« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жыл басынан бері «Даму» қоры арқылы «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде атқарылған тірлік көп. Субсидиялау құралы бойынша 10,058 млрд теңгеге 870 жоба мақұлданса, соның 150-і – биылғы 10 айда қол жеткізген жетістік. Кей кәсіпкерлер ісін алға бастырып, несиемен күш жинап алуға ұмтылғанмен, кепілге қояр мүлкі жоқ. Аталған қор кепілдік беру құралы бойынша барлық кезеңде 6,377 млрд теңгенің 378 жобасын қаржыландырса, оның 85-сі биылғы он айдың еншісінде. Қызылорда қаласында қордың көмегімен мол қаржыға кенелген бірнеше кәсіпкерлік нысанын араладық.
2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша мемлекеттік бағдарлама қабылданғалы бері 793 млн теңгеге 106 кәсіпкер қолдауға ие болса, оның 396 млн теңгені құрайтын 52 жобасы биыл қаржыландырылған. Сондай-ақ, 2019 жылы «Еңбек» бағдарламасы бойынша «Өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымына 299 млн теңге бөлінді, оның ішінде 281 млн теңгеге 32 жоба қаржыландырылды. Негізінен мұнда келетін азаматтардың дені – банкке қояр кепілі болмай қиналғандар. Одан бөлек, инвестициялық бағдарламалардың қатысушылары да жеткілікті. Бұл бағдарламаның 40 проценті қала тұрғыны болса, 60 проценті – ауылдық елді мекендерден келгендер. Ал 90 проценті кәсібін жаңадан бастап жатыр.
– Күн сайын біз қормен өзара іс-қимыл жасау процесі барынша жағымды, жайлы және пайдалы болуы үшін жұмыс істейміз. Оның үстіне, кәсіпкерлер үйден шықпай-ақ egov.kz электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы «Даму» қорының кепілдігін алу үшін ғана емес, сонымен қатар «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында субсидия алу үшін өтінім бере алады. Егер кәсіпкерлердің бірі онлайн-қызметтерді қалай пайдалану керегін әлі аяғына дейін білмесе, оған әрдайым біздің кеңесшілеріміз кәсіби көмек көрсетуге дайын. Кәсіпкерлерге жасалып жатқан жағдайдың қаншалықты екенін осыдан-ақ байқай беріңіздер, – дейді «Даму» АҚ облыс бойынша филиалының директоры Ерлан Түктібаев.
Қызылорданың
ең биік
нүктесінде
Сол жағалаудағы көрікті нысанның бірі – «Болашақ» университеті. Көлемі 21 мың шаршы метрге жететін ғимараттың жоғары қабаты – Қызылорданың ең биік нүктесі. Ақмешіттің аспанмен астасқан тұсындағы биіктік – 51 метр. Сылдырап аққан сұлу Сырдың төбесінен қарайсыз. Университеттің ғылыми жетекшісі Бақберген Досманбетов «Осы елдің баласымын. Елдің ішінен шыққан соң халықтың әлеуметтік хал-ахуалын жақсы білемін. Бізде оқытушылардың жалақысы жоғары, шәкірттердің оқу ақысы төмен. Барлық жағдай жасалған жатақхананың бір айлық ақысы небәрі – 6 мың теңге», – деді. Ғалым-ұстаз алақандағыдай көрініп тұрған арайлы мекенге көз тастап тұрып, айтулы жоба туралы сөз қозғады.
Бұл оқу ордасын салу осыдан он жыл бұрын айқын мақсатқа айналған. Университет жоспарлы түрде қаражат жинады. Төгілген тер өтеусіз емес. Аймақтағы айшықты нысанның бірі ретінде сол жағалаудан бой түзеген жаңа қаланың ажарына айналды. Жанына жатақхана салынуда. Одан бөлек, арнайы клиникасымен бірге медициналық корпус, студенттердің ойын-сауық орталығы, амфитеатр тәрізді көптеген нысандар салу жоспарда бар. Қазірдің өзінде оқу ордасы заманауи қажеттіліктермен қамтылған. «Өз қаржың жетпесе, «Дамудың» көмегі зор» деген Бақберген Сәрсенұлы ауқымды істе мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндігін пайдаланғанын жеткізді.
– Әуелі 2017 жылдың тамызында «АТФ банк» АҚ облыстағы филиалынан бас корпусты салу үшін 500 млн теңге несие алдым. Рас, құжаттары да әжептәуір. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы осындай жеңілдікке қол жеткіздім. Түсіне білгенге үлкен көмек. 8 процентін өзім төлесем, 7 процентін «Даму» қоры субсидиялайды. Биыл тамызда тағы алдым. Жатақхана салу үшін 400 млн теңге керек болды. Бұл жолы мен 7 процентін төлесем, «Даму» қоры 8 процентіне көмектеседі. Міне, осылайша үлкен іске білек сыбанып кірісіп кеттік. Шәкірттердің білікті маман болып қалыптасуына керектінің бәрі менің жауапкершілігімде. Әлі де болса, азуын айға білеген алпауыт оқу ордаларымен иық теңестіріп, материалдық-техникалық базаны нығайтуым керек. Ғимараттың кескіні мен жобасының барлығына араласып жүрдім. Биіктігі де өзгеше болу керек. Өйткені, өзгеде жоқ ерекшеліктің бәрі мұнда болу керек, – деген Бақберген Досманбетов ел басшыларының осы нысанға жолы түскенін де айта кетті. – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сыр өңіріне сапарында сол жағалаудағы жаңа қалаға ат басын бұрды. Бір топ мамандарыммен бірге құрылысшылардай сапта тұрдық. Өтіп бара жатып, Нұрсұлтан Әбішұлы мен тұрған тұсқа қарап қол бұлғап шақырды. Барған едім, «Бақберген, дарияның жағасынан жақсы ғимарат салып жатыр екенсің. Көрдім. Бірақ, қорықпайсың ба?» деп сұрады. Мен оған асты тұтас бетон екенін, ғимарат пен бетон бірігіп тұрғанын, оқыс жағдайлардың алды алынғанын айттым. Ал ол болса, ашылуына шақыруымды тапсырды.
Б.Досманбетов «Болашақ» университетінің ескі ғимаратын кепілге қойғысы келді. Әйткенмен, оны төмен бағалады. Не істемек керек?! Осылайша «Дамумен» бірге дамудың даңғыл жолына түсті.
– Бұл күнде бас оқу ғимараты дайын. Банктен қаражат алу оңай іс емес. Жүгіріп жүріп қолға алып, алты айдың ішінде ғимараттың каркасын құрдық. Енді, міне, тек жоғарғы қабатының ұсақ-түйек жұмыстары қалды. Ал жатақхана құрылысы қарқынды жүріп жатыр, – деді ол.
«Керім
сұлудың»
кереметтері
Қала тұрғыны Шынар Пірекеева әу бастан әпкесі Жанар екеуі тігін шеберханасын ашуды армандайтын. Идея бар, қол қысқа. Қаражаттың жоғы аяққа тұсау болып, біршама уақыт жүрді. Құрылыс және бизнес колледжінде жұмыс істейтін әпкесі Жанар еңбек демалысына шыға салысымен шағын екі тігін машинасын сатып алды. Осылайша олар «Керім сұлу Kyzylorda» тігін шеберханасын ашты.
Аядай ғана екі бөлменің іші қыз жасауы, кәде-қаумет тартуы тәрізді ісмердің қолынан шыққан жабдықтарға толы. Осы күні 7 тігін аппараты жұмыс істеп тұр. Төрт адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Тапсырысқа үлгермей қалатын кездеріміз бар. Тіккен заттарымызды күн ұзатпай алып кетеді. Бір уақыт тапсырыс қабылдаймыз да, соны аяқтағанша қабылдамаймыз. Дизайнды өзіміз жасаймыз. Ұлттық ою-өрнектер – біздің әрбір бұйымнан көрініс табатын символымыз. Өзімізге тән ерекшелік болсын деген ниет. Ерекше екені рас, кейде тіпті біздің идеямызды ұрлап жатқандарды да байқаймыз. Әйткенмен, басты орынға сапаны қойғандықтан біздің бұйым қайсысы екені көрініп тұрады. «Керім сұлуды» ел танып білсе деп барынша имиджге жұмыс істеп жатырмыз. Қазір облысқа қарасты аудандардан іздеп келіп, тапсырыс беретіндердің қарасы қалың. Болашақта ісімізді дамытып, үлкен ғимарат алу жоспарда бар, – дейді шеберхана өкілі Шынар Пірекеева.
Түрлі идеялар өріс алып, алға адымдау қиын болған сәтте «Даму» қорының көмегіне жүгінді. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қолдау тапты. Бүгінде заманауи құрылғылар жұмыс істеп тұр. Әсем үлгіде жазу, сурет салу дегеніңіздің бәрі аппараттың көмегімен бітіп тұр.
– Кепілге қояр мүлкіміз болмады. Не істемек керек?! Мемлекеттік бағдарламаларға зер салып қарадық. Сыр өңірінде кәсіпкерлікке қолдау жетерлік. Өзге өңірлерге үлгі екенін естіп-біліп отырамыз. Біз де іздендік. «Дамуға» барып едік, қолтығымыздан демеді. Шілде айында «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы» ЖШС-на жабдықтар сатып алу үшін несие алуға өтінім бердік. Алынған қаражаттың бір тиынын шашау шығармай, барлығын қажеттілікке жұмсадық, – дейді Ш.Пірекеева.
Болашақта кәсібі кеңейіп жатса, маман тапшылығы болмайды. Бүгіннің өзінде Қызылорда индустриалды колледжінің студенттері осында тәжірибеден өтіп жүр. «Қажетті мамандарды сол оқу орнынан аламыз» деп отыр кәсіпкер.
«Сыр жиһазы»
кеңейіп
келеді
Кәсіпкерлікке өріс кең. Бұл – Сыр өңірінде бұлжымас қағидаға айналған ұстаным. Он жылдан бері аймақ халқына жиһаз ұсынып келе жатқан «Сыр жиһазы» да мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрді. Ағаш өңдеу саласында өзіндік орны қалыптасқан кәсіпорын енді пластик есік, терезе де шығарады. Мекеме өкілі Жансұлтан Карпеков кәсіпті кеңейту үшін «First Heartland Jysan Bank» АҚ Қызылорда филиалынан «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несие алғанын айтты.
– Биыл қазанда қордың басым жобаларды несиелендіру тетігі шеңберінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауы арқылы несиеге қол жетті. Мекеме 6 проценттік мөлшерлемесін төлейді. Қалған 9 процентін «Даму» қоры мойнына алды. Біз бұл қаражатқа құрал-жабдықтар алдық. Жұмысты адам істегенмен, негізгі құрал – техника. Оның көмегінсіз уақытты үнемдей алмайсың. Қазір автоматтандырылған қондырғылар арқылы жиһазды жылдам әрі сапалы жасаудамыз. Ағаш, темір, пластик бұйымдарды дайындап, бояу үшін басқа цехтардың есігін қағатынбыз. Қазір өзіміздің бояуға арналған құрылғымыз бар, – дейді мекеме өкілі.
Мұнда 20-25 адам жұмыс істейді. Арал мен Жаңақорған арасынан, Байқоңырдан тапсырыстар келеді. 20-ның үстінде станок пайдаға жарап тұр. Қазір көпқабатты үй салушы мердігер мекемелердің тапсырысымен келісімді түрде есік-терезе қондырып жатыр. Бұл әжептәуір жетістік екенін айтады мамандар. Бес жылға алынған несиені уақытынан бұрын жауып тастауға да қамданып жатыр екен.
– Мұндай бағдарлама бар екенін естіп жүретінбіз. Сосын іздендік. «Талпынған жетер мұратқа» демей ме?! Кәсібін жаңа бастағандарға да, әрі қарай дамытамын дегендерге де жақсы бағдарлама. Ақылмен ойлап, кеңесіп шештік, келте болмас. Алған станоктарымыз кепілде тұр. Осы күні мектеп парталарын да жасап жатырмыз, – дейді Ж.Карпеков.
Кәсіпорын шаһардағы ірі сауда орталықтарымен келісімге отырған. Үлкен бұйымдар тапсырыспен жасалса, сұранысқа ие шағын заттарды «Zeta» дүкендер желісіне қояды. Тағы бір айта кетерлігі, «Zета Piast» ЖШС-ның дилері ретінде жиһаздан басқа пластикалық бұйымдар, қоқыс бактары мен жәшіктері, саяжай мен бақшаға арналған керек-жарақтар жасайды. Ал негізгі бұйымдар қатарына кеңселік жұмсақ жиһаз, корпустық жиһаз, керует, кресло, орындық, үстел, мектеп және медициналық мекемелерге арналған жиһаз, сұлулық салондарына қажетті жиһаз дайындау.
Өңір өндірісі қанатын кеңге жайған. Бұл күнде «Қызылордада жасалған» деген айдармен елді аузына қаратқан өнімдер, республиканы былай қойғанда, шетел асып жатыр. «Даму» қоры кәсіпті кеңейтіп, істі алға бастыруға ниетті әр адамға қолдау көрсетуге әзір.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |