"Бейбіт күнде батырлық көрсетті"

  Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бүгін аймаққа жұмыс сапарымен келді. 
Сапар барысында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовпен бірге Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК өңірлік филиалының инспекторы, қызмет барысында қаза тапқан Әділ Кенжеғұловтың отбасына ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін табыстады.
Әділ Шарапатдинұлы 1985 жылы Жалағаш ауданында дүниеге келген. 2019 жылы 25 қазанда браконьерлердің  ізіне түсу кезінде апатқа ұшырап  қайтыс болды.
Министр мен аймақ басшысы марқұмның үйіне барып, отбасына көңіл айтты.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін марқұмның отбасына ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені табысталды.
Шара "Достық" үйінде өтті. Оған ата-анасы, жары мен балалары, әріптес, достары қатысты.
- Жайқалған табиғатымыздағы тіршілік иесі, қорғансыз жан-жануарларды  қорғауда биылдың өзінде  елімізде бірнеше қызметкер қаза тапты. Кезекті рейдтік шара барысында 25 қазан күні табиғатты қорғау  саласының қызметкері Әділ бауырымыз  қызметін өтеу кезінде  заңсыз аңшылыққа шыққан азаматтарды ұстау барысында бейбіт күнде апатқа ұшырап, мезгілсіз дүниеден өтті. Бейбіт күннің батырын ешқашан ұмытпаймыз. Отбасына, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Елім деп еңбек еткен, әбір ісіне жауапкершілікпен қараған азаматтарымызды үнемі  жадымызда ұстаймыз. "Елін сүйген  жауынгер ер болады" демекші, сіздердің отбасыларыңызда  тәрбие алған Әділ Шарапатдинұлы отанға, елімізге адал қызмет жасап, бейбіт күнде батырлық көрсете білді. Замандастарына, келер ұрпаққа өшпес өнеге көрсетті. Найзағайдай жарқ еткен өмірінде марқұм бауырымыз  үлгілі отбасы ретінде танылды. 29 қазандағы Мемлекет басшысының  жарлығына сәйкес  ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін табыстаймыз, - деді облыс әкімі.
Министр марқұмның кезекшілік кезінде оңай олжа іздеушілердің ізіне түсіп, олардың қолға түсуіне әрекет жасауын кәсібіне адалдығы екенін атап өтті.
- Бұл жағдайға бәріміз күйзелдік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев браконьерлікті қатаңдату  бойынша нақты тапсырмалар берді. Инспекторлардың қызмет барысында құзыретін кеңейту, әлеуметтік жағдайларын жақсарту және браконьерлерге қатысты қылмыстық жазаны күшейту бойынша бірқатар заңнамаға өзгертулер енгізіледі, - деді ол.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 қазан 2019 г. 662 0