« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Биыл Сыр өңірі баспасөзінің қарашаңырағы – «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттеріне 90 жыл. Ғасырға жуық уақыт халықтың рухани серігіне айналған қос басылым өз биігінде. Мерейтой қарсаңында аға басылымдар өкілдері Жаңақорған, Шиелі ауданында іссапарда болды.
Шығармашылық топ алдымен Жаңақорған ауданының әкімі Сұлтан Мақашовпен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен атқарылып жатқан жұмыстары жайында пікір алмасты.
– Екі газеттің аймақ үшін маңызы зор. Қаншама қаламы қарымды ел ағаларының сара жолы жатқан басылымдарды мерейтойымен құттықтағым келеді. Қос газет 90 жылдың ішінде адамның санасына зерделі ой, өнегелі тәрбие қалыптастырып, өз оқырмандарына рухани азық бере білді. Сондықтан «Сыр бойы» мен «Кызылординские вести» газеттері ақпарат ағыны толас таппайтын заманда бәсекелестіктің бәсін жеңіп, өзінің сындарлы қалпын сақтап, биік белестерден көріне береді деп білемін.
Газет мемлекеттік саясатты насихаттауда, ұрпақты еңбекке, шығармашылыққа баулуда өлшеусіз еңбек етуде. Қазір жаңа технология дамыған, ғаламтордың ауқымы кеңейген кезең десек те, газет қоғамдық пікірдің ұйытқысы болып қала береді. Демек, жұртшылық өзіне жақсы таныс, жергілікті жердің жағдайын тереңірек білетін, елдің мүддесін көздейтін баспасөзден қол үзбейді деген сенімдемін, – деді аудан басшысы.
Еркін пікір алмасуды мақсат еткен басқосуда толғақты ойлар ортаға түсті. Елдік мәселелер, ауданда маңыз беретін тұстар бүкпесіз айтылды. Жаңақорған ауданында тың жобалар жетерлік. Әсіресе, өндіріс орындарында ілгерілеу басым. Мұны елдің ішін аралау барысында да байқадық.
Мұнан әрі шығармашылық топ аудандық кітапханада оқырмандармен дидарласты. Кітапханаға кіре бергеннен тілшілер қауымына деген ерекше ықылас сезілді. Арнайы қос басылымға арналған «Шежірелі шаңырақ» атты көрме ерекше әсер қалдырды.
Жиында «Сыр бойы», «Кызылординские вести» газеттерінің бас редакторлары Қуат Шарабидинов пен Қазыбек Ботаев газеттің бүгінгі тыныс-тіршілігін сөз етіп, оқырманмен шығармашылық байланыс орнатуға әркез дайын екендерін жеткізді. Жүздесу еркін пікір алмасуға құрылып, дәйекті ойлар ортаға салынды.
– Газеттің тарихында елдің айтулы азаматтарының қолтаңбасы қалды. Біздің газет биыл өзінің жиырма мыңға жуық нөмірін жарыққа шығарған екен. Демек, аймақтың тыныс-тіршілігі, өмірі шежіре болып қағаз бетінде қатталған. Бұл игі жол жалғаса бермек, – деді Қуат Әбішұлы.
Жүздесу барысында ардагерлер Ізатулла Нәрзілдаев басылымға деген ізгі тілегін білдіріп, арнау оқыса, Ерубай Қалдыбек, Серік Мұсабай сынды қаламгерлер газеттің хабар таратудан өзге тәрбиелік маңызы зор екендігін жеткізді. Ал, кітапхана басшысы Әсем Тілеубергенова білімнің кітапханадан басталатындығын баса айтып, оқырман қауымын газет оқуға шақырды. «Жаңақорған тынысы» газеті бас редакторының орынбасары Баян Үсейінова қандай жағдайда да газеттің өміршең болатынын сөз етті.
– Мен «Сыр бойының» «Ленин жолы» кезінен бастап оқып келе жатқан оқырманымын. Өзіме қатты ыстық. Әлі күнге Рысты Бекбергенова, Қайырбек Мырзахметовтің жазған туындылары есімде. Бізді есейткен, өмірге бейімдеп, еңбекқорлыққа тәрбиелеген осы аға буынның жазған дүниелері. Сондықтан жастарды осы басылымдарды оқуға баулуымыз керек. Қазіргі күні көп адамнан газет оқисың ба десең, желіден оқып отырғанын алға тартады. Заман талабымен жүрген дұрыс. Бірақ танымдық бағытта адамның ойын тереңдету үшін сүбелі сөз саптап, орамды ой айтатын кәсіби журналистің еңбегіне ешнәрсе жетпейді. Бүгінде газетті кім оқиды, өмірі қысқа дегенге мен келіспеймін, керісінше, газеттің беделі дәуірлей беретініне сенемін, – деді Б.Үсейінова.
Әсерлі кездесу өнерлі оқушылардың күмбірлеген күйі мен жауһар жырына жалғасты. Қатысушылар естелік суретке түссе, тілшілер қауымы «Құрмет кітабына» қолтаңба қалдырды.
Білікті басшының
баянды істері
Шығармашылық топтың одан кейінгі бағыты №3 мектеп-интернаты болды. Негізі 1963 жылы қаланып, бір жылдан кейін шопандардың балаларына арналған мектеп-интернаты болып ашылған білім ошағы бүгінде облыстағы маңдайалды білім ордасына айналған. Директоры Ләззат Нәлібаева тілшілер қауымын мектептің тыныс-тіршілігімен егжей-тегжейлі таныстырды.
– Мектептің ғимараты ескі, 56 жыл бұрын салынған. Оған қарамастан қолымыздан келгенше жөндеу жұмыстарын жасаудамыз. Қазіргі таңда мектепте 370 оқушы бар, оның 191-і жатып оқиды. Білікті ұстаздарымыз да жетерлік. Сол кісілердің арқасында мектебіміз үнемі алдыңғы орындардан көрінуде. Өткен оқу жылын 23 оқушы бітірсе, оның 21-і мемлекеттік грант иегері атанды. 9-ы «Алтын белгі» иегері болды. Осы оқу жылында межеден асып түспесек, кем болмаймыз деген жоспарымыз бар, – деді мектеп-интернат директоры Ләззат Машбекқызы.
Білім ордасындағы бір ерекшелік, мұғалімдер мен оқушылар үшін барлық жағдай қарастырылған. Тіпті, оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Кітап оқы да 50000 теңге ұтып ал!» сайысы ұйымдастырылып, шәкірттерді шабыттандыруға мүмкіндік қарастырылған. Ұстаздар қауымы мұны басшының іскерлігімен байланыстырады. Еңбекқор басшының арқасында кәсіпкерлерді тарту арқылы мектептің әр кабинетіне арнайы жиһаздар жасалғанын, техникалық құрылғылармен қамтылғанын қуанышпен жеткізуде. Бір қызығы, әрбір сынып өз атауына сай безендірілген, ондағы жиһаз бен сабақ өткізу құралдары жаңа кезеңнің жаршысындай үйлесім тапқан. Қысқасы, бұл игілікті көзбен көру керек деген ой түйесің.
Мал баққанға
бітеді
Оңтүстік ауданға сапар барысында қос басылым өкілдері сонымен қатар Қыркеңсе ауылдық округіне қарасты Әбдіғаппар ауылындағы Серік Мырзабаев жетекшілік ететін «Бекарыс Агрофуд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал бордақылау алаңында болды.
Еңбек жолын мұғалім болып бастаған жас жігіт ата кәсібіміз – мал өсіруді қолға алып, 2014 жылы бастайды. Әуелгі кезде мүйізді ірі қара тұқымын өсіруден бастап, одан кейін жылқымен айналысады. Мұнан соң қазалылық фермер Есет ағасының ақыл-кеңесімен мал басын асылдандыруға кіріседі. Қазір түліктер арасында түйе де бар.
«Бекарыс Агрофуд» ЖШС құрылғанына екі жылдан асыпты. Басты мақсат – мал басын көбейтіп, селекциялық жұмыстармен айналысу. Серіктестік «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ҰК» акционерлік қоғамымен бірлесе жобасын жүзеге асыруда. Жоба бойынша корпорацияның үлесі 44,7 процент, серіктестік үлесі 55,3 процентін құрайды. С.Мырзабаев жобаның 134 млн теңгесіне 307 бас ет бағытындағы асылтұқымды қалмақ қашарлары мен 15 бас бұқа сатып алынғанын жеткізді. Фермер жігіт қалмақ түлігі Сырдың табиғатына өте төзімді болатынын айрықша атап өтті. Терісі қалың болғандықтан сона, маса, кенеден қорғанышы мықты. Ит-құсқа да алдыра қоймайды. Аналық бастың салмағы орташа есеппен 450-550 келіге дейін жетеді. Ал бордақылау бағытындағы бұқалардың тірі салмағы 900 келі шамасында. Етінің ерекше дәмдік сапасын атап өту керек, себебі, бұл ет бағытындағы малға тән «мәрмәрлігімен» ерекшеленеді. Оған қоса, азық талғамайды. Еті басқа тұқымдағы сиырларға қарағанда жұмсақ келеді. Шаруашылық басшысы ірі қараның осы түрінің өзін алдағы екі-үш жылда мың басқа жеткізуді жоспарлап отыр. Биылдың өзінде оның 100 төлін сатып, одан түскен қаржыны құрылыс жұмыстарына жұмсаған екен.
Қазіргі күні серіктестік 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Шаруашылықта 886 бас мүйізді ірі қара, оның ішінде 307 бас асылтұқымды қалмақ сиыры, 515 бас жылқы, 87 бас түйе, 1048 бас қой бар. Алдағы уақытта 1000 бас уақ мал алу жоспары жасалған. Шаруашылықтың 4 мың гектар жайылымдық және 50 гектар суармалы жері бар. Мал азығындық шөптерді өздері дайындап алады. Оған қажетті техникалар «Казагрофинанс» арқылы алынған.
Аумағы 5 гектарға жуық мал бордақылау алаңында малға су, жем-шөп беру жұмыстарын автоматтандырылған қондырғылар көмегімен бір адам ғана атқара беретінін естіп, білдік. Тағы бір айта кетерлігі, серіктестік мал басын асылдандырумен қатар, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы 25 млн теңгеге модульді мал сою бекетін тұрғызып койыпты. Сол арқылы етті Кедендік Одақ және Еуропа елдеріне экспорттау жоспары жасалған.
Қазірдің өзінде өнімдерін желілік дүкендер арқылы ішкі нарыққа өткізуді жолға қойып отыр. Жыл соңына қарай Өзбекстанға ет экспорттауға келісім жасалған.
«Мал баққанға бітеді» деген аталы сөзді ұстанымға айналдырып, еңбек етіп жатқан кәсіпкер жігіт мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамытуға, ауыл кәсіпкерлеріне жасап отырған қолдауларына риза екенін жеткізді. Ал, біз өз кезегімізде еңбегімен көпке үлгі болып отырған шаруашылық басшысының кәсібіне береке тілеп, әрі қарай жолға жиналдық.
Жаңақорғанға сапар аясында Қорасан ата кесенесінің басына барып, зиярат ету сәті де түсті.
***
Келесі күні қос газет өкілдерінің оқырмандармен кездесуі Шиелі ауданында жалғасын тапты. Журналистерді аудан әкімі Әшім Оразбекұлы қабылдап, аймақ баспасөзінің қарашаңырағы саналатын қос газетті мерейтойымен құттықтады және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы әңгімеледі.
– Аймақтың ата басылымына, жалпы мерзімді баспасөзге деген біздің көзқарасымыз қашан да түзу. Былтыр біздің аудандық газетке 80 жыл толды, биыл міне, аймақ жылнамашысы саналатын қос басылымға тоқсан жыл толып отыр. Халық жаңалыққа, ақпаратқа үнемі сусап отырады. Себебі, өмір бар жерде ақпаратқа деген сұраныстың болары анық. Біздің атқарып жатқан жұмыстарымызды тұрғындарға, бұқараға дұрыс жеткізуде мерзімді басылымның рөлі зор екені белгілі. Бұл орайда сіздермен тығыз байланыста болып келеміз, – деді аудан әкімі.
Мұнан соң Г.Ковтунов атындағы №252 мектеп-гимназияда оқырмандармен кездесу өтті. Жиынды «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбет жүргізіп отырды. Алдымен қос газеттің бас редакторлары Қ.Ботаев пен Қ.Шарабидинов ғасырға жуық тарихы бар басылым туралы айтып берді.
– Биыл екі облыстық басылымның жарыққа шыққанына 90 жыл толып отыр. Осыған байланысты аудандарды аралап, оқырмандармен кездесіп жүрміз. Мұның алдында Арал, Қазалыда болдық. Кеше Жаңақорғанда жалғасты. Бүгін, міне, сіздермен жүздесудің сәті түсті. Кездесудің мақсаты – аймақ басылымына қатысты көпшіліктің, оқырмандарымыздың ұсыныс-пікірін білу, редакция мен оқырман арасындағы байланысты нығайтуға ықпал ету. Бұл біз үшін маңызды, – деді «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы.
Сонымен бірге облыстық «Сыр бойы» газетінің Жаңақорған, Шиелі аудандарындағы меншікті тілшісі қызметін атқарған Нұрмахан Елтай, газеттің аға тілшісі Ыдырыс Тәжіұлы және «Кызылординские вести» газетінің аталған қос аудандағы меншікті тілшісі Мақсұт Ибрашев тілшілік қызметтің қызығы мен шыжығы, газет көтерген мәселелердің шешімін тапқан жағдайлары туралы естеліктерімен бөлісті.
Онан соң еркін пікір алмасуға кезек берілді. Алғаш болып сөз алған №156 Н.Бекежанов атындағы мектеп директоры Мұқаш Пернеев:
– Қос басылымды мерейтойымен құттықтаймын. Біз тұрақты оқырманбыз. Екі газетті де әрқашан қолдаймыз. Осы орайда мынадай ұсынысымды айтпақпын. Бізде көпбалалы отбасылар бар. Техникалық қызметкерлердің жалақысы төмендеу, десе де, газетке жазылуға, оқуға ниетті. Осындай отбасыларға басылымға жазылуда жеңілдіктер қаралса дейміз. Сонымен бірге мұғалімдеріміз облыстың ата басылымы болғандықтан сіздердің газеттеріңізге мақаласын шығаруды қалайды. Газет бетінен оған мүмкіндік бола бермейді деп ойлаймын. Осы орайда «Сыр бойы» газетінің жанынан ұстаздарға арналған журнал ашылса деген ұсынысымыз бар, – деді.
№148 мектеп директоры Орынкүл Шорабаева қос басылымға тілектестігін білдірді.
– Мерзімді басылым қай кезде де өз құнын жоймаған. Себебі, ақпаратқа, жаңалыққа құштар адам ең алдымен газетті іздейді. Мерекелеріңіз құтты болсын! Біз қай кезде де сіздермен біргеміз, тілектеспіз, – деді.
№205 мектеп директоры Асқар Есімов осыдан он-он бес жыл бұрын тұрақты беріліп тұрған «Поэзия әлемі», «Ауыл айтқыштары», «Қазақы қалжың» айдарлары қайта жарық көрсе, спорт жаңалықтары жиірек берілсе деген ойын жеткізді.
Кездесу онан әрі аудандық орталықтандырылған кітапханада жалғасты.
Кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар қатысқан шарада «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов сапардың мақсаты, басылымның тарихы мен бүгіні жөнінде айтып өтсе, басылым өкілдері Нұрмахан Елтай мен Ыдырыс Тәжіұлы кітапханашылардың еңбегі, журналист пен кітапханашы қызметінің ұқсастығы жөнінде әңгімеледі. Кітапхана меңгерушісі Гүлдана Жақыпова да өз ойымен бөлісті.
– Тілшілікті билік пен халық арасындағы алтын көпір деп айтамыз. Мен де сіздерге бөтен емеспін, журналистиканы бітіргенмін. Заман өзгерді, соған сай талап өзгерді деп жатыр. Негізі заман өзгерген жоқ, адамның талабы өзгерді деп айтар едім. Соны желеу етіп кітапхананы жою туралы да мәселе көтерілді. Бірақ, халықты рухани байлығынан ажыратпау, кітапхананы жойып алмау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бірқатар өңірде кітапханалар қысқарып та кетті. Алайда бізде кітапханаға деген көзқарас бөлек. Қолдауды сезініп келеміз, – деді ол.
Цемент
зауытында
Шиелідегі индустриялық аймақта өткен жыл соңында пайдалануға берілген «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС зауыты көпшіліктің қызығушылығын туғызуда. Бұған дейін оның жұмысымен ардагерлер танысса, біз барған күні аудан жастары да ат басын осы жаққа бұрған екен.
Келген қонақтарға зауыттың техникалық директоры Фу Мин өндіріс жүйесі туралы айтып берді. Сұранысқа ие өнім шығаратын зауыттың биылғы межесі – 400-500 мың тонна цемент өндіру. Ал 2020 жылдан бастап кәсіпорын өндірістік қуатына толық көшкен кезде 1 млн тонна өнім шығаратын болады. Қазіргі күні өнімді сату бойынша Қызылорда және Түркістан облыстарынан өзге елдің батысындағы бірнеше аймақпен меморандумдар жасалып, өнім жөнелтілуде екен. Кәсіпорында еңбек етіп жатқан 256 маманның 211-і – Қазақстан азаматы. Оның ішінде 203 адам жергілікті тұрғын.
Өнім өндіруге қажетті шикізаттың 98% оңтүстіктегі ауданның кен орындарында бар. Бұл – құм, доломит, әк тасы және уақталған қиыршық тас. Шикізат Қаратау қойнауынан алынуда. Тек цементке қажетті арнайы қоспалар ғана сырттан тасымалданады. Жаңа кәсіпорынның заманауи технологиямен жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Әсіресе, экологиялық мәселелер оң шешімін тапқан. Зауыттағы өндіріс кезінде бөлінетін көмірқышқыл газы арнайы сүзгіден өтіп, тазартылады. Өндіріс технологиясымен танысу барысында инженер-технолог Жанғали Үртековтің келтірген келесі бір мәліметіне қуанып қалдық. Қызылорда қаласындағы жылу орталығы көмірмен жұмыс істеген кезеңдері бу қазандықтарынан шыққан күйе мен күлді тау қылып үйіп, үстін топырақпен жауып тастаған болатын. Үлкен аумақты алып жатқан, көлемі шамамен 1,3 млн текше метр күйе мен күлдің қалдығын бүгінде Шиелідегі цемент зауыты шикізат есебінде пайдалануда екен. Ол негізінен цемент құрамындағы минералдық қоспалардың белсенділігін арттыру мақсатында қолданылуда.
Технолог жігіт күйе мен күл қалдықтарын алып болған соң орнын қайта қалпына келтіру жұмыстары (рекультивация) жүргізілетінін жеткізді. Бұл жұмыстар екі кезеңнен тұрады. Алғашқысы техникалық рекультивация, екіншісі биологиялық рекультивация, яғни тал егу, көпжылдық өсімдіктерді отырғызу сияқты жұмыстар жүргізіледі. Осылайша жақында ғана іске қосылған «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС зауыты өнім өндіріп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, бюджетке қаржы түсірумен қатар, облыс орталығындағы көптен бері келе жатқан экологиялық түйткілді мәселенің оң шешілуіне үлесін қосуда екен.
Тың кәсіпті
түлеткен
Шиелі кентінде үш жылдай бұрын ашылған «Аруана» шұбат цехы бүгінде өз өнімдерімен көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Сапарда цех қызметімен жете танысудың сәті түсті.
Кәсіпорын технологы Баян Дүйсенбектің айтуынша, қазір мұнда шұбат, айран, құрт, ірімшік, йогурт, брынза, балмұздақ секілді он түрлі өнім әзірленеді екен. Тәулігіне 600 литрден аса шұбат дайындалады. Бұл жердегі процесс түйе сүтін тексеруден басталады, яғни, арнайы аппараттың көмегімен сүттің майлылығы, тығыздығы, ақуыз мөлшері анықталады. Сосын тексерістің екінші кезеңіне өтеді. Ол жоғары градуста қайнату арқылы белгілі болады. Кейін өнім 92 градуста пастерленеді. Бұдан соң салқындату, ұйыту, қайта салқындату сияқты бірнеше сатыдан өтеді. Дайын өнім құтыға құйылады.
Баян Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық аграрлық университеті мамандарымен бірлесе отырып шұбат өніміне арналған ұйытқы шығаруды қолға алған. Биылдан бастап шұбаттан балмұздақ шығарыла бастады. Жапониядан әкелінген аппарат күніне 200 литр сүтті балмұздаққа айналдырады. Маманның айтуынша, тәулігіне 7 түрлі балмұздақтың мың данасы жасалады екен.
– 6% мөлшерімен балаларға арналған балмұздақ шығардық. Оның пайдасы өте зор. Балмұздақ жазды күні салқындатып қана қоймайды, өте тойымды, – дейді Б.Дүйсенбек.
Айтпақшы, мұндағы бір жаңалық сиыр сүтінен пісілген айраннан бөлінетін сарысудан қымыз өңдеп шығару қолға алынып жатқаны болды.
– Жылқының табиғи сүтінен қатты айырмашылығы жоқ. Пайдасы өте зор. Сиыр сүтінен бөлінетін сарысудың адам ағзасына берері өте мол. Мысалы, 3 тоннадай сиыр сүті өңделсе, одан 1 тоннаға жуық сарысу бөлініп, қалдық ретінде пайдаға аспай қалады екен. Енді құнарлы сусын сол қалдықтан жасалады. Осылайша қалдықсыз өндіріс құру мүмкіндігі туып тұр, – деді бұл жөнінде технолог маман. Бұл ерекше сусын Алматыдағы Ұлттық биотехнология орталық пен аграрлық университетте зерттелуде.
«Аруана» цехы Сабыр Ермаханов басқаратын «Шиелі – төрт түлігі» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрамына кіреді. Кооперативте 750 бас түйе, 285 бас сиыр, 150 бас жылқы бар. Кооператив цехты шикізатпен қамтамасыз етіп отыр. Мұнда 80 адам, ал «Аруана» цехында 7 адам жұмыс атқарады.
Қазіргі таңда цех өнімдерін балабақшаларға, санаторийлерге және Қызылорда қаласындағы супермаркеттерге жөнелтуде. Олар өндірісті де, нарықты да кеңейтуді жоспарлап отыр.
Жалпы, оңтүстік аудандарға сапар осылайша ел тынысын таразылап, емін-еркін жүздесулермен әсерлі өтті. Ендігі кезек, яғни қос басылымның 90 жылдығы аясындағы оқырмандармен кездесулер орталық аудандарда жалғасатын болады.
Ыдырыс Тәжіұлы,
Айнұр Батталова,
Мейрамгүл Дауылбайқызы.
«Сыр бойы».
Қызылорда-Жаңақорған-
Шиелі-Қызылорда.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |