Қазақтың ас мәзірінде ет тағамдарының ерекше орны бар. Ет құрамы – адам ағзасына аса қажетті, ақуыздар, майлар, минералдық тұздарға, көмірсутектерге бай әрі пайдалы, адамның күш-қуатының негізі.
Мемлекет пен қаржы ұйымдары облыстағы төрт түлік мал өсіріп отырған түрлі санаттағы кәсіпорындардың жыл сайын ет өндіруді қарқынды арттыруға бағытталған іс-шаралар мен бағдарламаларына жеткілікті қолдау көрсетіп, қаржыландыруда. Атап көрсетсек, асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуға, малдың өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялауға былтыр 2248,8 млн теңге қаржы бөлінді. Соңғы жылдары аймақта мал басы біршама көбейді. Мысалы, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда биыл ірі қара 4,4%, қой мен ешкі саны 3,6%, жылқы 13,1% және түйе 7,5%-ке артқан. Облыс буферлік аймақтан шыққалы бері аз болса да, мал экспортталуда.
Алайда өңірде ет өндірудің көлемі халықтың бұл өнімге деген сұранысын әлі де толық қанағаттандырмай отырғаны ақиқат. Негізгі себептің бірі – өңірде табиғи мал жайылымдарын жүйесіз және жылдар бойы үздіксіз пайдаланғанның кесірінен 2,7 млн гектары тозу мен эррозияға ұшыраған. Осы жайылымдардың өзін-өзі қалпына келтіру қабілеті жылдан жылға төмендеген. Көлемі 12,5 млн гектар болғанмен, шығымдылығы 1,4-1,8 ц/га шамасында ғана. Мал тоймағандықтан өнімділігі төмен. Табиғи көпжылдық шөп тұқымдарын үстемелеп егу жұмыстары жоқтың қасы. Осы алқаптарға жүзгін, бидайық, еркекшөп, теріскен, изен шөптерінің тұқымдарын агротехникалық шараларға негіздеп жылма-жыл егіп тұру қажет деп ойлаймыз. Жем-шөптің азықтық өлшемі (кормовая единица) анықталмай, малшы қауым оны көз мөлшермен беріп келеді. Сондықтан бір азықтық өлшемдегі жем-шөпке біз қанша өнім алып отырғанымыз белгісіз. Шаруашылықтың мал баққандағы экономикалық тиімділігі шамамен ғана анықталып отыр.
Аймақта тауарлы ірі қара өсіріп отырған майда қожалықтардың үлесі басым. Осындай шаруашылықтарда 130-150 бас сиырдан мол ет өндіру жұмыстарын ойдағыдай жолға қою қиын. Көп еңбек сіңіру керек. Нәтижесінде аз мөлшердегі ет өнімі оны өндіруге жұмсалған шығынды ақтағанмен, пайдасы соншалықты қомақты болмайды. Бүгінгі таңда облыстағы 350,9 мың ірі қараның 7462 басы, яғни 2,3%-і ғана асыл тұқым есебінде. Осы тұқым мал үлесінің тым аздығынан аймақта етті мал басын көбейту жұмыстары да баяу жүргізілуде.
Облыстың асылтұқымды етті ірі қара шаруашылықтарында қазақтың ақбас, ангус, санта-гертруда және қалмақ тұқымдары болғанымен, оларды таза өсіру мен селекция жұмыстары әзірге төмен деңгейде. Сол себепті сиырдан алынған төлдің тірілей салмағы жылдан-жылға тұқым стандарттарынан алшақтап барады. Сондықтан жаңадан асылтұқымды мал табындарын құру жұмыстары кешеуілдеп тұр. Осы шаруашылықтарда түрлі тұқым малының әрқайсысының саны 100-200 бастан аспайды. Осыншалықты аз малмен селекциялық жұмыс жүргізіп, етті малды өз төлінен көбейту жуық арада іске аса қоятын оңай шаруа емес. Одақ кезінде облыстың совхоздарына сырттан әкелінген асылтұқымды ірі қараның саны аз болып (400-600бас) селекция жұмыстары дұрыс жүргізілмегендіктен уақыт өте келе азып, ауылдың қарапайым малына айналып кеткен еді. Біздің қатал табиғи ортамыздың ерекшеліктеріне бейімделген тұқымдардың ішінде қазақтың ақбас және қалмақ тұқымды ірі шаруашылықтарда 800-1200 бастан өсіргенде бәсекеге қабілетті сапалы ет өндірілмек. Осы тұқымды малды облыс шаруашылықтарында аудандастыра отырып, өндірістік жолмен көбейтуге, асылтұқымды репродуктивтік табындарды қалыптастыруға селекциялық жұмыстар ықпалын тигізетініне күмән жоқ. Аталған ісшараларды ірі қара шаруашылықтарында жүзеге асыратын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ-дың мал шаруашылығы бөлімінің негізінде ғылыми орталық ашу керек. Ғылыми орталық барлық тұқым мал санын, оның ішінде бонитировка арқылы анықталған мал категорияларын компьютерде жинап, сараптап, сақтауы тиіс. Жыл сайын алынатын деректер малды өсіру дәрежесін, сапасын анықтап қана қоймай, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың болжамын жасап, тиімді жоспар құруға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Жүйелі жүргізілген бонитировка нәтижесінде он балдық шкала бойынша мал тұқымы сыналып, бағаланса ғана, біздің қандай мал бағып отырғанымыз анықталады. Жасыратыны жоқ, біз біршама асылтұқымды ірі қара ұстап отырған шаруашылықтарда осымалдың жергілікті ірі қарамен бірге бағылатынын ішінара көріп жүрміз. Сиыр етін өндіру технологияларында ірі қаратұқымын таза өсірумен қатар будандастыру жұмыстарында бірге жүргізу арқылы көңілге толымды, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады. Будан төлдердің күтімі, азықтандырылуы жақсы болса, олар өздерімен деңгейлес төлдерден салмағы, еттілігі бойынша соншалықты алшақ болмайды. Біздің етті мал тұқымдарын өсіріп, көбейтудегі түпкі мақсатымыз – малға азшығын жұмсап, сапалы, молет алу. Мақсат орындалғанда еттің өзіндік құны төмендеп, шаруашылықтың өнім өндірудегі тиімділігі жоғарылайды, өнімнің бәсекелестік қабілеті артады. Өңірде сиыр етін өндіру технологияларын іске асыру үшін қазақтың ақбас, әсіресе қалмақ тұқымды ірі қарасын пайдалануды ұсынамыз. Қазақтың етті ақбас тұқымы – сөз жоқ, отандық бренд. Бұл тұқым малдың ет өнімділігі, тұқымдық сапасы жоғары. Денесінің бұлшық еттері толық, қалың. Сиырлардың орташа салмағы 520-540 келі, тұқымдық бұқалары 850900 келі тартады, 18 айлық бұқашықтардың салмағы 410430 келіге дейін жетеді. Жасмал жайылымда айына 22-24келі, бордақыланғанда 28-30 келі салмақ қосады. Ет шығымы орташа есеппен 56-58 процент құрайды, еті мрамор тектес, дәмді. Дегенмен, осы отандық тұқымды біздің білікті малшылар, мамандардың пікірінше, қатал климатымызға, әсіресе жаздың құрғақ ыстығына соншалықты төзімді болмай шықты. Сондықтан, мұны өңірде өз төлінен өсіріп, көбейту жұмыстарына біршама көбірек еңбек сіңіру керек. Қалмақ ірі қара – табиғи сұрыпталған тұқым. Бұлқыстың қатал да ұзақ суығына, жаздың шыжыған құрғақ ыстығына өте төзімді. Жыл бойы (9-10 ай) табиғи жайылымдарда шөп талғамай тез ет алып, қоңданады. Сиырдың орташа салмағы 460-480 келі, алтұқымдық бұқалары 810-830 келі. Қазақтың мал шаруашылығы әне мал азығы ҒЗИ-дың ғалымдары К.Аманжолов, М.Тамаровскийдің деректеріне сүйенсек, еліміздің әр облысы етті ірі қараның бір-екі тұқымын пайдаланып, сиыр етін өндіруге маманданып келеді. Мысалы, Қостанай облысында әулиекөл, абердин-ангусс, Шығыс жәнеБатыс Қазақстан облыстары қазақтың ақбасы мен герефорд, Ақтөбе облысы герефорд пенқалмақ, ал, Түркістан облысы қазақтың ақбасы мен абердин-ангусс тұқымдарын өсіріп, ет өндірудің ірілендірілген өндірістік бағытын ұстануда. Осындай келелі принципті біздің де ұстанғанымыз болашақта өте пайдалы нәтиже берер еді. Облыстың ірі қара малшаруашылықтарында, әсіресе ет бағытындағы ірі қожалықтармен серіктестіктерде сиыр етін өндірудің ең үлкен мүмкіндіктері – табиғи және мәдени жайылымдар мен шабындықтардың түсімін арттыру, қазақтың ақбас және қалмақ ірі қара тұқымдарын таза өсіру арқылы жаңадан репродуктивтік өнімді табындар құру, жергілікті сиырларды етті тұқымның аса құнды бұқаларымен будандастырып төл алу, жас малдың 18-20 айлығындағы тірілей салмағын қарқынды бордақылап, 400 келіге дейін жеткізуге толық мүмкіндік бар.
Серік КЕНЖЕБАЕВ,
ветеринарияғылымдарының докторы,
Темірбек ҚОСАЕВ,
ауыл шаруашылығы
ғылымдарының кандидаты.