Аядай ауылдың денсаулығын күзеткен

Дәрігерлер жайлы не айтуға болады? Адам жанының арашасысы дейміз. Басқа да анықтамасы жетерлік, бірақ, ойды осылай түйіндейміз.  Әр адам өз өмірінде ақ халатты абзал жандармен кездесіп, олардың ыстық ықыласы мен алақанын сезінеді. Осындай құрметті мамандықтың жүгін арқалап жүрген Жаңақорғанның Аққұмындағы Айнұр аядай ауылдағы жалғыз фельдшер-дәрігер.

Расымен-ау. Ол аудан орталығынан шағын ауылға ауысып келгелі акушерка да, тіс дәрігері де, құлақ ауырып, мұрын бітелсе де, тіпті, жүрегі ауырып, аяқ-қолы сынса да алғашқы емдеу­шісі болып келеді. Киелі Түркістаннан Қыраштағы өнегелі әулеттің біріне келін болып түскен ол бүгінде өз отбасымен қатар, ауыл-аймаққа қадірлі. Жұрт айтпақшы, «доғдыр келінге» көрініп, титтей кірбің түскен көңілін демдеп жүрген жайы бар.

– Сырқат кісінің денсау­лығын қарамас бұрын, алдымен жақсы қарсы алудың өзі келушіге күш-қуат береді. Өзім екпе салып не дәрі-дәрмек бермес бұрын, сыр­қаттың өзіне жылы сөйлеп, қолдау беремін. «Сіз жазылып кетесіз» деген жақсы сөздің өзі үлкен сенім ғой. Балаларға да солай. Күлімсіреп қарсы алғанның өзі адамға жылулық береді емес пе? – дейді Айнұр ­Бекенова.

2007 жылы Түркістандағы медициналық колледжді бітірген Айнұр әуелі Сунақата елді мекенінде мейірбике болып қыз­метін бастапты. Одан соң екі жылдай Жаңақорған кентіндегі тері аурулары ауруханасында жұмыс істеген. Төрт жылғы аға буыннан алған тәжірибе негізінде Аққұм ауылына келіп, аядай ауылдың денсаулығын күзетіп жүр. Жеті жылдан бері басы ауырып, балтыры сыздаған жас пен кәрінің жағдайына қанып, жәрдемші болған Айнұрдың өз мамандығына әбден ысылғаны білініп-ақ тұр.

– Аққұмда 500-ге жуық адам бар. Күндіз 7-8 адам көрінсе, кейде түнде сырқат мазалап шақыратындар болады. Ондайда ұйқыны ысырып қойып, науқас жанынан табылуға үйренгенбіз. Жалғыз фельдшер болған соң, шағын ауылдағылар бірінші өзіме келетіні белгілі ғой. Тіпті, нау­қас қатты қиналғанда аудан орталығына өзім жедел жәрдем көлігімен алып барамын. Міндетім – адамға араша болу,  содан қалт кетпеуге тырысып келемін, – дейді аққұмдық дәрігер.

Айнұрдың айтуынша, Аққұмда сәби саны өскен. Тіпті, бір жылдары 25 балаға дейін туып, көрсеткіштің күрт артқаны бар. Биылдың өзінде жыл соңына дейін 15-16 шақалақ дүниеге келеді деген есептік болжам да жоқ емес.

Аққұмға сыйлы Айнұр азаматы Қанат екеуі төрт баланы тәрбиелеп отыр. Отызды әлі орталай қоймаған «доғдыр келіннің» өзі көпбалалы ана болсам деп армандайды. Ал қоғамның бас­ты байлығы – адам өмірінің сақшысы бола білген фельдшерге аққұмдықтардың дән риза екенін біз де байқап қайттық.


Ержан ҚОЖАС,

Жаңақорған ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 қараша 2019 г. 671 0