Сатып алған атақ абырой болмайды

  Адамзат баласының өзге тіршілік атаулыдан өзгешелігі, жаратқан иесі оны ақылды етіп жаратқан. Сол ақылы арқылы мыңдаған жылдар бойы жақсылыққа, ізгілікке ұмтылып келеді. Дамудың бірнеше формациясынан өтіп, болашақ қоғамның игілігі жолында бір-бірімен қырқысты, мыңдаған жаужүректілер сол үшін өмірін құрбан етті.

XIX ғасырдағы неміс канцлері Бисмарк: «Революцияның теориясын данышпандар жасайды, жаужүректілер жүзеге асырады, ал оның игілігінің жемісін алаяқтар көреді» депті. Осы сөздерге тереңірек үңілсек, Бисмарк осыны, біздіңше, әр дәуірде болған билікқұмарлар мен жылпостарға арнап айтқан секілді.

Көне грек философы Платон батыс саяси философиясының, сондай-ақ біздің көптеген этикалық және метафизикалық таным түсінігіміздің бастау кезінде тұрған тұлға болған­дықтан оның ілімі 2300 жылдан бері оқылып, зерттеліп келеді. Сондықтан Платонды адамзат ақыл-ойының атасы деп таниды. Бірақ тану басқа, оны өз игілігіңе жарату мүлдем басқа ғой.

Қазақшаны базбір қазақтардан жақсы білетін марқұм Гера ағайдың (жазушы Герольд Белгерьді айтып отырмын) сөздерді тізіп тұрып жанға бататындай, ар-ұятымызды сілкілеп тұрып, сонымен бірге қазақтардың күллі болмысын ашатындай етіп айтқандарын әлі ұмыта қойғаным жоқ. «Мені кейбіреулердің атаққұмарлығы қайран қалдырады. Барлығына атақ, орден, медальдар қажет. Мен өзіне құрметті атақ сұрап, ЦК-ның табалдырығын тоздыр­ғандарды жақсы білемін... Бір кісі бес жыл бойы ықпалды адам­дардың атынан бума-бума ұсыныс дайындап, ақыр соңында құрметті атағына жете алмады. Тіпті әкімиятқа жүгіріп, «Астана», «Тың игерудің 50 жылдығы» медалін сұрап жүргендерді де білемін. «Ең болмаса «Мәдениет қайраткері» деген белгіні беріңдерші» деп жалбарынғандарды да көргенмін. Бұл қандай дерт?» – дейді жазушы.

Әлбетте, мемлекеттік марапаттар берудің бұрыннан қалыптасқан өзіндік тәртібі бар. Жоғарыда айтқандай, билік орындарын жағалайтындардың өздерінің ар-ұяты білер, бірақ олар тәртіпке бағынулары міндетті.

Ал бізде соңғы жылдары әркімнің өз еркімен құрып алған әртүрлі қоғамдық ұйымдардың, бірлестіктердің, кеңестердің, тіпті жеке кәсіпкерлердің марапаттарын қайда қоясыз? Олардың иелерін кім ұсынады? Ұят та болса айтайын, оларды ешкім ұсынбайды. Егер сізге «Құрметті ардагер», «Құрметті профессор  немесе академик», белгілі бір тұлғалардың атындағы, пәлен мекеменің, саланың, ауданның, қаланың құрметті қызметкері (әкімдіктің қаулысымен бекітілгеннен басқа) дегендер қажет болса, көзбояу үшін толтырылған анкетамен бірге тиісті ақшаңызды төлесеңіз жетіп жатыр. Мұндай марапаттарды жасату үшін әлгі қоғамдық ұйым монеталық сарайға тиісті ақшасын аударады да сұраушыларға үстеме бағасын қойып сатады. Мұны енді коммерция дейді.

Бұл енді капитализмнің, дұ­рысын айтқанда, нарық жүйе­сінде 500 жылдық тарихы бар қазір Батыс идеологиясына ке­рек болмай қалған жүйенің бү­гінге дейін бізге жеткен сар­қыншағы. Ресейде бұл орайда үлкен кештер өткізіледі. Үлкен-үлкен корпоративтік кештерге марапат иелері шақырылып, әлгі медальдарды сатудан түскен ақшаға ән айтуға «жұлдыздар» шақырылады. Коммерцияны ұй­ымдастырғандардың, әнші­лер­­дің ұпайы түгел. Олардың барлығы марапатталғандардың есебінен өздерінің нәпақасын айырып отыр. Бірақ мұндай «ком­мерцияның» ертеңі бұлыңғыр. Кейбіреулер түсіне бастады. Бар­­лығы әншейін нәрсе екенін, өз­дерінің алдауға түскенін се­зінді. Бірақ ең өкініштісі, мақтау сүйетін қазекеңдер әлі де жеткілікті-ау деймін. Енді бұл дерттің оқушы санасын улап, ағарту орындарын жағалап бара жатқаны алаңдатады. Өйткені батпандап кірген аурудан әп-сәтте арылу және оңай емес. Бұл енді бізде жұқпалы дертке айналды.

Жақсы нәрсені бізден ешкім тартып алмайды. Жақсылықты ел көреді, түсінеді, сана қабыл­дайды. Алайда, әр нәрсенің шегі, шектеуі, осыған сәйкес тиісті өлшемі болады емес пе?! Менің балалық, осы жасқа дейінгі бүкіл саналы ғұмырым Қызылорда қаласында өтті. Жастық дәуір­ге ойша көз жүгірткенде бай­қа­ғаным, соңғы жылдары қала келбеті айтарлықтай өзгер­ді. Көркіне көрік косып, гүлденді, сәулеттенді. Алайда осының бар­лығы заңдылық емес пе? Өмір болған соң өсу, өркендеу болады. Қызылорда өсіп, өркен­деп жатқанда өзге қалалар бір орында табандап тұрып алма­ған шығар? Нью-Йорк пен Париж, әлде Берлин өсіп-өркен­­демей құрдымға кетті ме? Бірақ осының барлығы заңды­лық, осылай болуға тиіс деудің орнына әкім қараларға жақын­дап кетсе мақтап ала жөнеле­тін­дер өз ішіміздегі ақсақал, қара­сақалдардан бастап, сырттан келген қонақтардың ішінен де табылып жатады. Бұл, бәлкім, Бельгер айтқандай, мақ­тан­шақтық дертінің, қа­зақша ұғымға сал­ғанда барлығы­мыздың жаппай осындай айықпайтын дертке шал­дығуымыздың салдары шы­ғар деп ойлаймын.

Қазір Қазақстанның мол мұнайынан төгілген қаржы­дан – жоғарыдан ағылған миллиард­таған теңгелер әлдекімдердің бас ауруына айналды. Бюджет үшін ешкім қиналмайды. Суб­венция, трансферт дейсіз бе, жоғарыдан құйылып жатыр. Бірақ «ұят болды-ау» деп қызарақтап жатқан бір пендені тағы көрмейсіз. Көптің көңілін аулаған, жетістігімізді әйгілеген тойлардан және кенде емеспіз. Мақтанып қоямыз.

Көп түйіткілдерге, әлбетте, жұмыр басты пенде ретінде түсіністікпен қарауға болар еді. Әттең бір қолайсыз жағдай болмаса... Біз кейде бүгінгі жетістіктерімізді мақтанып масаттанып айта отырып, өткен қоғамның кем-кетігін жиі ау­ыз­ға алатын болдық. Бұл, ме­ніңше, бүгінгі аға ұрпаққа жа­саған қиянатпен бірдей болар еді. Айтатыны жоқ, аға ұр­пақ көп қиямет-қайымды ба­сынан өткерді. Әкелері аш­тық-жалаңаштықты көрді, ре­­­п­рес­сияға ұшырады. Тұтас ұр­­пақтың келешек тағдырына балта шабылды. Бірақ олар адал, иман­жүзді еді. Мен Құдайсыз қоғамда өмір сүріп, ар-ожданын жоғалтпаған, қанағатшыл, шү­кіршілік дейтін сөзді аузынан тастамайтын сол ағаларымның өткен жолы жөнінде титімдей қолайсыз әңгіме естісем, қатты қиналамын.

Ойды ой қозғайды. Қазақтың классик жазушысы Тахауи Ах­танов сұрапыл соғыстан оралысымен бұрқыратып жазды. Жазғанда өндіртіп жазды. Қа­тарлас әріптестері Тахаңның жоғары білімі жоқ екенін біліп жанашырлықпен: «Мынау ір­гедегі ҚазПИ-ді, болмаса Қаз­МУ-ды сырттай бітіріп алмайсыз ба, өміріңізге қатырма қағаз керек қой», – десе, жарықтық Тахаң: «Оларға түсу үшін орта білім туралы қағаз керек шығар», – дейтін көрінеді. Май­данға аттанғанда мектептің 7 сыныбын бітіріп үлгерген ол кісі, шындығында, дарын иесі еді. Кеңес кезінде мұндай дарынды туындылар туғызған жазушылар мен дипломсыз ел басқарған тұлғаларды мыңдап келтіруге болады.

2010 жыл болуы керек, сол кездегі облыс басшысы әкім­дік жиынында активке өзінің басқарма басшысы болып та­ғайындалған жас кадрын таныс­тырып, оның Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің бірқатар басқару академияларын тауысқанын айтып еді. Біз оны кәдімгі жұрт айта беретін бүгінгі заманның «вундеркинді» деп қабылдадық. Сол жігіт бірлі-жарым жыл об­лыс, қала әкімшілігінде мем­ле­кеттік қызметте, азын-аулақ уақыт айлығы көптеу кәсіп­керлік корпорацияда басшылық қызмет істеді де, ізім-ғайым жоқ болып кетті. Артынан «іздеу салып» көрдім. Бәлкім, оқуы мықты болған соң астанадағылар көзін салған шығар? Сөйтсем, бекершілік екен. Салпақтап әр нәрсенің басын шалып ауылда жүрген көрінеді әлгі сабазың. Не үшін кетті? Маған бұл сауалдың жауабы оншалықты қызықтырмады.

Иә, өмір өзгерді. Білім де, оқу да, тоқу да сапасыз болып барады немесе бағаланбайтын болды. Қазір мемлекеттік қызметке, оның ішінде лауазымды орынға тағайындалып жатқандардың өмірбаянына көз жүгіртсең та­ңырқайсың. Екі немесе үш оқу орнының басын қайырып тас­таған. Не тындырып жатыр? Нә­тиже қайда?

Тіпті баяндаманы сауатты жасау қабілетінен де айырылып бара жатқан жоқпыз ба деп те алаңдаймын. Әртүрлі дең­гейдегі есептерде, сүреңсіз цифрлар, дәмі мен татуы жоқ құрғақ дәйектер көп келтіріледі. Кім қандай учаскеде не тындырды? Жергілікті бюджеттің жағдайы қалай? Олардың қыр-сырына ел жұртты қанық­ты­ратын сараптама-есепті ес­тіп көрмегенімізге не заман?! Осын­­дайда есеп беру үшін қа­зақ­тың бай сөз қорын, әдемі теңеулерін неге қолданбасқа деймін. Қазір жамандап жүрген өткен қоғамда осының барлығы болған. Қызылордалықтар әр­бір жұмсаған 100 теңгенің 80 теңгесін республика аста­насы­нан алады. Әрине, Қа­зақстан унитарлы мемлекет бол­ған­дық­тан Үкімет бізді ешқашан аш қалдыра қоймас, алайда осы­ның барлығы масылдық пиғыл туғызатынын, ерте ме, кеш пе оның да сұрауы болатынын ұмыт­пағанымыз абзал.

Мемлекет және қоғам қай­раткері марқұм Сейілбек Шау­хаманов бір жазбасында «О за­ман, бұ заманда аштан өлді, көштен қалды деген атқамінерді ешкім естіген де жоқ, көрген де жоқ. Барлық дәрежедегі басшыларды, тіптен, сайып келгенде, патшаны да асырайтын кәсіпкер, шаруа, өндіруші – халық. Бұрын да солай болған. Қазір де солай, келешекте де солай болады. Халық аман болсын, халық аман болса, бейбітшілік заман болса, ешқашан ешкім де аштан өлмейді, көштен қалмайды, тек баршамызға тәңірім ынсап, қанағат, шүкіршілік, иман, таупық берсін», – депті.

Осы орайда бұны Сәкең өзіне тән көңілжықпастығына салынғандығынан айтқан ғой деп топшылаймын. Әйтпесе тарихта, әсіресе ХХ ғасырда небір зұлматтар болған. Ол атқамінерді де, кедей шаруаны да, орташаны да мүсіркеген емес. Ресейді 300 жыл билеген Романовтар әулетінің, одан беріде 200 жыл бай-манап болып, малдың қызығымен мамыражай өмір сүрген қазақ дәулеттілерінің, оқығандарының қайғы-қасі­ретін айтсақ та жеткілікті. Бі­рін­ші дүние жүзілік, азамат со­ғыстарынан кейін аштық пен жалаңаштық жаулаған кеңестік Ресейде 5 млн-нан астам тұлдыр жетім көшелерде қаңғырып күн кешкен. Олар әртүрлі қылмысқа барған. Ресей империясы азып-тозуға айналады. В.Лениннің тапсырмасымен ВЧК төрағасы Ф.Дзержинский олардың көп­шілігін жинап, балалар үйіне өт­кізіп, түзу жолға түсуіне жағ­дай жасайды. Кейбірін НКВД оқуларына жібереді. Та­рих­шы­лардың зерттеуінше, 1937-1950 жылдардағы репрес­сия ке­зінде мыңдаған тұтқындарды азап көрсетудің сан түрімен қор­лап, мүгедек еткен, кісі тө­зімсіз жағдайда ұстап, олар­дың кінәларын қолдан мойын­датқан, соңынан атып-асқан, ит-жеккенге айдаған сол же­тімектер болған көрінеді. Ата-ана мейірімін, өмірдің жылы шуағын сезініп көрмегендер біреудің қасіретін қайтсін түсініп.

Міне, 100 жылдың ішінде дәуір бізге осындай зұлматтарын ала келді. Мұны тарихта бумерангтың қайтып соғуы немесе тағдырдың орыс халқына жіберген қарғысы дейді, кейбір сәуегейлер. Одан қазақ та молынан запа шекті. Осы орайда бізде қазір мейірім шуақ дегеніңіз жоғалып бара жатқаны алаңдатады. Дәулеттілер жалдамалы жұмысшыларының несібесінен молынан жырымшылайды. Зейнетақы қорларына ақша аудармайды. Сілікпесін шығарып жұмсайды. Олар бумеранг дегенді, өзгеге істеген қиянаттың өзіңе қайтып соғатынын білсе де, бүгінгі рахатымен өмір сүргенді қалайды.

Адам тағдыры қызық. Ешкім ешкімнен төмен болғысы келмейді. Өмір күрес, тартыс. Сол күреспен алға жылжиды, кедергілерді жігері, қабілеті жеткенше жаншып өткісі келеді. Шыңға жеткісі келеді. Барлығы ойдағыдай болып жатса кәнеки, бұл өмірде кедергілер көп қой, көп... Сүрінесің, қайта тұрасың, тағы ұмтыласың дегендей.

Әйгілі Лев Толстой немересімен әңгімелесіп отырып:

– Өскенде кім болғың келеді? – деп сұрапты.

– Сіз сияқты даңқты жазушы болғым келеді, – депті немересі.

– Онда сенен ештеңе шықпайды, – депті жазушы.

– Неге?

– Сенің жасыңда мен Құдай болсам деп армандаушы едім...

Иә, шынында ой салатын диалог. Ұлы адам мен өмірге енді аяқ басқан сәбидің диалогы. Баламен сөйлесе білу өнері тек Ұлы адамның ғана қолынан келеді.

Әлбетте, бізге Платон, Толс­той болу міндет емес, бірақ өз шама деңгейімізде ұят, нысап деген ұлы ұғымның мәнін түсініп, өмірдің қарапайым ізгілік қағидаларын игерсек жетіп жатыр емес пе?! Әйтеке би: «Арын сатып алған атақтан терін сатып алған мал артық» депті.

Түркістандағы Қожа Ахмед Иассауи кесенесіне Мұхаммед пайғамбардың «Кімде-кім ниетін – имандылыққа, тазалыққа, тілін – шындыққа, өзін – тыныштыққа, мінезін – туралыққа, құлағын – тыңдаушыға, көзін – өнегелі бақылаушыға айналдырып алған болса, ол – бақытты» деген сөздері жазылып қойылған. Бұл – әр адамның жүрегінің төрінен орын алуға тиісті, өміріне бағдар боларлық сөз.

Қазіргі аға буын Құдай­сыз­дар заманында өмір сүрді. Бірақ өздерін өзгеден тыс ұлы күштердің билейтінін санасында бірдеңесі бар адамдар сол заманның өзінде ұғып өсті. Осы орайда жаңақорғандық Кеңес Одағының Батыры Әнуар Әбутәліповтің соғыс кезінде басынан өткізген бір оқиға естір құлақ үшін тыңдауға қызық.

Командирдің бұйрығымен немістер тас қылып бекініс құрған Тисса өзенінің арғы бетіне жүзіп өтіп, бекіну қажет. Әнуар арғы бетке жүзіп өтті. Жағалауға шығайын десе тік жар. Қиналғанда құлағында анасының сөзі естіледі: «Балам былай жүз, сәл оңға қарай» деп жол сілтеп отырған. Сілтеген бағытқа қарай жүзіп, жағалауға шығатын қолайлы жерді тапқан Әбутәліп командирдің бұйрығын орындап, сол ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атанған. Міне, иманның құдіреті деп осыны айт! Бұны белгілі иманжүзді журналист Нұрмахан Елтай жазды.

Ұлы жазушы Әбіш Кекіл­баев: «Ұлтты ұйытқылы ететін – парасат. Адамды абзал ететін – иман», – депті. Тағы да: «Жүрек – құмыра. Дүние тіршілігінде әлгі құмыраға қолға түскенді теріп сала береміз... Бір күндер болғанда, қазына көріп арқалап жүргеніміз не нәрсе деп ішіне үңіліп қарасақ, әншейін түкке алғысыз кәкір-шүкір болып шығады» – деп жүректі таза ұстауға үндепті.

Кәкір-шүкіріңіз не, сонда? Әлгі Белгерь айтқан кабинет жағалап, ар-ұятын сатып жүріп алған медальдар ма?! Бір қызығы, қазір қалың көпшілікті кімнің не алып жатқаны да қызықтырмайтын болды. Өйткені қолдан жасалған марапат көп. Тіпті олар сатылып та жатыр. Ал сатып алынған абырой ешқашан қадірлі болған емес.

Сталинді жырлаған Жамбыл өлерінде Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке барып: «Қарағым, мен үзбей намаз оқыған адаммын. Ағам Тәйті екі рет қажылыққа барған. Сондықтан менің обалыма қалмай, өлгенде жаназамды шығарып, өзімнің бағымның ішіне жерле» деген. Шаяхметов ақынның аманатын орындайды. Алматының бас қазиі Шәріп қазы ақынның жасырын жаназасын шығарып, бағына жерлейді.

Ал, осындай зұлмат заман болды. Большевиктер билікті ал­ған соң дінге толық тыйым салды. Шіркеулер қиратылды. Молдалар сотталды, атылды. Бірақ соның өзінде ішкі дүниесінде иманын сақтап қалған адамдар болды. Сталиннің өзі Гитлермен жанкешті соғыста қиналған сәтінде дінге бет бұрды. Самар­хандағы Әмір Темір жатқан мавзолейді жөндетті. Кешегі соғыста діндарлығымен белгілі болған белгілі генерал Андрей Власовты қолдады. Кейін немістерге өз еркімен берілгенін естігенде Сталин «бұл қалай болды?» дегендей үнсіз қалыпты.

Құдайсыздар туралы айт­қанда өткеннің барлығын қа­ралай беру де қисынсыз. Крупс­кая биліктен Ленинді жер қойнына тапсыруды өлгенінше сұрап өтті. Бірақ оның өтінішіне Сталин құлақ асқан жоқ. Сталин дінбасының баласы, дін қағидасы бойынша өлікпен не істеу керектігін жақсы біледі. Бірақ Ленин оған саясат, билікті уысынан шығармау үшін қажет болды. Ресейдің бүгінгі билігі үшін де солай...

Республикалық «Деловая неделя» газетінің АҚШ-тағы меншікті тілшісі Юрий Сигов жуырда өз мақаласында бұрынғы Кеңестер Одағынан шыққан елдердің ішінде Ресейде тұтынушылық психологияның, яғни өмірдің мәні баюшылық деген түсініктің басым болуына қарамастан, Батыстың өзінде алдағы жылдары билікке келуден үміттілердің АҚШ капитализмінің орнына социал-демократиялық қоғамды қа­лыптастыру керектігін айтып отырғанын тілге тиек етеді. Демек, Батыстың өзінде шектен тыс баюшылықтың сол қоғамның ертеңіне қауіп деген  пікірлер айтыла бастады. Бұл әр нәрсенің шегі, шектеуі бар деген ұғымды білдірсе керек-ті. Ал шындығында осының барлығы біреуді мүсіркегендіктен емес, қоғам дамуы тежелуі мүмкін деген қауіптен туындап отыр.

Айта берсе, әңгіме көп. Бүгінгі айтпағымызды осымен шектей тұрғанды жөн көрдім.


Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 қараша 2019 г. 1 340 0