Әлеуметтік карта әлі де жетілдіріледі

Мұнан бұрын хабарлағанымыздай, облысқа арнайы сапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Сырдария ауданында болып, Тереңөзек кентіндегі бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Сонымен қатар, Н.Ілиясов ауылында Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің «Отбасының әлеуметтік картасын енгізу барысы» тақырыбында көшпелі отырыс өтті.

Алдымен депутаттар кентте орна­ласқан жұмыспен қамту орта­лығында халықпен кездесті. Онда «Е-халық» ақ­параттық жүйесі платформасында отбасының әлеуметтік картасын жасау жұмыстарының барысы таныстырылды. Шағын кездесуде Гүлшара Әбдіқалықова бастаған депутаттар сұрағына облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басшысы Талғат Дүйсебаев жауап берді. Келушілер әлеуметтік карта арқылы жекелеген отбасылар жайлы мәліметті анықтау жолдарын көріп, онда жинақталған анықтамалардың шынайылығына талдау жүргізді. Мұнан өзге, отбасы жайлы мәлімет базасының қорғалуы туралы сауал да қойылды. Әлеуметтік картаны әлі де жетілдіру қажеттігін алға тартқан мәжілісмендер өз ұсыныстарын да жеткізді.

Бұдан кейін депутаттар аудан ор­та­­лығында ашылған әлеуметтік дү­кен­ге барып, кәсіпкерлер тарапынан қол­дау тапқан нысан жұмысымен танысты.

– Аптасына екі күн жұмыс істейміз. Мұнда бес түрлі халық тұтынатын тауар – сиыр еті, өсімдік майы, ұн, күріш, қант бар. Аз қамтамасыз етілген әр отбасына төмендетілген бағамен берілетін біздің дүкеннің жұмысына бақылау жасайтын арнайы топ та құрылған. Ал киім-кешектер мұнда тегін таратылады, – дейді дүкен меңгерушісі Мария Сейпулова.

Депутаттар келесі сапарын топ­тарға бөлініп жалғастырды. Г.Әбдіқалықова, Б.Смағұл, Н.Әлім­жанов «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы ғимаратында тұр­ғындарды жеке өтініштері бо­йынша қабылдады. Қабылдауға келгендер тарапынан кенттегі А.Иманов пен Н.Ергешбаев көшелерінің қиылысында салынуы жоспарланып отырған көпқабатты тұрғын үй құрылысын қаржыландыру, Шаған ауылының аумағынан өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының бойынан айналма көпір не өткел салу мәселесі, тұрақты жұмысқа орналасу, «Қызылорда-Тереңөзек-Жалағаш» автожолына жөндеу жұмыстарын жүргізу, т.б. өтініштері тыңдалды. Депутаттар К.Абсатиров, Н.Жұмаділдаева, Ф.Қаратаев олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінде болса, Г.Шиповских, З.Аманжолова кейбір әлеуметтік нысандарды аралады. К.Мұсырман, А.Нұркина, Ж.Омарбекова Шаған ауылындағы Келдібаевтар отбасында болды.

Сапар Н.Ілиясов ауылында жал­ғасып, мәдениет үйінде комитеттің «Отбасының әлеу­мет­тік картасын енгізу барысы» тақырыбында көшпелі отырысы өтті.

Комитет төрайымы Г.Әбді­қалықованың бас­қаруы­мен өткен жиында басты тақырып – әлеуметтік-отбасылық картаны енгізу мен қолдану болды. Электронды картаны пайдаланудың перспективалары, әлеуметтік қызмет пен көмек көрсетудің интеграцияланған моделін дамыту, балалар құқықтарын қорғау, медициналық көмекті ұйымдастыру мәселелері ашық айтылды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов, облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов, «Қазақстанның әлеуметтік жұмыскерлері Ассоциациясы» қоғамдық бірлес­тігінің төрайымы Ләззат Нұрқатова, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл және бірнеше министрлік өкілдері хабарлама жасады.

– Әлеуметтік карта – мемлекеттік органдар ұсынатын автоматтандырылған деректер негізінде отбасының өзекті әлеуметтік жағдайының нақты портретін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұ­мыстың біраз алға басқанын байқап отырмыз. Дегенмен, аталған жүйені дамытуды тоқтатпауды, жетілдіруге тиіс тұстары әлі де бар екенін баса айтқым келеді. Осыған байланысты тиісті министрлікке ұсыныс берілді. Әрі бұл айтылған мәселелер алдағы Үкімет сағатында талқыланады, – деді Г.Әбдіқалықова.

Сапар барысында мәжіліс депутаттары Н.Ілиясов және Шіркейлі ауылындағы бірқатар мемлекеттік мекемелер мен білім беру орындарының жұмы­сымен танысып, жергілікті жұртшылықпен де жүздесті.

***

Сенбі күні ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының сапары Қызылорда қаласындағы сол жағалаудағы жастар орталығында жалғасты. Мұнда олар белсенді жастармен жүздесіп, сауалдарына жауап берді.

Ғимарат алдында сап түзеген «Қызылорда айбындарының» сарбаздары өздерінің ерекше дайындығын көрсетті. Ұрандаса айбынын асырып, жұрттың жі­герін жанитын жастардың ынта-ықыласына, әскерде боры­шын өтеуге талпынысына тән­ті болған Мәжіліс депу­таты Бақытбек Смағұл жалын­ды жыр оқып, жастардың ру­хын көтерді. «Шұбырынды бол­са­дағы ақтабан, Қазақ елін ешқа­шан да сатпаған» деп, ұлттың ұлылығына тоқталып өтті.

– Міне, біздің болашақ Отан қорғайтын сарбаздарымыз. Мұндай ұйым Қазақстанның барлық жерінде бар. Бірақ, Қызылорданың сарбаздары ерекше. Кеудесінде Отан деп соққан жүрегі, еліне аппақ тілегі, осындай өрендеріміз өсіп келеді, – деді Б.Смағұл.

Мұнан соң депутаттар орта­лықты аралап көрді. Сарбаздар қару жинап, өз шеберліктерін танытты. Бұдан бөлек, әдісте­мелік көмек көрсету кабинеті де жұмыс істеп келеді. Заң тұрғы­сынан, мемлекеттік бағ­дар­ламалар жайынан көп нәр­сеге қаныққысы келген жас осында келеді. Сол күні мұнда бірнеше азамат өзекті мәселелерін ортаға салды. Сонымен қатар, орталықта 10 мыңға тарта қоры бар кітапхана жұмыс істейді.

– Біздің кезімізде мұндай мүмкіндік болған жоқ. Қазіргі жастарға барлық жағдай жасалған. ІТ кітапханаға компьютер де қойылған. Бір кітапты алу үшін сағаттап күтетін едік. Жаңа дәуір жастары, бүгінгі заман – сіздердікі, – деді Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова.

Психолог бөлмесі де барлық қажеттілікпен қамтылған. Арттерапия мен музыкатерапияны қосып, келген жұртшылыққа қызмет көрсететін маман – Жамал Берекетова. Ал медициналық қызмет көрсету бөлмесінде білікті маман Гүлхан Пірімбет жастардың денсаулығына жауапты. Меймандар мұнан соң «сoworking» орталығында болды.

– Бұл жерге өңірдің қайсыбір жас азаматы келсе де, есік ашық. Тәулік бойы жұмыс істейді. Жас­тар орталығы қоғамның қай саласында болмасын, еңбек етіп жүрген қыз-жігіттердің бас қосып, пікір алмасатын орны, – деді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Сыр жастарының бел­сенділігіне ризашылық­та­рын білдірді.

Ержан ҚОЖАС,

Дәулет ҚЫРДАН.

«Сыр бойы».


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 қараша 2019 г. 373 0