Өсім жаңа талаптармен толысуы тиіс

 Кеше облыс әкімдігінің ситуациялық орталығында “Nur Otan” партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтті. Оған облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов пен облыс әкімінің орынбасарлары, депутаттар және басқарма басшылары, селекторлық жүйе арқылы аудан әкімдері қатысты. Жиында 2016-2020 жылдарға арналған облыстың даму бағдарламасының орындалу жайы талқыланды. Бұл туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Н.Қордабай баяндады.

Оның айтуынша, бағдар­лама өңірдің барлық ба­ғыт­тарын қамтиды. Әрі бағ­дар­ламаны жүзеге асыру ар­қылы салаларда бірқатар өсім қалыптасқан. Мәселен, ауыл шаруашылығы 30,5%-ке, тұрғын үй салу 28,7%-ке, аймаққа инвестиция тарту 54%-ке, құрылыс жұмыстары 49%-ке артқан. Тұтыну баға индексі де сақталуда. 2016 жылмен салыстырғанда 2018 жылы облыс бюджеті 4,4%-ке өскен.

Дегенмен, соңғы үш жылда даму бағдарламасында көрсетілген индикаторлардың толық орындалмауы да байқалады. Атап айтқанда, индустриалдық-инновациялық даму мен кәсіпкерлік және туризм басқармалары бағдар­ламаны жүзеге асыруда кем­шіліктер жіберген. Бұл ретте басқарма басшылары  Р.Сұлтангереев пен Ф.Қожабергенов меженің орындалмау себебін айта келе, жіберілген олқылықтар жыл аяғына дейін толық орнына келетінін жеткізді.

– Өңір экономикасында мұнай-газ саласы маңызды рөл атқаратындықтан бағдар­ламадағы бірқатар көрсет­кіштердің орындалмау себебі мұнай өндірудің азаюына және бағасының төмендеуіне байланысты болып отыр. Алайда, мұнай нарығындағы тұрақсыздық жағдайына қара­мастан, біз облысымыздың әлеуметтік-экономикалық көр­сет­кіштерін жоғарылату бо­йынша тиісті жұмыстар істеп жатырмыз.

Әсіресе, аймақта өң­деу өнеркәсібін дамыту үшін кешенді жұмыстар жүргізудеміз. Мәселен, ин­дустрияландыру бағ­дарла­масының бірінші және екінші бесжылдығы аясында құны 150 млрд теңгені құрайтын жобаны іске асырып 1,6 мың жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, туризм саласын дамыту үшін де тиісті жұмыстар атқарылуда. Мәселен, бір ғана «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағын құру үшін 75 млн теңге бөлінді. Соның өзінде бұл салаларда жұмыстың толық орын­далмағаны анықталып отыр, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағыт­талған жобаларға сәй­кес эксперттік топ құру, өндірілетін өнім түрін көрсететін өңдеу өнеркәсібінің жобалар тізімін жасау, жаңа инновациялық жобаларға оның ішінде тамақ өнімін өндіретін жобалар бойынша облыстық конкурс өткізу туралы тапсырмалар берді. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес өкілдеріне ақпараттық қолдау деңгейін арттыруды жүктеді. Бұдан бөлек,  аудан әкімдері мен облыс әкімінің орынбасарларына өздері жетекшілік ететін салаларда жұмыстардың толық атқарылуы тиіс екендігін баса міндеттеді.

Жалпы биыл өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 52,5%-ке, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 3,2%-ке, тұрғын үй көлемі  20%-ке, құрылыс жұмыстарының көлемі 2,2%-ке артқан. Экономика салаларында 9600 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның 8918-і тұрақты жұмыс орны. Жұмыссыздық деңгейі 4,8% құрап отыр.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қазан 2019 г. 288 0