Озық идеялар орталығы

Ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Назарбаев университеті он жылға таяу уақыт жоғары талап деңгейінде қызмет көрсетіп келеді.

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаев­тың бастамасымен 2010 жылы негізі қаланған ЖОО-ның негізгі білім беру жүйесі  ғылым, технологиялар, кәсіпкерлік, медицина, мемлекеттік басқару, білім беру саласындағы ел көшбасшыларының жаңа буы­нын оқытуға, сол арқылы еліміздің өркениетінің ілгері дамуына қолдау көрсетуге бағытталған.

НУ-дың негізгі ерекше­ліктері – заң түрінде бекітілген академиялық еркіндік және институционалдық дербестік. Халықаралық оқытушы-про­фес­сорлар дәріс береді. Оқыту мен ғылыми зерттеулер ағылшын тілінде жүргізіледі. Оқуға түсу және оқу кезінде қатаң академиялық талаптар қойылады. сондай-ақ, бакалавриат бағдарламасынан бастап білім мен ғылымды интеграциялау, ғылымды өркендету жолында әлемдік деңгейге сай ғалымдарды, мамандарды, жетекшілер мен кәсіпкерлерді даярлау жүзеге асырылады.

Айта кетейік, бойындағы білім деңгейіне сәйкес әрбір қазақ баласы Назарбаев уни­верситетіне тегін түсе алады. Әлемде теңдесі жоқ, қолайлы жағдай жасалған кам­пуста түлектердің терең білім алуына мүмкіндік мол.  Мысалы, тәулігіне үзіліс­сіз қызмет көрсететін университет кітапханасы әлем­нің әр түкпірінен қажетті ақпаратты дер кезінде тауып беруге қауқарлы. Сондай-ақ, студенттердің қалаған спорт түрімен шұғылдануына да жоғары талапқа сай шаралар қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда университетте 5448 студент білім алып жатыр. Олардың қатарында Сыр өңірі түлектерінің де үлесі бар.

Өткен сенбіде Назарбаев Уни­верситетінің профес­сор-оқытушылары мен менеджерлері Қызылордаға келіп, «Достық үйінде» ауқымды жиын өткізіп, жас талапкерлерге оқуға түсудің жолдарын түсіндірді. Аталған жиынға ағылып келіп жатқан үміткерлерді көріп, аймақ түлектерінің білім деңгейін бағамдап, биік талғамын танығандай болдық. Айта кетейік, университетке түсудің алғы шарттары мынадай:

FOUNDATION-ға түсу. Дайындық мектебі,

1.Аdmissions.nu.edu.kz сайтына тіркелу,

2. Жеке кабинет ашып, 3000 теңге жарна төлеу,

3.Сауалнама толтырып, құжат жинау,

4. APTIS, NUFYP ET, IELTS емтихандарын тапсыру. Сол секілді, онлайн құжат тапсыру, грантқа немесе ақылы бөлімге түсу шарттары жайлы кеңірек ақпараттар берілді.

Ғазиза ӘБІЛДА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 қараша 2019 г. 401 0