« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |
"Ер есімі ел есінде” дейді дана халқымыз. Сол айтқандай, туған жерді
түлетіп, еңбегімен ер атанған азаматтар Сыр өңірінде аз емес. Солардың бірі әрі
бірегейі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, Дала академигі атанған Ыбырай Жақаевтың
есімі бүгінде ерекше құрметпен аталады. Бейсенбі күні орталық алаң жанында
даңғайыр диқанның мүсіні орналасқан жерде салтанатты шара өткізіліп, осы жерге
"Еңбек” аллеясы деген атау берілді. Бұл шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев,
Еңбек Ерлері мен ардагерлер, Ы.Жақаевтың туыстары қатысты.
Жиынды ашқан облыс басшысы Қ.Көшербаев Елбасының "Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы” идеясы бүгінгі қоғамдық санада еңбек адамдарын құрметтеу арқылы жастардың бойына, таным-түсінігіне ел дамуы тек еселі еңбекпен ғана шындыққа айналатынын ұғындыру керектігіне назар аударғанын атап өтті. "Әлемнің әміршісі – еңбек” деп қартайғандағы зейнетті жас күндегі бейнеттен іздеу заңды құбылыс. Өйткені ер дәулетін еңбектен іздеген. Қай кезде де жұмысшы адамның ерен еңбегі дәріптеліп, қоғамда еселі еңбек еткен адамдарға ер атағы берілген. Елдің осындай құрмет-қошеметіне бөленген даңғайыр диқан, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың есімі бүгінгі ұрпақ үшін еңбек ұғымымен егіз аталады. Сондықтан да біз Сырдың біртуар перзенті, ғасыр адамы атанған Ыбырай Жақаевқа арналған ескерткіш орналасқан осы аллеяны "Еңбек” аллеясы деп атауға шешім қабылдадық. Өйткені өткен буын аға-аналардың өнегелі істерін кейінгі жастарға үлгі тұтып, насихаттау, ер есімін ел есінде сақтауға үлес қосу, жастарға дұрыс бағыт-бағдар сілтеу – аға ұрпақтың парызы.
Өткенімізді ой елегінен өткізер болсақ, атақты диқан Ыбырай Жақаевтың салған сара жолы – Сыр диқандарына үлгі. Шығыс елдерінде аса құрмет тұтатын дақыл – күрішті елдің ең сыйлы да құрметті азаматы бастап себетін болған. Сол дақылды қазақ жеріне, соның ішінде Сыр еліне алғашқы болып сеуіп, халқының қанына сіңірген Ыбырай Жақаев шынында да зор құрмет пен қошеметке лайық. Ұлы Отан соғысы жылдарында қасірет пен қайғының, жоқшылық пен аштықтың азабын тартқан халыққа ақ күріштің атасы атанған арда азаматтың Ұлы жеңістен кейінгі үш жыл қатарынан күріштің әр гектарынан 156, 160, 171 центнерден өнім жинап, дүниежүзілік рекорд жасаған тамаша ерлігі елге ерекше бақ, береке, абырой мен атақ, ырыс пен молшылық, тоқшылық заманын алып келді. Ризық несібесін жерден терген қарапайым шаруа бүкіл әлем жұртын осылай таң-тамаша қалдырды.
Аймағымызда күріш егістігінің негізгі дақыл болып орнығуы мен облыс егін шаруашылығының басым бағытына айналуы және "жақаевшылар” атанған күрішшілер қозғалысының өрістеп, бұқаралық сипат алуы Ыбырай Жақаевтың есімімен тығыз байланысты. Академик, жазушы Сәбит Мұқанов ол туралы "Сырдария” романын жазып, халқының ардақты ұлын "Дала академигі” атады. Негізі адал еңбектің берері де, сый етіп тартар тартуы да көп. Ыбырай Жақаев та ерен еңбегінің арқасында абыройға кенеліп, бақытын еңбектен тапқан қайталанбас тұлға.
Жалпы Сыр өңірінің
өзінен 102 Социалистік Еңбек Ері шықты. Олардың есімдері облыс тарихына алтын
әріптермен жазылып қалды. Қалай айтқанда да, алдыңғы толқын ағаларымыз Сыр
елінің дамуы жолында халықтың сана-сезімін, қазақы рухын жоғалтпай, еңбекке бір
адамдай жұмыла білді. Сондай дәстүрлі сабақтастықтың бірі ретінде бүгінгі
жасампаз жас қазақ мемлекетінің азаматтары, Сыр елінің перзенттері Абзал
Ералиев пен Юрий Пяның Қазақстанның Еңбек Ері атанғанын зор мақтанышпен айта аламыз. Сөз жоқ, осының
бәрі тәуелсіздігіміздің, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының салиқалы саясаты, ел бірлігі
арқасында жүзеге асырылып жатқан игі істер.
Сонымен қатар аймақ басшысы өзі жас кезінде қызмет істеп жүргенде даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтан бата алып, қолынан дәм татқанын қуана жеткізді. Мәңгілік ел боламыз десек, өмірін осындай еңбекпен өрген азаматтардың есімін мәңгілік ұлықтай білуіміз керек екенін де атап өтті. Өйткені мәдениеті жоғары, тарихи танымы орнықты, ойы сергек елдің рухы да биік. Ал рухы биік халықтың іргесі берік, әлеуеті қуатты, ынтымағы жарасты болады.
Мұнан кейін сөз алған Социалистік Еңбек Ері Шырынкүл Қазанбаева мен Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев даңғайыр диқан атанған ұлы тұлға Ы.Жақаевқа және оның ізбасарларына көрсетіліп отырған құрмет үшін аймақ басшысына ризашылықтарын білдірді. Ерлік пен өрліктің үлгісін көрсеткен ерлер есімін мәңгілік сақтау мақсатында ашылып отырған "Еңбек” аллеясы бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін қасиетті орынға айналатынына сенім білдірді.
Шара соңында аймақ басшысы мен атақты күрішшінің ұрпақтары және еңбек ардагерлері Ыбырай Жақаев мүсіні алдына гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.
« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |