СОЛТҮСТІК АУДАНДАРДАҒЫ СЕНІМДІ ҚАДАМ

СОЛТҮСТІК АУДАНДАРДАҒЫ СЕНІМДІ ҚАДАМЖексенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарында болып, бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Актив жиынында Арал ауданының әкімі А.Мұхимов ауданның 2015-2017 жылдарға арналған кешенді жоспарын баяндады. Ал, Қазалы ауданында болған облыс әкімі осындағы «РЗА» АҚ бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Аймақ басшысы сапарын қайта жаңғыртудан өткізіліп жатқан «Қорқыт ата» ескерткіш кешенінде қорытындылады.

Арал қаласындағы 300 орындық мектептің ашылуына қатысқан Қ.Көшербаев жиылған қауымға игі тілегін арнады. "Бүгін Аралда ерекше күн. Өйткені, құрылысы бірнеше жылдан бері тоқтап қалған білім ордасы балаларға есігін айқара ашқалы отыр. Осында балаларымыз жақсы білім алып, бір әулеттің ғана емес, еліміздің мақтанышы болсын!” – деп біліктілік пен білімнің заманы туғанын еске салып өтті.

Айта кетейік, мектептің іргетасы осыдан 3 жылдай бұрын, нақтырақ айтсақ, 2011 жылдың соңында қаланған. Кейін нысанның бірінші мердігерімен арадағы келісім-шарттар күшін жойып, құрылыс жұмыстарын жалғастыру мердігер деп танылған «Өмірзақ» ЖШС-на тапсырылды. Аймақ басшысы нысанды дер кезінде бітіргенқұрылыс компаниясының басшысына алғысын білдірді. Компания директоры М.Нәлқожаев №64 мектептің директоры Аманкелді Бөлекбаевқа символикалық кілтті табыс етті.

Ал, аудан активімен және тұрғындармен өткен кездесуде аудан әкімі Абзал Мұхимов аймақ басшысын Арал ауданының 2015-2017 жылдарға арналған кешенді даму жоспарымен таныстырып, аудан тұрғындарының әлеуетін көтеретін маңызды деген жобаларға қаражат бөлуге ықпал етуін сұрады. Аудан басшысы САРАТС-2 жобасына қаржы бөлуге ықпал еткені үшін және алдағы уақытта Арал қаласында салынатын кремний және кіші шыны зауытының құрылысын өңірге әкелгені үшін облыс әкіміне алғысын білдірді.Сондай-ақ, осы кездесуде халық жазушысы Ә.Нұрпейісовтің 90 жылдық мерейтойын атап өтудің жайы да сөз болды.

Мұнан соң облыс әкімі Қамыстыбас ауылдық округіне қарасты Қамбаш көлі жағасында салынып жатқан 100 орындық пансионаттың құрылыс жұмыстарымен танысты. Былтырғы жаз айынан бері нысан құрылысын жүргізіп жатқан «Мұнай Құрылыс Сервис» компаниясының басшылығы пансионатты алдымыздағы күзде пай­далануға беретінін жеткізді.

Қазалы ауданында бол­ған облыс басшысы Қырымбек Көшербаев ал­дымен «РЗА» АҚ жұ­мы­сына ден қойып, 660 басқа арналған тауарлы-сүт бағытындағы ірі қара өсіру кешенінің ты­ныс-тіршілігімен танысты. Осындағы тәулігіне 30 тонна сүт өнімдерін өңдейтін сүт зауытының жұмысын көрді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дәуірбек Әбуов стенд арқылы аймағымыздағы асыл тұқымды мал шаруашылығының дамуы мен сүт өндірудің болашағы туралы тарқатыпайтты.

СОЛТҮСТІК АУДАНДАРДАҒЫ СЕНІМДІ ҚАДАМНақты кезеңде облыста мүйізді ірі қара ұстайтын 91 шаруашылықта 248 мың 900 бас ірі қара бар. Оның 1,8 пайызы, яғни 4400-і асыл тұқымды мал. 2700-і сүт бағытындағы мүйізді ірі қара. Осы сүт бағытындағы малдың 1639 басын аталған шаруашылық күтімге алып отыр. Бұл өңірдегі барлық сүт бағытындағы мүйізді ірі қараның 60 пайызы осы компанияның үлесінде деген сөз.

2007 жылы өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдары 1,1 мың тонна сүт өндірсе, өткен жылы ол 5,8 мың тоннаға жеткен. Оның 5,4 мың тоннасы осы «РЗА» АҚ-ның үлесінде. Ең бастысы, мұндағы асыл тұқымды сиырдың біреуі жылына 8 479 келі сүт береді. Облыс­та бұл көрсеткіш 1189 келіні көрсетеді. Яғни, Қазалы ауданындағы өнімділік өзгелерден 7 есе жоғары. Бұл көрсеткіш республика бойынша 2280 келіні құрайды екен. Ал, жергілікті компанияның көрсеткіші бұл деңгейден 3 есе жоғары. Д.Әбуовтің айтуынша, «Ырыс» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңадан тауарлы сүт фермасын құру қолға алынғалы отыр. Бұл арқылы осындағы сүт зауытыныңөнімділігін арттыруға болады. Басқарма басшысы жаңа бағдарлама арқылы сүт бағытындағы 200 бас асыл тұқымды мал ұстайтын 10 шаруашылық құру жоспарлап отырғанын алға тартты. Ол үшін Арал мен Қармақшы ауданында 6, ал Қазалы ауданында 4 шаруашылық, бұған қоса, 18 сүт қабылдау пункті ашылып, сүт осы зауытқа жөнелтілуі тиіс. Сол кезде зауыт қуаттылығына шығады, әрі 108 жаңа жұмыс орны ашылады.

Аталған акционерлік қоғамның президенті С.Имандосов облыс әкіміне қолға алынып отырған жоба мақсатын қысқаша жеткізіп, облыс халқының сүтке деген сұранысы 70 мың тоннаны құрайтынын, осы жұмыстар арқылы бұл мәселені оңтайлы шешуге болатынын мәлім етті. Аймақ басшысы азық-түлік мәселесін шешуге үлкен үлес қосып отырған кәсіп иесінің жаңа жобасын толық қолдайтынын жеткізді.

Сапар барысында облыс басшысы Қ.Көшербаев осы аудандағы Ғ.Мұратбаев ауылында болды. Биылғы күзде 240 жылдық мерейтойы атап өтілгелі отырған Жанқожа батыр ескерткіші басындағы қайта жаңғырту жұмыстарын да назарға алды.

Облыс әкімі мұнан соң Байқоңыр қаласында болып, 100 келушіге арналған 80 төсектік перзентхананы көпсалалы аурухана ретінде қайта бейімдеуге байланысты атқарылып жатқан жұмыстармен және Төретам кентінде «ЭКСПО-2017» аясында салынатын алаңның құрылысымен танысты. Сапар соңында аймақ басшысы бастаған топ ұлы жолдың бойындағы Қорқыт ата мемориалдық ескерткішіне арнайылап ат басын бұрды. Бұл кешен түбі бір түркі халықтарының ортақ ойшылы Қорқыт бабамызға арнап 1980 жылы салынған-ды. Бүгінде қайта жаңғыртудан өткізілуде. Мұндағы құрылыс жұмыстары маусым айында басталыпты. Белгілі сәулетші Бек Ибраевтың жобасы бойынша бой көтерген ескерткіштің биіктігі 8 метрді құрайтын. Ескерткіш 4 тік стеладан тұрады. Әрбір стела әр тарапқа қарап тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғарғы жағы кеңейе келе шөміш пішінінде түйісетін стелалар қобыз бейнесін меңзейді. Түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады және ескерткіш төбеден қарағанда қобыз формасына ұқсайды.

Мердігер компания «СМП - Қызылорда» ЖШС директорының орынбасары Жанаман Құлжанов қайта жаңғыртудан өткізілгеннен кейін де бұрынғы архитектуралық форма сақталатынын айтып отыр. Ерекшелік, бұрын темір бетон ескерткіштің биіктігі 8 метрді құраса, енді ол 12 метрге, ескерткіш тұрған төбе 2,5 метрге биіктейді. Темір бетон материалдың орнын мрамор ауыстырады. Мұражай директоры Айдос Ниязовтың айтуы бойынша, ескерткіш басындағы мұражай кеңейтіліп, оған штаттық бірлік қосылады. Ал, автобаннан ескерткішке дейін, онан Ақсақ қыз кесенесіне дейін жүргіншілер жолы салынып, төңірек түгел абаттандырылады.

Байқоңыр ғарыш айлағымен бірге бұл нысан да «ЭКСПО-2017» бүкіләлемдік көрме нысандары қатарына ұсынылып отыр.Осындағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан Қырымбек Елеуұлы алдағы уақытта Қорқыт ата басында жылына бір мәрте түбі бір түркі бауырлардың басын қосуды дәстүрге айналдыруға күш салатынын, мұны Елбасының өзі тапсырғанын атап өтті. Жалпы, ұлы жолдың бойына мәңгілік тыныс тапқан түркі дүниесінің ойшыл абызы Қорқыт бабамыздың құрметіне қойылған ескерткіш кешен ширек ғасырдан астам уақыттан бері біздің рухани құндылығымыз болып саналып, ел қастерлейтін киелі мекен ретінде бағаланып келді. Енді ол алдағы уақытта саяхатшы-туристер мен жоғары дәрежелі қонақтар тәу ететін қасиетті орынға айналуы тиіс.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 29 шілде 2014 г. 1 271 0