе, ағылшын тілін оқыту жобасын сәтті жүзеге асырды. Оған қоса бүгінде еріктілер қызметін насихаттайтын «Еріктілер тобы», стартап идеялармен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін «Kyzylorda Business Hub» жаңа жобалары жұмысын бастады, – деді басқарма басшысы.
Кеңесте жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу сөз болды. Бұл ретте облыс әкімі баланың теріс жолға түспеуі ата-ана, мектеп және құқық қорғау органдарының бірлескен әрекетіне байланысты екенін еске салды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдусаметов салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау бойынша жүргізілген жұмыстарды ортаға салды. Ал, қала әкімінің міндетін атқарушы Бектас Нұриддинов пен Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Жағыпар Тәжмаханов жастар саясатының дамуын баяндады. ІТ технологияны игеру, қаржылық сауаттылықты қалыптастыру мақсатындағы шараларға да тоқталды. Қалған аудан әкімдіктері де бейнебайланысқа шығып, осы бағытта атқарылған істерді тарқатып айтты. Келесі кезекте облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова саладағы жастарға көрсетілген қолдауға тоқталды.
– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының мәдениет қызметкерлеріне қолдау көрсету туралы тапсырмасы жұмысымызға тың серпін берді. Мемлекет басшысының еңбекақыны көтеру, әсіресе мәдениет саласында қызмет ететін жас мамандарды жеңілдігі бар тұрғын үймен қамтуға қатысты айтқан ұсынысын біз ерекше ықыласпен қабылдадық. Ол саланың беделін биіктетіп ғана қоймай, кадр тапшылығын азайтуға септесуде. Биыл мәдениет саласының 12 маманы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша біржолғы жәрдемақыға қол жеткізді. 25 маман тұрғын үймен қамтылды. «Жастар жырлайды» атты республикалық ақындар айтысын биылғы жылдың ауқымды мәдени шараларының бірі ретінде атауға болады. Бұдан бөлек, «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында облыстық филармонияның камералық оркестрі түркітілдес елдердің қатысуымен Босния-Герцеговина мемлекетінде өткен классикалық камералық оркестрлер фестивалінде, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі Мәскеудің Кремль сарайында жоғары деңгейде өнер көрсетті. Оның құрамында жасы 35-ке дейінгі жастар бар, – деді М.Әбуова.
– Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметі бойынша, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының аясында биыл «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 835 жас жолданып, сертификат алған. «Жас Кәсіпкер» жобасы аясында кәсіпкерлікке баулу бойынша 1100 жас оқуды аяқтаған. Бағдарламаның екінші бағыты – жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша жалпы 1935 жас кәсіпкерлік негіздеріне оқытылған. Оның 1337-сі мемлекеттік грантқа ие болған. Арнайы оқу курсынан өтіп, алайда грант иелене алмаған 598 жас не істейді? Сонымен қатар, бағдарламаның екінші бағыты жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 1 қарашаға дейін облыс тұрғындарының 1758-не мемлекеттік грант берілген. Оның 1077-сі жастар. Бюджеттен 492 млн теңгеге мемлекеттік грант алған жастар жобаларының нәтижесі аймақ жастары көрсеткішінің, оның ішінде жастар жұмыссыздығының өзгеруіне қашан әсер етеді? Неге NEET санаты мен жастар жұмыссыздығы көрсеткіші өте төмен? Бағдарлама әкімшісі ретінде бақылау жасау қалай жүзеге асуда? Кәсіпкерлер палатасының үйлестіруімен жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар арқылы 2400 жас кәсіпкерлік бастамаға үйрену бойынша оқудан өткен. Сертификаттарын аларда кәсіпкерлік жобаларын қорғайды. Бұл жобалардың өз деңгейінде жүзеге асуына кәсіпкерлер палатасы арқылы да мониторинг жұмысын күшейту керек. Сондықтан, жастардың кәсіпкерлік жобаларына сараптама жүргізуді тапсырамын, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі жауапты сала басшыларына Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп 2020 жылғы қаңтар, ақпан айларында барлық деңгейдегі Жастар ресурстық орталығы мамандарының біліктілігін зерделеу үшін арнайы аттестация өткізіп, нәтижесін 1 наурызға дейін баяндауды тапсырды.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |