Кемелді іске көшкен колледж

“Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжіне жаңа басшы келгелі жаңару үдерісі басталды” дегенді естігенбіз. “Халық айтса, қалт айтпайды” екен, шынында. Бардық, көрдік. Көп істің ілгері баса түскенін сездік.
Бұрынғы еңбек ырғағы өзгере бастаған. Әрбір қызметкердің, әрбір білім алушының талпынысы көңіл қуантады. Іскер азаматтар тігін шеберханасын іске қосып, тапсырыс қабылдайтын жағдайға жеткен. Негізгі ғимарат ескі болғанымен, айналасы әрленіп, келген кісі сүйсінетін өң пайда болыпты. Қысқасы, бұл колледж нарық бәсекесіне маман даярлауда тың арна салған секілді.
1961 жылы аудандық №187 ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесі болып құрылған білім ошағында сол кездері ауылшаруашылық мамандары ғана даярланған. Алғашқы жылдары училищеге қазіргі ТМД елдерінен арнайы талапкерлер келіп дәріс алыпты. Қазіргі таңда кәсіптік білім ошағы  дуалды білім беру үрдісіне  көшіп, уақыт ағымына сай жұмыс істеуде.
– Біздің басты мақсат – дуалдық оқыту жүйесі арқылы сапалы жұмысшы кадрлар дайын­дау. Сондай-ақ, бәсекеге түсе алатын мамандығы бар, кейін жұмысқа орналаса алатын, кәсіби біліктілігі жақсы тұлғаны өсіру, – дейді колледж директоры Жомарт Шәуенов.
Құрылғанына елу сегіз жылға жуық уақыт болған кәсіптік білім ордасында осы кезге дейін 17400-ге тарта маман түлеп ұшқан.  Олар еліміздің дамуында табысты еңбек етіп, өз қолтаңбасын қалдыруда. 2005 жылға дейін білім ордасы 6 мамандық бойынша  мамандар даярласа, бүгінгі күні олардың саны 14-ке жетіп отыр. Қазір колледж қабырғасынан тігіншіліктен бөлек дәнекер­леуші, аспаз, автомобиль жөндеуші мамандықтарын да алып шығуға болады. Жыл сайын зертхана мен шеберханалар саны да артып келеді. Ал іскер басшының бастамасымен маман дайындауда үлкен өзгеріс барына көз жеткендей болды.
Қазір мұнда  561 студент бар. Жастардың кәсіптік білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз етуге 84 педагог атсалысуда. Еңбек нарығының сұранысын есепке ала отырып, қажетті мамандар даярлау мақсатында колледждің материалдық-техникалық базасын жетілдіруге де басымдық берілуде. “Жастар жылы” аясында қолға алынған “Жас маман” жобасы бойынша колледж 260 млн теңге ұтып алған. Бұл қаржыға “Автомобиль жөндеу” шеберханасы мен “Автокөліктердің электр құрылғыларын жөндеуші электрик” дайындайтын зертхана ашпақ. Бұдан өзге колледж жанынан  27 тігін машинасы орнатылған арнайы шеберхана тапсырыс қабылдап, кәсіпкерлік бағытта жұмыс жасауда. Алдағы уақытта жылыжай салу да жоспарда тұр. Оған қоса 160 орынды асхананың  жөндеу жұмыстары аяқталса, студенттер тамақтанып қана қоймай, бұл жерде аспазшы мамандығындағы жастар арнайы тәжірибеден өтетін болады. Сондай-ақ, студенттерге 100 орынды жатақхана қарастырылған.
Спорттың 12 түрінен үйір­мелер жұмыс жасап, жастарды салауатты өмірге бейімдеуде.
Ғимараты ескі болғанымен, Жомарт Шәуеновтің арқасын­да колледждің келбеті қайта түлеуде.
– Расымен, колледж ғи­мараты ескі. Соның барлығына жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Колледжден жастар жай ғана маман емес, сұранысқа ие кәсіби біліктілігі жақсы маман болып шығуы тиіс. Осыны ескеріп, білсін, үйренсін, кәсіпке икемделсін деген ниет біздікі,– дейді ол.
Жалпы, еңбек нарығына қажет мамандарға деген сұра­нысты ескеру, оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайту, оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлерінің кәсіби шеберлігін өндірісте шыңдау, жастарды еңбекке бейімдеу – мұндағы басты ұс­таным. Бұл ретте колледж бәсекеге қабілеттілігін күн са­йын нығайтып, қай күрмеудің де кілті білікті мамандар қолында екенін тың бастамаларымен дәлелдей түсуде.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 қараша 2019 г. 1 121 0