Ел ырысына айналған Сыр күріші – өңір бренді саналатын өнім. Әйгілі Ыбырай Жақаев баладай мәпелеген дақылдың даңқын қазіргі диқандар жалғастырып келеді. Бүгінде еліміз бойынша 100 мың гектарға жуық алқапқа күріш егілсе, соның 88 мың 700 гектары Қызылорда облысының аумағында. Ала жаздай атыз жағалайтын диқандарды мемлекет тарапынан қолдау да бар. Соның нәтижесінде қоңыр күзде қамба толып, жыл сайын өнім көлемі артып келеді. Бірақ аймақ брендінің болашағына қатысты бір мәселе бар. Бұл – диқан қамбасындағы дәннің, яғни тұқымның сапасы.
«Маржаннан» неге мән кетті?
Сапа дегенде біз ең алдымен облыс диқандары отыз жылға жуық егіп келе жатқан күріштің «Маржан» сұрпын айтпай кете алмаймыз. Күні кешеге дейін бұл облыстағы барлық күріш алқабына себілді. Түсінің ерекше ақтығына қарап, халық оны «Ақмаржан» деп аялады. Еңбекті ақтаған жергілікті өнім талай шаруаны жетістікке жеткізді. Бірақ екі мыңыншы жылдардан бастап бұл сұрып пирикуляриоз дертіне шалдыға бастады. Сол уақыттары өнімі шала шыққан шаруашылықтар шаш-етектен шығынға батты. Үміті ақталмай, амалы құрыған диқандар Ресейден «Лидер», «Янтарь», «Новатор», «Фаворит» деген күріш түрлерін әкеле бастаған да осы кез еді.
– Пирикуляриоз – сырттан келген сұрыптардан жұққан өсімдік ауруы. Негізі, Ауыл шаруашылығы министрлігінде өсімдік карантинімен айналысатын мемлекеттік инспекция бар. Шетелдік сұрыптарға осы құрылымға қатысты тұқымбақтарда сараптама жасау керек еді, – дейді Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ бас директорының міндетін атқарушы, биология ғылымдарының кандидаты Бақытжан Дүйсембеков. – Бірақ егіншілер оған мән бермеген. Соның салдарынан жергілікті өнімнің сапасын түсіріп алдық.
Егінші қауымның еңбегін көрсеткісі келген әріптестеріміз кейде «қырман толы қызыл дән» дегенді қолданатыны бар. Бұл сірә, бидай дақылын бейнелейтін сөз болса керек. Ал күрішшілер үшін «қызыл дән» қорқыныштың, еңбегі еш болғанның белгісі. Күріштік алқапта қалып қойған масақтан түскен дән келер жылы себілген дақылдан бұрын шығады. Ерте масақтанып, бұрынырақ піседі. Күрішшілер жақтыра бермейтін «қызыл дән» дегеніңіз осы. Ешқандай өңдеуден өтпеген бұл дән бүкіл өнімнің шығымдылығын азайтып, пайдасын төмендетеді. Сорттың қызыл дәннен тазалығы 99,8 пайыздан төмен болса, ол тұқым элита категориясына ілікпейді. Кейінгі сұрыптарда да қызыл дән 0,5 пайыздан аспауы керек. Ал Ресейден келген күріш тұқымдары осы «ауруға» жиі шалдығып жатады. Оларды жаңарту үшін шаруашылықтар көрші мемлекет пайдасына орта есеппен 160-180 млн теңге жұмсайды. Оның сыртында өндірілген тұқымға 3% роялти төлейтінін тағы қосыңыз.
Ғалымның айтуынша, қай сұрыпты да 2-3 жылда бір жаңалап отырған жөн. Сонда оның шығымдылығы мен өнімділігі артып, егінші шығынға батпайды. Қазір осы күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты селекциялық жолмен күріштің «Сыр сұлуы», «Ай-Керім» атты сұрыптарын шығарды. Талай жылғы ізденіс пен тынымсыз еңбектің нәтижесінде пайда болған бұл күріш сұрыптары қазір сынақтан өтіп жатыр. Өңірдегі 5 шаруа қожалығы тәжірибе ретінде егіп көрді. Өнімнің шығымы жақсы, келер жылы 1500 гектарға себетін тұқым жиналып тұр. Ең бастысы, «Ай-Керім» мен «Сыр сұлуы» жергілікті топырақ ерекшелігіне бейім, Сырдың суығына да, ыстығына да шыдайды, тұздылыққа төзімді. Тағы бір тиімді тұсы, «Сыр сұлуы» ресейлік сұрыптардан 10-15 күн ерте піседі. Бұл да егіншілер ескерер ерекшелік. Қазір климаттағы өзгерістен өңірде көктем кеш шығып, күз ерте түсетін болып жүр. Соның салдарынан былтыр солтүстік аудандарда сырттан келген күріштің біраз бөлігі піспей қалды. Оның үстіне Сырдария деңгейі жыл сайын төмендеп келе жатқан қазіргідей уақытта суды үнемді пайдалану үшін де «Сыр сұлуы» мен «Ай-Керім» таптырмайтын тұқым.
Бағасы қымбат, бейнеті көп
Қазір жекелеген шаруашылықтар болмаса, көп серіктестіктің техникалық мүмкіндігі тапшы. Көктемгі егіс пен күзгі егін науқандары кезінде біразы техниканы жалға алады. Қырманға түскен дәнді тазалау да бейнеті белден келетін шаруа. Ол да әлі күнге дейін көбіне қолмен атқарылады. Осыдан келіп базар сөресіне түсетін күріштің бағасы қымбаттап шыға келеді.
– Жылдан-жылға байқалып келе жатқан су тапшылығы біздің алдымызға егістік алқаптарды әртараптандыру, күріш алқаптарының көлемін азайту, суды мейлінше аз қажет ететін дақыл түрлерін егу секілді міндеттерді қойып отыр. Осындай кезде диқандар бізден көмек күтеді, – дейді Бақытжан Дүйсембеков. – Бірақ оларға жол көрсетуге тиісті біздің материалдық-техникалық базамыз талапқа сай емес. Зертханамызда өткен ғасырдың 80-90 жылдарындағы жабдықтар әлі тұр. Басқа да техникаларымыздың тозығы жеткен. Осыдан да ғылыми жаңалығымызды жаппай өндіріске енгізе алмай отырмыз.
Институт Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2018-2019 жылдарға арналған конкурсынан 9 млн теңгелік 4 жобаны ұтып алған. Осы аз ғана қаржыға шетелдік сұрыптарды экологиялық сынақтан өткізу, егісті әртараптандыру бағытындағы жобалар бойынша зерттеулер жүргізіп келеді. Біраз жылдан бері егістік дақылдарының селекциясы бойынша зерттеу жұмыстарын қаржыландыру тоқтап тұр. Соған қарамастан институт бұл саладағы ғалымдарға аз қаржыдан жырып беріп, жұмыс істеуіне қолдан келгенше жағдай жасап отыр. Соның өзінде 3 ғылым докторы жұмыстан шығып кетті. Ал олардың орнын толтыратын жастар жағы жалақының аздығынан ғылыми-зерттеу саласына аттап басқысы келмейді.
– Бізбен көршілес Ресейде күріш өндірісі туралы арнайы бағдарлама қабылданған. Саладағы бар мәселе сол бағдарлама аясында шешіледі. Ал бізде жалғыз ҒЗИ әупірімдеп күн кешіп отыр. Осыған қарамастан жаңа сорттар шығарып жатырмыз. Бірақ оны өндіріске жаппай енгізуге қаржының жетіспеушілігі кедергі болып отыр. Тым болмаса, осы саладағы ғалымдар базалық лауазымдық айлық алатындай жағдай жасасақ, бір уайымымыз кем болар еді, – дейді институт директоры.
Осы жылы жергілікті бюджеттік бағдарлама негізінде институттың 7 жобасы жеңімпаз атанып, ол қаржы жаңа сорттарды өндіріске енгізу және инновациялық әдіспен әртараптандыру дақылдарын егуге жұмсалды. Жаңақорған мен Шиелі аудандарындағы суарылмайтын жерге бидай мен мақсары егіліп, күннің ерекше ыстықтығына қарамастан өнім бітік шықты. Алғаш рет 20 гектар жерге егілген майбұршақтың әр гектарынан орташа есеппен 25 центнерден өнім алынып, Қармақшы ауданындағы «Тұрмағамбет» шаруа қожалығы келесі жылы ауыспалы күріш егістігінде 400-500 гектар игеруді жоспарлап отыр.
Аймаққа агропарк керек
Институт ғалымдарының тағы бір үлкен жобасы «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» арқылы Үкіметке ұсынылып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі мақұлдап, басқа да тиісті орындар келісімін алуға жіберілген осы 1 млрд 200 млн теңгелік жобаның жолы болып кетсе, саладағы біраз мәселе шешімін табар еді. Осы жоба шеңберінде тұқым зауыты мен тұқым шаруашылығын жүргізуге арналған техникалар алынбақ.
Соңғы жылдары облыста агрокарта жасалды. Оның аясында саладағы қордаланып қалған проблеманы шешудің амалдары қарастырылып жатыр. Ендігі керегі – агротехнологиялық парк құру.
Жалпы, күріш шаруашылығында шығынның көп бөлігі тыңайтқыштарға жұмсалады. Бірақ оны да жер сіңіре алатындай мөлшермен берген жөн. Ол үшін агрохимкарта жасалуы керек. Мысалы, қазір облыстағы егіс алқаптарында фосфор мен калий тыңайтқыштарының қалдығы тонналап жатыр. Неше жылдан бері жиналып қалған қалдықтар өнім шығымына әсерін тигізбей қоймайды. Осы күні диқандар 1 гектар жерге 300 кило тұқым сеуіп, соның 30 пайызы көктесе, үлкен жетістік санап жүр. Ал ғалымдар осы шығынды еселей азайтып, көп өнім алудың жолын егіншілерге жеткізе алмай отыр. Егер жаңағы жоба жүзеге асып жатса, «Қарауылтөбе» тәжірибе шаруашылығының базасында агропарк құрып, күріш институтының көрсетілім алаңын құру жоспарда бар.
– Қазір жағдайы бар шаруашылықтар мамандарын шетелге жіберіп оқытып жатыр. Әрине олар тегін оқытпайды. Демек, жыл сайын миллиондаған қаржыны амалсыздан шетелге асырып отырмыз. Бұл біздің де қолдан келер еді, бірақ оған база жоқ. Күріш институтының негізінде агропарк құрылып жатса, соның айналасында мамандарды қайта даярлау орталығын ашуға әбден болар еді. Тіпті, оның ғимараты да дайын, – дейді Бақытжан Әлішерұлы.
Ғалымдардың пікірінше, агропарк жыл он екі ай жұмыс істейтін тәжірибе алаңдарын ашып, күріштен басқа да дақыл түрлеріне арналған жылыжайлар салуға негіз қалайды. Осы бастама жүзеге асқанда ғана отандық сұрыптардың сапасы артып, сыртқа экспортталатын жергілікті өнімдерге өріс ашыла түспек.
Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ
https://egemen.kz/