Сақтық шаралары – қауіпсіздік кепілі

 Аймақта су тасқынының алдын алу шараларын ұйымдастыру үшін биыл 692 млн 500 мың теңге бөлінді. Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов төрағалық еткен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысында алғашқы мәселе Сырдариядан келетін қауіппен күрес жайына арналды.

Өзен жағалауы су басуы ықтимал 56 учаскеге бөлініп, оларға 126 жа­уапты мекеме бекітіліп отыр. Тиісінше ма­териалдық-техникалық қор сақадай сай. Қызылорда қала­сы мен аудандарда тасқын су кезінде халықты көшіруге арналған 84 эвакуациялық жинақтау, 101 қабылдау пункті әзірленді.

– Қазіргі күні өзен бойындағы 26 қауіпті учаскені жөндеу және қалпына келтіру шаралары жүр­гі­зіліп жатыр. Оның ішінде ұзындығы 20 шақырым болатын 23 учас­кеде жұмыс аяқталды, – деді облыс­тық жұмылдыру дайындығы басқар­ма­сының басшысы Асылбек Шәменов.

Бүгінде «Шардара» су қой­ма­сында 1 млрд текше метрден астам су жиналды. Бұл былтырғыдан шамамен 300 млн текше метрге кем. «Арал-Сырдария» бассейндік инс­­пекциясының басшысы Әділ­хан Қарлыхановтың айтуын­ша, су көлемінің қысқаруы сең жүру кезінде су басу қаупін тө­мендетеді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе жөнінде облыстық тө­тенше жағдайлар депар­тамен­тінің бастығы Омар Бержанов баяндама жасады. Мәліметке сүйенсек, өткен жылу мау­сымында тұрғын үй секторларында 147 өрт оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 7 адам қаза тауып, 5 адам жарақат алды.

– 2018-2019 жылдары түтінге уланудың 11 фактісі есепке алынып, 26 адам, оның ішінде 12 жасөспірім емдеу орындарының көмегіне жү­гін­ді. Ал табиғи газға уланудан 1 адам көз жұмса, 2 адам зардап шекті, – деді О.Бержанов.

Құтқарушылар тілсіз жау көбіне тұрғындардың пеш мұр­жасын тазаламауынан, балаларды қараусыз қалдыруынан және мас күйінде темекі шегуінен тұтанатынын айтып отыр.

Одан бөлек, жиында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұрат Тілеуімбетов жолдардың қысқы мезгілге дайындығы туралы сөз қозғады. Аймақ басшысы өз кезегінде жауапты мекемелерге сақтық шараларын күшейтуді тапсырды.

Назерке Саниязова.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қазан 2019 г. 442 0