Атаулы әлеуметтік көмек: төлеу тәсілдері өзгереді

Келесі жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек беру тәсілі өзгереді. Көпбалалы отбасылар үшін жасы 18-ге толмаған бала санына қарай төленетін мемлекеттік жәрдемақы қолданысқа енгізіледі. Өңірлік коммуникация­лар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Алтын Есқараева жаңа жүйенің ерекшелігін екшеп берді.
– Бала санына байланысты жәрдемақы мөлшері әртүрлі болады. Бірақ отбасы табысы есепке алынбайды. Ол – әр бала үшін 10-11 мың теңге шамасында, яғни 2018 жылдан бастап тағайындалуы тоқ­татылған ұқсас жәрдемақы мөлшерінен 7-8 есе артық. Атаулы әлеуметтік көмек табысы аз отбасыларға беріледі. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 проценті көлеміндегі шекті өлшем сақталады, – деді ол.
2019 жылдың үшінші тоқсанындағы есеппен ол біздің облыста – 28114 теңге болса, соның 70 проценті – 19680 теңге. Жан басына шаққандағы жиынтық табысы осы сомадан аспайтын отбасылар атаулы әлеуметтік көмек ала алады. Әйтсе де, балаға төленетін кепілдендірілген жәрдемақы 20789 теңге күйінде қалып отыр.
– Жәрдемақы мөлшерінде өзгеріс жоқ екенін ескеру керек. Ол тек ересек адамдарға қатысты кедейлік шегі мен табыс айырмашылығында ғана болуы мүмкін. 18 жасқа дейінгі балалар, оның ішінде жоғары оқу орнында оқитын 23 жасқа дейінгі студенттерге кепілдендірілген жәрдемақы жыл соңына дейін төленеді, – деді басқарманың бөлім басшысы Шаризат Алмашова.
Атаулы әлеуметтік кө­мектің жаңа механизмінде ке­піл­дендірілген әлеуметтік па­кет қарастырылған. Соған сәйкес тұрмыс жағдайы тө­мен отбасылардың балаларын қолдауға ерекше көңіл бөлініп отыр. 1-ден 6 жасқа дейінгі балаларға азық-түлік жиынтығы, гигиеналық заттар, 6-дан 18 жасқа дейінгі балаларға мектепте ыстық тамақ, оқу құралдары мен киім беріліп, оқуға барып-келу шығыны өтеледі. 18 жасқа толмаған балаларға кепілдендірілген тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек көрсетіледі.
– Өңірде тағайындалған атау­лы әлеуметтік көмектің 65 процентке жуығы балаларға тиесілі. Алдағы жылы көпбалалы ана­лардың үй жағдайында кәсіппен айналысуы үшін арнайы курс­тар ұйымдастырылады. Одан өткендерге қажетті құрал-жабдық сатып алу мақсатында қайтарымсыз гранттар бөлінеді. «Менің кәсібім» жобасы іске қосылып, игі бастамаға демеушілер де үн қосады, – деді А.Есқараева.
Қазіргі күні 30 мыңнан астам қызылордалық отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Бұл санаттағы отбасы мүшелерінің 33 мыңнан көбі еңбекке жарамды. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 2,5 мыңнан астам адам тартылса, 1600-дей адам тұрақты жұмысқа орналасты. Ендігі жерде еңбек етуге қабілетті адам уәкілетті орган ұсынған жұмысты істеуге міндеттеледі. Оған көнбеген жағдайда үй ішіндегілер атаулы әлеуметтік көмектен қағылады. Сонымен бірге, келер жылдан бастап ол тоқсан сайын тағайындалмақ.

Назерке САНИЯЗОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 қараша 2019 г. 1 572 0