Қырманға кел, қалқатай!

Еңбеккерлер ауылы Дүр Оңғардағы қырман басында қызу тірлік. Диқандардың ала жаздайғы еңбегінің ортаға үйілген. Білегін сыбанып, қолына күрек ұстаған қыз-келіншектер де осында. Жасы да, жасамысы да еңбектің өнегесін бойына сіңірген. Биыл «Жаңажол» серіктестігі 3050 гектар жерге егін екті. Оның әр гектарынан 75 центнерден өнім жинады.
Маржан ­Қарабалаеваның шар­уашылықта ­жүргеніне он жылдан асты. Осында қыз-келіншектермен бірге ән шырқап жүріп жұмыс істейді. Әр күнді еңбекпен көңілді ететін олардың ортасы ерекше. Нәзікжандымыз деп тартынбайды, қолына кетпен, күрек, айырдың қайсысын болмасын, ұстап, іске кіріседі.
– Жылғалардан қар еріп, көктем келісімен жұмысқа шығамыз. Содан қара күздің соңына дейін қырмандамыз. Өзім Батыр анамын. Балаларым өз орнын тапқан, – дейді ол.
Маржан апайдың ізін қуып, өкшесін басып жүрген жастар да жеткілікті. Соның бірі – Қаршыға Баймаханова. Бір жыл бұрын қырман басындағы қарбаласқа араласа бастаған. Бұл күнде бір-біріне сырлас болған келіншектердің еңбегі ерлерден бір мысқал да кем емес.
– Қолына айыр ұстап, шөп престі әперуде де, алқапта арам шөп жұлуда да, қырманда күріш тазалауда да – қай-қайсысында да жүре береді. Жұмысты жынысқа бөлген емес. Шаруа­шылықта 400-дің үстінде жұмысшы бар. Солардың арасында бұл кісілер ерекшелеп айтуға болатын жандар, – дейді қырман меңгерушісі Бекзат Пірдашев.
Бір ерекшелігі, Дүр Оңғар ауылының тұрғындары жұмыс­ты сырттан іздемейді. Шаруа­шылық болғалы ауылдағы әрбір үйден кем дегенде бір адам серіктестікте жұмыс істейді. Тәртіпті бірінші орынға қойған елді мекеннен қоныс аударатындар да мүлдем жоқ десе де болғандай. Берекесі артып, түтіні түзу ұшқан ауыл жастарының бірен-сараны ғана аудан орталығында еңбек етеді. Жаңа заманғы технологияларды өндіріске енгізген бұл ауылдың қырманында су жаңа диірмен жұмыс істеп тұр.
– Сағатына 4 тонна өнім өңдейміз. Тек осы ауылдың күріші ғана тартылады. Көне диірмен бір сағатта 2,5 тонна өнім беретін. Қазіргісі әлдеқайда қуатты әрі көп жұмыс күшін қажет етпейді. 4 адамнан екі ауысым жұмыс істейміз. Автоматтандырылған жүйемен барлығы 8 адам ғана осында. Уақыт та, жұмысшы да үнем, – дейді диірмен басшысы Мұратбек Жұмабаев.
Ауыл – қазақтың қарашаңырағы. Тұтас республиканы азық-түлікпен қамтамасыз ететін алтын ұямыз да – сол. Тұрғыны көшпейтін, еңбектен қашпайтын елді мекеннің көрінісі расымен кісі қызығарлықтай екен.
Дәулет ҚЫРДАН.

Қармақшы ауданы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 қазан 2019 г. 730 0