Баланың есен-саулығы – ерен бақыт

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Сындарлы қоғамдық диалог  –  Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында тұрғындардың денсаулығын жақсарту мәселесіне айрықша назар аударылды. Медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырылды. Әсіресе, ана мен сәби өлім-жітімін төмендету мақсатында нақты міндеттер жүктегені белгілі. Расында ұлт болашағы дені сау ұрпақпен байланысты. Олай болса, келешегіміз саналатын сол жеткіншектерге көңіл бөліп, қамқорлық көрсету басты міндет. Бұл орайда елімізде, оның ішінде Сыр өңірінде де ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінде облыс орталығында балалар саулығын сақтауға қызмет ететін медициналық мекемелер баршылық. Солардың  бірі –  облыстық балалар ауруханасы.  «Баламның табанына кірген тікен менің маңдайыма қадалсын» дейтін әрбір ата-ана үшін бауыр еті – баласының аман-есен ер жетіп, азамат болғанынан артық бақыт жоқ. Алайда, өмір болған соң небір жағдайлар кезігіп жатады.  Әсіресе, баласы ауру азабын арқаласа, ет-жүрегі езілетін ата-ана жай-күйі бәрімізге белгілі. Осындайда бірінші Алладан, екінші ақ желеңділерден жәрдем тілейміз. Облыстық балалар ауруханасын  қаншама сырқат жеткіншектердің жанына сая, дертіне шипа дарытып, талай сәбиді ажал аузынан алып қалған құт мекен дерсіз.

Мамандандырылған көмектің маңызы

Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 2016 жылы ашылған аурухана 335 төсек орынға арналған және бір ауысымда 300 бала қабылдайтын кеңес беру диагностикалық емханасы жұмыс істейді. Көпбейінді болғандықтан мұнда науқас­тарға мамандандырылған меди­циналық көмек көрсетіледі. Заманауи медициналық мекемеде соматикалық аурулармен бірге  балалар хирургиясы, жансақтау бөлімі мен ота жасау бөлімдерін ашуға мүмкіндік жасалды. Атап айтқанда, ауруханада 11 клиникалық бөлім­шемен қоса қосалқы бөлім­шелер де бар. Мәселен, педиатрия, неврология-реабилитация, пульмонология, нәрестелер бөлімшесі, неонаталды хирургия, нейрохирургия, травматология, хирургия, реанимация және мейіргерлік бөлімшелері келушілерге көмек көрсетеді.

Бас дәрігер Зоя Көшено­ва­ның басшылығымен меди­циналық көмек сапасын жақ­­сарту бағытында түрлі шара­лар қабылданып, жұмыстар ат­қа­рылуда.  Әсіресе, ауыр сырқаты бар науқастарға сапалы көмек көрсетуде көптеген тірлік істелуде. Мәселен, неврология бөлімінен 25  төсектік оңалту (паллиативті) бөлімі ашылып, мүмкіндігі шектеулі балаларға, аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан сырқаттар емделуіне қолайлы жағдайлар жасалды. Ол жерде науқастар кон­сервативтік емнен бөлек, фи­зиотерапиялық ем алады. Сонымен бірге бассейн іске қо­сылып, су процедураларын қабыл­дауға мүмкіндік жасалды.  Оған қоса тұзды шахта жұмыс істеуде.


– Облыс бойынша балалар арасында созылмалы өкпе бронх демікпесі және аллергиялық ауру­лардың азаймай тұрғанын негізге ала отырып, былтырдан бастап тұзды шахтаны іске қостық. Оған жергілікті бюджеттен арнайы қаржы бөлінді, – дейді бас дәрігер.

Сонымен бірге ауруханада «Қант диабеті», «Брон­хиалды астма», «Гемофилия» және «Эпилепсия» мектептері ашылып, онда ата-аналарға аурудың алдын алу, сырқат балаларға еміне қарай талдау жасау жайлы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отырады.  Бұл жұмыстардың барлығы сырқат сәбилерге  көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған.

Шала туған бала бақылауда болады

Катам­нестикалық бақылау каби­не­ті­ де – сондай игі мақ­саттан туындаған шараның бірі.

Бұл кабинет 2017 жылы ашылды. Онда педиатр, нео­натолог, невропатолог, кардиолог, офтальмолог, хирург секілді бірқатар мамандар мерзі­мінен бұрын туған сал­мағы аз нәрестелерге ма­ман­­­дан­дырылған медици­на­лық кө­мек көрсетеді. Мұнда ша­ла туған нәрестелер туралы мә­лімет жинақталады. Мәлімет об­лыстық перинаталды орта­лықтан алынады. Қалалық және аудандық емханаларға хабарланып, шақыртылады.

Бас дәрігердің айтуынша, бұл шараның шала туған нәрестелерге шұғыл әрі жан-жақты көмек көрсетуде, балалар өлім-жітімін азайтуда маңызы зор болып отыр. Биылғы 9 айда облыста 556 нәресте шала туса, соның 381-і осы кабинеттен өткен.

сапалы зерттеулер өзімізде жасалады

Науқастарға сапалы көмек көрсетуде заманауи құрал-жабдықтардың маңызы зор екені белгілі. Ауруханада уақыт талабына сай емдеудің тың әдіс-тәсілдерін, медицинадағы жаңа­шылдықтарды енгізумен ма­териалдық-техникалық база­ның талапқа сай болуы басты назарда. Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша  аурухананы медициналық құрал-саймандармен және бұйымдармен жарақтандыру 90,08 процентті құрады. Емдеу орны УДЗ, ЭКГ, МРТ, КТ аппараттарымен бірге коа­гулапатиялық тексеру жүргізуге қажетті реагенттермен қамта­масыз етілген. Оған қоса клини­калық диагностикалық зерт­ханада жаңадан «Minicap» ана­лизаторы емделушілерге қызмет көрсетуде. Бұл құрылғы күрделі аурулардың диагнозын анықтауға мүмкіндік береді.

– Облыста гемофилия ауруымен 23 бала есепте тұрады. Олар жылына екі рет Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына барып  гемостаздың факторларын ACL ELITE PRO коагулометрінде зерттеу жасатып отыратын. Қазір бұл зерттеуді өзіміздің зертханада жасауға мүмкіндік туды, – дейді бас дәрігер.

Осының нәтижесінде аурухана республикада алғаш­қылардың бірі болып гемофилия ауруымен ауыратындардың 8-9 факторын анықтау тәсілін енгізді. Оған қоса биылғы жылдың тамыз айынан бас­тап Finecre анализаторында Д дәруменін анықтау жолға қойылды. Аталған сарап­та­малардың барлығы облыс көлемінде тек балалар ауру­ханасының зертханасында жасалуда. Десе де, әлі де бірқатар құрылғылардың қажет­тігі бай­қалады. Атап айт­қанда, доплерография, УДЗ, эхоофтальмоскоп, лазерлі офталь­мологиялық, амплипульстерапия аппараттары керек.

Жоғарыда айтып өткені­міздей, орталықта бала сау­лы­ғын сақтауға қажетті за­манауи құрал-жабдықтар баршылық. Олармен жұмыс жасайтын мамандарды уақытылы даярлау – бас дәрігердің алға қойған бас­ты мақсаты.

Білікті мамандардың нәтижелі жұмысы

Маман демекші, ауруханада барлығы 86 дәрігер, 308 орта буын медицина қызметкері еңбек етеді. Мамандармен қамтылу көрсеткіші 81,4 процентті құрайды. Уақыт бір орнында тұрмайды. Онымен бірге әлемдік медицина да үздіксіз дамып келеді. Күн сайын түрлі аурулар бойынша емдеудің тың тәсілдері, небір озық технологиялар шығуда. Олардың тілін табу білікті маманның ғана қолынан келмек. Бұл, әрине, ақ халаттылардан үздіксіз ізденіс, терең білім талап етеді. Осыны ескерген мекеме басшысы дәрігерлер білімін жетілдіруге аса көңіл бөліп келеді. Нақтырақ айтқанда, ауруханада мамандардың білімін жетілдіру мен біліктілігін көтеру жолға қойылған. Мәселен, биылғы тоғыз айдың өзінде 32 дәрігер республикалық орталықтар мен шетелдерде білімін жетілдірген. Оның ішінде 7 қызметкер Астана, Алматы қалаларында қайта даярлау­дан өтсе, 24-і білімін жетілдіру курсында оқып қайтқан. Ал 2 дәрігер Мәскеу қаласында оқып келген. 82 мейірбике білім жетілдіру курстарынан өткен. Былтырдың өзінде екі маман Корея мемлекетінде кәсіби біліктілігін арттырған. Сондай-ақ, дәрігерлер білік­тілігін арттыруда Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан мамандар шақырып түрлі семинарлар өткізу дәстүрге айналған. Мәселен, аурухана жанынан «Балалық шақ ауруларын ықпалдастыра емдеу» оқу орталығы ашылып, онда күні бүгінге дейін 2280 медицина қызметкері білімін байытқан. Орталық жұмысымен танысу мақсатында былтыр Өзбекстан, Қырғызстан және Абхазия елдерінен мамандар келіп, ЮНИСЕФ-тің ұйымдастыруымен «Патро­наждық қызметтің әмбебап-прогрессивті моделін енгізу» бойынша тренинг өткізілген. Ал биыл Украина, Өзбекстан, Иран елдерінің медицина мекемелерінің басшылары келіп, тәжірибе алмасқан.

Алғыс арқалаған ақхалаттылар

ауруханада көп жылдар еңбек етіп, өзінің адал қызметімен, біліктілігімен көптің алғысын арқалаған, бү­гінде жастарға ақыл-кеңесін беріп, тәжірибесімен бөлісіп жүрген мамандар – мекеме мақтанышы. Сондай ақ халаттылар қатары көп мұнда. Атап айтсақ, 35 жылдық еңбек өтілі бар жоғары дәрежелі дәрігер А.Мұсафирова, 24 жыл­дық тәжірибесі бар маман А.Оразбаева, 22 жылдан аса еңбек етіп келе жатқан жоғары дәрежелі дәрігер З.Мыр­захметова, реанимация бөлім­шесінің меңгерушісі, 22 жылдық тәжірибесі бар маман А.Ағымбаева, пульмонология бө­лімшесінің меңгерушісі, 18 жылға жуық осы салада қызмет істеп жүрген дәрігер А.Абылаева, 10 жылға жуық еңбек өтілі бар нейрохирургия және травматология ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі О. Құрбанбаев сынды көптеген қызметкерлер жас әріптестеріне үлгі.

Жылдам әрі ыңғайлы

Аурухананы цифрландыруға байланысты бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен, жедел жәрдем бригадасының ке­ле жат­­қанын алдын ала біліп отыру мақсатында қа­был­­дау бөлімшесіне арнайы «Кө­мек» бағдарламасы орна­тылды. Сонымен бірге қа­былдау бөлімшесінде тіркеу пост­­тары, жедел көмек көр­сете­тін реанимациялық зал, нау­қастарды бақылауға ар­нал­ған пост, нәрестелерге ар­налған арнайы бөлме ашылып, іріктеу жолақтарымен қам­тамасыз етілген. Триаж жүйесі бойынша медициналық ірік­теу нәтижелері ескерілген фукцио­налдық сырғытқылары бар универсалды қарау каби­неттері іске қосылған. Оған қоса аурухана ішінде жедел көмекті ұйымдастыруға арналған «SOS» бағдарламасы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта «КМИС» бағ­дар­ламасы бо­йынша деректер ба­засы ста­тис­тикалық кабинет пен жергілікті жүйеге қо­сылған. Бұл стационарлық нау­қастың медициналық картасын, зерттеулер, талдаулар және басқа да ем-шаралар жүр­гізуге қолайлы. Сонымен бірге телемедицинаның мол мүм­кіндігінің нәтижесінде аудан­дардағы науқастарға кеңес беру жолға қойылған.

Аурухана тәжірибесі таратуға тұрарлық

Осындай тынымсыз тірліктің нәтижесінде балалар ауруханасы көптеген тың тәсілдерді енгізіп, емдеудің жаңаша әдістерін қолдана бастады. Атап айтқанда, балалар хирургиясын жетілдіру мақсатында  жаңадан ота түрлері жасалуда.  Мәселен, алғаш рет нәрестеге диафрагмалды грыжаға ота жасалса, бүйрек кисталарын лапароскопиялық жолмен емдеу енгізілді. Сонымен бірге кіндік жыланкөздеріне лапароскопиялық ота жасау, өңешті жіп бойымен буждау, эндоскопиялық аденойдэктомия, жалғамалар транспозициясы да – қолға алынған тың тәсілдер. Осындай үздіксіз ізденіс, талмай атқарылған еңбек аурухана ұжымын облыс ғана емес, республика көлемінде де абырой биігінен көрсетіп келеді. Айта кету керек, жақында ғана «Nur Otan» партиясы жанындағы балалар құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі республикалық кеңес тобы өңірімізде болып, аймақта балалар құқының қорғалуына сараптама жұмыстарын жүргізу барысында облыстық балалар ауруханасының жұмысына жоғары баға беріп, мұндағы озық үлгілерді республикадағы өзге мекемелерге тарату жөніндегі ойларын айтқан болатын. Бұл – бір ғана мысал. Аурухананың ауыз толтырып айтарлық жетістіктері баршылық. Бұл ұжымның тынымсыз еңбегі, үздіксіз ізденісінің бірден-бір нәтижесі екені сөзсіз. Ал осы же­тістіктерге жетуде жұмыс ба­рысын қиыннан қиыстырып ұйым­дастыра білген, оған қоса ұжымды осы істерге жұ­ды­рықтай жұмылдырып отыр­ған бас дәрігердің өлшеусіз ең­бегі жатқанын айтпай кетуге болмас.

Зоя Рахатқызы 2017 жылы осы ауруханаға бас дәрігер болып тағайындалғанға дейін көп жылдар балалар дәрігері, облыстық денсаулық сақтау бас­қармасында ана мен бала бөлімінің бас маманы, об­лыс­тық мамандандырылған сәби­лер үйінің бас дәрігері болып қызмет атқарған. Өзінің іс­кер­лігінің, еңбекқорлығының, ізде­німпаздығының арқасында әріп­тестері арасында бедел биігінен көрініп келеді. Қызметте жоғары санатты дәрі­гер, «Денсаулық сақтау сала­сының үздігі»  болса, отбасында аяулы жар,  үш бала тәрбиелеп отырған ардақты ана.

   

Айнұр БАТТАЛОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 қараша 2019 г. 662 0