Ақпарат саласының ардагерлері дойбыдан сынға түсті
Облыстық "Сыр бойы" және "Кызылординские вести" газеттерінің 90 жылдығына орай бүгін сала ардагерлері дойбы жарысында өзара бақ сынады.
Спорттық жарыс Қызылордада қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы Шығармашылық үйінде өтті. Алдымен "Сыр медиа" серіктестігінің бас директоры Аманжол Оңғарбаев жиналған көпшілікті мерейтоймен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Биыл – аймақтың руханияты мен баспасөз саласы үшін айтулы жыл. Өздеріңіз еңбек еткен, тер төккен қос басылым 90 жылдық белесті бағындырып, мерейтойға арналған шаралар легін бастап кетті. Негізгі шара 28 қараша күні республикалық деңгейде аталып өтеді. Үлкен тойдың алдында өздеріңізді жинап, баталарыңызды алсақ деген ниетпен дойбыдан шағын жарыс ұйымдастырып отырмыз. Себебі араларыңызда осы қос басылымда 40, 50 жыл еңбек етіп, бүкіл өмірін журналистикаға арнаған азаматтар бар. Олардың орны қашанда биікте. Сіздерге деген құрметіміз шексіз. Баршаңызға бүгінгі ойында сәттілік тілеймін, – деді ол.
Өз кезегінде "Сыр бойы" газетінің ардагерлері Қайырбек Мырзахметов пен Рысты Бекбергенова ізгі тілектерін жеткізді. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталады.