Мәжіліс депутаттары Сыр елінде

Кеше облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов өңірімізге іссапармен келген Парламент Мәжілісінің депутаттарымен кездесті. Онда аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы сөз етті.

– Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына қарастырылып келетін қолдау өңірде бұл саланың жақсы жетістіктерге жетуіне негіз қалап отыр. Биыл облыс диқандары ел қамбасына 530 мың тоннадан астам Сыр маржанын құйды. Кейбір шаруашылықтар күріштің әр гектарынан 78-80 центнерге дейін өнім алды. Бұл – жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ, мал шаруашылығында да елеулі жетістіктерге қол жеткізілді. Атап айтар болсақ, мал басы ең көп болған 1991 жылмен есептесек, мүйізді ірі қара екі есеге, жылқы үш есеге, уақ мал 13,4 процентке көбейген. Өндірілген өнім алыс-жақын шет елдерге экспортталуда. Балық шаруашылығы да жақсы дамуда. Бұл ретте Елбасының бас­тамасымен жүзеге асырылған үлкен жобалар орасан пайдасын тигізіп келеді, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы әлеуметтік салада атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарды айтып, облыстың республика бойынша әлеуметтік жүйеге ең көп қаржы бөліп отырған өңір екенін тілге тиек етті.

Кездесуде меймандарға “Қорқыттың даналық сөздері” атты кітап сыйға тартылды.

– Бүгін өңірде бірқатар ауыл­дарды, ондағы нысандарды араладық. Оң өзгерістерді көріп қуандық. Әлеуметтік карта бойынша жұмыс жүріп жатыр. Табысты еңбек еселене берсін, – деді өз кезегінде Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму коми­тетінің төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлов №253 мектепке ауған соғысында қаза тапқан жауынгер Серік Баймахановтың есімін беруге ұсыныс білдірсе, Мұсырман Кәрібай Сексеуіл кентіне 300 орын­ды мектеп салынса деген ойын білдірді. Бұл ретте облыс әкімі айтылған ұсыныстардың назар­дан тыс қалмайтынын жеткізді.

Айта кетейік, кеше өңірге келген депутаттар Сырдария ауданында болып, Тереңөзек кентіндегі бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көрді. «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы ғимаратында тұрғындардың жеке өтініштері бойынша қабылдау өткізді.

Сонымен қатар, әлеуметтік сала бойынша Нағи Ілиясов ауылында ҚР Парламенті Мә­жілісі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің «Отбасының әлеу­меттік картасын ендіру барысы» тақырыбында отырыс өтті. Мәжіліс депутаттары Н.Ілиясов және Шіркейлі ауылындағы бірқатар мемлекеттік мекемелер мен білім беру орындарының жұмысымен танысты.

 

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 қараша 2019 г. 663 0