«Ащыкөлдің» арнасы толды

 Қазалы ауданында Жанқожа батыр атындағы қоныс бар. Облыс көлеміндегі тіректі елді мекен санатын иеленген іргелі ауылдың көркі жаныңды жадыратады. Түзу асфальт көшелер, еңселі ғимараттар, көшенің түнгі жарығы, әсем саябақ, басқа да әлеуметтік нысандарды көргенде кеудеңді мақтаныш кернейді.

Ауыл іргесіндегі «Ащыкөл» аталатын шалқар айдын осынау іргелі қоныстың төлқұжаты іспетті. Ресми деректе «Ащыкөл» Жанқожа батыр ауылының солтүстік-шығыс беткейінде орналасқан, жалпы алаңы 125 га құрайды» деп жазылған. «Ащыкөлдің осыншалықты кемеріне келіп, ернеулей толғанын тура 40 жылдан бері көріп тұрғанымыз. Сонау 1969 жылы ауылды топан су қоршағанда дәл осындай көрініс болған еді» деседі көнекөздер.

Арада өткен жылдарда Ащыкөлдің арнасы ортайды. Мүлде құрғап кете жаздаған кезі де болды. Туған өңірінің келбетіне немқұрайлы қарай алмайтын ел азаматтары басшыларға осы мәселе туралы талай хат жазды. Жеке қабылдауына да кіріп мұң шақты. Бірақ селт еткен жан байқалмады. Мүмкін, қаржы қол байлаған да шығар. Тіпті бір басшының «Аралды толтыра алмай жатқанда, айдаладағы тостағандай Ащыкөлді жырлап» деген қыжыртпа жауабын естіді.

Мұндай мазмұндағы өтініш Мұрат Ергешбаев Қазалы ауданына әкім болып келген соң да қозғалды. Көңіл түкпірінде сенімсіздік  болғанын бүгіп қалмайын. Ергеш­баев бұл мәселені назарда ұстайтынын жеткізді. Азамат екен. Сөзінде тұрды. Ащыкөл арнасына қайта толды. Жалғыз аудан әкімінің еңбегі деу артық шығар. Десе де, Мұрат Нәлхожаұлының Ащыкөлдің ахуалын  жіті  қадағалағанын атап кету ләзім.

Жанқожа батыр ауылы Арық­балық ауылдық округінің аймағында орналасқан. Елді мекеннің шежіресі тереңнен нәр алады. Жанқожа батыр бабамыздың бастауымен Ресей патшасы билеушілерінің озбыр саясатына қарсы шыққан көтерілістің шешуші шайқасы дәл осы Арықбалықта өткені тарихтан белгілі.

 Танымал жазушы ағамыз Молдахмет Қаназ құрастырған «Жанқожа Нұрмұхамедұлы» атты зерттеулер мен мақалалардан құралған кітаптың 59-бетінде «1857 жылы қаңтар айының 9-10 күндері Арықбалықта болған ұрыста батыр қолының саны үш мыңнан астам еді. Шайқас кезінде ақ туды Жанқожа батырдың өзі көтеріп тұрды. Осы шайқаста орыстардың сапынан шығын болған кісі онша көп емес. Фитингофтың отрядында 300 казак-орыс, 320 жаяу әскер, 3 зеңбірек, 3 ракета қондырғысы бар еді» деп жазылған.

Осы ғылыми-танымдық басылым­дағы М.Қаназ ағамыз келтірген «Алексей Иванович жарылқаушы ма? Жазалаушы ма?» атты мақаласындағы «1857 жылдың 5 қаңтарында зеңбірек­тердің әр түрінен 103 снаряд, 9 қаңтарда 205 снаряд, осы аралықта көтерілісшілерге әртүрлі оқ-қарудан 3221(!) оқ атылды. Бұл оқтың барлығы далаға емес, қазақтарға атылған. Бейкүнә пақырлардың біразы ұрыс алаңы – Арықбалықта жан тапсырды. Көтерілісшілердің ізіне түскен А.Бутаковтың жазалаушы отряды 9-11 қаңтар аралығында 212 ағаш үйдің шаңырақтарын талқандап, кере­гелерін қиратты. Солдаттарға тамақ пісіру, жылыну үшін отқа жақты. Осы жолы қазақ шаруаларының 1239 бас малы бекініске айдап әкелінді. Оның сыртында 300 қой солдаттарға азыққа берілді, жол бастап жүрген сұлтандарға сыйға тартылды» деген мәлімет мұңға жетелейді.

«Ресейде 1905 жылғы 9 қаңтардағы оқиғаны «қанды жексенбі» деп әлі күнге дейін ауыздарынан тас­тамайды. Әрине, қаза адам санымен өлшенбейді. Алайда, Ресейдегі сол оқиғаның салдары Арықбалық шайқасында біздің елдің халқының шеккен азабы, оққа ұшқан, аязда үсіп өлген адам санымен салыстыруға келе ме? Қаңтардың қақаған аязында бар жан сақтар баспанасы – киіз үйлері отқа оранған, босқынға ұшыраған қара­­пайым халықтың (әсіресе емузілі нәрестелер, балалар, ауру-сыр­қау­лар мен қарттар) қаншасы қырылғанын кім білсін?» дейсің өзегіңді өкініш оты шарпып.

Осы ретте Арықбалық округінің тұрғын­дарын, аудан халқын, жалпақ жұртты селт еткізген жағымды жаңалықты жеткізе кетсек. Аудан әкімі М.Ергешбаевтың Жанқожа батыр кесенесіне барар жолдың оң қап­талына «Арықбалық шайқасы» алаңын орналастыру жөніндегі ұсы­нысын Қазалы ауданы мәслихаты сессиясында мәслихат хатшысы Күн­тілес Назымбеков бастаған депутаттар бірауыздан қолдап, мақұлдады. Жобаның құны – 35 млн теңге. Өткен сессияда алғашқы кезекте алаң орналасатын жер учаскесін тегістеу, т.б жұмыстарға 1 млн теңге бөлінді. 2020 жылғы көктемнен бастап құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Арықбалық шайқасында шейіт болған бабаларға арналған белгі бойына батырлар туралы деректер  бейнеленген барельеф стенасы орнатылып, стелла қойылады. Алаңға толығымен брусчатка төселіп, сыртқы жағы әртүрлі қиыршық тас арқылы ұлттық ою-өрнектермен безендіріледі. Шағын сәулеттік формалар, орын­дық, қоқыс жәшіктері және түнгі жарықшамдар  орнату жұмыстарына эскизге сәйкес жобалық-сметалық құжаттары әзір­леніп, қаржы бөлдіру үшін бюджеттік комиссияға ұсынылған болатын.

«Жөнімен біткен іске рақмет айтпау жөнсіздік» дейді ескіден жеткен есті сөзге сай мен де аудан әкіміне, мәслихат депутаттарына ризашылық білдіруді құп көрдім.

Биыл Жанқожа бабамыздың өмірге келгеніне 245 жыл толды. Жуыр­да жастар аясында жазба ақындар мүшәйрасы өткізіледі деп межеленуде. Ата-бабамызды ұлықтаған арда азаматтарға айтар алғысымыз шексіз.


Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.

фото: көрнекі сурет.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 қараша 2019 г. 636 0