«Орынбет ишан» мешітінің имамы, Дәрменқұл ишан мен Орынбет ишанның тікелей ұрпағы Ғабдулла қажы Инятуллаұлы айтқан аңызға бергісіз оқиға желісін құмарта тыңдап отырмын.
– Қол бастаған батырлардың жанына ғұлама, дана адамдар еретіні тарихтан мәлім. Оларды ел-жұрт әулие санаған. Жанқожа бабамыздың пірі алғашқыда ел арасында Сәйеке атанған ишан болған. Кейін ханның шақыртуымен Хиуаға барып, сол жақта хазірет болып қалыпты. Орнына Дәрменқұл ишанды қалдырып кетеді. Дәрменқұл ишан Жанқожа бабамыздың қасында 40 жылға тарта бірге жүреді. Ишан атамыз батыр бабамыздан біраз жылдан соң дүниеден озған. Пір дегенді – діннің оқуын толық тауысқан, асқан ғұлама, рухани ұстаз деп түсінген жөн. Жәкең тақуа, өте таза адам. Пірдің батасын алмай ешқашан жауға шаппаған, – деп бастады Ғабдулла қажы сөзін.
Қылыштың тарихы да қызық. Хиуа ханы Жанқожа бабамызға қос алмас қылыш бастаған мол тарту-таралғысымен «Орыстар мұсылмандардың жеріне дендеп еніп барады. Қазалы бекінісін салды. Онымен де тоқтайтын түрі жоқ. Жанқожаның батырлығы, сарбаздарының мықтылығы алты Алашқа мәлім. Батыр кәпірлерге қарсы ғазауат бастасын, біз көмек берейік. Діні бөлек жауға бірге аттанайық» деп елші жіберіпті.
Жанқожа батыр:
– Хиуа ханы ғазауатқа бірге шығайық. Мұсылманның туын сен көтер деген өтінішпен тағы да елші жіберіпті. Не істегеніміз дұрыс? – деп пірімен ақылдасады.
Сонда Құран кітап ашқан Дәрменқұл ишан:
– Батыр, бұған дейін де хиуалықтардың арандатуымен жорыққа шығып, опық жегенің бар ғой. Бұлардың көздеген ниеті жаман. Сені оққа байламақшы. Өзгенің қолымен от көсеп, қазақтарды қырғынға ұшыратып, қанға бөктіруді ойлап отыр. Жаушыларды салт-дәстүрімізге сай күтіп, осы пәтуаны айтайық, – деп тоқтау салыпты.
Елшілерді сол уәжбен аттандырған соң Жанқожа батыр:
– Сіз діннің адамысыз. Десе де, қазір аласапыран кезең. Осы қылыштың бірін өзім алып, екіншісін сізге сыйлаймын. Ұсталықтың, темірдің пірі Дәуіт пайғамбарды есіңе алып жүргейсің, – деп хиуалықтардың тартуы – қылыштың бірін Дәрменқұл ишанға беріпті.
Бұл қылыштың жеңіл қылыш деген түрі екен. Салмағы үш келі. Құрыш сауыттың ішінен мойынның күре тамырын шауып, кесуге арналған. Ұшы мұқият қайралыпты.
Осынау қасиетті жәдігерді сақтау да Дәрменқұл ишанның ұрпақтарына оңайға түспепті.
Қызыл империяның тұсында Қазалыдағы Асандар көтерілісін өкімет аяусыз басып-жаншыған соң қожа-молдалардың небір зұлматты бастарынан өткергені естеріңізде шығар? Жанқожа батыр піріне сыйға тартқан қылыштың қыны аласапыранда қолды болыпты. Ал қылышты қызылкөздердің назарына ілікпесін деп қақ ортасынан сындырып, шағын қобдишаның ішінде ұзақ жылдар бойы құпия сақтапты. Еліміз тәуелсіздік алғанда қайта біріктілген қылыш ақыры өзінің заңды иесін тапты.
Ғабдулла қажының рұқсатымен қылышты ұстап көрдім. Кезінде Жанқожа бабамның қарулы қолы қыса ұстаған, батырдың пірі Дәрменқұл ишанның саусағының ізі түскен қылыш. Арада бірнеше ғасыр өткенде батыр мен ишанның ұрпағы жүздесіп, бабалары бастарынан өткерген ортақ оқиғаны осылайша жалпақ жұртқа жарияладық.
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы.
Ү.Түктібаев ауылы.