Таяуда ғана Тұрмағамбет ауылынан ашылған сүт өңдеу цехы қарқынды жұмыс істеп келеді. Бұрын ауыл халқы сүтін арқалап автобуспен қалаға тасыса, енді ол күндер артта қалды. Цехқа күнделікті сауған сүтін өткізіп, қолма-қол ақысын алып отыр.
Ауыл тұрғыны Гүлмира Байтишованың бірнеше сиыры бар. Сауылған сүттің отбасынан артылғанын цехқа өткізеді. Қаражатын қолма-қол алады. Елді мекенде қазір сүт бағытында мал асырауға бекінгендердің де қарасы қалың.
– Сүтті бұрын қалаға, аудан орталығына апарып сататынбыз. Қаншама уақытың кетеді, оның үстіне жолақыңды есептесең, пайдаң азаяды. Ауылда цех ашылғалы бізге де кәсіп болды. Болашақта мал басын арттырып, сүтті молайту жоспарда бар, – дейді Г.Байтишова.
Алақандай ауылда Гүлмира сияқты келіншектер күніге кем дегенде 100-150 литр сүт өткізеді. Оның құрамы осындағы лабораторияда зерттеліп, майлылығы анықталады. Сүт жеткізілгеннен дайын өнім болып шыққанға дейінгі аралықта инженер-технолог Нұрай Тұрмаханова басы-қасында болады.
– Үлкен ыдысқа құйып, оның майлылығы анықталған соң процесс әрі қарай жалғасады. Майлы сүттен қаймақ, кілегей, майы алынбаған айран жасаймыз. Сепаратор арқылы қаймағын бөлек аламыз. Содан кейін айран жасалады. Мұның бәрі арнайы аппарат арқылы жүзеге асады. Табиғи өнім болғандықтан ұзақ сақтауға келмейді. Жарамдылығы небәрі 10-12 күн. Десе де, сол уақытқа жетпей өтіп кетеді, – дейді Н.Тұрмаханова.
Цехтың ашылғанына көп уақыт болмаса да халық игілігін көріп үлгерді. Мұнда айран, қаймақ, сүзбе, құрт, сарысу өңделеді. Тәулігіне 500 литр сүттен 1 тоннаға жақын өнім шығара алады. Мұндағы 21 млн теңге тұратын құрылғы Ресейдің Екатеринбург қаласынан әкелінген. Цехтың жанынан «Ақтайлақ» дүкені де ашылды. Өнімдерді осында сатады.
– Сұраныс жоғары. Аудан көлемінде жеткізіп береміз. Кеңес кезеңінде мұндай цех көршілес Ақжар ауылында болатын. Қазір жұртшылық дән риза. Елден 5 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Артықшылығы көп. Біріншіден, табиғи өнім. Екіншіден, елге кәсіп тауып беріп отыр. Сосын өз ауылымыздан ашылғанының өзі үлкен мәртебе, – дейді «Тұрмағамбет» ЖШС экономисі Нөсербек Тұрмағамбетов.
Шаруасы шалқыған шаруашылық елді мекеннің абаттануына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына едәуір еңбек етті. Сүт өңдеу цехынан бөлек жақында жаңа балабақша да бой көтерді. Мұның бәрі жергілікті жұртшылықтың игілігі үшін. Цехтың өнімдеріне халықтың көңілі толады. Бағасы да қалтаға қонымды әрі табиғи таза. Қолда бар шикізаттан дайын өнім шығарып, халықты қамтып отырған шаруашылыққа тұрғындар алғысын айтуда.
Дәулет ҚЫРДАН.
Қармақшы ауданы.