Табиғатты алдырмай сұр ажалға, Қорықшы жүр ну тоғай, құба жонда...

Тарссс... Қос ауыздың ұңғысынан көк түтін бұрқ еткен. Ақшабай атқан оқтың далаға кетпесін білетінмін. Бірақ, бұл жолы қате тиген сияқты. Қырғауылдың қоразына оқ дарымады. Сірә, бытыра әлсіреп барған болуы керек. Қораз қалбалақтай ұшып, қалың шеңгел арасына жаралы күйде қойып кетті. Мен құмарлықпен іздемекші едім, өзі тоқтатты.
– Бәрібір таппайсың. Ол жаралы болғанмен, қалың ішінде, жықпыл-жықпыл арасында біразға дейін жорғалайды. Өзі әлсіреп, құлағанша...
–  Арам өлетін болды-ау. Енді не істейміз.
– Жүре берейік. Биыл құс көп. Сол қырғауылсыз-ақ, бірдеңе етерміз.
–Обал болды ғой. Далбасалап тағы бірдеңе айттым.
– Ей, сенің де аяқ астынан жанашырлығың ұстап қалады екен. Жүр енді.
Тарыдай жанары жыпылықтап, қинала жан тапсырған бұта түбіндегі қызғылт қанат қырғауылдың елесі біразға дейін көз алдымда тұрып алды...
Шынымен, құс атып жүрген құрдасымның ұшқан күйі жалп етіп алдына түспеген олжасын, әлгіндей жаралы күйде, оқ әлсіз тиген құсты я қоянды «арам өлмесін», «обал қылмайын» деп сабылып іздегенін көрмеппін. Атады, атады, қолға түскені бұйырып, көбіне-көп осылай жаралы күйде далада қалады. Жалғыз Ақшабай ғана емес, көп «аңшының» кәсібі осы. Обал-ақ.
Бір кітапта оқыған әңгіме ес­ке түсті. Қызығушылықпен кез­дескен «салпаңқұлақты» ат­қан жі­гіт оның кеше көжек­тегенін, ана­лық қоянның бауы­рынан қан­мен бірге әппақ сүт­тің сыз­дықтай аққанын бай­қай­ды. Әлі жүні жетіле қой­маған кө­жектердің жетім қа­луы... Осы оқиғадан кейін әлгі жігіт­тің жүкті жұбайының бала үстінде қайтыс болғаны... Оқиға тым тереңдей келіп, оқырманға обал мен кие жайын бір-ақ түйіндейтін сәт...
Иә, бұрынғының адамдары көңіл жүйріктігінің арқасында көп нәрсені білген әрі соған ескерімді еді ғой. Дала заңы бо­йынша көктемде буаз аңды атпайтын, жан-жануарлардың кө­бею маусымында оларға тиісуге тыйым салған. Сонымен бірге үйдегі жары жүкті болса, аңға тиіспеген, көк шөпті жұлмаған. Киесі ұрады деген түсінік қой.
Ал енді негізгі тақырыпқа ойысып, Сыр жағасының орман-тоғайын қозғап, аң-құстың ахуалын айтсақ. Табиғат жанашырлары – қорықшылар қызметіне үңіле кетсек.
38 аңшылық
алқап бар

Біздің облыстың жалпы жер көлемі 24130 гектарды құраса, оның ішінде 2000 гектар шамасында елді мекендер отыр. «Ал қалған аймақтағы 22 130 гектар жер табиғи орта болғандықтан, өз заңдылықтарына сәйкес қор­ғалып, ұдайы бақылауда ұс­талады ма?» деген сұрақ бірінші туындайды.
Иә, қорғалады. Тым қатаң бақылауда болмаса да, мұндай аумаққа кірудің өзіндік тәртібі бар. Енді қараңызшы. Бізде 8805 мың гектарды құрайтын 38 аңшылық алқап орналасқан. Оның ішінде 33 аңшылық алқап конкурстық негізде табиғат пай­даланушыларға бекітіліп бе­ріл­ген.
Мұнан басқа, облыста жалпы көлемі 160,8 мың гектар жерді құрайтын, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты, «Барсакелмес» мемлекеттік та­биғи қорығы мен аумағы 31,2 мың гектар «Тораңғылсай» және «Қарғалы» мемлекеттік табиғи қаумалдары бар.
Барсакелмес – Тұран шөлі­нің солтүстік және орташа эко­жүйелерін қорғайтын Еура­зия­дағы бірден-бір қо­рық екені белгілі. Биыл санақ бо­йынша 585 бас түркімен құлан, 125 бас ақбөкен мен 135 бас қарақұйрық бар екені анық­талған. Былтыр­ғымен са­лыстырғанда, бұл көр­сеткіш 10-15 процентке артқан дейді мамандар.
Айта кетейік, жалпы біздің аймақтың экологиялық және аң­шылық туризмді дамытуға мүм­кіндігі бар. Аңшылық туризмді экономикалық пайданы ұлғайту үшін кәсіби негізде іске асырса да болады.
Айтпақшы, Барсакелмес мем­лекеттік табиғи қоры­ғы­ның аумағында «Бутаков мүйісі» туристік маршруты ұйым­дас­ты­рылған. Қорық ма­ңында ор­наласқан мазарлар мен көне қала үйінділері және «Кер­дері-1», «Кердері-2» қазба жұ­мыстары сырттан келушілерге ерекше қызығушылық тудыратыны анық. Бізге белгілісі, осындағы «Қасқақұлан» учас­кесінде жаңадан «Құлан ізімен» атты экологиялық маршрут бе­кітілген.

Нарсойғанға
барғанда...

Жергілікті жұрт «таблетка» деп атайтын жеңіл УАЗ кө­лігімен қала сыртындағы жолға түскенбіз. Жай шоқы­тып келеміз. Бағытымыз «Нарсой­ған» аңшылық шаруашы­лығы алқабы. Шекарасы Жаңа­қор­ғанға қарай жолдағы «Бірқа­зан» бекетінен басталатын аң­шы­лық алқаптың бір күнгі жұ­мы­сымен таныспаққа фото­тілші Нұрболат екеуміз әлде­қашан жоспар құрғанбыз. Жа­­ны­мыздағы облыстық орман ша­руашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Сәттібай Алдоңғаровтың бұл саладан білмейтіні жоқ. Одан бөлек, бізбен сапарлас «Нар­сойғанның» қорықшылары Әбу­сағат Сұлтанов, Болатбек Бадырақов, Талапбек Жал­ғасбек, Нұрлан Абдулдаев, ша­руашылықтағы аңшылық ісін жүргізуші Ералы Әбуқасымов та бар.
Қорықшылардың негізгі міндеті – рұқсатсыз аң-құс, балық аулаушылардың жолын кесу, аң-құстың қауіпсіздігі мен көбеюіне үлес қосу. Олар рұқсат берілмей жатып немесе арнайы лицензиясы жоқ аңшылар табиғатқа зиян кел­тірген жағдайда, заң аясында белгіленген айыппұл салуға да құқылы. Тіпті, бағынбаған не оқыс оқиға болған жағдайда атыс құралын да қолдана алады.
Сапар барысында дария жиегіне үрмелі қайықпен қытай ауын салған азамат ұсталды. Рұқсат қағазы жоқ әрі ты­йым салынған аулау құралын пай­даланған балықшыға 5 ай­лық есеп­тік көрсеткішке тең айып­пұл жазылды.
– Қармақпен 5 келіге дейін аулауға рұқсат бар. Ал аудың үлкен көзі 10 см болса ғана шектік мерзімде ауланады. Ал 4-5 см көзді аулармен аулауға тыйым салынған. Әсіресе, Қы­тай ауларын пайдалану, электр ток құралдарымен аулау қатаң жазаға тартылады, – дейді С.Ал­доңғаров.
Қорықшылардың еңбегі көзге көріне бермейді. Апталап жол үстінде жүреді, із кеседі, дария жағалап, ниеті бұзық браконьердің жолына тосқауыл қояды. Кәдімгі үйдегі төрт түлігіңізді қалай бағып, қалай қарауылдайсыз, бұл мамандық иелері де табиғат байлығына осылай қарайды.

Қырғауылды
қолдан баққан

«Нарсойған» аңшылық ша­руашылығының жер көлемі едәуір. Барлығын бірдей аралап шығуға бір күн жетпес. Жолай қырғауыл көп кездесті. Ара-тұра шибөрі қашады. Бір түлкі құйрығын бұлаң еткізе қамыс арасын тасалады. Көкте бір топ аққу жылы аймаққа тартып барады. Бұны да фототілші Нұрболат таспаға басып үлгерді.
– Бізге қарасты «Сырдария» ша­руашылығында үлкен сква­жиналар бар. Соған 200-ден астам қырғауыл жібердік. Оны Пав­лодардағы арнайы қыр­­ғауыл өсіретін шаруа­шы­лықпен келісім-шарт жасасып, құ­жаттарын дайындап, ал­дыр­­ғанбыз. Сол алқаптағы Ло­қыл­дақ, Көпқұдық, Төлебай сква­­жиналарындағы қалыңға жі­бердік. Бүгінде олар жерсініп, жетіліп кетті, – дейді аға қо­рықшы Ә.Сұлтанов.
Сондай-ақ, қар қалың жауған қатты суық күндері қорықшылар бума-бума шөп, күріштің майда қалдығын белгіленген жерлерге тастайды. Бұл аң-құсқа кәдімгідей азық.
Қорықшылардың айтуынша, Сыр бойында соңғы кезде «охотниктердің» азаюы байқалады. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені, соңғы уақытта инспекторлардың саны артып, әлеуметтік жағдайы жақсарған. Маусымдық киім, ұзақ жолдағы ас-ауқат, жарамды көлік, далаға арналған төсек-жабдық пен арнайы қорғаныс құралдары бар қорықшыдан кім-кімнің де аяқ тартары анық қой.

Киіктің
киесін ұқпай
жүргендер көп

Жануар біткеннің сұлуы – ақбөкеннің төлдеу, көбею ке­зінен бөлек, көшіп қонуы, өріс ауыстыру уақытында арнайы шаралар жүргізіледі. Биыл мамыр айында құзырлы органдардан жұмысшы топ құрылып, ақбөкеннің төлдеуі бақыланып, шоғырланған орындарындағы то­пырақ, ауа және судан биоло­гиялық сынамалар алынды.
– Инспекцияның, жергілікті атқарушы органдардың, таби­ғат және құқық қорғау мекеме­лері бекіткен іс-шара жоспарына сәйкес, облыс көлемінде табиғат заңдылықтарын қорғау жұмыстары тұрақты түрде жүр­гізілуде. Рейд барысында, жыл басынан бері жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдаланудың 480 заң бұзушылығы тіркеліп, хаттама толтырылған. Оның ішінде аң аулау қағидаларын бұзу бойынша 71 әкімшілік іс, балық аулау қағидаларын бұзу бойынша 397, әкімшілік іс және орман пайдалану тәртібін бұзу бойынша 12 әкімшілік іс қозғалған. 480 әкімшілік істің 91-і тиісті шешім қабылдау үшін сот органдарына жолданды, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақ­тық инспекциясының бас маманы Олжабек Холов.
Жыл басынан табиғат заң­дылығын бұзғаны үшін 377 адамға  4,1 млн теңге айыппұл салынып, оның 89%-і, таби­ғатқа келтірілген залалы үшін  салынған 2,2 млн теңге айып­пұлдың 75%-і өндірілді. Ал қылмыстық іс қозғал­ғандар ше? Бүгінге дейін облыс кө­лемінде жануарға қатысты 20 қылмыстық іс анықталған. Оның үшеуі қоян аулауға, 11 іс балық аулау, 1-і қарақұйрықққа қатысты, 1 киік мүйізіне, 3 қылмыстық іс белгісіз аң мен етке және біреуі сұңқар құсын аулауға қатысты қозғалған.
Былтыр облыс бойынша жануарлар дүниесіне қатысты 27 қылмыстық іс анықталған. Оның 12-сі 64 бас ақбөкен, 4-і 11 бас қарақұйрық, 7-і 45 бас қоян, 4 балық аулағанға қатысты қылмыстық іс. Салыстырыңыз, былтыр киікқұмарлардың бел­сенді болғанын осы цифрдан-ақ байқайсыз.
Облыстық орман шаруашы­лығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қыз­меткерлері заңсыз киік аулаушылармен күресті жүйелі түрде жүргізіп отыр. Киік аулаушылар оның мүйізін кесіп алып өткізгенімен қоймай, мем­лекеттік инспекторлардың заңды талаптарына бағынбай, өмірлеріне қауіп төндіретінін соңғы кездегі оқиғалардан-ақ ұға беріңіз.
Айта кететін бір жайт, қол­даныстағы заң талаптарына сәй­кес, заңсыз аңшылықпен айна­лысқандарды ҚР Қылмыстық кодексінің 337 және 339 баптарына сәйкес белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейін айыра алады. Тіпті, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөл­шерде түзеу жұмыстарына тартылып, үш жылға дейін бас бос­тандығынан айыру жазасы көзделген.
Біле жүріңіз, Үкімет қау­лысымен ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа қазақ елінің бүкіл аумағында киікті, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға 2020 жылға дейін тыйым салынған.

Айыппұл
жайлы айтсақ...

Айналадағы жорғалаған аң мен ұшқан құс мемлекеттің мүлкі екені белгілі. Заңсыз аттыңыз ба, зиян келтіргеніңіз үшін айыппұл арқалайсыз, тіп­ті, одан көп мөлшерде залал кел­тірсеңіз, түрмеге түсу жағы да қарастырылған.  Мысал кел­тірсек.
1 бас қоян үшін 5 АЕК, яғни 18937,5 теңге, 1 бас ақбөкен аңының серкесі үшін 500 АЕК, яғни, бір бас ақбөкен 5 млн 411 мың 250 теңге, ал аналығы мен төліне 350 АЕК немесе 3 млн 397 мың 875 теңге айыппұл салынады. Осындай қаржыны мемлекет қоржынына шытырлатып санап бересіз. Сондай-ақ, 1 келі сазан балығы 3282,5 теңгені құраса, 1 түйір қаяз балығы үшін 2 272 500 теңге айыппұл арқалайсыз.
Мұнан бөлек, сотты болған азаматтан қылмыстық әрекеттер объектісі, қылмыс жасау қаруы, көлік құралдары, айналымнан алынған мүліктердің барлығы тәркіленеді. Осындай заң талаптарын кейбір құқық бұзушылар «білмегендіктен жасадым» деп ақталатыны рас. Алайда, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды.

Аңды аңдап
атыңыз

«Кеттік охотаға» дейтін белгіленген уақыт бар. Жыл он екі ай мылтық асынып, ау құрып жүре беруге әсте болмайды. Заң бар. Талаптар ҚР «Жануар­лар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңында және ҚР АШМ бұйрығымен бекітілген «Аң ау­лау қағидаларында» толық көрсетілген.
Жалпы біз білетін аң ау­лау­дың екі түрі бар. Олар – кә­сіп­шілік және әуесқойлық (спорт­тық). Әуесқойлықтың іші­­­не саятшылық та кіреді. Әуелі кәмелеттік жасқа толы­сымен, аңшы мылтығын қол­дана білсеңіз, сонымен бірге арнайы рұқсат куәлігіңіз болса, онда құба-құп. Айтпақшы, заңда көрсетілгендей, аң аулау­да иттер мен бүркіт, сұңқар, т.б. жыртқыш құстарды баулып пайдаға асыра алсаң, он төрт жас­тан бастап оған да рұқсат бар.
Жақсы, мұның бәрі дайын дейік. Бірақ, табиғат берген дү­ниені бей-берекет пай­далануға болмайтынын ұмыт­паған абзал. Оған да арнайы жолдама сатып аласыз. Оны жоғарыда айтып кеткен, аңшылық алқаптың иелерінен белгілі бағада сатып алатыныңыз анық.
Шетелдіктер үшін біздің аумақта аң аулау құқығы аң­шылық шаруашылығы субъек­тісімен жасасқан арнайы шарт негізінде жүзеге асатынға ұқ­сайды. Шартқа көз жүгіртсек, аң аулауды ұйымдастыруға, жан­уарлар дүниесін пайдалануға рұқсат, жолдама алу, сондай-ақ ішкі істер органдарын қа­тыстыра отырып, аңшылық қару мен оның оғын республика аумағына әкелуге және әкетуге берген шешім-қорытынды не­гізінде іске асады. Сонымен бірге, саятшылық уақытында аң­шылық алқаптарды тұрмыстық қалдықтармен, заттармен ластамау сияқты қағидалар сақталуы тиіс.
Басты нәрсеге тоқталсақ. Біз айтып отырған заң шеңберінде көңілің соққан қасқыр не қоянды бара салып бірден жайрата салуға бола ма? Жо-жоқ, мұның да сұрауы бар. Мысалы, су тышқанның (ондатра) терісі қажет болып, оқ-сайманыңды дайындағанмен, қазан айы тумай, сіз бен бізге оны атуға мүлде болмайды. Қазан туысымен ақпанның бел ортасына дейін белгілі шекті мерзімде атыңыз. Кәдімгі тиін де сондай. 20 қазаннан бастап қана көздей аласыз. Әлгі сілеусін, мәлін, күзен, түлкі, қарсақ, қоян сияқтылардың ізіне қараша айы басталысымен түссеңіз болады.  Суырды шілде айынан олар ұйқыға кеткенше аулап тұруға болады екен.
Бізде көбіне қырғауылды көздейміз. Теңіз жақ беттегілер су құстарына құмар. Қазан айының ортасында қырғауыл сорпасына аңсары ауатындар кірісе бастайды. Бұл құсқа жыл аяғына дейін ғана рұқсат етілген. Ал бөдене, кептерді 20 тамыздан бастап, су құстарын (қаз, үйрек, қасқалдақ) және дала құстарын (аққұр, шіл) қыркүйектің алғашқы сенбісінен 15 қарашаға дейін, оңтүстік аудандарда 15 желтоқсанға дейін аулауға болады деп көрсетіліпті.
Сыр бойында аю аулайтын ешкім жоқ екені белгілі, сонда да маймақты аулаудың мерзімін біле жүріңіз. Қыркүйек туысымен алғашқы демалыста ең жақсы аңшы мылтығымен 30 қарашаға дейін аюды аңдуға болады. Әрі қарай ол қалың ұйқыға кетеді. Маймақтың мазасын алмау заңда осылай белгіленген.
Борсықты қыркүйек туысымен Жаңа жылға дейін аулайсыз. Айтпақшы, көбісі бай­ғұс борсықты майының емдік пайдасына бола ататынын біле жүріңіз. Сырда қабан көп. «Жалғыз оқты» дайындап, қалың қамыс ішінде бүлкектей жүрген семіз хайуанға құмарлар жетерлік. Мұны да борсық тәрізді жыл соңына дейін аулайсыз.

Көктемде
мылтық
көздемеңіз

Бір қуанарлығы, Зоология институты мен Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауым­дастығы тараптарынан био­логиялық негіздеме жасалып, ҚР АШМ Орман шаруа­шылығы және жануарлар дү­ниесі комитетінің «Жануарлар дүниесі объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын пай­далануға шектеу мен тыйым салуды енгізу, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу туралы» бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, көктемгі аңшылыққа республика аумағында тыйым салынған.
Облыстық инспекция ұсын­ған мәліметке сүйенсек, осының нәтижесінде аймақта аулауға жа­татын құстардың өсімі бай­қалған. Былтыр аймақтағы жануарлар дүниесін есепке алу жұмыстарының нәтижесінде үй­рек 261 238, қасқалдақ 312493, қаз 58 688 басты құраған. Ал 2017 жылы 255 079 үйрек, 286889 қасқалдақ және 58 664 бас қаз Сыр өңірінде ұшып-қонғанға ұқсайды, яғни, 2017 жылмен салыстырғанда су құс­тарының саны орташа есеппен 6 процентке көбейген.

Балық та –
байлық

Балықтың бал татыған сорпасын татып көргендер өзен жағалаудан әсте жалықпайды. Ал енді оны қаптап сатып, қар­жысына дәніккен жаман. Қытайдың арзан торын теңіз не дарияға тастап, шағын көл­шікте тоқпен ұрып алатын қас­көйлердің бүгінде қарасы қалың.
Сонымен облысты кесіп өтетін жалғыз өзеннен бөлек, 371,5 мың гектар болатын Арал теңізіндегі балық түрлерінің өсімі қалай? Мұнан басқа 207 су айдыны бар облыстағы осындай байлық түрін сақтау мен қорғау жұмыстары қалай жүргізілуде?
– Елбасының өз уақытында қабылдаған шешімі Кіші Арал теңізін сақтап қалуға мүмкіндік берді. САРАТС жобасының 1-ші кезеңінің жүзеге асырылуының нәтижесінде Солтүстік Арал теңізі суының тұздылығы тө­мендеп,  теңіз көлемі сәл де болса ұлғайды. Балық түрі 22-ге көбейді, оның ішінде республика Қызыл кітабына енген Арал қаязы да бар.
Бүгінгі күні Кіші Арал теңізінің 18  учаскесі толықтай және 180 көл конкурстық негізде 5-10 жылға дейін кәсіпкерлерге бекітіліп берілді. Қазіргі уақытта 27 көл резервте тұр.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен  биыл облысқа 7492 тонна балық аулау лимиті бекітілсе, оның 6678 тоннасы Кіші Аралдың үле­сінде. Жыл басынан бері облыс аумағынан 4800 тонна балық ауланды. Оған рұқсат беру бойынша мемлекеттік қызметтің 100 проценті электронды түрде, Үкімет порталы арқылы көрсетілуде, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Жалғас Ахметов.
Аймақта жылдық қуат­ты­лығы 12,5 мың тоннаны құрайтын 9 зауыт жұмыс жасайды.  Құрылысы енді басталған  Арал қаласындағы «Қазақстан Аквакультура ЛТД» ЖШС жыл соңына дейін іске қосылады деген болжам бар. Жоғарыда айтып кеткен 9 зауыттың жұмысы нәтижесінде балық өңдеу өткен жылмен салыстырғанда 4 процентке артып, балық өнімдерінің 13 түрі шығып жатыр.
Байлық көзі болған балықтың сырт елге экспортталу жағы тым тәуір. Жалпы есебі 500-дей адам жұмыс істейтін балық кә­сіпорындары биыл 3071 тонна өнімін Ресей, Голландия, Грузия, Украина, Қытай, Германия, Литва  елдеріне шығарған. Ал тауарлы балық өсіруде (аквакультура) жеті аудан мен қаладағы 9 балық өсіру шаруашылығы 136 тонна өнімді нарыққа шығарыпты.
Жылдар бойы мәселе болып келген «Көкарал» бөгеті арқылы Ұлы теңізге есепсіз кетіп жатқан балықтың жолын тосатын бір мүмкіндік бар. Әу бас­та балықтың кейінге қа­рай өр­леуіне қосымша су жүйесі салынбаған бөгеттің аузына балық өткізбейтін қон­дырғы орнатылады. Басқарма берген мә­ліметті сөйлетсек, Қы­зыл­орда облысының әкімдігі, Қа­зақстан Республикасындағы Ха­лықаралық Аралды Құтқару Қо­рының атқарушы дирекциясы және Герман халықаралық қоғамдық ұйымының (GIZ) арасында Кіші Арал теңізіндегі Көкарал су тоспасына балық өткізбейтін қондырғы орнату жөніндегі меморандумға қол қойылған. Ал бұл қондырғының жалпы құны  345,9 мың евроға татиды. Жобаны Герман  халық­аралық қоғамдық ұйымы (GIZ) қаржыландырмақ.
Айтып отырған қондырғы­мыз гидроакустикалық құрылғы­ларды пайдалану арқылы су тоспасына жақындаған балық­тарды үркітуге негізделген. Бұл биыл қараша айының соңында іске қосылады деген ақпарат бар.
Айтып отырғанымыздай, ба­­­лық түрлерін сақтау һәм өсі­мін арттыру сияқты жұмыс­тар да жоқ емес. Бір ғана Арал­дың Қосжар ауылындағы Қамыс­тыбас балық питомнигі жыл сайын 14,2 млн дана балық шабағын мемлекеттік тапсырыс есебінен  Арал теңізіне және теңіз маңайындағы су айдындарына жіберіп отыр. Сонымен қатар, ірі су шаруашылық нысандарында балық өткізбейтін қондырғы болмағандықтан, жыл сайын күріш алқаптарында қал­ған шабақтарды құтқару ша­расы қосымша жүргізіледі. Мысалы, осы жылы күріштік алқаптар мен бөлектенген каналдарда қалған 8,3 млн шабақ құтқарылып, су айдындарына жіберіліпті.

Ержан ҚОЖАС.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 қараша 2019 г. 1 255 0