Партиялық жоба: ауқымды жұмыс, маңызды міндет

Қызылордада мыңғырған малы бар отбасылар да атаулы әлеуметтік көмек алған. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесі бюросының кеңейтілген отырысында облыс әкімі, партияның филиал төрағасы Қуанышбек Ысқақов осындай мысал келтірді.

– Тексеру жүргізгенде бір кісінің 425 қойы, 19 түйесі, ал енді бірінің 314 уақ малы, 41 түйесі, 57 жылқысы бары анық­талды. Бұл дегеніңіз – бүтін бір шаруа қожалығы. Төрт түлік сойса – ет, сауса сүт болып қажетке жарайды. Мұн­дай адамдар жеке кәсіпкер ретінде тір­келуі керек. Мемлекет көмегін оған мұқ­таж адамдар алсын, – деді аймақ басшысы.

Елбасы, партия төрағасы Нұр­сұл­тан Назарбаев партияның ке­зек­ті XVIII съезінде халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған төрт басымдықты атады. Соның бірі – әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдауды көздейтін «Бақытты отбасы» жобасы.

Бюро жиынында облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов жоба аясында әзірленген өңірлік жол картасының орындалу жайын қозғады.

– Бүгінде әрбір отбасыға 84 мың теңгеден жоғары атаулы әлеуметтік көмек беріледі. 1 қазандағы мәліметке сәйкес көмек алушы қызыл­орда­лықтардың саны 147 мыңнан асып немесе жоспарлы көрсеткіштен 37 мыңға көбейіп отыр. Бұған атаулы әлеуметтік көмек төлеу шарттарының өзгеруі себеп. Оны алу үшін әдейі ажырасу, жұмыстан ерікті түрде шығу, табысты жасыру сияқты әрекеттерге баратындар аз емес, – деді ол.

Тексеру нәтижесінде 1597 отба­сыға 1 млрд 71 млн теңге шамасында әлеуметтік көмек тағайындау тоқта­тыл­ды. Артық төленген 229 млн теңге бюджетке қайтарылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны Қызылорда қаласында – 4,5, Жаңақорғанда – 3,8, Шиелі ауданында 3,5 есе артқан. «Бұл оның ретті-ретсіз тағайындалғанын көрсетеді», – деді облыс әкімі.

Жиында жастар мен жасөс­пірімдер тәрбиесінен туындайтын мәселелер де сөз болды. Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Шамшидин Әмитовтың айтуынша, көптеген профилактикалық жұ­мыстың атқарылғанына қарамастан келеңсіз фактілер азаймай тұр.

– Осындай шаралар нәтижесінде 3 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталып, қаңғыбастық пен кез­белікке салынған 214 жасөс­пірім бейімдеу орталығына жеткізілді. Түнде көшеде өздері жүрген 2892 баланың әке-шешелері жауап­­кершілікке тартылса, бала тәрбиесімен айналыспаған 11 адам сот шешімімен ата-аналық құқығынан айырылды, – деді ол.

Сөздің реті келгенде Қызыл­орда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мектеп инспек­торлары­ның жұмысы көңіл көншітпейтінін жеткізді.

– Жуырда қаладағы мектеп басшылары, олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, ішкі істер саласының өкілдері және мектеп инспекторларымен кездестім. Сонда осы мәселені жан-жақты талқыладық. 15 жылдай бұрын тәжіри­беге енгізілгенімен, мектеп инс­пекторларының жұмыс нәти­жесі әлі төмен. Өйткені олардың көбі – әйелдер, кейбірі бала күті­міне байланысты демалыста, – деді Н.Нәлібаев.

Аймақ басшысы жасөспірім­дерге қарсы жасалатын түрлі қылмысқа төтеп беру – полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның шаруасы екенін атап өтті.

– Жергілікті ішкі істер орган­да­рының материалдық-техни­ка­лық базасын нығайту үшін жыл са­йын қыруар қаржы бөлінеді. Алай­­да, жұмыс нәтижесі төмен. Про­фи­лактикалық шараларды кү­шей­тіп, тиісті мемлекеттік және қо­­ғамдық ұйымдармен тығыз байланыс орнату қажет. Қылмыстың ал­дын алу және оны жою шара­лары­на барлығымыз жұмыла атса­лысуға тиіспіз. Бұл мәселе жеке ба­қы­лауымда болады, – деді облыс әкімі.

Бүгінде өңір тұрғындарының 22,3 проценті – жастар болса, соның 8,3 проценті – NEET санатының үлесінде. Осы санаттағы жастар мен 2018 жылғы түлектерді қоғамға әлеуметтендіру және жұмыспен қамту бағытында қабылданған жол картасының қалай жүзеге асып жатқанын облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бас­шысы Қуаныш Жанұзақов баян­дады. Айтуынша, не оқуда не жұ­мыста жоқ жастардың санын шығару қиын. Себебі ол құбыл­малы, күнделікті өзгеріп отырады.

Аймақ басшысы бұл бағыттағы жұмысқа көңілі толмайтынын білдірді. Тиісті мекемелердің ақпаратын мысалға келтіре отырып, басқармаға жастармен жұмыс істеуде ведомствоаралық байланысты үйлестіруді міндеттеді.

– NEET санатындағы дипломы бар жастардың көпшілігі – бәсекеге қабілетсіз жергілікті колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері. Білім сапасы да бақылауда болсын. Сандық көрсеткіштермен қатар нақты шаралар атқарылуы керек. Тиісті басқарма басшылары, қала және аудан әкімдері, NEET санатындағы жастармен жұмыс істеуге арналған нормативтік актілерді мұқият зерттеңіздер. Облыс орталығы мен аудандарда жастар ресурстық орталықтары бар. Жастар саясаты мәселелеріне биыл 600 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Мемлекет тарапынан қолдау жеткілікті, алайда нәтиже жоқ, – деді облыс әкімі.

«Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелері азаматтарға заң аясында қызмет көрсетіп, кеңес беріп, өзекті мәсе­лелердің оң шешілуіне ықпал ететін халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналып отыр. партияның облыстық фи­лиалы партиялық бақы­лау комиссиясының төр­айымы, «Қазпочта» АҚ облыстық фи­лиа­­­лының директоры Аида Әбибуллаева қоғамдық қабылдау бөлмелерінің 9 айдағы жұмысына тоқталды.

– Есепті кезеңде түскен 3016 арыз-өтініштің 984-і немесе 32,6 про­центі оң шешімін тапқан. Көп­шілікті әлеуметтік, білім, ден­сау­лық сақтау салаларының мәсе­ле­лері мен жер, еңбек даулары жиі ма­за­лайтын болып шықты, – деді ол.

Халықтың үніне құлақ асатын Үкімет қалыптастыруда қоғамдық қабылдау жүйесінің маңызы айрықша екенін ескерсек, бұл бағыт­тағы жұмысты күшейту өте өзекті.


Назерке Саниязова.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 қараша 2019 г. 386 0